Просмотр содержимого документа
«Адам мінезімен танылады »
Мерзiм____________ Сынып _5______________ №2 -3
Тақырып: Адам мінезімен танылады Құндылық: ақиқат, қиянат жасамау Қасиеттер: адамгершілік, толеранттылық, жан жылуы
Сабақ мақсаты: 1. Білімділік:оқушылар адам мінезі, оны жетілдірудегі адамның мүмкіндіктері туралы түсінеді, 2. Дамытушылық:жақсы/жаман мінез-құлықты ажырата білуге үйренеді және жақсарта алуға ықпал ете алатын болады. 3. Тәрбиелік: балалардың бойында өзін құрметтеу, өзіне деген сенімділікке дағдыланады. Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер) Компьютер, презентация, музыка әуені Сабақ барысы: 1. Ұйымдастыру кезеңi. Сәлемдесу психологиялық ойын арқылы топқа бөліп отырғызу. Тыныштық сәті: «Су асты патшалығына ойша саяхат». -Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ- қолыңызды айқастырмаңыз. Көзіңізді жұмыңыз және бірнеше рет терең тыныстаңыз. Бірнеше секундтан соң теңіз түбіне саяхат жасаймыз. -Теңіз жағасымен келе жатқаныңызды елестетіңіз. Толқындардың жеңіл шалпылына, шағалалардың шуылына құлақ түріңіз, жалаң аяқтарыңызбен құмды сезініңіз. Шалғайдан қара нүкте көріп тұрсыз, ол жақындаған кезде дельфин екенін түсіндіңіз. Ол сізді теңіз түбіне алып кету үшін келді. Ол өте әдепті жануар, сізді шыдамдылықпен күтіп тұр. Жайлап оның арқасына отырыңыз, мықтап ұстап жолға шығыңыз. Дельфиннің арқасына жайланып отырып, өзіңізді қауіпсіз сезініп, су астында жүзу қандай керемет екендігін түсініп отырсыз. Жан-жағыңызға қараңыз, мұнда әсем қалқыған балықтар өте көп. Ал енді анау жаққа көз тастаңыз... бұл зор сегізаяқ. Су асты неткен қызықты, әрі ғажап әлем. Сіз бір нәрсені байқадыңызба? Мұнда неткен тұңғиыққа толы тыныштық. Осы тыныштық күйде болыңыз. Ал қазір жоғарыға өз әлеміңізге кері қайтуға дайындалыңыз. Ғажап түстерге тағы бір рет қараңыз және тыныштыққа құлақ түріңіз. Енді дельфин кері қарай жолға шықты, сіз су бетіне шықтыңыз, жағаға жақындадыңыз. Дельфиннің арқасынан түсіңіз, оны сипалаңыз және осындай ғажайып саяхатқа апарғаны үшін ризашылық білдіріңз. Сыныпқа оралыңыз және өз орныңызға келіңіз. Бірнеше секундтан соң көздеріңізді жайлап аша бастаңыз. Осы тыныштықты бойыңызда сақтауға тырысыңыз.
2. Үй тапсырмасын тексеру. Мәтінмен жұмыс «Әлім мен Жанар» Б.Тұрсынбаев Жеке, жұптық, топтық жұмыс жүргізу (мәтіннің мазмұнын ашу, меңгеру) Адамның мінезі қайдан және қалай танылады? Мінез-құлық адамдардың қарым-қатынасына әсер етеді ме? Қалайша? Адам өз мінезін өзгерте алады ма? Қалай? Дәйек сөз. Адам мінезімен көрікті. Адамның сыртқы келбетімен қатар ішкі жан дүниесі де сұлу болу керек. Ішкі жан дүниенің сұлулығы көбіне мінез арқылы көрініс береді. 1. Әңгiмелеу (сұхбат). 1 сұрақ: Мақалды қалай түсінесіңдер? 2 сұрақ. Неліктен мінез адамды көркейтеді? 3 сұрақ: Шынымен мінезі жақсы адамдарды атап берші. Түсініктерін бекіту мақсатында жағдайаттарды талқылау.
2. Жағдаяттарды шешу. 1 жағдаят:«Кім Қыз Жібек болады?» 2 жағдаят: «Жылы бауырсақ» Толық еркіндік беру? Салыстырмалы мысал келтіруге бағыттау Жақсы мінез – бүкіл өміріңнің сарқылмас байлығы. Х. Досмұхамедұлы 1. Әңгiмелеу (сұхбат). 1 сұрақ: Сарқылмас байлық дегенді қалай түсінесіңдер? 2 сұрақ: Жақсы мінез қандай болады? 3 сұрақ: Осы нақыл сөзден қандай ой түйіндеуге болады? Берілген нақыл сөзінен түрлі қабілеттер және мүмкіндіктермен қоса, жақсы мінез де адамның өмір жолын, тағдырын белгілеуге үлкен әсер ететінін ұғындыру.
