Просмотр содержимого документа
«Сс дыбысы мен ?рпі»
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
«Қазығұрт» орта мектебі
C c дыбысы мен әріпі.
Орындаған:
Пернебекова Күланда
Қазығұрт - 2015
Еліміздің ертеңгі болашағы – бүгінгі мектеп қабырғасынан алған білім нәрімен сусындаған оқушы жастар. Сондықтан да оқушыларға сапалы білім берудің тиімді жолдарын іздестіру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі кезде бастауыш мектепте оқыту мазмұнын жақсарту жұмыстары жүргізіліп, оқыту, тәрбиелеу, дамытудың жаңа мүмкіндіктері ашылды.
Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылысы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Жаңа технологияны меңгерту мұғалімнің интеллектуалдық, кәсіптік , адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.
Оқушы - әйтеуір білім алушы емес, ертеңгі саналы азамат. Жас буынның жақсы мінезі, жүйелі білім оның бойында біртіндеп қалыптасуы тиіс. Өйткені оқу оларды саналы әрекетке, еңбекке, адамгершілікке баулиды.
Мұғалім өзі оқытқан әрбір оқушының психологиялық қабілетін жетік танып ,солардың ыңғайына орай сабақ жүргізуі тиіс. Әңгіменің тетігі – баланың жалпы жағдайын дер кезінде біліп, оның білімін, ойын, тілін, танымын күн санап дамыта білу.
Мектеп – баланың екінші үйі, білім мен тәрбиенің ұясы. Ендеше, баланың екінші анасы – ұстазы.
Оқудың құралы – мадақтау, көмектесу, үйрету, дағдыландыру, білімге қызықтыру, жаттықтыру.
Қойған мақсатына, талабына сай психологиялық ерекшеліктері мен табиғи қабілеттерін ескере отырып, жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерді тиімді қолдана отырып, балалардың сабаққа ынта – ықыласын арттыру, ой - өрісін, логикалық ойлау дәрежесін кеңейту арқылы шығармашылық, экологиялық, эстетикалық тәрбие әрбір сабақта жүзеге асып отыруы тиіс.
Балаларға жүйелі түрде берілетін орта білімнің алғашқы басқышы – мектепалды дайындық тобы. Бұл топта білім беру мен тәрбиелеудің басты мақсаты – балаларды мектеп өміріне үйрету, оқу мен ойлаудың алғашқы дағдыларын қалыптастыру, білім алуға қызығушылығын ояту.
Мектепалды дайындық тобындағы білім беру мен тәрбиелеудің балалар жасына қарай өз ерекшеліктері бар. Сауат ашу сабағында бағдарлама бойынша жыл бойында ана тіліміздегі бар әріптер, дыбыстармен танысып, сауат ашу көзделеді. Сауат ашу сабағында дидактикалық ойындар мен кеспе әріптер , тірек сызбалар бойынша сабақты өтуге болады.
Сауат ашу сабағынан өтілген бір сабағыма тоқтала кетейін.
Сабақтың тақырыбы: С дыбысы және әрпі.
Сабақтың білімділік
мақсаты: С дыбысымен, әрпімен, оның жазылу түрлерімен,
ерекшеліктерімен таныстыру;
кісі аттары, тау, қала аттары бас әріппен
жазылатынын түсіндіру.
Сабақтың дамытушылық
мақсаты: оқушылардың тіл байлығын молайтып,
тапқырлық, ізденімпаздық қабілеттерін, сөзге
дыбыстық талдау, сөздерді сауатты жазу
және оқу дағдыларын дамыту.
Сабақтың тәрбиелік
мақсаты: адамгершілік қасиеттерге, өзара достыққа,
Сабақтың әдіс – тәсілдері: көрнекілік әдісі, сөздікпен жұмыс,
дидактикалық ойын, қайталау, сұрақ – жауап,
баяндау, түсіндіру, топпен жұмыс.
Пәнаралық байланыс – математика, дүниетану
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру. Оқушылардың оқу құралдарын
дайындау, зейіндерін сабаққа аудару.
ІІ. Өткен сабақты қайталау
1. Өтілген әріптерді сұрау;
2. Суретпен жұмыс;
3. Кеспе әріптермен жұмыс;
4. Ауызша сұрақ – жауап;
5. «Баспалдақ» дидактикалық ойыны.
