Әңгiмелеу «Білім мен тәжірибе» /Аңыз әңгіме/ Бір күні шәкірті қария данышпанға келіп: - Ұстазым, сіз өмір бойы біліммен сусындап келесіз. Білімнің сіз алмаған қамалы жоқ шығар. Айтыңызшы, күнделікті тұрмыста да сондай шеберсіз бе?-деп сұрайды. Артынша ұстазының жауабын күтпестен: - Мен болсам, балтамен ағаш бұтауды шебер меңгердім. Алдыма жан салмаймын. Сізді де жеңетініме сөз жоқ, жарысып көрейік,-деді. Данышпан асықпай, сабырлылықпен: -Мен дайынмын,-деп жауап берді. Олар орманға барып, әрқайсысы өзіне жер бөліп алады да, жарысты бастап кетеді. Шәкірт дем алмастан ағашты шаба береді.Ұстазы жаққа құлақ салып қояды. Ол данышпан балтасының даусын естімей қалса, демалып отыр екен деп қуанып қояды. Жарыс біткен кезде, данышпанның шапқан ағашы көп болып шығады. -Қалайша?-деп айқайлап жібереді шәкірті. -Сіздің кейде ағаш шаппай, демалып отырғаныңызды естідім ғой... - Иә, ол кезде мен балтамды қайрап отырғанмын. «Ісім өнсін» десең, алған біліміңді өмірде дұрыс қолдана біл, балам. Қайралған балта сияқты білім де тәжірибемен шыңдалып отыруы керек,-дейді данышпан шәкіртіне. Шәкірт ұстазының сөзі мен ісінен өзіне мәңгілік сабақ алды. 1.Данышпанның өз шәкіртімен жарысқа түсуінің мәні неде? 2.Ұстаз шәкіртіне дұрыс өмір сүруді қалай үйретті? 3.Білімді өмірде қалай қолдануға болады? 4.Шәкіртінің ұстазымен жарысқа түсу мақсаты қандай болды? 5.Өздерің білімді қайдан аласындар? |