Оқушының ҰБТ-ға дайындалуына психологиялық көмек көрсету
Мақсаты: Оқушылардың бойындағы қобалжу, мазасыздану, қорқыныш сезімдерін жою, өз-өзіне сенімділігін арттыру және жағымды көңіл-күйлерін қалыптастыру.
Түрі: Ойын-сабақ
Құрал-жабдықтар: А4 беттері, психологиялық әуендер, түрлі-түсті фломастерлер
Жоспары:
Сәлемдесу. Сұрақтарға жауап беру.
«Күншуақ» жаттығуы;
«Бәйтерек» жаттығуы;
«Мен өзіме сенімдімін» жаттығуы;
«Сыйлық» жаттығуы;
«Тоғай тілегі» қорытынды.
Сабақтың барысы:
Қатысушылар барлығы бір-бірімен сәлемдесіп, мына төмендегі сұрақтарға жауап беру керек.
Бүгінгі көңіл – күйің қалай?
Өзіңді қалай сезініп жүрсің?
ҰБТ-ға дайындығың қалай?
Сені мазалайтын қандай қиыншылықтар бар?
«Сәлемдесу» Топты 3 топқа бөлеміз. Бір топ «европалықтар», екінші топ «африкалықтар», үшінші топ «жапондықтар» болып бөлінеді. Европалықтар қол ұстап, жапондықтар қолдарын бір-біріне түйістіріп, басын иеді, ал африкалықтар орнында секіріп, «уу» деп айғайлайды.
Талдау: жаттығу барысында қандай эмоцияларды сезіндіңіз.
«Күншуақ» жаттығуы. Бұл жаттығудың шарты бойынша, әр қатысушы берілген А4 беттеріне күн шуақтың суретін салады. Өзінің алдына қойған мақсатын және сол мақсатқа жету жолдарын жазады. Қатысушылардың әрқайсысы өз мақсаттармен таныстырады. Уақыт 10 мин беріледі.
«Бәйтерек» жаттығуында қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әр топқа А4 беттері беріліп, «Бәйтерек» жасау керек. «Бәйтеректі» тек А4 беттерінен жасағанда қайшы, желім т.б. қолданылмайды. Уақыт 20 мин беріледі. Бұл жаттығуда қатысушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын, қобалжуын, белсенділігін т.б сезімдерін байқауға болады.
«Ашудың хаты» жаттығуы.
Өзіңізді ашуландыратын немесе жек көретін адам туралы ойланыңыз. Енді сол адамға хат жазыңыз. Хатыңызда ол адамды көргенде, оның ескерту сөздерін естігенде, не айтқыңыз келетінін соны жазуға болады.
Хатты жазып болған соң, жыртып тастауға болады.
«Көрші» жаттығуы.
Көршіңді оң жақтан құшақтап,
Көршіңді сол жақтан құшақтап,
Оң жақтағы көршіңе бір жымиып,
Сол жақтағы көршіңе бір жымиып.
Оң жақтағы көршіңе оң көзіңді,
Сол жақтағы көршіңе сол көзіңді қысып,
Бүгінгі жастар форум барысы
Біз үлкен отбасы деп бір-бірімізге, ойша шын жүректен сыйлығымызды береміз. Бүл жаттығуда әрбір қатысушының сол топтың бір мүшесі екендігін сезінеді, бір-біріне жылу сыйлайды.
«Тоғай тілегі»
Әр қатысушыға жапырақтар беріледі. Жапырақтарға өздерінің тілектерін, ұсыныстарын, ойларын жазып, «Тоғай тілегіне» жапсырады. Соңында жүргізуші сабақты қорытындылайды.
Оқушыларды ҰБТ-ға дайындаудағы ата-ана рөлі
Мақсаты: бала тәрбиесіндегі ата-ана мен ұстаздардың жауапкершілігін арттыру, ҰБТ-ға дайындаудағы ата-ананың, баланың, ұстаздың өзіндік дайындығын қалыптастырудағы үйлесімді жұмысты жолға қою.
Міндеттері: оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын арттыру; оқушылардың ой-өрісін дамытудағы ата-ананың қызметін қалыптастыру; ата-ана мен бала арасындағы сүйіспеншілікті нығайту, әр адамның өзіне деген сенімділігін тәрбиелеу.
Жүру барысы:
Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала – дербес тұлға. Оның бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтары отбасындағы, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді. Жалпы кез-келген сынақ күйзеліспен, қорқынышпен, үреймен байланысты. Әр адам өз даралығымен ерекшеленеді. Сондықтан, баршаға психологиялық көмек боларлықтай бір ортақ кеңес беру, психотехнологияны баяндау мүмкін емес. Дегенмен ҰБТ-да табысқа жетуде тиімді болатын кейбір жалпылық сипаттағы психологиялық мәселелерге тоқталайық. Күйзелістің алдын-алу мен одан шығудың амал-әрекетін зерттеуде психология ғылымдарының докторы, профессор Ардақ Ерментаева «психологиялық кеңес алдымен балаға емес, ата-анаға қажет» дейді. Ең алдымен ата-ана жауапкершіліктің бәрін ұл-қызына артып қоймай, болашақтың барлығы да сынақтың нәтижесіне байланысты емес екендігін айтып, оған сендіруі керек. Ата-анасына сенген баланың қорқынышы да сейіледі. Әрдайым оны қолдап, таңдаған мамандығы бойынша міндетті түрде оқуға түсетінін жиі айтып отырған жөн.
