kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Мақала Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған мәтіндер

Нажмите, чтобы узнать подробности

Ана тілі – баладан тек терең меңгеруді ғана қажет етіп қоймай, басқа да мектеп бағдарламаларын игерудің негізі болып табылатын пән.

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Мақала Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған мәтіндер»










Бастауыш сынып оқушыларының

оқу дағдысын тексеруге арналған

мәтіндер



































Алғы сөз

Кіші жастағы оқушылар үшін ана тілі сабақтары өмірді, ондағы адамдық қарым-қатынастарды түсінуге ашылған терезе іспеттес. Мұнда қайырымдылық, адалдық, бір-бірін түсіне білу, парыз және басқа да көптеген түсініктердің алғашқы бастамаларының негізі қаланады. Әрине, осындай маңызды ұғымдар бала санасында дайын күйінде қалыптаса салмайды. Міне, сондықтан ана тілі пәні мұғалімдері сабақ құрылымын құруда көркем сөздер арқылы тек баланың санасына әсер етуді көздемей, бірінші кезекте баланың сезіміне әсер етуге, оларды жақсылыққа қарай итермелеуге жағдай жасап, шығарма арқылы шынайы өмірге көпір салуға ұмтылуы тиіс.

Ана тілі – баладан тек терең меңгеруді ғана қажет етіп қоймай, басқа да мектеп бағдарламаларын игерудің негізі болып табылатын пән.

Оқушылар бастауыш мектепті бітірерде шапшаңдыққа оқу мен түсініп оқуды қамтитын талдап оқуға қалыптасады. Оқу дағдысының қалыптасу кезеңі ұзақ уақытты қажет етеді.

Сөздерді толық сөздермен минутына 40 сөзден дауыстап оқу шапшаңдығы мәтін мазмұнын түсінуге қол жеткізбейді. Мәтін мазмұнына бала минутына 60 сөзден оқығанда және сөздерді толық оқуға қол жеткізгенде түсіне бастайды. Ал даыстап толық сөздермен минутына 90 сөзден оқыған бала оқыған мәтінінің мазмұнын толық және терең түсінуге қол жеткізеді. Міне, сондықтан мұғалімдер оқу техникасын, яғни белгілі бір уақыт кесігіндегі баланың оқу техникасы бойынша білім, білік, дағыдысын бақылауға алып отыруы тиіс.

Оқу дағдысының қалыптасуын тексеруді жылына үш рет жүргізген тиімді:

  • оқу жылының басында ( 10-15 қыркүйек)

  • бірінші жарты жылдықтың аяғында (20-25 желтоқсан)

  • екінші жарты жылдықтың соңында ( 10-15 мамырда)

Осы үш кезең оқушының оқу дағдысындағы өзгерістердің деңгейін көруге мүмкіндік береді. Оқу жылы барысында әр оқушының оқу дағдысының қалыптасуы мен дамуын бақылап отыру мұғалімнен көп тер төгуді қажет етеді. Бұл жұмыста мұғалімнің басшылыққа алатыны - бағдарлама мен әр жарты жылдыққа арналған бағдарламалық талаптар.

Қазіргі бастауыш мектептердегі деңгейлеп-саралап оқыту әрбір оқушының жұмыс қарқынын, қабылдау, есте сақтау, ойлау қабілеттерінің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Кез-келген деңгейлеп-саралап оқытудың түпкі мақсаты – оқудың сапасын арттыру. Бірсыдырғы оқу түрлері оқушының оқуға деген қызығушылығының жоғалуына әкеліп соқтырады, сондықтан дауыстап оқу мен іштей оқу, бәсең дауыспен немесе дауыстап оқу, қарқынын жылдамдатып немесе баяулатып оқыту т.б. жұмыс түрлерін алмастырып отыру қажет. Сыныптан-сыныпқа көшкен сайын өзіндік оқудың көлемін ұлғайтып отыру керек, мұнсыз баланың толыққанды дамуы туралы сөз болуы да мүмкін емес.

Осы әдістемелік құрал мұғалімге:

  • оқу тәсілі,

  • түсініп оқу,

  • дұрыс оқу,

  • оқу қарқыны,

  • мәнерлеп оқу дағдыларының қалыптасуын тиімді тексеріп отыруға мүмкіндік береді.