Мұғалімнің сыйлығыМінезіңіз қандай?
Психологтар кімнің қандай адам екендігін қимыл-қозғалысынан білуге болатындығын айтады. Сонымен қатар күлкіден де мінез-құлықты аңғару қиын емес екен. Тіпті, немен тамақтанатынын білу арқылы да адам тануға болатын көрінеді. Дене бітіміндегі ерекшеліктер де кімнің кім екендігін білдіреді. Сырқатына қарап та адамның болмысын білуге болады. Сонымен…
Мінез және қимыл-қозғалыс
Отырғанда: Тізеңізді бірінің үстіне бірін қоюға «әуес» болсаңыз, өзіңізге өте сенімдісіз. Қандай қиындықты да жеңе алатыныңызға, қандай істі де тындыра алатыныңызға шүбә келтірмейсіз. Расында да солай: жұмыста да, тұрмыс-тіршілікте де сіз қандай тығырыққа тірелсеңіз де қиналмай шешесіз.
Екі аяғыңызды бір-бірімен орап «тастауға» дағдылансаңыз, өзіңізге сеніміңіз жоқ, не нәрсені де қолыңыздан келмейтіндей, шама-шарқыңыз жетпейтіндей көріп, тайсақтап, қорғаншақтайсыз да жүресіз. Бүгін шешетін, бүгін іске асыратын шаруаны ертеңге қалдыруды «жан тыныштығының» бір жолы сияқты көресіз. «Ажалдан басқаның бәрі тезірек болғаны жақсы» деген қағида сізге жүрмейді. Бірдеңелерге қол жеткізгіңіз келсе, шираңыз, батылданыңыз. Әйтпесе, бәрінен қорқып-үрке берсеңіз, қамшының сабындай қысқа ғұмыр өтеді де шығады.
Аяқты айқастырып, алға созып жіберуді әдет қылсаңыз, мінез-құлқыңыз өктем, маңайыңызды өзіңіздің айтқаныңызбен жүргізіп-тұрғызғыңыз келеді. Қашанда, қай жерде де, қай ортада да өзіңіз басшы, өзгелер қосшы болғанын қалайсыз. Жұртпен тіл табысып, тіршілік ету сіз үшін қиынның қиыны.
Екі тізенің арасын қосып, табаныңызды жерге қойып отырсаңыз: Маған кім не істер екен деп үнемі қорғаныста жүретініңіз болмаса, өз тарапыңыздан бастама көтеруге, ара-тұра болса да әлдебір істің басында, тізгін ұстап отыруға жоқ адамсыз. Жұрт өзіңізді сабырлы көреді, бірақ сізде одан гөрі тұйықтық, жасқаншақтық басым. Ешкімге қосылмай, өзіңізбен өзіңіз жүретініңіз де содан.
Табанның ұшын қосып, өкшені алшақтатып отыруға әдеттенсеңіз, кінәмшіл, шамшылсыз. Сізге қай істе де кесімді пікір айтудан қиын нәрсе жоқ. Көптен танитын адамдар болмаса, ешқандай ортаға сіңісіп, біреулермен емен-жарқын араласып кете алмайсыз. Тұрғанда:
Табандарыңызды қатар қойып, түзу тұрсаңыз, қандай жағдайда да өз қалпыңызды жоғалтпайтын, мінез-құлқыңыз салмақты жансыз. Туыстарыңыз бен достарыңыздың артық-ауыс сөзіне, іс-әрекетіне кешіріммен қарайсыз. Бұл қасиетіңізді үйдегілер де, түздегілер де жоғары бағалайды. Сондықтан да маңайыңызға ағайын-тума, дос-жараныңыз әрдайым үйіріліп жүреді.
Салмақты бір аяққа салып, екінші аяғыңызды бос ұстасаңыз, біреулермен пікір таластыруға бейім, ойдағыңызды ашық айтып тастайтын қызуқандысыз. Мақсатыңызға жетпей тыным таппайсыз. Көпшіліктің көңіл аударғанын, халықтың назарында жүргенді жаныңыз сүйеді.
Екі қалтаңызға қол салып, екі аяқтың арасын алшақ қойып, төңірекке нығыздана көз тастауды ұнатсаңыз, алған бетіңізден қайтуыңыз қиын, өзіңізге аса сенімді жансыз. Бірдеңені мақсат етсеңіз, соны қалайда орындап шығуға тырысасыз. Дегенмен тым бірбеткейлік жақсылыққа апармайды.
