Просмотр содержимого документа
«Сынып сағаты "Мәңгілік ел"»
Шығыс Қазақстан облысы
Аягөз ауданы
«Горный жалпы білім беретін орта мектеп» КММ
Алшынбекова Назигүл Жамбылқызы
Сынып сағатының тақырыбы: Қазақстан –мәңгілік ел
Мақсаты: Оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу. Оларды Отанын, елін, жерін сүюге баулу, туған елге құрмет сезімін қалыптастыру.Болашақ ұрпақты татулық пен тұрақтылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа, бауырмал болуға тәрбиелеу.
Елбасының жүргізіп отырған саясатының дұрыстығын, еліміздің ертеңіне деген сенімді, Елбасыға деген құрмет сезімдерін тереңдету. Оқушыларды достыққа, адамгершілікке, саналылыққа, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болуға тәрбиелеу. Ұлы тұлғалардың ел тәуелсіздігіне қосқан үлестерін үлгі, өнеге ету.
Түрі: Танымдық сабақ
Көрнекілігі:интерактивті тақта, слайд, т.б.
Қолданылатын әдіс-тәсілдер: түсіндірме,сұрақ-жауап,интерактивті
тақтамен жұмыс,шығармашылық жұмыс.
Өту барысы:
1.Кіріспе.
Рухы биік,еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар.Тәуелсіздіктің туын желбіретіп,тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын!Біздің тірегіміз-тәуелсіздік,тілегіміз-тұрақтылық,білегіміз-бірлік!Мен халқыма сенемін».Н.Ә.Назарбаев
Мұндай жүрекжарды сөздерді еліне қалтқысыз сенетін, елін шексіз сүйетін,еліне қызмет етуді перзенттік парыз деп түсінген нағыз ұлтжанды азамат қана айта алады.
90-жылдарда қабылданған 2030 бағдарламасы мерзімінен бұрын орындалды.Тәуелсіздіктің 25 жылын артқа тастаған қазақ елі жаңа өрлеу жолына түсті.Ол жол –Мәңгілік ел жолы.Бүгінде қазақ елінің бас ұранына айналған мәңгілік ел идеясы туралы ұғым қашан,қалай пайда болды?Алдымен тарихқа көз жүгіртейік.
І.«Мәңгілік ел» идеясының тарихи негіздері
«Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея».
Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел — түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» — екендігін жазған [1, 20-21 бб.]. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел — мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда.«Күлтегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» — деген жолдар бар [2, 63 б.]. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді.
Мәңгілік ел туралы алғашқы теориялық негіздемелер
Көне түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі.Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім — Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Сондықтан, бұлардың бәрі қазіргі таңда түркітілдес мемлекеттердің ұлттық құндылықтары ретінде саналуы тиіс. Фараби мемлекеттің міндетін және оның ішкі және сыртқы міндеттерін толық анықтап береді. Сыртқы міндеті ретінде мемлекеттің қайырымды қала тұрғындарын немесе мемлекетті сыртқы жаулардан қорғау, яғни күшті қорғаныс ұйымдастырумен жүктеледі. Ішкі міндеті ретінде мемлекеттің өз халқының бақытқа жетуі үшін көрнекті шараларды іске асыру керек: олар — әділеттілікті орнату, халықты оқыту, оларды керекті ғылыммен толықтыру, адамгершілікке тәрбиелеу, қайырымдылықты тарату және ең жақсы бақытқа жеткізетін әдеттерді бойға сіңіру. Қалған мәселелердің бәрі — экономикалық және саяси мәселелер — негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді.
«Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды.
XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, Айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдың тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Шығыстағы ежелден дұшпанымыз қытайлар жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, сол арқылы қазақ жерін де, жоңғарларды да өзіне қарату еді. Осы соғыста не қазақ, не жоңғар, болмаса екеуі де құруы керек екендігі алпауыт елдердің жаттанды саясаты еді. Бірақ қазақ елі аман қалды. Қазақтың бақытына орай Абылай хандай дара тұлға тарих сахнасына келді. Нәтижесінде бұл соғыста қазақ емес, жоңғар 1758 жылы тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады.
