Просмотр содержимого документа
«8 - наурыз мерекесі»
8-наурыз Халықаралық айелдер күні
Өтілетін уақыты:
Сыныбы: 8 «Ғ»
Тақырыбы: «Ана - өмір тірегі»
Мақсаты: Анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, ананы құрметтеп сыйлай білуге үйрету, оқушылар бойындағы жеке қабілеттері мен таланттарын дамыту, адамгершілікке, ізгілікке, достықты қастерлей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Сынып бөлмесін мерекеге лайық безендіру, даналық сөздер жазылған плакаттар, интерактивтік такта, презентация, шар, үнтаспа, т.б.
Барысы:
1-жүргізуші: Қайырлы күн, қымбатты жиналған қауым!
2-жүргізуші: Құрметті ақ жаулықты аналар мен әжелер, кер маралдай керілген әпкелер, қарындас, құрдастар, ұстаздар! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтай отырып, «Ана - өмір тірегі» атты шағын кешімізге қош келдіңіздер дейміз!
1-жүргізуші: 8-наурыз ардақты аналарымыздың, салмақты апаларымыздың, сүйікті қарындастарымыздың мерекесі. Олай болса кешімізді алғашқы боп әнмен тербейтін Игілік Ақбаян «Мереке» Қабыл алыңыздар.
2-жүргізуші: Рахмет. Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады.Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.
1-жүргізуші: 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.
2-жүргізуші: Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?
1-жүргізуші: Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!
2-жүргізуші:
Біз ғана емес,
Қадір тұтқан бабалар
Ана деген – тіршіліктің тірегі,
Мерекеңмен, қасиетті Аналар!
1- жүргізуші:
Ана дейміз бәріміз де аңқылдап
Ана дейді жас сәби де жарқылдап
Ана деген – бәйтерегі өмірдің,
Ана деген – алтын қазық, алтын бақ!
2-жүргізуші:
Ең күшті нәрсе не? – десе,
- Әйелдің әмірі! – дер едім.
Әйелдердің барлығын
Жердегі Тәңірі! – дер едім.
Өз басым әйелді осылай деп бағалаймын. Өйткені, адамзатты жарататын - әйел, ұлтын көбейтетін - әйел, ұрпақты ұластыратын - әйел, еркекті Ер ететін - әйел. Бір сөзбен айтқанда, дүниенің тірегі -әйел. Махаббаттың асыл нұры - әйел. Өмір деген алтын сарай есігінің күміс кілті - әйел махаббаты.
1-жүргізуші: Керемет айттың! Адамның әдептілігімен жан дүниенің сұлулығы, ең алдымен балаға ананың ақ сүтінен, ана жүрегінің жылуынан дарыған. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Біз анадан өмірімізге керектінің барлығын да үйренеміз.
2-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов.
1-жүргізуші: Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген.
2-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
1-жүргізуші: Талай ренжітсек те, еркелігімізді көтеріп, туған анамыздай маңдайымыздан сипай білген ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың еңбегі ұлан-асыр мұхитпен тең.
2-жүргізуші: Қос ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл бос бұра, нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра.
1-жүргізуші: Өте дұрыс айтылған. Ендеше «Елік-ай»атты күйімен Ақбаянды қарсы алайық.
2-жүргізуші: Рахмет.
Көрініс: «Ата мен бала»
Автор: Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, көденің көгерген жасыл кезінде, жерден қар кетіп, жердің түрі түрленіп тұрған уақытта, күннің сәулесі көктен қыздырып, жер – ананың денесі бусанған шақта, көңілді «Көктем» атты патшалық болыпты. Бұл патшалыққа да жадырап «Наурыз» айы келді. Дүние жаңарды. Көк жетіліп, әлем құлпырды. Осы құлпырған, көңілді патшалықты еліне сыйлы, ақылды хан басқарыпты. Ол ханның қайсар да қайратты 7 ұлы, ай десе аузы, күн десе көзі бар 7 қызы болыпты. «Көктем» патшалығы қандай үлкен болса, сол зәулім ғимараттың іші мейірім мен шапағатқа толы үлкен махаббаттан тұрады екен.
