Қызығушылықты ояту Сабақты бастамас бұрын «Дәрігер мен бала» атты көріністі тамашалайық. Есік қағылады. Ішке бала кіреді. Дәрігер:-Қандай себеппен келдің? Бала:-Басым, көзім ауырады, ұйқым келе береді. Дәрігер:-Сағат нешеде тұрасың, нешеде ұйықтайсың? Бала:-Түнгі 2-3-терде ұйықтаймын, 11 -де тұрамын. Дәрігер:-Асқа тәбетің қалай? Қалай тамақтанасың? Бала:-Қолыма не түседі, соны жей саламын. Дәрігер:-Нені ұнатасың? Бала:-Теледидар көргенді, компьютерде ойнағанды ұнатамын. Дәрігер:-Оған қанша уақыт бөлесің? Бала:-Ұйқым келгенше ойнай беремін. Дәрігер:-Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар, бұл бала неліктен ауырады? Себебін айтып, кеңес беріңдер. Оқушылар: Кеш жатып, кеш тұрғандықтан, ұйқысы қанбайды. Таза ауада аз жүреді. Компьютерде көп ойнағандықтан көзі ауырады. Жаттығу жасап, спортпен айналысу керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл бала күн тәртібін сақтамайды. Денсаулықты сақтау керек. Мұғалім: Ендеше, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Денім сау болсын десең…» Сабағымыздың мақсаты: оқушыларға адам денсаулығының қымбаттылығын, бағалы байлық екендігін түсіндіру. Халық даналығында «Денсаулық-зор байлық» деген сөз бар. Ерте заманнан бері ата-бабаларымыз денсаулыққа көп көңіл бөлген. Баланың дені сау, шымыр болу үшін 4-5 жастан бастап атқа мінгізген, садақ тарту, найза шаншу, күрес секілді денені шынықтыратын жаттығулармен жаттықтырған. Осының нәтижесінде бұлшық ет қатайып, бой өсіп, кеуде кеңейіп, күш молаятынын ертеден-ақ білген. Ал қазір мектепте дене шынықтыру сабақтары жүргізіледі. Онда арнаулы мамандар иесі сабақ береді, қабілетін анықтап, қай спортқа талабы барын қадағалап, бағыттап отырады. Спорттың түрлері өте көп. Стол теннисі, шахмат, дойбы, хоккей, бокс, жеңіл атлетика, баскетбол, футбол сияқты түрлері кеңінен тараған. Кейінгі кездері жылдамдықты, тездікті талап ететін спорттың түрлері де пайда болды. Олар: у-шу,дзюдо, айкидо,таэквондо. Сонымен қатар денені шынықтыратын ұлттық ойындар да бар. Олар: «Үлек пен тайлақ», «Бәйге», «Қыз қуу», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату». |