Просмотр содержимого документа
«Физика пәнін оқытуда өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру»
Өскемен қаласының Оралхан Бөкей атындағы
№44 лицейінің физика пәні мұғалімі
Қалиева Ботагоз Смагуловна
Баяндаманың құрылымының жоспары
Өзекті тақырыптың жоспары.
Өзіндік жұмыстардың түрлері.
Өзіндік жұмыстардың түрлерін ұйымдастыру .
Сабақта өзіндік жұмыстарды жүргізу кезінде жинақталған қорытындылар.
Өзіндік жұмыстарды жүргізу кезінде анықталған өзекті мәселелер.
Өзіндік жұмыстарды бағалау, оқушылардың өзін-өзі бағалауы.
Физиканы оқытуда өзіндік жұмыстарды ұйымдастыра отырып, оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру бағытында жинақталған іс-тәжірибелер.
Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыра отырып, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытудағы іс-әрекеттер.
Физиканы оқытуда өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың оқушының пәнаралық байланыстарды жүйелі меңгеруіне ықпалы.
Өзіндік жұмыстарды ұйымдастырудың оқушының тәрбиелік деңгейіне ықпалы.
ФИЗИКА ПӘНІН ОҚЫТУДА ӨЗІНДІК ЖҰМЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ
Оқушыларды өзіндік жұмыстарға баулу арқылы оқыту үрдісіндегі өзара тығыз байланысты маңызды екі міндетті шешуге болады: олардың өзбетінше білім ала білуі, яғни олардың танымдық қызыметіндегі дербестігін дамыту және оларға білім алуда, практикалық іс-әрекеттерде алған білімдерін өзбетінше қолдана білуге үйрету. Жаңа буын оқулықтарына көшуге орай оқу материалдарының көлемі артып, мазмұны күрделілене түсуде. Осыған байланысты оқу материалдарын меңгеруде оқушыны өзіндік іс-әрекеттерге баулудың маңыздылығы ерекше бола түсері анық. Бұған қоса оқушыға білім беруден гөрі, оқушының білім алуы принципі уақыт өткен сайын қажеттілікке айнала түсуде.[1]
Мен өз педагогикалық қызыметімде оқыту үрдісінде осындай күрделі мақсаттарды шешу үшін өзіндік жұмыстарды жүйелі жүргізу жақсы нәтижелерге жетудің тиімді жолы болатындығына көз жеткізе отырып, соңғы бірнеше жылда зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. «Физиканы оқытуда өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту» өзекті тақырыбын алып, оны жүзеге асырудың бағдарламасын жасадым. Бағдарламада өзекті тақырыпты алу мақсатымды, оны шешудің міндеттерін, күтілетін болжамдарды, кезең-кезең бойынша атқарылатын іс-әрекеттерді, қорытындылау шараларын белгіледім. Атқарылатын өзіндік жұмыстарды төмендегідей түрде топтап жинақтадым.[3]
1. Жаңа білімді игеру кезіндегі өзіндік жұмыстар. 2. Білім, білік дағдыларын меңгеру кезіндегі өзіндік жұмыстар. 3. Алған білімді, дағдылар мен іскерліктерді, қолдану кезіндегі өзіндік жұмыстар. 4. Алған білімді талдау кезіндегі өзіндік жұмыстар. 5. Алған білімді жинақтау кезіндегі өзіндік жұмыстар. [4]
6. Шығармашылық кезеңіндегі өзіндік жұмыстар.
Қазіргі кезде білім беруде оқытудың жаңа технологиялары жан-жақты енгізілуде. Солардың бірі - модульдік оқыту технологиясының оқушыларды өзбетінше жұмыс жасауға дағдыландыруға ықпалы өте зор деген сенімдемін. Өз тәжірибемде осы технологияны басшылыққа аламын.