Түрік бірлігі идеясының пайда болуы.
Ғұлама ойшыл,сазгер Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйініп аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған.
Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды» — дейді.[4, 382 б.] Л.Н.Гумилев еуразия құрлығының бірлігі, мәңгілігі туралы ойын көне түріктерден бастайды. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қалыптасып жатқан Еуразиялық идеясының негізінде Ресейлік емес, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізіп, көне түріктердің мәңгілік ел идеясының өміршеңдігін дәлелдеуіміз керек.«Тұтас түрік елі» идеясынан «біртұтас Түркістан» идеясына дейінгі бабаларымыздың атқарған істері едәуір. Елбасы Түрік бірлігі идеясын тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап көтеруде. Ел азаматтары мен Қазақстан саяси элитасының ұлттық идеология қалыптастыру жолындағы ойларын Елбасы сараптады. «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ Елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы мемлекет құрушы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ боларлық идея, мемлекеттік мәнге ие боларлық идеология қарастырылды. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады.
Еуроцентристік көзқарас бойынша түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т. Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Халықаралық аренада Қазақстанның беделі нығайған сайын, түрік мемлекеттерінің бірлігі идеясы ашық әрі табанды насихаттала бастады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді» [3, 120 б.], — дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсете отырып,бүгінде түркітілдес халықтардың көшбасшысына айналды.
ІІ.Елбасы жолдауы аясында
Осындай тарихи кезеңдерден өткен идея тарих сахнасынан түскен жоқ,керісінше болашақ үшін ауадай қажет құндылық болып отыр.2014 жылы 17 қаңтарда еліміздің болашақ бағдарын айқындайтын маңызды құжатта «Қазақстан-2050»стратегиясын жүзеге асыру жолдары талданды.Соның бірі және бірегейі-Мәңгілік Қазақстан жобасы.
«Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қартасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы».Тәуелсіздіктің арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екені баршаға мәлім. Бұл - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік, талай елдің тағдырын құрдымға жіберді. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтің түйіні біреу ғана, ол - Мәңгілік Ел. Басты мақсат-дамыған 30 елдің қатарына қосылу.Ол -«Мәңгілік Қазақстан» жобасы»,-деді Н.Назарбаев
Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.Сондықтан бүгінгі ұрпақ үшін «Мәңгілік ел» идеясын қолдау,терең түсінуі,білуі өте маңызды.
ІІІ.Үкілі үміттің тірегі (видеосұхбат)
Дастан:«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін идея. Елбасы стратегиясын жүзеге асыруда әрбір қазақстандық болып ат салысуымыз қажет. Ол әрбір ата-ана, оқушы, ұстаз болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуіміз керек. Сонда ғана ісіміз берекелі де мерекелі болмақ.Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында Елбасының айналасына бірігу- «Мәңгілік ел» мұратымызға жетудің берік негізі болып табылады.
Айнұр:Елбасы жастарға үлкен аманат жүктеп отыр. Елбасы өз сөзінде: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер»,-деген жоқ па?! Мемлекет болса, өз тарапынан жастардың сапалы білім мен саналы тәртіп алуына, қажетті мамандықты игеруіне, өз арман-мақсаттарын жүзеге асырулары үшін бар мүмкіндіктер жасап келеді. Осыларға әлемдік деңгейдегі Назарбаев Университеті, «Балапан», Назарбаев Зияткерлік мектептері, «Болашақ» бағдарламалары дәлел. Біздің ата-аналарымыз жете алмаған мұрат-мақсаттар, мүмкіндіктер, біздің алдымызда айқара есігін ашып тұр, біз өз кезегімізде осы мүмкіндіктерді іске асыру барысында, бар күш-жігерімізді аямай, табысты жұмыс жасауымыз қажет. Мен тәуелсіз қазақ елінде тынбай еңбек етіп, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосу - абыройлы іс деп білемін. «Мәңгілік ел» идеясы жастарды біріктіріп, биік белестерден көрінуге апаратын жарқын жол іспеттес.
