Просмотр содержимого документа
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар»
Тақырыбы: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» көшбасшылық сайыс.
Мақсаты:
Балалардың мақал – мәтел, жұмбақ туралы түсініктерін, сөйлеу шеберлігін, ойлау қабілеттерін сұрақ – жауап арқылы тіл байлықтарын дамыту. Инновациялық әдістер мен технологияларды қолданып, әлеуметте ауызша қарым – қатынас жасау, диалог құру дағдыларын қалыптастыру. Ұлттық құндылығымызды сөйле тілінде тобықтай сөздің түйінін жағымды пайдалануға, қасиетті қызыл тіліміздің үстемін көтеруге тәрбиелеу.
Көрнекілік материалдар: Көрнекіліктерге арналған тақталар, қоржын, асықтар, заттық суретті карточкалар, көрнекі суреттер, қоңыраулар, құмды сағат, слайд.
Әдісі: Сұрақ – жауап, ой – талқы.
Барысы:
Әнұран айтылады.
Педагог: Сәлеметсіздер ме, балалар, көрермендер! Бүгінгі «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты көшбасшылық сайысымызға қош келдіңіздер!
Қай заман болсын адамзат алдында тұратын басты міндет – адал, білімді, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеп өсіру. Бұл – міндетті әр халық ғасырлар бойы сыннан өтіп, сұрыпталған озық салт – дәстүрін жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланып кеткен. Салт – дәстүр, әдет – ғұрып атадан балаға қалып отыратын мол мұра.
Туған соң адам боп,
Білімсізден жаман жоқ.
Ел дәстүрін білмесен,
Жұрт айтады надан деп.
Ата – бабаң ардақты,
Жамандыққа бармапты,
Ардақ тұтып үлкенді,
Ата жолын жалғапты, - демекші, бүгінгі «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты көшбасшылық сайысымызды бастаймыз. Бастамас бұрын алдымен қоржындағы асықтар арқылы екі командаға бөлінеміз.
Қызыл асықтар – «Кемеңгер» тобы
Көк асықтар – «Зерек» тобы
Сайысымыз бірнеше кезеңдерден тұрады:
«Ұяшықтар әлемі»
«Сиқырлы дыбыстар»
«Аспапты тап»
«Білгенге маржан » сұрақ - жауап бөлімі
«Тапқыр болсаң, тауып көр»
1.«Ұяшықтар әлемі»
Педагог: Мақал – мәтел ата – бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі жағынан шағын болғанмен, уақыт өткен сайын мағынасы тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналып келеді. Мақал – мәтел тәрбиелік мәні зор, рухани байлық.
Ғажайып алаңдағы ұяшықтағы суреттерге сәйкес әр бала бір мақал – мәтелден айтуы тиіс. Ұяшықта жасырылған суреттер:
Ата «Ата өнері – балаға мұра»
Әке «Әке асқар тау»
Ана «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер»
Отан «Отанды сүю, отбасынан басталады»
Кітап «Кітап алтын қазына»
Білім «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы»
Ат «Ат – адамның қанаты, ақыл – ойдың санаты»
Батыр «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы»
Қыз «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі»
Гүл «Гүл жайнамай, бұлбұл сайрамайды»
Педагог:
Жұмбақ – ауыз әдебиетінің бір түрі. Ол адамның бір нәрсенің белгілерін екінші нәрсенің белгілері арқылы жұмбақтап айту өнері. Жұмбақ тақпақтап, ұйқастырылып айтылады. Ол ертеден келе жатқанмен әр уақытта халық оның жаңа түрлерін ойлап шығарып отырған. Жұмбақ туралы Мұхтар Әуезов былай деген екен: «Жұмбақ - адамның дүниетану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді». Жұмбақ – қарым қатынас жасаудың ерекше бір құралы. Жұмбақты шешу, оны ойлаудың өзі де өнер.
2. «Сиқырлы дыбыстар»
Жұмбақ жасыру арқылы тапсырма беріледі. Жұмбақтың шешуін балалар кубикпен құрастыру арқылы дыбыстық талдау жасайды.
Таңмен көзін ашады,
Әлемге нұрын шашады. (Күн)
Алтынменен аптадым,
Күміспен күптедім.
