Просмотр содержимого документа
«Ғабит Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы»
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Назгүл Сейпатталқызы Умарова
Сабақтың тақырыбы: «Ғ. Мүсіреповтың өмірі мен шығармашылығы»
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: сөз зергері, ұлттық сөз өнері тарихындағы зор тұлға- Ғабит Мүсіреповтың жасаған игі істерін зерттей, оның шығармаларын оқушыларға өз беттерімен оқыта отырып, тірек сызбалар арқылы бағыт-бағдар беру, шығармаларының идеялық тақырыбын жан-жақты ашу.
ә) дамытушылық: Ғабит Мүсірепов әңгімелеріндегі заман сипатын, әділдік пен адамдық үшін күрескен аналар бейнесін тарих пен әдебиеттің үндесетінін табу арқылы таныту, ауызша сөйлеу мәдениетін дамыту, іздемпаздық ой-өрісін дамыту, сөздік қорын бағалау.
б) тәрбиелік: жазушының өнегелі өмірін, қайратын үлгі ете отырып, оқушыларды туған халқы үшін аянбай еңбек етуге, ерлікке, мейірімділікке, елін сүюге баулу
Сабақтың түрі: пікір айту, ойталқы, шығармашылық сабақ.
Сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Сабақтың барысын, мақсатын түсіндіру.
Жаңа сабақ. Кіріспе бөлімді слайдта Ғ. Мүсіреповтың фото суреттерін, мұражайдың суреттерін көрсетіп отырып әңгімелеймін.
Сабақ З. Қабдоловтың мына сөздерімен (эпиграф ретінде алынған) басталады:
«Ғабит Мүсірепов – ардақты ат! Мүсірепов туралы мың сөзден «Мүсірепов» деген сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек».
Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов – ұлттық сөз өнерінің тарихында мәңгі қалатын өз мектебі, қайталанбас өрнегі, өшпес ізі бар, сөзі сара, ойы терең зор тұлға.
Өзін қазақпын деп есептейтін, ана тілінің қадір-қасиетін біліп өскен әрбір азамат өз өмірінде Ғ. Мүсіреповтың қаламынан шыққан қайталанбас дара да, әсерлі шығармаларын сүйсіне оқи отырып, олардан тәлім-тәрбие алғаны даусыз.
Керемет дарындылығымен, ізденгіштігінің арқасында Ғ. Мүсірепов қазақ әдебиетінің алдыңғы шебіндегі маңдай алды қаламгерлерінің бірі болып қалды. Көркем сөзді түсіне білетін, өз Отанын, ана тілін қадірлейтін қазақ оқырманының жүрегіне ол өзінің әңгімелерімен, «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Ұлпан» секілді кесек туындыларымен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», сияқты шығармаларымен ұялап, олардың сый сияпатына, сүйіспеншілігіне бөленді. Бүгінгі сабағымызда атамыз жайлы сыр шертісіп, ой бөлісеміз.
Негізгі бөлім. Сабақ кезеңдер бойынша өтеді.
1 кезең. Дарынды жазушы. (Эссе жазу)
2 кезең. Кластер жасау.
3 кезең. Сөз зергері.
-Балалар, «Ана» тақырыбы – үлкен де ауқымды тақырып, оны әр адам өзінше түсінеді, өзінше қағазға түсіреді, өзінше жырлап, бейнелейді. Атамыз Ғабит те өзінше суреттеген, ал сіздер «Ана» деген осынау қасиетті сөзді қалай түсінесіңдер? Тақтаға шығып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мына тірек сызба арқылы топтастырыңыздар.