1. Жаңа білімді игеру кезіндегі оқулықпен жұмыс, тәжірибелерді бақылау, олардан қорытынды жасау, жаппай эксперимент, бірін-бірі оқыту, таратылып берілетін материалдармен жұмыс, физикалық құралдардың құрылысын оқып үйрену, құбылыстар арасындағы байланыстарды тағайындау, физикалық теорияларды оқып үйренуге баулу арқылы жаңа оқу материалдарын өзбетінше меңгеруге үйретемін. Ол үшін оқушыларды жұмыс жүргізудің нақты талаптарымен, тәртібімен таныстырамын. Мысалы, оқулықпен жұмыс жасаудың мынадай жалпы талаптарын қоямын: [5]
Мәтіннің негізгі мазмұнын атап көрсете білу, зерттелетін объектілерді салыстыру.
Мәтінді онда айтылған ойдың тиянақтылығына қарай бөліктерге бөлу.
Мәтін бойынша жоспар құру. Мұнда мәтіннің мазмұнына қарай физикалық құбылыс, заң немесе физикалық теорияны, технологиялық процессті оқып үйренудің алгоритмдерін ұсынамын. (қосымшалар)
Фактілер немесе теория нәтижелері бойынша қорытынды жасай білу.
Мәтінде тікелей жауабы болмауы мүмкін сұрақтарға жауап беру.
Мәтіннің мазмұнын әңгімелесу сипатында жеткізу.
Тәжірибелерді бақылау, олардан қорытынды жасау –оқушылардың белсенді жұмыс түріне жатады. Осы кезде оқушыларға мынадай талаптар қойылады:
Маңызды фактілерді бөліп алу.
Құбылыстарды, тәжірибе барысын қысқа түрде жазып отыру.
Зерттеу объектісін сипаттайтын шамаларды анықтау.
Көрсетулерге талдау жасау, алынған нәтижелерді жинақтап қорытындылай білу.
Жаппай эксперименттік тапсырмалар ретінде тақырыппен тікелей байланысты тәжірибелер, бақылаулар, өлшеулер ұсынылады. Тапсырмаларды таңдап алуда көбінесе арнайы әдістемелік құралдарды пайдаланамын. Жаппай эксперимент кезінде оқушыларға төмендегідей талаптар қойылады:
Оқушының өзіне проблемалық сұрақ қоя білуі;
Мәтіндік материалды толықтыра түсуге мүмкіндік алуы;
Физикалық құбылыстардың мәнді жақтарын ажырата білуі;
Практикалық дағдылары мен машықтарын дамытуы;
Топпен жұмыс кезінде өз пікірін қорғай білуі;
Жазбаша есеп дайындай білуі.
Бірін-бірі оқыту әдіс-тәсілдерін қолданудың оқушыларды жаппай белсенділікке баулуда маңызы зор. Осындай әдіс-тәсілдерді модульдік оқытудың сөйлесу кезеңінде жиі қолданамын. Мұнда оқушылар әдетте топпен жұмыс жасайды. Әр топқа оқу материалдарының мазмұнына қарай бірдей немесе әртүрлі тапсырмалар беремін. Берілген тапсырмаларды орындау кезінде оқушылар өздеріне мынадай талаптарды алады:[1]
Жаңа материалдың өтілген материалмен байланысын болжау;
Мәтіннің негізгі идеясы неде екендігін түсіну;
Топтың басқа мүшелерімен пікірталасқа дайындалу;
Басқаның пікірін тыңдап құнды жақтарын алу;
Қорытынды ойын жүйелеу, оны жазбаша, ауызша жеткізе білу.
Таратылып берілетін материалдармен жұмыс кезінде оқушыларға мынадай ұсыныстар беріледі:
Таратпа материалдағы берілген тапсырманың мазмұнымен немесе сызба, суреттермен жан-жақты танысып шығу;
Осы мәліметтерді пайдалана отырып, тапсырманы орындауға қажетті бастапқы шарттарды анықтап алу;
Тапсырмаларды жеңілінен қиынына қарай ретімен орындау;
Жұмыс кезінде оқушының мұғаліммен байланыс жасап отыруға мүмкіндігі болуы;
Оқушының көрсету үстеліндегі қондырғыны пайдалана алуы;
Тапсырманың жауаптарын жазбаша түрде белгіленген үлгі бойынша дайындау.