1-сыныпта 10-15 қыркүйек аралығында оқушылардың оқу дағдыларын тексеру мақсатында алдымен жеке сөздер мен «А-та. Ма-та са-ры» деген сияқты ашық буынды сөздерден тұратын мәтіндер беріледі, содан кейін бітеу буынды сөздері бар мәтіндер, соңында үш және одан да көп буыны бар сөздерден тұратын мәтіндер беріледі. Мұндай мәтіндер мұғалімге оқу жылының басында әрбір оқушының оқу дағдысының қалыптасу деңгейін байқауға, мектепке дейін оқуды үйреніп келген оқушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Алдын ала тексеру мұғалімге Әліппемен жұмыс барысын жоспарлауға, оқушылардың оқу дағдыларын жетілдіру үшін қосымша әдебиеттер мен көркем шығармаларды таңдауға мүмкіндік береді. Бірінші жарты жылдықтың соңында және жыл соңында оқу дағдыларын тексеру тексеру үшін мұғалім оқушы деңгейіне сай мәтінді таңдап алады. Бұл проза немесе өлең, көлемі жағынан шағын немесе көлемді мәтін, ауырлығы жағынан әр түрлі құрылымдағы сөздер болуы мүмкін.

2-4 сыныптар үшін де әр түрлі нұсқадағы мәтіндер ұсынылған. Мұғалім таңдауына сай тексеру бір немесе бірнеше мәтін көлемінде жүргізілуі мүмкін.

Кітапта 5-сыныптардың оқу дағдыларын тексеруге арналған мәтіндер де берілген. Ондағы мақсат - 5-сынып мұғалімдерін бастауыш мектепті бітірген оқушылардың оқу дағдысының деңгейімен таныстыру, оқытудың сабақтастығы. Олардың оқу шапшаңдығы оқу жылының соңында, 4-сыныптың аяғында қандай болса, сол деңгейде, яғни минутына 80-90 сөз болуы тиіс.

Оқу бағдарламасындағы көптеген мәтіндердің өлең түрінде келетінін ескере отырып, шапшаңдыққа оқу дағдысын тексеру барысында өлең түріндегі мәтіндерді де қолданып отырған жөн. Өлең түріндегі мәтіндерді оқыту кезінде өлең оқу ырғағына, дауыс реңкіне, кідіріс қоя білуіне, эмоционалдық бояуына, бейнелі оқи білуіне мән беріледі. Мұндай мәтіндер мұғалімнің қалауы бойынша алынады.

Оқу техникасын тексеру кезінде мұғалім баланың оқу дағдысын, түсініп және дұрыс оқуын, оқу шапшаңдығын, мәнерлеп оқуын біртұтас алуы қажет.

Оқушының түсініп оқуын тексеру кезінде бәрінен бұрын мәтіннің толық мазмұнын, жекелеген сөздердің, сөз тіркестерінің, сөйлемдердің мағынасын түсінуіне көңіл бөлу қажет. Бұл жағдайда мұғалім мәтін соңынан «Мәтін не туралы?», «Басты кейіпкерлерді ата», «Мәтін бойынша ерекше қалған оқиғаны баянда» деген сияқты қысқа көлемді сұрақтармен тексеруіне болады, алайда көп сұрақпен баланы шаршатуға да болмайды.

Кіші мектеп жасындағы оқушылардың мәнерлеп оқу дағдысының қалыптасуының басты көрсеткіші - әр оқу кезеңіне (жарты жылдық, жылдық) байланысты оқу бағдарламасында бекітілген оқу тәсілі. Ең тиімді оқу түрі - сөздерді толық оқу, бұл әсіресе 3-4 сынып оқушылары үшін аса маңызды.

Сабақ барысында оқушылардың мәтінді бірнеше қайтара оқуы оқу дағдыларының жетілуіне мүмкіндік береді. Бұл іріктеп оқыту, рөлдерге бөліп оқу, хормен оқу, тізбектей оқу, іштей оқу, «көзбен оқу» сияқты әр түрлі оқу түрлері арқылы жүзеге асырылады. «Көзбен оқуды» мәтінмен ауызша жұмыс түрлері алдында (мазұндау, жоспар құру, тақырып қою т.б.) қолданған тиімді.