Айналаңыздағылармен қалыпты қарым-қатынас жасағаннан ұтылмайсыз.
Мінез. Қимыл. Ой.
Психологтар адамдардың кейбір әрекеттері мен қимылы оның ойы мен мақсатын да білдіретіндігін айтады.
Аяқты айқастырып отыру қорғанысқа көшуді білдіреді. Мұны көбінесе әйелдер жасайды.
Сұқ саусағын көтеріп сөйлейтіндер — жасырын түрде қарсы алдындағы адамға ескерту жасап жатқаны. Тіпті, жаңадан тағайындалған басшы күлімдеп тұрып өз қызметкерлеріне: «Біздер әлі бірге көп жылдар бойы жұмыс істейміз», — деп тұрып, жоғарыдағдай қимыл жасаса, ол оның: «Аяқтарыңды байқап басыңдар!» дегені.
Қолдарын айқастырып отыру жағымсыз көрінгенімен, ол — қамығу, қиналудың белгісі.
Қолдарын артқа байлап тұру — сенімділік және қарсыласын «жекпе-жекке» шақырғандық. Қолмен жақты сипау — бір шешім қабылдауға іштей дайындалудың белгісі. Алдыңдағы адам сенің сөзіңді тыңдап отырғанында қолымен жағын сүйеп отырса, қолының бас бармағы жағының астында болса, онда оның сізді сынап отырғаны, тіпті қарсы пікірде екендігі.
Өтірік айтып тұрғандар бетіңе тура қарамай, екі көзін алып қашады. Ер адамдар өтірік айтқанда, көбінесе, жағасын ұстап, көйлегінің алқымын кеңейтіп жатады.
Тамақ және мінез-құлық
Тәттіге әуес адамдар — мақсат-мүддесі айқын адамдар. Олардың милары ақаусыз жұмыс істейді.
Алайда шамадан тыс көп жеудің салдары семіздік пен қант диабетіне шалдықтыруы мүмкін.
Етті өте көп жейтіндер мейірімсіздер деп есептеледі. Олар өз мақсаттарына жету үшін неден болса да тайынбайды. Отбасында мазасыз, күдікшіл. Мұндай адамдар көбіне миокард, инфаркт, жүрек талмасы, инсульт ауруларына шалдығады. Ұннан дайындалған тағамдарды ұнататындар — жұрттың әрекеттерін талқылап отыруға бейім. Жұмыс орнын көп өзгертеді. Отбасында момақан, үйдегілердің айтып жатқан сын-ескертпелерін жүре тыңдайды.
Жүйкелері ауырады, депрессияға ұшырайды.
Экзотикалық жемістерді, ащы тұздықтар мен дәмдеуіштерді ұнататындар — ақылсыз, ұшқалақ, кірпияз. Өтірікке бейім келеді. Сын көтермейді, өкпешіл, фантастикалық кітаптар оқиды, саяхатшыл. Ақшаны жақсы табады, бірақ ұқсата алмайды. Сонымен қатар жақсы дос та, жақсы басшы да бола алмайды. Мұндай кісілердің, көбінесе, сүйектері сынады.
Картопты жақсы жейтіндер — жалқаулар. Бірақ қолға алған істері өнімді. Кітапқұмар болады. Олардың сырқаттары — подагра, тас байлану науқастары, остеохондроз. Тамақ талғамайтындар жан-жақты келеді. Олар — еңбекқор. Балаларын да солай тәрбиелейді. Ұзақ өмір сүреді, ауырса тез жазылып кетеді.
Күлкі
Күлген кездеаузыңызды алақаныңызбен көлегейлесеңіз, ұяң, именшек, өзіңізге сеніміңіз аз адамсыз. Қай істе де тасада, қағаберіс қалуды, көзге түспеуді қалайсыз. Түкке тұрмайтын, келіп-кетер ештеңесі жоқ нәрселер үшін жиі мазасызданып, дегбіріңізді бостан-босқа қашырасыз. Сізге іс-әрекетіңіздің бәріне мән беріп, саралай беруден, өзіңізге өзіңіз тым кінәмшіл, сыншыл болудан бой тартқан жөн.
Басыңызды шалқайтып, шалқалақтап күлсеңіз, кісіге сенгіш, тез алданғыш жансыз. Ойыңызға келгенді еш іркілмей-ақ жүзеге асырып тастауға бейімсіз. Сезімді ақылға жеңдіріп, байсалдырақ болсаңыз ұтылмайсыз.
Бетіңізді қолыңызбен көлегейлеп күлсеңіз, арманшыл, қиялшылсыз. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ құр қиялдың жетегіне ергеннен пайда жоқ екенін ескеріңіз.