ІІІ. Жаңа сабақ.
Сс дыбысы мен әрпі.
Сс әріптерінің баспа, жазба түрлері.
Сс дыбысын ауада жазу.
С дыбысынан басталатын сөздер.
Сергіту сәті.
Дәптермен жұмыс.
Тақтамен жұмыс.
«Алма жинау» дидактикалық ойыны.
Кеспе әріптермен жұмыс.
Қорытындылау «Кім жылдам?»
Бұл сабақта түрлі-түсті суреттер, «Баспалдақ» және «Алма жинау» дидактикалық ойындарын пайдаланып, өткен білімді қайталау, оқушы мен мұғалім арасындағы сұрақ – жауап, жаңа білімді баяндау, оны талдап түсіндіру, оқушыларды топпен жұмыс істету секілді әдіс – тәсілдерді пайдаландым.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру. Оқушылардың оқу құралдарын дайындау, зейіндерін сабаққа аудару.
2.1. Өткен сабақты еске түсіру. Аа, Тm, Пп, Нн,Рр, Л,л, Шш.
2.2. Суретпен жұмыс. Оқушылардан өтілген әріптерді сурет бойынша сұрадым. Суреттегі заттың атын атап, оның қандай әріптен басталуын сұрап, сол әріп кездесетін сөздерді айтқыздым.
Оқушылар А әрпінен басталатын мына сөздерді айтты: анар, алма, ат, Асан.
2.3. Кеспе әріптермен жұмыс. Оқушылар өтілген әріптер бойынша жазылған буынды оқыды. Ол сөз буындалған , жоқ әлде буындалмаған екенін сұрадым. Оқушылар кеспе әріптердің бір немесе екі буынды сөз екенін айтты.
Кеспе әріптегі сөздер мен буындар:
па
на
ра
ат
ша
ла
А-на
А-та
А-ра
А-па
Ша-на
Ат-па
Ап-та
Тар
Шаш
Нан
Тон
2.4. Ауызша сұрақ – жауап. Ауызша сұрақ – жауап кезінде оқушылар дыбыстардың дауысты, дауыссыз болып бөлінетінін еске түсірді. Оқушыларға қойылған сұрақтар:
Сұрақ: Дауысты дыбыс қалай дыбысталады ?
Жауап: Дауысты дыбыс созылып, кедергісіз айтылады.
Сұрақ: Дауыссыз дыбыс қалай дыбысталады?
Жауап: Дауыссыз дыбыс созылмайды, кедергіге ұшырап айтылады.
Сұрақ: Қай дыбысты таңбалағанда қызыл түспен жазылады?
Жауап: Дауысты дыбысты таңбалағанда қызыл түспен жазылады.
Сұрақ: Қай дыбысты таңбалағанда көк түспен жазылады?
Жауап: Дауыссыз дыбысты таңбалағанда көк түспен жазылады.
Сұрақ: Қай дыбыстар буын құрайды?
Жауап: Дауысты дыбыстар буын құрайды.
Сұрақ: Қай дыбыстар буын құрай алмайды?
Жауап: Дауыссыз дыбыстар буын құрай алмайды.
Сұрақ: Ш дыбысынан басталатын сөздерді атаңдар.
Жауап: Шарапат, шара, шар, шана, шаш, Шапағат,
Сұрақ: Ш әрпін кім тақтаға жазып көрсетеді?
Талапкер оқушыны тақтаға шығардым.
2.5. Дидактикалық «Баспалдақ» ойыны.
Оқушыларға «Баспалдақ» ойынының шартын түсіндірдім. «Баспалдақ» ойынын ойнау үшін сыныпты екі топқа бөлдім. Сыныптағы бірінші топты «Ақ қоян» деп, екінші топты «Сұр қоян» деп атадық. Баспалдаққа қойылған үлестірмелі қағаздың келесі бетінде сурет бар екенін айттым. Баспалдақ арқылы жоғарыға шығып, қояндар сүйсініп жейтін сәбізге жету үшін қағаздың келесі бетіндегі суреттегі жеміс не көкөніс екенін және оның қайда өсетінін айту қажет. Егер жауап дұрыс берілсе, келесі баспалдаққа шығуға болады. Жауап қате болса, онда топтағы оқушылардан көмек сұрайды. Осы кезде қарсы топ алға озып кетуі мүмкін. Оқушылар өздері алған суреттердегі жеміс не көкөніс екенін дәл атап берді.
