Просмотр содержимого документа
«Воспитательный час»
Шыңғырлау аудынының «Балалар саз мектебі»
Тәрбие сағаты: «Домбыра аспабы атадан қалған мұра»
Өткізген: Темирова У.С.
2019-2020 оқу жылы
Тәрбие сағатының тақырыбы: Домбыра аспабы- атадан қалған мұра! Мақсаты: Домбыра аспабының құрылысымен,шығу тарихымен таныстыра отырып,домбыраның ән-күй өнеріндегі алатын орнын түсіндіру. Оқушылардың ән-күй тыңдау арқылы әуендік сезімталдығын арттыру,есте сақтау,қиялдап,ойлау қабілеттерін дамыту.Өнер иелерін құрметтеуге тәрбиелеу. Сабақтың көрнекілігі:Домбыра суреті, ,күйшілердің суреттері.домбыра туралы жазылған өлең шумақтары. Сабақтың барысы: Күй ойналады. Мұғалім сұрақ қою арқылы күйдің қандай аспаппен орындалатынын оқушылар жауабынан біліп және бүгінігі сабақта домбыра жайында айтылатынын хабарлайды. Мұғалімнің сөзі: Бүгінгі біздің тәрбие сағатымыз «Бабамыздың үнісің сен-домбыра» деп аталады. Тәрбие сағаты 3 бөлімнен тұрады 1. Домбыраның шығу тарихы және сыртқы құрылысымен танысу. 2. Күйші аталар және күй тарихы. 3. Оқушылардың ойын-сауығы. Тәрбие сағатымызда домбыраның шығу тарихы,домбыраның құрылысы,оның ән-күй өнеріндегі алатын орны,тағы басқа домбыра туралы білімдерімізді ортаға сала отырып,білмегендерімізді үйренеміз. «Домбыра-көшпелі елдің көне көз шежіресі,көпті көрген қарияның көкірек күйі»- деп Ахмет Жұбанов атамыз айтқандай ,қазақтың музыка мәдениеті тарихында домбыра ел ішінде көп таралған екі ішекті,кейде үш ішекті,шертіп немесе қағып ойнайтын музыкалық аспап ретінде ертеден белгілі болған.Домбыраның шығу тарихына келетін болсақ «Қос ішек» күйінде былай делінген. Ертеде бір аңшы жігіт болыпты.Ол биік таудың қиясын,қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы маралды аулап,кәсіп етіпті.Бірде жолы болып,биік таудың қиясынантеңбіл марал атып алады да,маралды таудың етегіне түсіру үшін ішек- қарнын ақтарып алып тастайды.Содан арада айлар өткенде аңшы жігіт « аң атуға жақсы жер еді ғой»- деп теңбіл маралды атқан жерге соқса ,құлағына бір ызыңдаған дыбыс естіледі.Барлап қараса өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек,ол қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді.Ызыңдаған дыбыстың сол ішекттен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтағына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап,жанға жайлы дыбыс шығарады.Оның өзі бірде уілдеп,бірде сарнап,енді бірде сыңсып жылағандай болып аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді.Сол жерде аңшы жігіт «қой мына ішекке тіл бітейін деп тұр екен,амал жасайын» деп ішекті үйге алып келіп, бір аспап жасап,оған қос ішекті тағады.Содан тартып көрсе шынындада қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді.Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды,тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Мінеки,балалар,домбыра осылайша көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналған екен. -Ал,қане айтыңдаршы,кімдердің үйлерінде домбыра бар? Балалардың жауаптары тыңдалады. -Өте жақсы,қараңдаршы балалар,домбыра аспабы көпшілігіміздің үйлерімізде бар екен.