ҰБТ. Айтулы күн жақындаған сайын мектеп бітіруші баланың ұйқысы қашып, мазасызданатыны рас. Ең алдымен олар мектеп, ата-ана және өзінің абыройын ойлайды. Осыған дейін тер төгіп дайындалған еңбегінің еш кеткенін қаламайды.
Оның үстіне кей ата-ана баласына тым жоғары талап қояды. Жоғары талап – баланы ауыр күйзеліске ұшыратып, суицидке жол ашады дегенді жиі айтып жүр.
Ой қозғау
ҰБТ-ға отбасының дайындығы қандай?
Осы тақырып бойынша пікір алмасайық.
Қызыл, көк, сары түстер арқылы топтарға бөлу және әр топқа сұрақтар беріледі, әр топ сұрақтарға жауап берулері керек.
Қызыл түс топқа сұрақ:
Ата-ана Абзалға ҰБТ-да жоғары ұпай ала алмасаң, бізден жақсылық күтпе, біз саған көмектеспейміз, -дейді. Абзал ҰБТ-дан төмен ұпай алады. Қатты күйзеліп, жанын қоярға жер таппайды. Ең соңында өз-өзіне қол жұмсайды.
Сұрақ:
Ата-ананың бұл ісіне қалай қарар едіңіз? Сіздің ойыңыз?
Өзіңіздің балаңызды ҰБТ-ға қалай дайындар едіңіз?
Көк түсті топқа сұрақ:
Талғат бір үйдің жалғыз ұлы. Ол ешқандай кемшілік, таршылық көрмей өсіп келеді. Себебі оның ата-анасы бай, ауқатты. Бірде анасы оған ҰБТ-дан ең жоғары ұпай сатып әперем деп ант етті. Бірақ кездейсоқ жағдайлармен білім сатылмады. Талғат сол себепті оқуға түсе алмады. Ол дайындалса, білімі, ынтасы жетуші еді. Ата-анасының бос сөзі балаға әсер етті.
Талғаттың өміріне не болды?
Ата-анасының іс әрекеті дұрыс па?
Сары түсті топқа сұрақ:
Асқар 11 сыныпта оқиды. Сабақ оқуға көңіл бөлу керек, ҰБТ-ға дайындалу керек, бірақ ата-анасы күні бойы жұмыста болғандықтан, үй шаруасының барлық жұмысы Асқардың мойнында, Асқар қатты шаршап, сабақ оқуға ынтасы мен қызығушылығы мүлдем жойылады. Соның нәтижесінде ҰБТ-да төмен ұпай алды.
Баланың болашаққа басар қадамына кедергі жасаған дұрыс па?
«Біржола құтылу» жаттығуы
Мақсаты: Әрбір қатысушының өз өміріндегі ең жаман нәрсені, бойындағы өкпе реніштерін, қорқынышты жағдайларын жазу ұсынылады. Жазып болған соң ол қағазды жыртып қоқыс салатын жәшікке салу ұсынылады.
Ата-аналарға арналған психолог кеңесі:
— Баланың ҰБТ-дан алатын балл саны туралы уайымдамаңыз және балаларды ҰБТ-дан кейін сынамаңыз. Балаға тестілеуден алатын балл оның мүмкіншілігін тексеретін толық көрсеткіш емес екендігіне сендіріңіз.
— ҰБТ қарсаңында баланы көп мазаламаңыз. Бұл – тестілеу қорытындысына теріс әсер теуі мүмкін.
— Балаңыздың көңіл-күйі мен денсаулығын жиі тексеріп, қадағалап отырыңыз, бала дайындық арасында демалып отыруы тиіс.
— Үйден баланың дайындалуына қолайлы жер беріңіз, үйдегілердің ешқайсысы бөгет болмауын қадағалаңыз.
— ҰБТ қарсаңында бала жақсылап дем алып, ұйқысын қандыруы керек.
Рефлексия «Бес саусақ»
Қорытындылау:
Осымен бүгінгі кездесуміз аяқтала келді. Қатысқандарыңыз үшін көп рахмет. Әр уақытта жаддыраған көңіл-күй, қуанышты күндер тілеймін. Балаларыңыз алдағы үлкен сынақ ҰБТ-дан сәтті шығуына тілекшімін. Қош сау болыңыздар.
ҰБТ әнімен қорытындылау.