Оқу шапшаңдығы да оқу тәсіліне байланысты. Буындап оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа болса, ал тұтас сөздерді оқитын оқушылардың шапшаңдығы бір басқа. Оқу дағдысын тексеру кезінде баланы «тезірек оқы» деп асықтыруға болмайды. Мұндай асықтырудан кейін ол 1-2 сөзді немесе сөйлемді ғана тез оқуы мүмкін, алайда қайтадан сол кезеңдегі өзінің қалыптасқан шапшаңдығына түседі.

Егер оқу дағдысы оқу жылының басында (10-15 қыркүйекте) тексерілетін болса, оқу шапшаңдығының көрсеткіші өткен сыныптың соңындағы деңгейде болуы тиіс.


Оқу дағдысын тексеру кестесі


Сыныбы

І жарты жылдық

ІІ жарты жылдық

1

15-20 сөз және белгі

20-25 сөз және белгі

2

35-45 сөз және белгі

45-55 сөз және белгі

3

55-65 сөз және белгі

65-75 сөз және белгі

4

75-85 сөз және белгі

85-95 сөз және белгі


Оқу дағдысын тексеру кезінде оқушыны жайдары жүзбен қабылдап, қолайлы жағдай жасау оқушының мәтінді қалыпты жағдайда аспай-саспай түсініп оқуына, оқу сапасының артуына мүмкіндік береді. Оқушы тарапынан жіберілген қателіктер оқу материалының мазмұнын дөрекі бұрмалауға апармаған жағдайда мәтін оқылып біткеннен кейін түзетіледі.

Мәнерлеп оқуын бағалау кезінде сөздің анықтылығына, нақытылығына, кідірістің сақталуына, логикалық екпіннің қойылуына, тиісті дауыс ырғағына келтіріп оқи білуіне, диалогтардың дұрыс оқылуына мән беру керек. Мәнерлеп оқу – оқудың ең жоғарғы түрі. Оқушылардың мәнерлеп оқу дағдыларын қалыптастыру үшін мұғалім сабақ үстінде төмендегідей жұмыс түрлерін жүргізіп отыруы тиіс:

  • мәтіндегі (үзіндідегі) қай қатарларды дауыстап, қуанышты, ал қай қатарларды қалыпты жағдайда, жай, мұңды оқыр едің? Неге?

  • нағыз батырдың өзін қарсы алып тұрғандай болып оқуғы тырыс

  • тыңдармандарымыз біздің кейіпкерлеріміздің әрқайсысының ерекшеліктерін аңғаратындай дәрежеде оқуға, асықпай оқуға тырыс;

  • бірнеше сөздерді топтап оқуға, әңгімедегі (аңыздағы, өлеңдегі) негізгі ойды беретін сөйлемдерді дауыс ырғағымен бөліп оқуды үйрен және т.б.

Бастауыш мектепте іштей оқу дағдыларын қалыптастыру да көзделеді. Дауыстап оқу арқылы материалды оқушы ғана емес, тыңдаушы да қабылдайды. Іштей үндемей оқуға тек оқып жатқан бала қатысады, алайда түсіну, есте сақтау және оқығанын меңгеру іс-әрекеті жақсара түседі. Іштей оқу – бұл дауыс шығармай көзбен оқу. Сыбырлап және еріндерін жыбырлатып оқу дауыстап оқудан іштей оқуға көшу кезеңінің көрінісі болып табылады және іштей оқуға жатпайды.

Егер іштей оқу шапшаңдығы дауыстап оқу шапшаңдығынан аспаса, онда іштей оқу өз дәрежесінде қалыптаспаған деген сөз. Іштей оқу дауыстап оқуға қарағанда 20-40 сөзге дейін артық жүретіні белгілі, сондықтан оқудың бұл түрін қадағалап отырудың да маңызы зор. Мұндай тексеруді 2-сыныптан бастап жүргізген жөн.

