Тақырыбы: «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» атты тәрбие сағаты
Мақсаты: Оқушыларға Ұлыстың ұлы Наурыз мерекесін тойлауы туралы толық мағлұмат беру, халқымыздың салт – дәстүрін, әдет – ғұрпын үйрете отырып, «Наурыз» Қазақтың ұлттық мейрамы екенін ашып көрсету.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер жазылған плакат, үнтаспа, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар, шарлар, суреттер.
Мұғалім: Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата – аналар! Бүгінгі болғалы отырған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып, мерекелі тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз! Жаңа өмірдің қайта басталатын күн есебінің басы, көктемнің көшбасшысы, қанатына маржан тағып қараторғай жеткенде көктемнің алғашқы жаңбыры себелейді. Сіресіп жатқан қар еріп, көл – көсір су болып ағады. Өсімдік ұйқыдан оянады, бәйшешек қаулайды. Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлайтын Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ұлыс оң болсын!
«Наурыз айы толғанда» "Наурыз биі"
1 - жүргізуші:
Күттіріп келген жыл басы
Бізбен бірге жырлашы.
Дастарханға елімнің,
Береке, ырыс сыйлашы.
Ата – бабам тойлаған
Әз – Наурызым, армысың!
2 - жүргізуші:
Шілік біткен бүрленіп, Дала әсем түрге еніп,
Масайрады бар әлем Құтты жаңа жыл келіп.
Басы барлық ырыстың, Басы барлық ұлы істің.
Құтты болсын,Наурыз той- Ұлы күні ұлыстың!
1-жүргізуші:
Құт береке, Наурыз айым келді деп,
Жер түледі, жасыл желек желбіреп,
Айналайын ата мекен кең далам.
Толықсиды нұрға балқып, елжіреп.
Ән: "Қош келдің, төрлет,Наурызым!"
2 - жүргізуші: Тәуелсіз биік халқымның желбіреп туы шалқысын,
Әз Наурыз келіп еліме, Жер – Ана бойы балқысын.
Жаңғырар дәстүр - салтымның көсілсін бұлақ жалғасып,
Қастерлі менің халқымның мереке Наурыз жыл басы!
1 - жүргізуші:
Ұлыс күні кәрі жас
Құшақтасып көріскен
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Сіздердің әділ істеріңіз
Ғасырлар бойы тынбайды.
Аңыз, дастан жырлардан,
Жастар оқып тынбайды.
1 - жүргізуші:
Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын,
Қазақ атты үлкен, кіші балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәрімізде,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәрімізде.
Төрлетіңіз қадірменді қонақтар,
Гүл – гүл жайнап мына біздің төрімізге – деп ендігі кезекті Наурыздағы салт – дәстүрлерге берсек.
10 - оқушы: Наурызкөк – Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады.
11 - оқушы: Наурызнама – шат – шадыман, ойын – сауық. Тойда ат – жарыс, түрлі ойындар өткізіліп, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада Қыз – жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол уыз, ет сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз – келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селтеткізер» деп атайды.
12 - оқушы: Наурызша – Наурыз айында жұп – жұқа қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «Наурызша» деп атайды.
«Саумалық» Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып, саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады».
Ән: "Наурыз көктем" (Ән Фатима, би Толғанай)
.Наурыз көже»
Енді осы 22 наурызда дайындалатын «Наурыз көже»туралы айтып өтейік.Наурыз көже — Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы.
16 - оқушы: Сүт немесе ақ құйғаны – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болса денсаулыққа да кепіл дегені. Көңіліміз де ақ болсын деген таза ниет. «Ағы бардың – бағы бар» деп түсінетін қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген. Қазақтың ұлттық тарихында ертеден пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамдардың түрлері сүттен жасалады. «Қазақ» сөзінің тіркесіндегі «ақ» сөзі де осымен жалғасып тұрғаны көп мағынаны түсіндіреді.
17 оқушы: Сондықтан да Наурыз көжені наурыз айында кедейлерге тарататын тағам түрінде емес, арнайы ырымдап жасайтын болған. Дәнді-дақыл пайдалы, сабағынан дәні мәуелеп, төгіліп тұратын құтты, ырысты өсімдік. Наурыз пайдалы да құтты, ырысты болсын, өскін мол болсын деген қазақ тілегінің, ырымының басты көзі Наурыз көже болса керек.
18 - оқушы: Көжені ыдысқа толтырып құяды, бұл - «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» дегендік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырыздығы кем болады дейді.
Би: "Дастархан"
19 оқушы: Каһарман
Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа халайық.
1 - жүргізуші: Шығыстың күнтізбесі бойынша күн мен түннің теңескен көктемгі мерекесі жыл сайын асыға күтетін жарқын үміт, жастық пен жаңару мерекесі, бүкіл әлемге береке, бақыт, бейбітшілік дарытатын Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз құтты болсын. Күншығыстың Наурызы келгенде Самарқанның көк тасы еріп, жылғалардан су ағып, бәйшешек гүл атып, күннің көзі бүкіл әлемге нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңестіреді.
Наурыз келді, көктем келді ағайын!
Жадырайды, жаңғырады маңдайым.
Назды, сазды науан Наурыз, армысың!
Ән:"Наурыз көктем"
Дәстүр – бір ұрпақтан екінші ұрпаққа өтетін, өткен ұрпақтардан қалған мұра.
Адамның өмір жолы ерекше оқиғаларға толы. Олардың барлығы, мейлі ол баланың дүниеге келуі болсын, үйлену тойы, Наурыз мерекесі болсын әртүрлі атап өтіледі.Әрбір оқиға салт-дәстүрге сәйкес атап өтіледі. Салт-дәстүр адамды дүниеге әкелгеннен бастап, көз жұмғанға дейін жетелейді.
Бүгін біз сіздерге «Тұсау кесу» рәсімдерін көрсетеміз.Кішкентай Нұрисламның тұсауын мектебіміздің ардагер ұстазы Күләйхан тәтейге кестірмекшіміз.
Ән: "Қазағымның дәстүрлері - ай".
2 - жүргізуші: Ортаға сөз ізгі ниет, «Ақ бата» беру үшін....
шақырамыз.
Армысыңдар, жамағат!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт – түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле – жала жерге енсін»
Ұлы халқым тоқ болсын»
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы – уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын!
(Әумин)
1 - жүргізуші: Наурыз тойы ұлы күн,
Шырқап әнге салайық.
" Би: «Қара жорға»
2 - жүргізуші: Осымен «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты сынып сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет! Өмір жастарыңыз ұзақ, ұлыс бақты, төрт – түлік ақты болсын. Ұлыс береке берсін. Наурыз құтты болсын!