Физикалық құралдардың құрылысын оқып үйрену үшін оқушыларға модель немесе сызба ұсына отырып, мынадай алгоритм ұсынамын:
Құралдың қызыметін білу;
Жұмыс істеу принципін білу;
Негізгі бөліктері мен олардың өзара әрекетін білу;
Құралмен пайдаланудың ережелерін білу;
Құралдың қолданылатын орындарын білу.
2. Оқушылардың білім, білік дағдыларын меңгеруге және алған білімді қолдануға байланысты төмендегідей өзіндік жұмыстарды ұйымдастырамын:
Жаттығулар орындау, есептер шығару, зертханалық жұмыстарды орындау, түрлі сызбалармен жұмыс істеу, физикалық құралдар жасау, үйде орындалатын өзіндік жұмыстар және қателіктерді бағалау.[2]
Жаттығулар орындау және есептер шығару оқушылардан физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды түсініп қана қоймай, сонымен бірге оларды іс жүзінде қолдана білуді қажет етеді. Сыныпта және үйде жаттығулар орындап, есептер шығару кезінде оқушыларға өзіндік жұмыстарды орындаудың мынадай талаптарын ұсынамын:[4]
Физиканың жалпы қағидаларын, заңдарын білу және қолдана білу;
Есептің мағынасын ұғыну және есептің негізіне қандай физикалық құбылыстар мен заңдылықтар алынғанын түсіну;
Есепте кезіккен процесстердің қайсысы бастысы екенін жете біліп алу;
Есепті шығаруда үшін қандай жеңілдету шараларын енгізуге болатынын анықтау;
Жауаптың дәлдігі есепте берілген бастапқы шамалардың дәлдігінен аспауын есте ұстау;
Шығарылған есепті жазбаша түрде белгіленген үлгіде жаза білу.
Оқушылардың есептер шығаруға және зертханалық жұмыстарды орындауға арналған жеке-жеке дәптерлері болуын қадағалаймын.[3]
Өзіндік зертханалық жұмыстар оқушыларды ғылымдағы зерттеулердің эксперименттік әдістерімен таныстырады, эксперименттік шеберліктері мен дағдыларының қалыптасуына көмектеседі, оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттырады. өзіндік зертханалық жұмыстарды орындау кезінде оқушыларды мынадай принциптерді үнемі сақтап отыруға үйретемін:
Жұмыстың мақсатын нақты білу;
Эксперименттің мүмкін нұсқаларын қарап, біреуін аңдап алу;
Пайдаланылатын өлшеуіш құралдарды игеру (нөлдік қалпын, бөлік құнын, құралды қосу ережелерін, олармен жұмыс істеу тәртібін)
Техника қауіпсіздігі ережелерін білу;
Алынған нәтижелерді өңдеудің түрлерін білу;
Зерттелетін тәуелділіктің орындалуы туралы қорытынды жаза білу.
Физика курсын оқыту барысында түрлі сызбалармен жұмыс істеу жиі кездесіп отырады. Бұл мәтін ішіндегі суреттер, сұлбалар немесе сызбалар, арнайы кестелер, есептердің мазмұнына қосымша берілетін сызбалар, физикалық құралдардың құрылысын көрсететін суреттер.[5]
Сызбалармен жұмыс істеу кезінде оқушыларға мыналар ұсынылады:
Бұл сызба арқылы нені түсіндіруге болатынын анықтау ( құралдың құрылысы, жұмыс істеуі, құбылыстарды бақылауға немесе тәжірибелер көрсетуге арналған, технологиялық поцесстерді бейнелейтін сызба т.с.с.)
Дәптерге көшіріп, қосымша толықтырулар жүргізу;
Жеке, топ ішінде талдаулар жүргізе білу;
Мүмкіндігіне қарай осы сызбаны жетілдіру жолдарын ұсына білу.