Іштей оқуға көлемді, мазмұны жағынан қызықты, тілі анық, балаларға онша таныс емес шығармаларды оқытқан абзал. Іштей оқуды тексеру әдісі дауыстап оқуды тексеру әдісімен бірдей. Іштей оқу аяқталғаннан кейін оқушының мәтіннің негізгі мазмұнын қаншалықты меңгергені тексеріледі.



Мұғалімге көмек ретінде оқу дағдысын тексеруге арналған кесте ұсынылып отыр. Бұл кестені барлық 4 жыл көлемінде пайдаланған тиімді. Оқу дағдысын жетілдіруге бағытталған жұмыс барысында жүйелі тексеріп қана қоймай, тексеру нәтижесін арнайы дәптерге тіркеп, жіберілген кемшіліктерді жоюға бағытталған жеке жұмыс түрлерін жүргізіп отыру қажет. Мұғалім тек әр жеке оқушының оқу деңгейін біліп қана қоймай, жалпы сыныптың оқу деңгейін де білуі қажет. Сондықтан әр тексеруден кейін сынып бойынша кесте жасалады.



Оқу дағдысы

Оқушылар (саны)

Тәсілдері:

  • буындап оқиды

  • буындап және толық сөздерді оқиды

  • толық сөздерді оқиды


. . .

. . .

. . .

Дұрыстығы:

  • қатесіз оқиды

  • қате жібергендер

. . .

. . .

Шапшаңдығы:

  • талаптан төмен

  • талапқа сай

  • талаптан жоғары

. . .

. . .

. . .

Мәнерлеп оқуы:

  • Мәнерлеп оқыды

. . .

Оқу дағдыларын жетілдіруге арналған ұсыныстар:


. . .

Әр оқушының оқу дағдысы жеке тексеріледі. Бұл кезде секундомер пайдаланбаған жөн, минуттық тілі бар сағат пайдалану керек. Мұғалім оқыту барысында уақытты оқушыға білдірмей және сағатты оқушы оқуды бастағаннан кейін белгілегені жөн, өйткені көптеген оқушылар оқуға дайындыққа көп уақыт жібереді, бірінші қатарын іздейді, зейінін тұрақтандырады, т.б. Төменгі нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар бойында сенімділік ұялатып, көңілдерін көтеріп, көмек көрсету қажет, оқуына жайдары жүзбен сипаттама беріп, жақсы жақтарына баса көңіл аудару қажет, содан кейін кеткен кемшіліктері ескертіледі. Әсіресе психо-физиологиялық кемшіліктері бар кекеш, көзінің көруі нашар, шамадан тыс баяу балалар ерекше бақылауда болуы тиіс. Қорытынды шығару кезінде бұл ескеріледі. Мұндай оқушылардың оқуын бақылауды сабақ барысында жүргізуге де болады. Оқу дағдысын тексеру оқушыларға таныс емес мәтіндермен жүргізіледі.



СЫНЫПТАР БОЙЫНША ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ, БІЛІК ЖӘНЕ ДАҒДЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

1-сынып оқушылары:

  • Әліпби әріптерін (таңбасы, жазба, бас, кіші);

  • дыбыс пен әріптің дұрыс атауын;

  • дыбыс пен әріптің негізгі өзгешеліктерін («дыбысты естимін және айтамын»);

  • дауысты және дауыссыз дыбыстарды («дауысты дыбыстар әндетіліп, созылып айтылады, ауа кедергісіз шығады»);

  • дұрыс жазу ережесін: 1) Кісі аттары мен үй жануарлары және жер-су аттарының, сөйлемнің бірінші сөзінің бас әріппен жазылуы; 2) сөйлемдегі әрбір сөздің бөлек жазылуы; 3) сөйлем соңына тиісті тыныс белгінің (нүкте, сұрақ, леп) қойылуы;

  • сөйлем, сөз, буын, дыбыс туралы;

  • сөз мағынасы туралы (сөздің заттың, құбылыстың, қимылдың, сапаның атауы екендігі; мағынасы мәндес, қарама-қарсы, дыбысталуы бірдей, бірақ беретін мағыналары әр басқа сөздердің болатындығы) біледі.

