Халық "Күй атасы " деп кеткен Құрманғазы иұралары әлемдік музыка әлемінде қазақ сазының құдіретін таныта білді. Екі ішекті аспаптан осынша бай рухты шығармалар тудырған Құрманғазыны тірі кезінде көрген қазақтарды былай қойғанда, өзге ұлттың ойлы өкілдері де композитордың талантына тәнті болған.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
«Күй атасы Құрманғазы»
Күй атасы -Құрманғазы
Халық «Күй атасы» деп атап кеткен ұлы күйшінің мұралары әлемдік музыка өнерінде қазақ сазының құдіретін таныта білді. Екі шекті аспаптан осыншалық әуенге бай, рухты шығармалар тудырған Құрманғазыны тірі кезінде көрген қазақтарды былай қойғанда, өзге жұрттың озық ойлы өкілдері де ұлы композитордың талантына тәнті болған. Оның қуатты шығармашылық құдіретіне таң қалған. Мәселен, 1820 жылы Орал казак офицерінің отбасында дүниеге келіп, 19 жасында Оралдың әскери училищесін тәмамдап, 50 жасына дейін әскерде қызмет еткен, студент кезінде Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында болып, Еуропа мәдениетін бойына сіңірген, соңына 100-ден аса әдеби шығарма қалдырған қаламгер Никита Федорович Савичев өзінің естелігінде: «Әттең... Құрманғазының еуропалық білімі болғанда, оған музыка әлемінде тең келетін ешкім болмас еді-ау», – деп өкініш білдірген екен. Дегенмен 1934 жылы халқымыздың дара тұлғаларының бірі, композитор, академик Ахмет Жұбанов қазақ ұлт аспаптары оркестрін құрып, оған Құрманғазы аты берілгенде, соңынан тағы бір тұлғалы музыкант, әлемдік дәрежедегі дирижер Шамғон Қажығалиев Құрманғазы күйлерін оркестрге лайықтап, жаңа тыныс сыйлағанда, оны тыңдаған дүниежүзінің музыка қайраткерлері Құрманғазы Сағырбайұлының музыка әлемінде теңдессіз тұлға екенін мойындаған-ды.
Күйшінің дүниеге келгені анық, бірақ...
Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли сонау кеңестік кезеңде жазған бір өлеңінде:
Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-дағы, – дегені бар еді.
Бұл – бірнеше ғасыр бойы өздері туралы өзгелердің жазғанынан біліп, өзін өзгелердің көзімен таныған халықтың басындағы қасірет болатын. Ұлт тарихындағы талай шындық айтылмай, ақтаңдақ күйде қалғасын тарихтың шындығы туралы әңгіме айту мүмкін емес заманда талай нәрсе бұрмаланды, талай нәрсе түбегейлі зерттелмей қалды. Сол кемшіліктің салқыны Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты деректерге де тиген сияқты.
Кейінгі кезде Құрманғазы Сағырбайұлының туған-өлген жылдары мен туып-өскен жері жайында қайшылықты пікірлер көріне бастады.
Қазір Уикипедияны қарасаңыз туған жылын 1818 жыл, қайтыс болған кезін 1889 жыл деп көрсетіп тұр. Осыған байланысты болса керек, биыл ұлы күйшінің туғанына 200 жыл толды деген мәліметтер түрлі БАҚ беттерінде көрініп жатыр. Расымен биыл ұлы күйшінің туғанына екі ғасыр толды ма?
Жасыратын несі бар, Құрманғазы Сағырбайұлының өмір сүрген кезі туралы осы кезге дейін түрлі пікірлер айтылып, нақты бір тоқтамға келе қоймағанымыз себепті оның мерейтойларын өткізуде өкінішті жағдайлар орын алғаны белгілі. Тіпті, Құрманғазының туғанына 175 жыл толуы Атырау облысында 3 рет атап өтіліпті. Ұлы күйші бір жерде 1806 жылы туған деп жазылса, тағы бір жерде 1818 жылы туған деген мәліметтер баспасөзде айтылып, кітаптарға кіргізілген. Мәселен ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2000 жылы «Атамұра» баспасынан шығарған көптомдық «Қазақстан тарихының» 3-томы, 554-бетінде Құрманғазы Сағырбайұлы «1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өткен» деп жазылса, «Мектеп» баспасынан 2004, 2012 жылдары шыққан, 8-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарында (авторы Жанұзақ Қасымбаев) күйшінің өмір сүрген уақытын 1818-1889 жылдар деп көрсеткен. Ал ҚР Ұлттық энциклопедиясының 6-томында (Алматы, 2004); «Арыс» баспасынан шыққан «Құрманғазы» атты жинақта (Алматы, 2004ж. құрастырушы М.Ізімұлы), 2016 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан 8 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» (авторлары Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков) оқулығында Құрманғазының туған жыл 1823 жыл деп берілген. Ең бастысы қайтыс болған жылы қилы деректерде әртүрлі көрсетілген. Нақты шындық қайсысы? Біздіңше, бұған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Шамғоновтың ult.kz сайтында жарияланған мақаласындағы мына пікірлер толығырақ жауап берсе керек:
«XX ғасырдың 90-жылдарында-ақ ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдары толықтай анықталды. Осы мәселе төңірегінде шұғылданғандардың ішінен архив қызметкері Мақсот Жолжановтың еңбегін ерекше айтқан жөн болады. Ол Астрахан облысының мемлекеттік архивінен 1882 жылы Астрахан облысына қарасты Краснояр түрмесінде отырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімі тұсынан оның ұлтын, сотталу себебін, үкімін, жаза мерзімін, жасын көрсететін дерек тапқан. (АОГА, 203-қор, 629-іс, 21,31-парақтар). Сол деректерде Құрманғазы 1882 жылы 59 жаста деп көрсетілген. (1882-59=1823). Олай болса, Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы дүниеге келген. Ұлы күйшінің құлпытасында оның 73 жас өмір сүргені жазылғаны белгілі. Олай болса, 1823+73=1896. Сөйтіп, архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған». Дегенмен мәселенің нүктесін сол кезде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрылған арнаулы сараптау комиссиясы қойды. Сол комиссияның шешімі төмендегідей:
«ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған, өлген жылына қатысты сарапшылық комиссияның қорытындысын хабарлайды. Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туылып, 1896 жылы дүние салған», – деген қорытындыға келді».