Кеспедегі суреттер:
Көкөністер
Пияз Қияр Орамжапырақ Қызанақ
Жемістер
Алма Алмұрт Жүзім Шие
«Баспалдақ» ойыны
Ақ қоян Сұр қоян
Бұл ойын барысында «Ақ қоян» тобы «Сұр қоян» тобына қарағанда, сұрақтарға жылдам, дұрыс жауап берді және баспалдақтың жоғарғы сатысына бірінші болып жетіп, өз қояндарына сәбізді тарту етті. Мен ақ қоянға көмектескен оқушылардың аты – жөнін айтып мадақтадым және ақ қоян атынан ризашылығын білдірдім.
Оқушыларға бұған дейін бірнеше әріптермен таныс болғанымызды, енді оларға қоса жаңа әріппен танысатынымызды хабарладым.
Жаңа сабақ
С дыбысы мен әрпі.
С әрпінің баспа және жазба түрі. Оқушыларға Сс әрпінің баспа және жазба түрлерін сурет бойынша көрсеттім. Суретте Сс әрпінің қалай, қандай түспен жазылғанын сұрадым. Оқушылар С әрпі көк түспен жазылған деп жауап берді. Оқушылардан Сс әрпінің көк түспен жазылу себебін сұрадым. Олар әріп көк түспен жазылса, онда ол дауыссыз дыбыс болатынын айтты. Олай болса, балалар, бүгінгі өтетін Сс дыбысы дауыссыз дыбыс, созып айтуға келмейді, кедергіге ұшырап шығады. Сс дыбысы сөздің басында, ортасында және соңында да келе беретінін айтып, көрсеттім. Мысалы, са-на, А-сан, Са-ра, ас-пап, ас-пан, ас.
Са-на
А-сан
Са-ра
ас-пап
ас-пан
Са
Ас
Тас
Тос
Са-па
Сс әрпін ауада жазу. Оқушыларға Сс әрпін ауада жазу тәсілін түсіндірдім. Сс әрпін ауада жазу үшін оң қолымызды жоғары көтеріп, саусағымызды бүгіп, ауада жазатынымызды түсіндірдім. Оқушылар оң қолдарын жоғары көтеріп, Сс әрпін ауада жазды.
С дыбысынан басталатын сөздер. Оқушыларға С дыбысынан басталатын сөздерді айтқыздым. Оқушылар өздері білетін: Сара, Салтанат, Самат, Сәуле, сағат, саты, сана, сырға, сақина деген сөздерді айтып шықты. Осы сөздерді айта отырып, сөздердің арасындағы Сара, Салтанат, Самат, Сәуле деген кісі аттары екенін және кісі аттарының бас әріппен басталып жазылатыны туралы айттым. С дыбысынан басталған суреттер бойынша оқушылардан сұрап, сол сурет бойынша сөйлем айтуды сұрадым. Көрсетілген суреттерге қарап отырып оқушылар мынадай сөйлемдер айтты: Сәуле доп ойнады. Сара кітап оқыды. Асан сағат тақты. Әсем сырға алды.
Сергіту сәті. Оқушылардың бойын жазу, ойын сергіту, қол- аяқпен қимылды қозғалыстар жасау мақсатында сергіту жаттығуын жасаттым. Сергіту барысында оқушылар төмендегі өлеңді айтты:
Бала, бала, балапан,
Қане, қайсы алақан?
Саусақтарым әйбат,
Былай, былай ойнат.
Топ-топ басайық,
Айға қадам жасайық.
Қаламсапты қолға алып,
Әсем әріп жасайық.
Өлеңде айтылған қимылдар жаттығу барысында орындалады.
6. Дәптермен жұмыс. Оқушыларға жаңа таныс болған Сс әрпімізді дәптерге көркем етіп, әріптерді бір – бірімен байланыстырып жазуды түсіндірдім. Дәптердің шетінде бір – біріне байланыстыра жазылған әріп пен буын әріптерді жазу керек екендігі түсіндірілді.