  • сөз, сөйлемнің шегін таба алады; сөзді буынға бөледі;

  • саналы, дұрыс, бірқалыпты буындап және тұтастай минутына 20-35 сөз оқиды (белгілерімен қосқанда);

  • мәнерлеп, дұрыс, түсініп оқуға дағдыланған;

  • монолог, диалог арқылы берілген синтаксистік құрылымдағы хабарлы, сұраулы және лепті сөйлемдердің оқылу ерекшеліктерін ажырата біледі;

  • кіші, бас әріп элементтерін жазу, оларды каллиграфия нормасына сақтай отырып, бір-бірімен байланыстырады;

  • жазуда орфографиялық және пунктуациялық ережелерді қолданады;

  • баспа әріптермен берілген мәтінді көшіріп жазады (10 белгіден кем емес);

  • сөздерді есту арқылы жазады (мұғалім сөздерді орфоэпиясы бойынша оқиды) (жыл соңында 10-15 сөз);

  • сөйлеуден сөзді бөліп алады; оны сызбамен көрсетеді;

  • бөліп алынған сөзге сұрақ қоя алады (кім? не? қандай? не істеді? қайтті? нешеу?);

  • сөйлеуден сөйлемді ажыратады және бөліп алады, мәтіннен оның орнын (шегін) таба алады; сөйлемнің сызбасын сыза алады;

  • сөзді буынға бөледі және оны графикалық түрде белгілейді;

  • сөздің дыбыстық және дыбыстық-әріптік сызбасын көрсете алады;

  • сөздегі дауысты, дауыссыздарды ажыратады;

  • затты не құбылысты, сапаны немесе қимылды білдіретін сөздерді таба алады;

  • тыңдағанын түсінеді, сұрақтарға толық жауап береді, диалогқа түседі, әңгімеге қатысады;

  • әңгіменің логикалық жүйесін сақтай отырып, естіген немесе оқыған мәтінін өз сөзімен айтып береді; оқыған немесе әңгімесіне өзінің бағасын бере алады;

  • тірек сөздер, сюжетті картиналар арқылы 4-5 сөйлемнен тұратын әңгіме құра алады;

  • мәтіннің берілген басы мен соңы арқылы мәтін, диалог құрастырады;

  • затты, құбылысты, аңдарды сипаттайды, өз тәжірибесінде 4-6 сөйлемнен тұратын әңгіме құрайды;

  • берілген тақырыпқа диалог құрастырады, сөйлеу әдебі сөздерін (амандасу, алғыс айту, кешірім сұрау) пайдаланады;

  • картина арқылы елестеуі (қиялдауы) бойынша шығарма жаза алады (4-6 сөйлем).

2-сыныпты бітірген оқушы:

  • ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті үлгілерін ажырата алуды;

  • мәтіндегі негізгі ойдың басталуын, жалғасуын, аяқталуын;

  • мәтіннің атауын, мәтіннен кейінгі сұрақ – тапсырмаларды таба алуды;

  • көлемі 150-200 сөзден тұратын мәтін мазмұнын қысқаша әңгімелей алуды;

  • мәтіннің түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) ажыратуды;

  • өлеңнің ұйқасқа құрылатынын біледі.

  • Мәтіннің негізгі ойын;

  • мәтіндегі оқиға желісін;

  • мәтіндегі ақын-жазушының көңіл-күйін түсінеді.

  • Мазмұндама мен шығарма жазуды (25-30 сөзден тұратын);

  • оқыған немесе көрген оқиғасы жөнінде ауызша әңгімелей алуды;

  • мәтін бойынша сұрақтарға жауап беруді меңгереді.

3-сыныпты бітірген оқушы:

  • ауыз әдебиеті үлгілерінің жанрларын (аңыз, ертегі, мақал – мәтел, жаңылтпаш, айтыс, шешендік сөздер, батырлар жыры, айтыс өлеңдер т.б.) ажырата алуды;

  • шығарма авторларын, олардың көзқарасын;

  • авторы арқылы шығармаларын атауды;

  • көлемі 200-250 сөзден тұратын мәтінді толық және қысқаша әңгімелей алуды;

  • көркем шығарма жанрларын (әңгіме, өлең, қара сөз т.б.) ажырата алуды;

  • өлең жолдары мен шумағын;

  • шығарманың тақырыбы мен басты кейіпкерлерін атауды біледі.