Сол патшалықты басқарған хан өз ұлдарының ішінен мұрагерін іздейді. Сөйтіп оларды сынамаққа бел буды.
Хан: Ұлдарым мен қыздарым! Мен қартайдым, сендерге қояр талабым бар. Соны орындағандарың менің мұрагерім боласыңдар. Кімнің өнері мен ақылы көркіне сай болса, сол менің мұрагерім болып, осы патшалықты басқарады. Автор: Хан ұлдарын қасына жинады.
Хан: Балам, үйдегі алтын қазық кім?
Баласы: Үйдегі алтын қазық – бала. Ол – мен.
Хан: Жоқ балам, үйдегі алтын қазық сен емес, ол – ана. Ана ақылды болса, бала дана
болады. Ана тәрбиесі – қызға үлгі. Ана сыйламағанның ақылы кем. Ананың мейірімі – көзінде, ақылы – сөзінде.
Патшаға абыз қария келеді.
Қария: Дат, тақсыр!
Хан: Датың болса, айт!
Қария: Менің айтпағым балаларыңда. Балам, жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?
Бала: Ата ашты тоқ, жоқты бар ететін мейірімді әке.
Қария: Жоқ, балам! Әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін – ол ана. Анасыз бала ұйықтамайды. Қатықсыз айран ұйымайды.
Хан: Жоқ, сендердің жауаптарыңа менің көңілім толмады. Ханзаданы шақырыңдар!
Бала: Алдияр әке, не бұйырасыз?
Хан: Өнеріңді көрсет.
Бала: Ана! Ана! Не деген қастерлі, қасиетті сөз едің. Осынау үш әріптен тұратын ұлы сөздің түбірінде қаншама ұлы сезім, ұлы құдірет жатыр десеңізші. Ананың ыстық алақаны жүрекке жылы тиіп, әр сөзі адамзат баласына өшпес нәр береді. Дүниеде ана қадірлі.
Автор: Осы патшалықтағы аяулы ана алыста тұратын бауырының үйінде болатын. Үйге бір аптадан кейін оралды. Үйге кірісімен қыздары бірінен соң бірі аналарын қалай сағынғандарын айта бастады.
1 - қыз: Анашым, мен сені күн сәулесін күткен көкнәр гүліндей сағындым.
2 - қыз: Анашым, мен сені бір тамшы суды аңсаған шөл даладай күттім.
3 - қыз: Мен енесін сағынып шырылдаған кішкентай балапандай болып жыладым.
4 - қыз: Мен сенсіз гүл таппаған ара сияқтымын.
5 - қыз: Сен менің түсімде раушан гүлінің түсіне енген шық тамшыларындай болып көріндің.
Автор: Жетінші қызы үндеген жоқ. Ол анасының қолын жуу үшін су әкеліп берді.
Анасының асын даярлап, алдына ас қойып, шәй құйып берді.
Ана: Қыз – қызғалдақтарым менің! Бәрінен де мені ең кіші қызым қатты сағыныпты.
Сабина: Бізге осы жарық дүниені сыйлаған кім?
Бәрі:- Ана.
Сабина: Түн ұйқысын төрт бөліп, бөбегін бөлеген кім?
Бәрі: – Ол – мейірімді ана.
Сабина: Құрметті де ардақты, аналар! адамға өмір нәрін себуші құдірет иесі сіздер!
Біз мәңгілік сіздердің алдарыңызда борыштармыз. Бүгінгідей мерекеде балапандарыңыздың қызметін, құрметін қабыл алыңыздар! Бүгінгі ән, би, бәрі де сіздер үшін.
1-жүргізуші: Мұқағали Мақатаевтың «Әйелдер-ай» атты бейнебаянды тамашалайық. 2-жүргізуші: Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде, - дей отырып келесі кезекті «Корей» биіне береміз, орындайтын Садыкова Әсем-ай.
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, біздің «Ана - өмір тірегі» атты мерекелік кешімізді көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп - көп рахмет.
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен концертіміз аяқталды.
2-жүргізуші: Аяулы аналар! Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегіне сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын! Амандықта жүздескенше! 8 наурыз мейрамы құтты болсын!