С С С С С С С
с с с с с с с с с
Сс Сс Сс Сс Сс
Са Са Са Са Са
сап сап сап сап
са – на са – на
Дәптер бетіне жазылған Сс әрпі мен екі әріпті, үш әріпті буын сөздерді жазу. Оқушылар алдарындағы жазу дәптерлеріне жазды.
Тақтамен жұмыс Оқушыларға өтілген және жаңа таныс әріптерден құралған сөздерді тақтаға жазу туралы түсіндірдім. Оқушылар тақтаға мұғалима айтқан сөздерді жазды. Оқушылар тақтаға сан, сап, сал, са-на,са-па, тас, тос деген сөздерді жазып шықты. Осы сөздерден кейің тақтаға Ақжол Дана мен Көшербай Нұрислам сынды оқушыларды шығардым. Осы оқушылар тақтаға Сара, сап ал. Сара, сана. деген сөйлемдерді жазды.
Дидактикалық «Алма жинау» ойыны.
Оқушыларға «Алма жинау» ойынының шартын түсіндірдім. Алма жинау барысында сыныпты екі топқа бөлдім. Алма ағашының бұтақтарындағы алмалардың ең жоғарысы ғажайып сиқырлы алма екенін айттым. Алма жинау төменнен басталады. Ғажайып алмаға жету үшін алмалардың сыртына жазылған сөздерді оқу керек. Ғажайып сиқырлы алмаға екі топтан шыққан оқушының қайсысы тез әрі жылдам оқыса, өз тобының келесі оқушысына кезек әпереді. Алмаларда мынадай сөздер жазылған болатын: А-сан, Ас-пан, Сап-та, А-ра-ла, па-на, ша-ра, та-на,ап-та. Осы сөздерді дұрыс оқыған топ оқушысы ғажайып, сиқырлы алмаға жетеді. Ғажайып, сиқырлы алмаға жеткен топ оқушысы оның сыртындағы сөйлемді дұрыс оқуы керек. Ғажайып, сиқырлы алмада Ата, алша ал .деген сөйлем жазылған. Ғажайып, сиқырлы алмаға қолы жеткен топ оқушылары тек сөзді ғана оқып қана қоймай, сөйлем оқуға білімі жететіндігін айтып, мадақтадым.
Кеспе әріптермен жұмыс. Кеспе әріптердегі жаңа өткен әріптерге қатысты сөздерді оқу. Бір буынды және екі буынды сөздер, сөйлем оқу.
Кеспедегі сөздер мен сөйлемдер : Ас – та – на, ас – пан, са – на, Са – ра. Сара ,сана. Сара, сапта. Сап сал.
Кеспедегі сөздерді оқушылар буынға бөліп оқып, сөйлемді сөздермен бай-ланыстырып оқып шықты.
Тірек сызба бойынша Сс әрпінен басталатын сөздерді, сөйлемді оқу:
Тірек сызбадағы сұрақ белгісінің орнына сөздер қою:
10. Қорытынды. «Кім жылдам?». Оқушыларға «Кім жылдам?» ойынында төмендегі суреттердегі заттың атын тез тауып, оларды санау тапсырылды.:
Үш ақ қаз
Екі сұр қоян
Үш қоңыр сиыр
Осы суреттер бойынша оқушылар заттардың түсі мен санын жылдам айтып шықты. Дұрыс жауап берген оқушыларды мадақтап өттім.
Аталған сабақты өту барысында жоғарыда аталған түрлі көрнекіліктер қолданылды.Мектепалды даярлық тобы болғандықтан, көрнекіліктер қолдану олардың қызығушылықтарын арттырды. «Баспалдақ», «Алма жинау» сияқты ойындар олардың жеңіске деген ынтасын оятты. Сонымен қатар, оқушылар кеспе әріптер мен тақтадағы жұмыс кезінде жоғары белсенділік көрсетті. Дегенмен мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушыларға дәптермен жұмыс жасау қиыншылықтар туғызды.
Әрбір жаңа сабақты түрлі көрнекіліктерді пайдалана отырып, алуан түрлі жаңа технологияның әдіс-тәсілдерімен өту- бүгінгі заман талабы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Бастауыш мектеп» журналы, № 7 2004 жыл
2. М.М. Жанпейісова. «Модельдік оқыту технологиясы»