Бірін өрге шығарып
Бірін жерге түптедім. (Кереге)
Бір жыланды таяққа іліп алдым,
Ерге қона пайдасын біліп алдым. (Қамшы)
Қабат – қабат қаттама,
Ақылын болса оттама. (Кітап)
Түгел айтсақ не барын,
Төрт құлақ пен бір қарын. (Қазан)
Кіруге адам батпайды,
Төрт бұрышты тақтайды.
Төрде деп жұрт мақтайды,
Затынды аман сақтайды. (Сандық)
Күнде оған қараймын,
Қара шашты тараймын. (Айна)
Иесі оның сәби,
Әрі төсек, әрі үй. (Бесік)
3 «Аспапты тап»
Балалар аспаптың үнін тыңдап, дыбысынан қай аспаптың түрі екенін табады. ( 3 аспаптың үнін тыңдайды).
1.Домбыра
2.Қобыз
3.Жетіген
4. Сазсырнай
Педагог:
Мәңгі бақи есте қалар
Ғажайып бір сайыс болсын
Білімдірек шәкірт озар
Қиынырақ сұрақ болсын деп біз енді сайысымыздың келесі кезеңіне келдік.
4.«Білгенге маржан » сұрақ – жауап бөлімі
Әкеннің\анаңның әкесі, анасы саған кім болады? (ата, әже, нағашы ата - әже)
Шашқа тағатын әшекей. (Шашбау)
Өзіңнен үлкен\кіші ер бала саған кім болады? (аға, іңі)
Ұлттық аспаптарды ата. (Домбыра, қобыз, сазсырнай, жетіген)
Көшпенді қазақтардың үйі қалай аталған? (Киіз үй)
Малдың сүтінен дайындалатын ұзақ уақыт сақталатын тағам. (құрт)
Ұлттық бас киімді ата. (Сәукеле, тақия, бөрік т.б)
Қазақтың ұлттық ойындарын ата. (Асық ату, көкпар, қыз қуу, арқан тартыс, ақсүйек)
Сүттен жасалатын тағамдарды ата. (Айран, шұбат, ірімшік, қатық, құрт, қаймақ, май т.б)
Өзіңнен үлкен\кіші қыз бала саған кім болып келеді? (апа, қарындас, сіңлі)
Наурыз көже неше дәмнен жасалады? (7)
Топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. (Айтыс)
5.«Тапқыр болсан, тауып көр»
Екі топқа қиынды пазлдар беріледі.Сол пазлдарды құрастыру барысында, шыққан суреттің атауын айтады.
«Бесікке салу». Шілдехана өткеннен кейін баланың әке – шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен, қадірлі аналардың бірі әкеліп сыйға береді. Баланы бесікке салу рәсімін бесік сыйлаган анаға тапсырады. Бесікке бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабады, ат жалын тартып мінсін деп камшы іледі, коз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды. Тойға келгендер балаға батасын беріп, шашу шашады.
«Тұсау кесу». Сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дастур. Ала жіппен тұсауды кесудің негізінде «болашақта бала ешкімнің ала жібін аттамасын » деген тілек бар.
«Көкпар». Ұлттык ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы "көк бөрте" (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жаска толған серкенің семізі тандалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20 – 30кг – дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарга тартпайды.
«Алтыбақан». Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру ушін 6 бақан немесе 6 сырық, 3 арқан керек. Бақандарды үш – үштен бір басын буып, аралығын үш – төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардын жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырак, бірі төмен етіліп үш аркан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел суйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама – қарсы орналасып, бел арқаннын екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр.
Қорытынды. «Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні» демекші, әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, тілінің, салт – дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдіміз.
Құрметті, балалар, көрермендер осымен бүгінгі «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты сайысымыз өз мәресіне жетті. Сайыскерлерімізге рақметімізді айта отырып, болашақтарына сәттілік тілейміз.
Сау болыңыздар!
БЕКІТЕМІН
«№33 «Әлия» бөбекжайы» жбқ МКҚК
директоры Т.Н.Сарсенбаева_________
«__» _________ 2024ж
Облыстық семинар тақырыбы: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» көшбасшылық сайыс