Жарқын жүзбен қарқылдап қатты күлсеңіз, жағдайға, ортаға бейімделгіш, мейірбан, ақпейіл болғаныңыз. Сезіміңізді де, іс-әрекетіңізді де қадағалай білесіз. Біреуді ренжітетін, кісінің көңіліне қаяу салатын кезіңіз сирек.
Мұрныңызды тыржитып күлсеңіз, сезімге берілгішсіз, мінез-құлқыңыз құбылмалы. Бір басыңызға жететін қырсық, қыңырлығыңыз бар.
Иегіңізді ұстап күлсеңіз, байыпты, ұстамды мінездің, өзіңізге сенімділіктің, екі аяқты нық басып тұрғаныңыздың белгісі. Сізге іскерлік, табандылық тән.
Шынашағыңыздың ұшын ерніңізге тигізіп күлсеңіз, басқаларға әсер-ықпалыңызға көп көңіл бөлесіз, жұрт көзіне қалай көріну жөнінде өз түсінігіңіз бар. Үнемі назарда болуға ұмтыласыз.
Белгілі бір қалып сақтамай, әр кезде әртүрлі мәнерде күлсеңіз, өзгенің не ойлағанына бас қатырмайтын, тек өз пікір, өз түйсігімен жүретін өзімшілдеу адамсыз. Мұныңыз жұрттың бәріне бірдей ұнай бермеуі мүмкін.
Біле жүріңіз!
Бас терісі қалың адам — ұйқышыл. Шашы қатты кісі — қайратты. Желкесі шұқыр адам — кесір. Бойы ұзын адам — ақкөңіл. Қалың қабақты кісі — дөң, бүкпе мінезді. Ерні жұқа кісі — сөзшең. Көзі кішкене адам — қу. Көзі үлкен адам — қорқақ. Көзі көк адам — мылжың. Саусақ саласы ұзын кісі — береген, саусақ саласы қысқа кісі — сараң. Қалқан құлақ — сөзге ергіш.
Мінез. Көңіл күй. Денсаулық
Жайдары жүрмесеңіз, бүйрегіңіз ауырады, ішкі құрылысыңыздың жұмысы нашарлайды.
Мейірімді, қайырымды болмасаңыз, бұлшық еттеріңіз бос болады, әсіресе, іш-құрылысының, жүректің бұлшық еттері босайды.
Қатыгез адамдарда тас пайда болады, ісік ауруына шалдығуы да мүмкін.
Өкпелегіш, кінәмшіл, кешірімсіз болсаңыз, асқазан асты безінің қалыпты жұмыс істеуі бұзылады.
Сараң болсаңыз, ағзада жиналған улы заттар сыртқа шықпай, өзіңізді улайды. Болашаққа сеніміңіз болмаса, өкпе ауырады.
Үмітіңіз үзілсе, туберкулезге шалдығасыз.
Сабырлы, қарапайым болмасаңыз, қалқанша бездерінің шеміршектері зақымданады.
Пайдакүнем, қанағатсыз адамның қан қысымы көтеріледі.
Жақсылық ойлайтын адамның, жақсы іске тілектес адамның иммунитеті күшті болады.
Сезімталдық — ақыл-ойды топтастыра алатындарда кездеседі. Дәмді жақсы сезу — қанағатшылдарға тән.
Ешкімге сенбейтіндер көбіне буын ауруына шалдығады. Ал өз-өзіне сенбейтін адамдардың сүйегі ауырады, тістері тез түседі.
Біреудің арқасында күн көргілері келгендердің ішінде үлкен құрттар пайда болып, ағзаны улайды.
Шаш түсу — қиыншылықтан қорқудың белгісі. Көп уайымдаған адам қаназдыққа шалынады.
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс. Дат суретшісі Херлуф Бидструптың адам мінезіне байланысты салған суреттеріне қатысты әңгіме, ертегі немесе көрініс дайындап келу. Темперамент түрлері презентация көрсету, талқылау жүргізу Топпен тізілу. Топтағы балалар бір-бірлеріне бетпе-бет тұрып бойларындағы жақсы қасиеттерді тізбектеп (оң жақтап бастап өзінен кейінгі балаға) атып шығады. Жанындағы адамдарға жақсылық жасау, жақсы сөз айта білуге баулу Соңғы тыныштық сәтi. Сабақтан алған білімдерін, ақпаратты жинақтау, бір жүйеге келтіру, бойларындағы негативтен арылу Үй тапсырмасы «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында шағын әңгіме жазуға тапсырма беріледі. Тақырыпты бекіту мақсатымен қалаулары бойынша дауыстап оқып береді.