Ал енді ұлы күйшінің туған жері туралы айтар болсақ, бір деректе «Құрманғазы Сағырбайұлы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келді» десе, тағы бірінде «Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданында туды» деп жазылып келеді. Бұл деректерді ұсынғандар – Құрманғазының өмірін зерттеген композитор, академик Ахмет Жұбанов пен тарихшы ғалым Исатай Кенжалиев. Сол сияқты туған жерін «Бекетай құмы» деп есептейтіндер бар. Ал жазушы Өтепберген Әлімгереев «Құрманғазы» деген кітабында («Арыс» баспасы, 2012 жыл): «Шындығында күйші Құрманғазы ауданының Жиделі құмында туылған. Бөбек деген жерде Сағырбай қыстауының (Құрманғазы емес), сондай-ақ 6 жасынан Шақбала, Өтешқали байлардың қозысын бақса, олардың қыстау орындары әлі бар», – дейді. Негізінде бұл деректердің жаны бар екен. А.Жұбанов «Құрманғазы» деген зерттеу кітабында күйшінің 6 жасында Шақбала деген байдың қозысын баққанын айтып өткен екен. Осыны әрі қарай дамытқан Ө.Әлімгереев әлгі кітабында Құрманғазының артынан қудалау көбейіп, түрме төріне көбірек қонақтаған соң қоныс өзгертіп, Жаңақаланың 16-ауылына қарасты Көктерек жерінде біраз тұрған соң, аз ғана уақыт Шортанбайда, одан Астраханның Сахмасына («Султановка» деген мекен) көшіп келгенін айтқан. Астрахан түрмесінен қашып шығып, Мақаш әкімнен (Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов. 1830 – 1904) басына бостандық алуына көмек сұрап барғанда ол: «Сіз енді Жиделіні ұмытыңыз, өйткені Ордада әлі күнге жабылмаған ісіңіз жатыр. Сондықтан ол жаққа аяқ бассаңыз тағы да ұстап, қамайды. Қалған өміріңізге қолайлы жер Астраханның теңіз бетіндегі мың аралдың бірі, ауылдастарыңыздың арасы – Сахма болып табылады. Керек болса, мен Уақытша кеңестің басшысы генерал-губернатор Лазаревскийден «Құрманғазы енді ешкімге де зияндық істемейді, өзім кепіл боламын» деген анықтама алып берейін», – (А.Жұбанов, Құрманғазы, 1978 ж) депті. Осындай жайларды елеп-екшей келе Ө.Әлімгереев: «...осы жайларды болашақта нақтылап, жүйелеп, нүктесін қою керек. Әйтпесе, әлі күнге Құрманғазыны атыраулықтар бізде, ал батысқазақстандықтар болса өздерінде туған деп есептейді. Бірақ Жаңақалада жүрген қызылқұрттардың (Құрманғазының руы. – А.Ө) ел құрып, су құрып, Астраханның әр жағы, теңіз қолтығына тығылып несі бар, одан суы, нуы бар Көктерегі мен Фокейінде жүре бермей ме? Қазыны (Құрманғазының ұлы. – А.Ө) өзінен бұрын Астрахан бойында балықшылық қызметке орналастырып, өзі ту анау Манаштың Есқұлынан қыз алып, түтін түтетіп қайтеді?
Оған қос ел қариялары аузында Құрманғазы әбден қартайып, әлі бітіп, күші азайған тұста алыстағы Алтынжардан жер түбіндегі қандастарына:
Ойлап көріңізші, Жаңақаланың Жиделісінде дүниеге келген Құрекең болса, бір жақтағы Қошалақ пен Бесшоқыны жырға қосып, сағынатындай несі бар?!», – деп пікірін дәлелдейді. Демек, Құрманғазы Сағырбайұлы 1923 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданының Жиделі құмында дүниеге келіп, 1896 жылы Ресейдің Астрахан облысының Алтынжар деген жерінде дүние салды деуге негіз бар. Ұлы тұлғалар жайында дұрыс деректің берілуі – ұлтымыздың, мемлекетіміздің тарихы үшін өте маңызды.