Аяулым:Білім- барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Осыны ескере отырып Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарда көздеп отыр. Олар: инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.
Мадина:«Ұлт денсаулығы- біздің табысты болашағымыздың негізі» деген Елбасы Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз ету ісіне жаңа тәсілдер енгізу мәселесі, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Ұлттың дені сау болса,еліміз де мәңгілік болады деп ойлаймын.
Жансая:Елбасы өмірдің баға жетпес құндылығы –балаға, бала тәрбиесіне, болашағына көп көңіл бөліп отыр. Отбасы, әке мен бала, бала мен ана мәселесіне –«Бала тәрбиелеу-болашаққа үлкен инвестиция» деуінде үлкен мән жатыр. Бұның барлығы ұлттық құндылықтарды сақтап, дамытуға бағытталған әрекет. Адамзат өзінің байырғы құндылықтарынан ажырамауы үшін ат салысып, адамдарды ізгілік пен қамқорлыққа шақыруы көңілге қонымды.
Отағасының серігі отанасы демекші,Елбасы әлеуметтегі әйел адамның рөлі, оның келешегі жөнінде Әйел адам ең алдымен- ана. Ал ана- отбасы, мемлекет шамшырағы. Қыз баланы –ұлттық дәстүрде тәрбиелеп, құрметтеу керектігін, оны зорлық –зомбылықтан сақтау, заманға сай білім алып, кейін қызмет етуіне құқылы екендігін баса көрсеткен Елбасы идеясын қолдаймын.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мелекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі.
Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің әрбір азаматы үшін қашанда қарымынан қуат, қоғамынан сауат ескен мемлекеттіліктің айшықты белгісі болған Қазақстан Тәуелсіздігінің айтулы 20 жылдығы қарсаңында елордада сәулет туындысын тұрғызу идеясының нәтижесінде Астанада асқақ рухымыздың тағы бір символы – «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы бой көтерген. Салтанат қақпасы – әлемдегі санаулы қалаларға тән ерекше сәулеттік-монументалды туынды. Жеңіс рухын асқақтатып, жасампаз жетістіктердің құрметіне қаланың кіре берісіне, үлкен жолдың бойына орнатылды.
V.Үй тапсырмасы: Менің сүйікті мамандығым.
Пайдаланылған түпнұсқалар тізімі: 1«MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы, — Алматы, «Pride Print», баспасы, 09.2013. — 108 бет. 2. Күлтегін Тоныкөк: Ежелгі түркі рун жазбалары (Әдеби нұсқасын жасаған Қадыр Мырза Әли..) — Алматы, «Өлке» баспасы, 2001. — 144 бет. 3. Назарбаев Н. Ә. Тарих толқынында. — Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2010. — 232 бет. 4. Гумилев Л.H.От Руси к России. — М: ООО «ИздательствоАСТ», 2002. — 392 с. 5. Зиябек Қабылдинов. Астана ақшамы, Тегі асыл ел тарихын түгендейді, 10.02.2014ж. 6. «АСЫЛ МҰРА» түркі антологиясы. — Астана: Сарыарқа, 2012. — 568 б. 7. Сыздықов С.М., Селиверстов С.В., Сыздықова Ж.С., Джаферсой Н., Кара А., Қабылдинов З.Е. Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы және түркі кеңістігі. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. — 404 бет.(орыс тілінде) 8. Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар. — Алматы, «Алматыкітап» баспасы, 2005. — 368 бет. 9. Ханкелді Әбжанов, Зардыхан Қинаятұлы, Дихан Қамзабекұлы, Гүлшат Нұрымбетова, Абдулкадыр Ювалы.Түркі әлемінің көшбасшылары: өткені мен бүгіні. I кітап. Ұжымдық монография. — Астана, «Сарыарқа» баспасы, 2011. — 456 бет.