Сөз басын елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ», – деген пікірінен бастасақ.
Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Ата-бабаларымыз «қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ауыл, ел жауапты болып отыр. Ал қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, түрлі кинофильмдер жан-жақты әсер етуде. Қазақ қыздарының менталитетіне қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты қыздарымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады. «Баламды молдаға оқытамын деп кәпір етіп алдым» дегендей, тәуелсіздік тұғырына қол жеткізгелі 18 жыл толса да, кейбір жастарымыз «тәуелсіз» деген ұғымды түсінбей, ата-анадан тәуелсіз, ұстаздардан тәуелсіз болу деп түсініп жүр. Әрине, бұрынғы кездегідей әр үйде 8-10-нан бала жоқ, үлкендері кішісін бағып-қағып отыратын. Ал қазіргі отбасыларында әрі кетсе 2 бала тәрбиеленіп отыр. Сондықтан «бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» демекші, сол жалғыздың асты-үстіне түсіп дегенін жасап отырғаны. Уақыт өте келе қызының жаман қылығын көрген анаға тізе соғудан басқа ештеңе қалмайды. Міне, қоғамымызға өз қолымыз-дан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, өз бойын күтуі, киім киісі, үлкен-кішіге ұшырамы мүлдем өзгеше. Жастар тәрбиесінде «ұзын арқан, кең тұсауға» түсіп кеткені айдан анық. Құрбы қыздардың арақ ішіп, шылым шегіп, түнгі клубтардың есігін баққанын көргенде жаның түршігеді. Осындай әрекеттердің салдарынан қыздар жүкті болып, онан соң жасанды түсік жасатып, аналық құқығынан айырылып жатады. Батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт-санамызға өз әсерін тигізіп отыр. Мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, 1643 бала ата-ана қамқорынсыз қалады екен. Ал тағы да тарих беттерін парақтасақ, халқымызда, «жетім,жесір» деген ұғымдар айтылмаған. Осындай, қоғамда кең етек жайған қыздар мәселесі туралы соңғы кездері тәрбиелік шаралар көп өткізіліп жүр. Орал қаласының №19 орта мектебінде «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана» атты жастарға рухани тәрбие беретін кеш өткізілді. Кешке облыстың түрлі мектептерінің қазақ әдебиет пәнінің мұғалімдері, ата-аналар, қалалық «Қыз Жібек» қыз-келіншектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгүл Жеңісқалиқызы және республикалық «Үш қиян» газетінің тілшілері қатысты. Кеш барысында қыз балалардың отбасындағы тәрбиесі, ана мен қызының қарым-қатынасы, келін тәрбиесі, салт-дәстүр тағы да басқа мәселелер сөз болды. Мектептегі бүлдіршін қыздар кейбірі өздерінің пікірін өлеңмен шығарып айтса, келесісі ән қылып шырқап кештің шырайын кіргізді. Республикалық «Үш қиян» газетіне шыққан Гүлмамыр Нұржанның «Қыз-аңыз» атты мақаласынан үзінділер келтірілді. Мектепте қыз бала тәрбиесі бойынша жұмыс атқарып жүрген «Баян сұлу» қыздар клубының мүшелері келген қонақтарға өз ризалықтарын білдірді. Кеш соңында мектеп директоры Молдағалиева Батима Ертөреқызы сөз алып, аналарымыз өсиетті, көреген, қыздарымыз ақылды да ибалы, намысты болсын деген тілек айтты. Сөз соңын Елбасымыздың: «Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді» деген пікірімен қорытындылағым келіп отыр. Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдылығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білгей.