Просмотр содержимого документа
«"Арайлы, Алтын күз" атты мерекелік ертеңгілік»
Мерекелік ертеңгілік сценарийі
Қатысушылар: Күз ханшайымы, Бұлт, Күннің көзі.
Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар, ата – аналар, асыға күткен күз мерекесі де келіп жетті, баршаңызды алтын күз мерекесімен құттықтаймыз! бүгінгі біздің мектепалды даярлық тобының ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Төңірек толы сары алтын
Күз келді туған жеріме
Шуағы нұрлы жайнаған
Алтын күз әсем айналам
Алтын күзді бастайық,
Ортамызға балаларды шақырып қарсы алайық!
(Әуен ойналып, залға балалар кіріп, айнала тұрады)
Тақпақтар 1
Ән: «Күз тамаша»
Жүргізуші: Күз – өте тамаша, әдемі жыл мезгілі. Айналамыздағы барлық ағаштар түрлі түске боянып, мерекеге дайын тұрғандай.
(Осы кезде сыртқы жақтан желдің, жаңбырдың дыбысы естіледі)
Жүргізуші: Балалар, сендер дыбыс естідіңдер ме? Бұл ненің дыбысы деп ойлайсыңдар?
Балалар: Желдің, жаңбырдың дыбысы.
Жүргізуші: Мүмкін Күз ханшайымы күзгі желмен, жаңбырмен бізге жақындап келе жатқан шығар. Қанекей қол шапалақтап қарсы алайық!
(Балалар қол шапалақтайды. Осы кезде залға сарт-сұрт дыбыспен Бұлт кіреді. Балалармен жүргізуші таң қалады)
Бұлт: Сәлем балалар! Мені күтіп отырсыңдар ма? Міне мен келдім! Мерекелеріміз құтты болсын!
Жүргізуші: Сәлеметсіз бе, Бұлт! Сіз қайдан жүрсіз? Біз қонаққа Күз ханшайымын күтіп отырған едік.
Бұлт: Мен күздің басты белгісі бұлтпын, күннің көзін жауып, жер бетіне жаңбырды шашатын да менмін. Қаласаңдар, қазір де жаңбырды шашып жіберемін.
Жүргізуші: Осындай қасиеттеріңіз бар екеніне қуаныштымыз. Бірақ біздің мерекемізге не дауыл, не жаңбыр керек емес! Бізге ашық күн, нәзік Күз ханшайымы керек.
Бұлт: Не үшін? Мерекені менімен де көңілді өткізуге болады. Мен сендерге бекер келген жоқпын ғой.
Жүргізуші: Сіз ренжімеңіз, әрине келген қонақты жай жібере алмаймыз. Төрлетіңіз, балалардың өнерін тамашалаңыз. Олай болса ұл-қыздарымыз өздерінің жаттаған тақпақтарын айтып берсін.
Тақпақтар 2
Бұлт: Балалар тақпақты өте жақсы айтады. Күзге арнап өнер көрсетіп жатыр. Ал маған арнап қандай өнер көрсете алады?
Жүргізуші: Бұлт сіз байқамаған сияқтысыз, біздің ұлдарымыз тамаша киініп «Бұлттар» биін дайындап келді мерекеге. Сіз қонаққа келіп қалған екенсіз, әрине бұл би сізге арналады. Қабыл алыңыз.
Би: «Бұлттар»
Бұлт: Қандай тамаша! Бұл маған тосын сый болды, өте қуанып тұрмын. Рахмет сендерге балалар, менің келетінімді білмесеңдер де, мен туралы ұмытпағандарыңа ризамын.
(Музыка жүріп, күлімдеген Күннің көзі залға кіреді)
Ойын шарты: қойылған шығыршықтарға қазір сендерді бөлеміз, музыка жүргенде сол шығыршықтарды айналып билейсіңдер, жаңбырдың дыбысы болғанда, мен кімді ұстап үлгерем сол ойыннан шығып отырады. Әр бала алғашқы ретте тұрған шығыршыққа кіріп үлгеруі керек.
Ойын: «Кім шапшаң»
Күннің көзі: Көрдің бе, Бұлт? Біздің балалар мықты, жылдам, әрі тез, сенің ойыныңды қалай ойнай білді.
Бұлт: Шынымен де, балалар батыл, шапшаң екен.
Күннің көзі: Бұлт, сенің жаңбырыңа қарамай балалар тамаша көңіл-күйде отыр. Әрине! Өйткені, олар Күз ханшайымының келуін тойлап отыр. Күз мезгілі – алуан түске боялған табиғат бейнесі, менің шуақтарым өз күштерін аямай жер бетіне жарқыраған жылуын таратады.
Бұлт: Мен оны түсіндім. Балалар өз өнерлерімен күз мезгілінің кереметтігін түсіндірді. Сол үшін балалар, сендерге үлкен рахмет! Мен осы мерекеде біраз көңіл көтердім, көп жақсылық көрдім, бұл өте қуанышты сәт. Мен өзімнің түнілген түріммен сендердің мерекелеріңді бұзғым келмейді. Мен өз үйіме оралайын. Сау болыңдар, балалар!
