Просмотр содержимого документа
«Сауат ашу Ч ч дыбысы мен әрпі»
Сабақтың тақырыбы: Ч ч дыбысы мен әрпі.
Сабақтың мақсаты: оқушыларға ч дыбысының сөйлеу тілінде айтылуын, ч дыбысы кездесетін сөздерді оқи алу, жаза білуін, сөздік қорларына жаңа дыбысты сөздерді енгізу.
Сабақтың міндеттері:
а) білімділік: ч дыбысы мен әрпін меңгерту, сөз ішінде ч дыбысының орналасуын білу, сөзді буынға дұрыс бөлу, дыбыстық талдау жасау;
ә) тәрбиелік: оқушыларға патриоттық тәрбие беру, отанын, туған жерін сүюге тәрбиелеу;
Жарадыңдар, балалар. Балалар, бүгінгі біздің сабағымызда сендермен бірге сендердің сүйікті мультфильмдеріңнің кейіпкерлері болады. Олар сендерге әртүрлі тапсырмалар ұсынады.
ІІІ. Жаңа материалды түсіндіру.
Барлығымыз тақтаға назар аударайық. Суретте нені көріп тұрсыңдар?
- Чемодандар, сөмкелер.
Ия, балалар, қыздар дүкенге келіп, чемодан сатып алғалы жүр. ЧЕМОДАН сөзін барлығымыз бірге айтайық.
ЧЕ – МО – ДАН
Сөз қандай дыбыстан басталып тұр?
Ч дыбысы.
Балалар, ч дыбысы қатаң дауыссыз дыбыс. Ч дыбысы орыс тілінен енген сөздерде көптеп кездеседі. Сонымен, чемодан деген не? Оны қайда пайдаланады?
Чемоданға киімдерімізді саламыз. Алысқа жол жүруге жиналғанда мамаларымыз заттарды чемоданға салады.
Төменде берілген сөздерді қатыстырып, сөйлемдер құрайықшы, балалар:
Сара Сәуле дүкен сөмкелер чемодандар барды алды сатып көп
Сара мен Сәуле дүкенге барды. Дүкенде сөмкелер мен чемодандар көп. Қыздар өздеріне ұнаған чемоданды сатып алды.
Балалар, қазір біздер «Дүкенде» ойынын ойнаймыз. Мұнда қарай қойыңдаршы? Сендер не көріп отырсыңдар?
Мен дүкенші боламын, сендер сатып алушысыңдар. Менен өздеріңе ұнаған затты сатып алу үшін сұрақтарға жауап бересіңдер. Әрбір дұрыс жауапқа сатып алған заттың чегін беремін.
Сұрақтар:
Дыбыстар нешеге бөлінеді?
Жуан дауысты дыбыстарды ата.
Буын қандай дыбыс арқылы жасалады?
Сенің есімің қандай әріптен басталады?
А дыбысына сөз ойла.
Болашақта сен кім боласың?
Сергіту сәті.
Біз чемпион боламыз,
Бір, екі, үш, бір, екі, үш.
Торғай боп та ұшамыз,
Чик-чирик, чик-чирик.
Би билеп те аламыз,
Ча-ча-ча, ча-ча-ча.
Орнымызды табамыз,
Қолға қалам аламыз.
Дәптермен жұмыс.
Бас әріп элементтері: оңға және солға қарай иілген қармақша, оңға қарай иілген қармақша. Ч Ч
Кіші әріп элементтері: солдан оңға қарай бағытталған қармақша, оңға иілген қармақша. ч ч
Оқулықпен жұмыс.
Оқулықтағы суретке қарай қояйық. Суреттегі кімдер?
Екі бала. Далада қыс мезгілі. Балалар коньки теуіп жүр.
Дұрыс айтасыңдар. Өлеңнің тақырыбы қалай аталады?
«Болашақ чемпиондар».
Балалар, чемпиондар деген кімдер?
Үлкен чемпионаттарға қатысып, жеңімпаз болған адамды чемпион дейді.
Дұрыс-ақ. Балалар, суреттердегі мына адамдар жазда Лондон қаласында өткен олимпиададан чемпион атағын иемденген қазақстандық аға – апаларың. Сендер оларды танисыңдар ма? (Экранда Лондон – 2012 олимпиадасының чемпиондарының суреттері көрсетіледі.)
Танимыз. Лондон олимпиадасында алтын алған қазақстандық спортшылар: Ольга Рыпакова, Александр Винокуров, Серік Сәпиев, Зүльфия Чиншанло, Майя Манеза, Илья Ильин, Светлана Подобедова.
Мына өлеңдегі балалар да осы аға – апаларыңдай чемпион болғысы келеді ме екен, өлеңді оқиық.
Болашақ чемпиондар
Сырғанайды екеуі,
Мұзайдынға кеп бірге.
Желді қуып жетеді,
Екпін қосып екпінге.
Бақыты боп бар елдің,
Алар талай байрақ та.
Чемпионы әлемнің
Болар күні әлі алда.
Өлеңді мұғалім мәнерлеп оқып береді. Мазмұнын бірге талдайды. Оқушыларға тізбектей оқытады.
IV. Сабаққа қорытынды жасау.
Сонымен, балалар, бүгін біз қандай дыбыспен таныстық?
Ч дыбысымен таныстық.
Ч дыбысына байланысты қандай сөздермен таныстық?
Чемодан, чемпион, чемпионат, чек, чех, чуваш.
Балалар, барлығымыз орнымыздан тұрып, «Көк тудың желбірегені» әнін орындайық. Еліміздің президенті айтпақшы: «Болашақ бүгіннен басталады». Сендер тәуелсіз еліміздің еркін өскен ұландарысыңдар. Болашақта ел үмітін ақтар, білімді, мәдениетті, үлкен азамат болыңдар, еліміздің тәуелсіздік алған күні барлығымызға құтты болсын!
Хормен « Көк тудың желбірегені» әні орындалады. Экранда ән мәтініне сай слайд-шоу жүріп жатады.