  • Мысалдағы аллегорияны;

  • көркем шығарманы өмірмен байланыстыра білуді;

  • мәтінді тапсырмаға сәйкес теріп оқуды;

  • мәтіндегі белгілі мен белгісізді түсінеді.

  • Мазмұндама мен шығарма жазуды (30-35 сөзден тұратын);

  • ата – аналарына құттықтау, достарына хат жазуды;

  • жыл аяғына дейін 4-5 тақпақ, 4 - 5 өлең, 3 - 4 үзінді, 4 - 5 жұмбақ, 5 - 6 мақал-мәтелді жатқа білуді;

  • мәтінге жоспар құруды;

  • мәтін бойынша сұрақтар қоя алуды меңгереді.


4-сыныпты бітірген оқушы:

  • халық ауыз әдебиеті басты жанрларының (ертегі, аңыз, наным-сенім өлеңдері, тұрмыс-салт жырлары, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер, батырлар жыры айтыс, шешендік сөздер) негізгі сипаттарын;

  • жанр түрлерін (шағын фольклорлық жанр, әңгіме, мысал, өлең, ғылыми - танымдық шығарма, очерк, мақала, жарнамалық мәтін) ажырата алуды;

  • көлемі 300-350 сөзден тұратын мәтін мазмұнын қысқаша, толық және жоспар бойынша таңдап әңгімелей алуды;

  • өлеңдегі ақынның көңіл-күйін тани алуды;

  • мәтіннен теңеу, кейіптеу, эпитетті таба алуды;

  • мәтінге жоспар құруды;

  • шығармадағы оқиғаның ел басынан өткен тарихи оқиғамен байланысын табуды біледі.

  • Шығарманың тақырыбы мен идеясын;

  • шығармадағы оқиғаға өз көзқарасын білдіруді;

  • ғылыми-танымдық және публистикалық мәтіндерден өзіне қажетті мәліметті таба алуды және оны берілген үлгіге (кестеге, сызбаға т.б.) сай өңдеп, жүйелеуді;

  • мәтінді талқылау кезінде автор сөзін дәлел ретінде келтіре алуды түсінеді.

  • Портреті арқылы және шығармалардағы іс-әрекетіне сәйкес кейіпкерлерге мінездеме бере алуды;

  • көркем шығармада суреттелген оқиға, кейіпкерлер іс-әрекеті мен қарым-қатынасының нақты өмірмен байланысын көрсете алуды;

  • мәтіннен түсініксіз сөздерді тауып, мағынасын түсіндіруге қатысуды;

  • мазмұндама мен шығарма жазуды (40-45 сөзден тұратын) меңгереді.
































Дауыстап

оқу дағдыларын

тексеру


1-сынып І жарты жылдық


Оқу дағдыларын тексеру



А-та, ол қо-ра.

Ас-қар, ат қа-ра.

Ат-қа қо-ра сал.

А-сан, сан са-на.

(12 сөз)



Те-ре-зе аш.

Мен мақ-та те-рем.

Ол е-мен е-мес, тал.

Қа-мар, шаш та-за-ла.

(12 сөз)



А-та, а-на ма-та са-ры. Мы-на ма-та қа-ра. Ақ ма-та-ны, қа-ра ма-та-ны ал. Са-ры ма-та-ны ал-ма.

(15 сөз)




БАСЫ НЕГЕ ҮЛКЕН?

Ма-ма-сы Тал-ғат-тан:

  • А-рыс-тан-ның ба-сы не-лік-тен үл-кен? – деп сұ-ра-ды.

  • Тор-дан шы-ғып кет-пе-уі ү-шін, - де-ді Тал-ғат мү-дір-мес-тен.

( 15 сөз)


ШОРТАН

Ер-кін мен Се-рік көл-ден кел-ді. Көл-де ба-лық мол. О-лар ба-лық ау-ла-ды. Се-рік қар-мақ сал-ды. Қар-мақ-қа шор-тан і-лін-ді. Шор-тан ту-ла-ды,

(19 сөз)




Қа-ра лақ. А-ла а-ла-ша.