Жүргізуші: Сау болыңыз!
(Бұлт қоштасып кетеді)
Күннің көзі: Осындай керемет күнде, әрине бізге басты қонағымыз жетпейді.Бұл кім екен?
Балалар: Күз ханшайымы.
Күннің көзі: Тыңдап көріңдерші, балалар, мен Күз ханшайымының келе жатқанын естіген сияқтымын.
(Барлығы тынышталып, тыңдайды, Әдемі әуенмен Күз ханшайымы кіреді)
Сіздерді күз мерекесімен құттықтаймын. Күз мерекесі мол қазына, ырыс алып келсін!
Жүргізуші: Қош келдіңіз, Күз ханшайымы! Біздің балалардың сізге арналған өнері, тақпақтары бар. Қабыл алыңыз.
Тақпақтар 3
Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар. Жер беті ғажап түстерге боянып, жылы жел бетімізді сипап, нәзік жаңбыр өз лебізін шашады. Бақшаларда көкөністер пісіп, адамдар қысқа дайындық бастады. Бұл барлығы менің келуімді білдіреді.
Күннің көзі: Сәлеметсіз бе, Күз ханшайымы! Сіздің келуіңізді көптен күтіп, балаларға сізден бұрын келіп қалдым.
Жүргізуші: Дұрыс айтасыз, Сіздің келуіңіз бай және жомарт молшылықпен белгілі. Келесі әсем ән өзіңізге арналады.
Ән: «Чудная пора – осень!»
Күз ханшайымы: Қандай тамаша ән, рахмет балалар.
Жүргізуші: Күздің кереметі, байлығы өте көп. Күзде біздің дастарханымыз дәнді дақылдарға, көкөністерге, жеміс-жидектерге толы болады, бірақ осы байлыққа жету үшін көп еңбек ету керек. Ендеше балалардың «Құмырсқа мен шегіртке»- көрінісін тамашалаңыздар!
«Құмырсқа мен шегіртке» көрініс.
Жүргізуші:
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
Шегіртке:
Қарағым жылыт, тамақ бер.
Жаз шыққанша асыра.
Құмырсқа:
Мұның жаным сөз емес,
Жаз өтерін білмеп ең?
Жаның үшін еш шаруа.
Ала жаздай қылмап пең?
Шегіртке:
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ елеу илі ме?
Көгалды қуып ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Құмырсқа:
Қайтсің, қолың тимепті.
Өлеңші, әнші, есіл ер.
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!!!
Шегіртке, Құмырсқа:
-Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Жүргізуші:
Балалар,міне шегіртке жаз бойы билеп, кысқа дайындалған жоқ, құмырсқа дән жинап, ол қыста тоқ болады.
Күз ханшайымы: Балалардың көрінісі маған өте ұнады, қандай өнерлі едіңдер.
Күннің көзі: Иә, Күз ханшайымы, дұрыс айтасыз, мен де балаларға өте риза болдым. Ал енді балалар, менің де кететін уақытым келді, сау болыңдар!
Күз ханшайымы: Рахмет қыздарым, осындай тамаша мерекеге ризамын сендерге. Ал енді сендерге менің де бір қызық ойыным бар балалар. Ойнағыларың келе ме?
Балалар: Иә.
Күз ханшайымы: Олай болса, күзгі бақтағы өнімді жинаймыз. Ойынның аты «Картопты жылдам тасымалда».
Ойын шарты: екі орындыққа екі бала отырады, екі бала машинаға картопты тиейді, балалар болған соң, отырған бала сол машинаны жіппен тартып өзіне тез жеткізеді.
Ойын: «Картопты жылдам тасымалда»
Күз ханшайымы: Жарайсыңдар, балалар. Өте жылдам, әрі ойын шартын бұзбай орындадыңдар.
Міне, сендерге менің сыйлығым, бір себет Күз сыйы. Сендерге денсаулық, шаттық және байлық әкелсін.
Жүргізуші: Күз ханшайымы, бүгінгі мерекемізге келіп, балаларды қуантқаныңыз үшін рахмет. Келесі әсем әнмен мерекемізді аяқтаймыз.
Ән: «Алтын күз»
Жүргізуші: Күз ханшайымы, сізге мың алғыс! Бүгінгі сыйлығыңызға рахмет . Бізге тағы кел, біз сені сағына күтеміз.
Күз ханшайымы: Берекелі бақ дәулет
Арта түссін тойланып.
Сау болыңдар, балалар,
Келгенше жыл айналып.
Жүргізуші: Қош бол, Күз ханшайымы.
(Осы кезде әуен ойналады, Күз ханшайымы қоштасып кетеді)
Жүргізуші: Міне, балалар осымен ертеңгілігіміз аяқталды.
Сіздерді Күз мерекесімен құттықтаймын, әр отбасыларыңызға бақыт, береке тілеймін.