«Ұл тәрбиелей отырып ,жер иесін тәрбиелейміз, Қыз тәрбиелей отырып ,ұлтты тәрбиелейміз» -деп бекер айтылмаса керек. Халқымыз ерет кезден адамгершілікті, қанағатшылықты, ар-ұятты, инабаттылықты жоғары бағалай білген. Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған қыз бала қайда болсада көрегендігін көрсетеді. Қазіргі заманда қыз бала ,ұл бала тәрбиесі өте күрделі үрдіс деуге болады.Ата –бабамыз бала тәрбиесіне ешқашан бей-жай қарамаған. Ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, ел қорғаны, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке , қайсарлыққа , кең,кешірімді болуына, өнерге білімге тәрбиелеп отырған. Ал қыз баланы ізетті ,сыпайы, мейірімді де ісмер, болашақ ана, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілті- қыздарға берілетін тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің , сұлулықтың символы ретінде қолданады. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегендік танытады.
Қазіргі кезде кейбір жас қыздарымыздың жүріс –тұрысы, киген киім- киісі қазақ халқына мүлде жат болып жатады. Әрине көпке топырақ шашудың қажеті жоқ. Бірақ айтпасқа тағы болмайды. Бұл ащы да болса шындық. «Заман солай» деп заманға жаба саламыз. Неге заман кінәлі болу керек ? Сонда тәрбиелеп отырған әке-шешеміз, ата-әжеміз қайда? Міне осындай сан мыңдаған сауалдар ешкімді де бейжай қалдыра алмайды. Біз бұл сауалдарға жауапты алыстан іздемеуіміз керек. Себебі өмірде кездесетін талай қателіктер осы тәрбиенің жетіспеушілігінен болып жатады. . Жаңа ғасыр ,тек жаңалықты қабылдау керек деп , шетелге еліктеп немесе ғаламтор арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ.Заман ағымынан қалмай , орынды киініп , орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес өз тілінде сөйлеп, ата –дәстүрді сыйлап ,қыз ибалылығын сақтау қажет. Қай қоғамда , қай заманда өмір сүрмесін , ол «қазақ қызы» деген атқа лайық болуы қажет деп ойлаймын.
Ал ұл бала тәрбиесіне тоқталатын болсақ кейінгі жылдары ұлдар арасында тым жұмсақ мінезді , әжелеріміздің сөзімен айтқанда , күн жаумай –ақ үсті су боп жүретін ынжық балалардың жиірек ұшырасуы алаңдатады. Мамандар мұны ер –азаматтардың ұрпақ тәрбиесінен мүлде сырт қалуының салдарынан деседі. Расындада , үйде анасының ғана тәрбиесін көрсе , мектептегі мұғалімдердің 80-90 пайызы әйелдер болса , ұл бала ерлерге тән ойлау жүйесін, жігіттік болмысын ,мінез-құлықты бойына қайдан сіңіреді? Қашанда қыздардың –анасына, ұлдардың –әкесіне еліктейтіні анық. Бұл ген арқылы келетін ұмтылыс. Кішкентай ұл үшін әкесінен асып түсер мықты жоқ: ол көлік жүргізеді, күші көп, ауыр заттарды оп-оңай көтереді,ештемеден қорықпайды. Бала өзінің де әр қылығы, әр қимылы әкесіне ұқсас болғанын қалайды. Бірақ осы талпыныс басылып қалуы мүмкін . Егер әке жұмысбастылықты, жеке қызығушылықты, көшедегі ойын-сауықты отбасынан жоғары қойып , ұрпақ тәрбиесіне ұқыпсыз қарайтын болса. Бала тәрбиесімен–әке де ,ана да бірдей айналысуы тиіс , бұл перзент алдындағы әр ата-ананың міндеті деп санаймын.
Әке мен ананың отбасындағы өзіндік рөлі болатынын да ұмытпаған дұрыс. Әрине перзент үшін екеуі де – ардақты, ақылшы, қамқоршы. Алайда бәрібір әкенің отбасылық қарым-қатынастағы орны бәрінен биік тұруы қажет. Нағыз қазақ отбасы - абыройлы әке, қамқор ана, тәрбиелі қыздар, тәлімді ұлдар.
Ойымды қорыта келе «Ұл тәрбиелей отырып ,жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» дегім келеді.