Ал осы домбыра қандай бөліктерден тұрады,білеміз бе? -Ия,білеміз. -Олай болса домбыраның сыртқы құрылысына тоқталайықшы. Қазақ жерінің әр өлкелерінде тұратын халық шеберлері домбыраны өз қалауынша әр түрлі үлгіде жасады.Оған :қарағай, қайың, жөке, шырша сияқты ағаштар пайдаланылған.Домбыраның шанағы бұл дыбыс кеулеп шығатын іші қуыс кеудесі.Қазақстанның әр түрлі өлкесінде домбыра шанағының сыртқы пішіні түрлі-түрлі болады.Мысалы:Оңтүстік пен батыс өлкелерінде ол сопақшаланып немесе дөңгеленіп келеді,орталық,шығыс,солтүстік өлкелерінде домбыра шанағының бұрыштары үшкірленіп жасалады. Домбыраның ұзынша мойнына 2 немесе 3 перне тағылады.Алғашқы кезде перне саны 5-7 болса,кейін оның саны 9 дан 19-ға жетті. Домбыраның басы- екі құлақ бекітілетін жері. Домбыраның беті-шанақтың қақпағы екі ішекті қағып,дыбысты естіртетін жері.Домбыраға тағатын ішекті қойдың немесе ешкінің ащы ішегінен иіріп жасайды. Дыбыс ойығы-домбыра бетінің немесе қақпағының дөңгеленіп ойылған тесігі. Шанақтың қақпағына қос ішектен дыбыс беретін тиек орнатылады.Ол екі ішекті көтеріп тұратын алмалы-салмалы ершік. Домбыраның түймесі(ілгегі)-шанақтың артындағы ішекті бекітетін жері. Екі құлақ-домбыраның басындағы екі ішектің ұшы бекітілетін жері.Бірде оң бұрау,бірде сол бұрау әдістері арқылы домбыраның құлақ күйін келтіреді.(Мұғалім өзі домбыраның бұрауын келтіріп көрсетеді. Балалар! Мына бір әнді тыңдап жіберейікші. «Домбыра» әні тыңдалады. 2. Күйші аталар және күй тарихы. Балалар! Біз күйші аталарымызды және олар шығарған күйлер жөнінде аңыз әңгімелер білеміз бе? Оқушылардың жауаптары тыңдалады. Оқушылар күйші Құрманғазы, Дина, Қазанғап,Дәулеткерей туралы аңыз әңгімелер айтады. 3.Оқушылардың ойын-сауығы. 1 оқушы: Қәне, достар!Домбыра жайлы сөз айтылғанда қалайша үнсіз қаламыз.Босқа отырмай ойын-сауық ұйымдастырып жіберейік. 2 оқушы:Мен сендерге бір жұмбақ жасырып жіберейін. Бұл аспап, ата көзі бабам мұра, Қазақ үшін ең қымбат бағалы да. Тербеліп кетсе ішектер теріп перне Теңіз күйлер төгілер шанағынан. Балалар: Бұл-домбыра. 1 оқушы : «Алтын домбыра » айтыс өнерін бәріміз тамашаладық. Осы біз де айтысып көрсек қайтеді. Қане, кім шығады менімен айтысуға? 2 оқушы:Мен шығамын. \ Ұл бала мен қыз баланың айтыс ойын өлеңі орындалады.\ 3 оқушы: Олай болса, мен сендерге І.Жансүгіровтың «Домбыра » өлеңін оқып берейін. 4 оқушы: Бәрің де өз өнерлеріңді көрсетіп жатырсыңдар. Мен де құр қол келген жоқпын. Сіздерге арнап халық әні «Еркем-айды» орындап берейін. 2 оқушы : Бір ойын ойнап жіберсек қалай болар екен. Балалар:Ойнасақ ,ойнайық. \ Ойын ойналады:\. Мұғалім: Оқушылар! Домбырасыз тойдың сәні болмайды екен.Қәне,кешіміздің соңында «Домбырасыз сән қайда» әнін қосылып орындап жіберейік.
Сабақты қорытындылау. «Өнер таусылмас азық,жұтамас байлық»-,дейді халық даналығы.Өнер түрлері өте мол.Соның ішінде домбырамен ән айту,күй тарту халықпен бірге жасап келеді,жасай да береді.Сондықтан домбыра аспабын атадан қалған мирас,мұра ретінде қастерлеп,құрметтеп төрімізге іліп қоялық.