4. Оқиға айту (Мұғалім сыйы). Жақсылық Ертегі Ертеде анасы мен баласы бақытты өмір сүріпті. Бір күні анасы қатты ауырып қалады. Емшілер анасын емдеу үшін «жалбыз» шөбі керектігін айтады. Анасы баласына: – «Балам, бұл шөп алтын бұлақтың басында өседі, – дейді. Бала алтын бұлақты іздеуге шығады. Бала жолда келе жатып, жүгі аттан аударылып қалған қартқа кездесіп, көмектеседі. Қарт алғысын айтып, алтын бұлаққа жол сілтейді. Одан келе жатып бала қарт әжейге кездеседі. Бала әжейдің қолтығынан демеп атына мінуіне көмектеседі. Әже батасын беріп, алтын бұлақтың қайда екенін айтады. Бала қуанып, жүгіріп келе жатса: – Балақай, балақай көзімді ашып жіберші! – деген бұлақ даусын естиді. Бала судағы тастарды тазалап бұлақтың көзін ашады. Бұлақ мөп-мөлдір таза ерке мінезбен сылдыр қағып, аға жөнеледі. Бұлақ: – Балақай, рахмет саған! «Жақсылыққа-жақсылық» – деген, менен не қалайсың?– дейді еркелей. Бала бұлақ жағасынан «жалбыз» шөбін теріп алуды өтінеді. Шөпті қуанып теріп алады да, анасына әкеліп береді. Шөп анасының ауруына дауа болып, ауруынан жазылып, бақытты өмір сүрген екен. Сұрақтар: Бала не үшін алтын бұлақты іздеуге шықты? Бала қандай жақсылық жасады? Мәтіндегі «Жақсылыққа-жақсылық» деген ойды қалай түсінесіңдер? Өмірде осыған ұқсас жағдайларға куә болған кездерің болды ма? Әңгімелеп беріңдер. |