=
Тақырыбы: И дыбысы мен әрпі
Білім беру саласы: қатынас
Бөлімі: сауат ашу
Тақырыбы: И дыбысы мен әрпі
Мақсаты: Балаларға И дыбысы мен әрпін таныстыру. Таныс әріптерден буындарды оқып айтуға, И дыбысынан келетін сөзге дыбыстық талдау жасауға және И әрпінің баспа түрін дәптерге жазуға үйрету.
Балалардың білімге қызығушылығын арттыру, ойлау қабілеттерін дамыту. Ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Түрі: жаңа сабақ
Әдіс - тәсілі: жұбақтар, сұрақ - жауап, ребустар, суретпен жұмыс.
Көрнекілігі: кеспе әріптер, ғажайып сәті,
(Дымбілмес) әліппе – дәптер, жұлдызшалар, текшелер.
Шаттық шеңбер:
Күндей жадырап
Айдай арайлап
Жұлдыздай жарқырап
Судай таза көңілмен
Бүгінгі күнімізді бастаймыз. (балалар бір – біріне тілек айтады)
ІІ. Өткен сабақты пысықтау
Балалар кәне тыңдайықшы, біреу есік қағады ма?
Осы кезде Дымбілмес кіріп келеді.
- Балалар, кім екінін білесіңдер ме?
- Бұл Дымбілмес!
- Қане, балалар, Дымбілмеске сұрақ қойып көрейік.
(Өткенді пысықтау үшін)
Дыбыс пен әріптің айырмашылығын айтып берші?
(Дұрыс айтпайды).
- Қане, кім айтады? (Балалар жауабы)
Өткен әріптерді көрсетемін: А, Т, Ш, М, Р, С, Д, Ж, Н, Ң, т. б
Дымбілмес әріптерді шатастырады.
- Балалар, Дымбілмес дұрыс айтты ма? Балалар дұрыс жауабын береді.
- Жақсы отыра ғой. Біздің сабаққа қатыса ғой.
ІІІ. Жаңа сабаққа дайындық
«Кім жылдам?» ойынын ойната отырып,
жұмбақтардың шешуін табу.
1. Тұмсығына жібін байлап
Сүңгіп, батып, бір мықты,
Бүтіндейді жыртықты
(ине)
2. Алты аяқты, төрт қанатты,
Елестетер тікұшақты
(инелік)
3. Адамға серік,
Күзетке берік.
(ит)
ІV. Жаңа сабақ
Тақтада суреттер: ит, ине, инелік, итмұрын, ителгі, итбалық.
И дыбысы сөздің басында, ортасында кездеседі.
И дыбысы бар сөздерді ойлату, буынға бөлу.
- Балалар, осы әріпке ұқсас қандай әріппен таныстық?
- Й әрпі.
И және Й айырмашылықтарын түсіндіру.
Сергіту сәті
Сағаттың тіліндей иіліп оңға бір,
Сағаттың тіліндей иіліп солға бір.
Оң аяқ, сол аяқ,
Жаттығу оңай – ақ.
V. Таяқшамен жұмыс
И әрпін құрастыру
VІ. Дәптермен жұмыс.
1. И әрпін ауада жазу.
2. И дыбысының әріп таңбасын жаздыру.
Жазу жазғанда түзу отыру, дәптерлерді
қиғаш қою ережелерін ескерту, әдемі
жазуға бейімдеу.
3. Инелік, шие сөздерін жаздыру.
Сөйлемдер құрастыру.
Әжеде ине бар.
Инемен киім тікті.
VІІ. Сабақты қорытындылау.
- Қандай дыбыспен таныстық? (Балалар жауабы)
- И дыбысы қандай дыбыс?
- Балалар, енді Дымбілместен сұрайық. Дымбілместі ортаға шағырайықшы! Манағы қойылған сұрақтарды қайта қоялық.
- Бүгін қандай дыбыспен таныстық?
- И дыбысымен.
- Жарайсың! Дұрыс!
- Мынау қандай әріп? (А)
- Дұрыс.
- Ал мынау қандай әріп? (Ш)
- Дұрыс.
- Балалар, қараңдаршы Дымбілмес мүдірмей жауап берді. Дымбілмес, енді осылай біздің сабағымызға қатысып тұр, біздің балалар сияқты сен де бәрін үйренесін.
- Дымбілместі шығарып салайық, сау бол. (Дымбілмес шығып кетеді).
Сабаққа жақсы қатысқан балаларды жұлдызшамен бағалаймын.
- Кәне, кім қанша жұлдызша жинады? (балалар санайды).
Сабақ аяқталды, қонақтар, сау болыңыздар.