Өзіндік жұмыстардың ішінде оқушылардың білім-білік дағдыларын жан-жақты жетілдіруде физикалық құралдар жасаудың маңызы зор. Үйде орындалатын эксперименттік тапсырмаларды жүйелі түрде жүргізу оқушылардың практикалық іс-әрекеттермен тиянақты түрде, қызығушылықпен айналысуларына әкеледі. Өзіндік жұмыстардың бұл түрімен айналысуға ықылас білдірген оқушылармен үйірме жұмыстарын ұйымдастырамын. Үйірмеде физикалық құралдардың түрлері, оларға қойылатын талаптар, құралдың өлшемдері, сыртқы бейнелері, қолданылулары т. б. туралы әңгімелер жүргіземін. Бұл тұрғыда өз білімімді жетілдіруге көңіл бөліп отырамын. Құралды оқушының үйде немесе мектепте жасауына еркіндік беріледі. Құрал жасау кезінде оқушыларға мынадай ұсыныс талаптар беремін:[1]
Арнайы қосымша әдебиеттермен танысу;
Жасалынатын құралды таңдап алу;
Құралдың сызбасын дайындау;
Жетекшімен ақылдаса отырып құралды жасауға қажетті материалдар дайындау;
Жасалынған құрал үшін оның жеке құжатын әзірлеу;
Құралдың құрылысын, жұмыс істеу принципін қорғай білу.
Оқушылар жасаған құралдарын үйірмеде, ашық сабақтарда, мектебімізде гимназия күніне байланысты ұйымдастырылатын мерекелік шаралар кезінде оқушылар мен ұстаздар алдында қорғайды, көрсетеді.
Білім - білік дағдыларды игеруге және алған білімді қолдануға арналған өзіндік жұмыстарды орындау кезінде оқушыны қателіктерді бағалай білуге үйрету - қай іс-әрекеттің болмасын түпкі мақсаты болуға тиіс. Қателігін бағалай білуге үйренуі, оқушыны оны түзете білуге әрекеттендіреді, теориялық білімінің тиянақты болуына ықпал жасайды, өз шығармашылық әрекеттерін тиімді жоспарлай білуге дағдыландырады, танымдық қабілеттерін кеңейтеді.[2]
Оқушының орындаған тапсырмасының қателігін бағалауы да – оның өзіндік іс-әрекеті. Өз қателігін бағалауда оқушы оның шектеулерін білуі тиіс. Мысалы,
Өлшеу құралдарының қателіктерін білуі немесе анықтай алу;
Зертханалық жұмыстарды орындауда жіберілген абсолют және салыстырмалы қателіктерді есептей білу;
Оқушыларда өлшеу тәсілдері, өлшеу қателіктерінің түрлері, жуық есептеулер туралы түсініктердің болуы;
Қателіктердің шекараларын есептеу формулаларын білулері қажет[3].
3. Алған теориялық білімді талдау және жинақтау кезеңінде оқушылардың орындайтын өзіндік жұмыстары мағынасы мен мазмұны жағынан күрделене түседі. Мысалы, білімді жинақтау, оқу материалдарын салыстыруға арналған кестелер құру, стандартты түрге келмеген есептерді шығару, эксперимент нәтижелерін сараптау. Жартылай шығармашылық бағыттағы тапсырмаларды орындауда оқушыға мынадай талаптар қойып отырамын:
Физика курсының өтілген негізгі қағидалары мен заңдылықтарын толықтай, жақсы меңгеруі;
Құбылыстарды, заңдарды, теорияларды оқып үйренудің алгоритмдік тәртібін меңгеріп қолдана алуы;
Жеке тақырыптарға және жалпы алғандағы физика есептерін шығарудың алгоритмдерін біліп, қолдана алуы;
Оқу материалдары бойынша концептуальды кестелер толтыра білуі;
Жеке тақырыптар және бөлімдер бойынша алған теориялық білімнің логикалық құрылымдарын құра білулері.
4. Өзбетінше жұмыс істей алатын оқушы рефераттар жазуға машықтанған, ғылыми конференцияларда баяндамалар оқуға бейімді, шығармашылық жұмыстарға дағдыланған дәрежеде болары анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
2. 12 жылдық білім № 6, 2005; № 7, 2005; № 1, 2008;
3. Жексенбаева Ү. Б. Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. Алматы – 2005
4. Г. К. Селевко. Педагогические технологии на основе активизации, интенсификации и эффективного управления УВП. Москва – 2005.
5. Білім беру үрдісіндегі педагогикалық технологиялар: теориялық және тәжірибелік аспектілер (баяндамалар жинағы) Өскемен – 2004.