А-ла ат. А-ла-са қо-ра.

Қос қа-нат. Қа-ра нар.

Қа-ра тал. Қол ша-на.

Са-қа ат. Қа-ра шаш.

(20 сөз)



ҚЫС

Қыс бас-тал-ды. Ө-зен қат-ты. О-раз ақ-қа-ла соқ-ты. Зә-кен мен Аб-зал О-раз-ға кө-мек бер-ді. Ақ-қа-ла тез біт-ті. Ба-ла-лар сыр-ға-нақ те-бе-тін бол-ды.

(20 сөз)




Е-СЕН МЕН Е- СЕТ


Е-сен он-да. Е-сет он е-кі-де. Ол е-ке-уі де ке-ме іс-те-ді. Ке-ме-ле-рін су-ға сал-ды. Ке-ме-ле-рі су-да қал-қы-ды. О-ған е-ке-уі де қу-ан-ды.

( 20 сөз)



ЖИДЕК

Балалар мектеп бағынан жидек жинады. Биыл жидек мол шығыпты. Шие мен қарақат тұнып тұр. Балалар жидекті көп жинады.

(18 сөз)

ЖҰМБАҚТАР


Тұмсығына бұйда тауып байласаң,

Қақпайлап жай айдасаң.

Сүңгіп батып, сүңгіп батып бұл мықты,

Бүтіндейді жыртықты.

(15 сөз)

* * *

Жұғысқанын жұқартады,

Өзі бірге жұқарады.

Оған тисе тура келіп,

Өткірлер де мұқалады.

(12 сөз)

* * *

Қисық ұрып түзетем,

Шегені ұрып біз етем.

(7 сөз)

* * *

Жо-на-мын, қа-шай-мын,

А-ғаш-тан, те-мір-ден

Ке-рек зат жа-сай-мын.

(7 сөз)

* * *

Жалпақ желке, сопақ бетті

Орманымды отап кетті.

(7 сөз)

* * *

Табанында аузы,

Желкесіде аузы.

Жоқ ешкімге жазығы,

Жып-жылмағай әр ізі.

(11 сөз)

Жалғыз жеңі түрулі,

Жұдырығы түюлі.

Ұрып қана түзейді

Қисайғанда,қыңырды.

(10 сөз)

* * *

Жұмыссыз жоқ бір күнім,

Бұраң бел сүйрік...

(7 сөз)

* * *

Екі езуі құлағына жетеді,

Тамақ жесе ыңың-ызың етеді.

(8 сөз)

* * *

Жаңа туған айды алып,

Саптадық та қайрадық.

Енді егінді орамыз,

Пісіп тұрған сарғайып.

(13 сөз)

* * *

Күні бойы тіл қатпай,

Қол шалғыны өкшелеп,

Шапқан шөпті құрғатпай,

Жинайды бұл дестелеп.

(13 сөз)

* * *


Өзі жеке қалғанда,

Ас татуға ерінер.

Адам қолға алғанда,

Көк темірді кемірер.

(12 сөз)

* * *

Бетін жөнге қайырып,

Отырмаса оң қолың.

Дөңбекті қақ айырып,

Тастайтұғын тоңмойын.

(11 сөз)


Мүйізіне бір құшақ

Пішенді іліп алады.

Шаруа баққан ұл құсап

Ақырға шөп салады.

(13 сөз)

* * *

Сирағында сол қолым,

Белдігінде оң қолым.

Шабындыққа салдым да,

Құлаштай кеп сермедім.

(12 сөз)

* * *

Ұстап алып сабынан,

Басып қалып иығынан,

Кетпей адам жанынан,

Жер қазғызып жүр бұған.

(13 сөз)

* * *

Жарқылдап маңдайы,

Жер қазған болдырмай.

Бір қауып алғаны

Ошақтың орнындай.

(10 сөз)

БАЛҒА

Мен құрыш балғамын,

Бабаңнан қалғамын.

Түзілмес қисықты,

Түзетіп алғамын!


Жұмыстан талмадым,

Еш ақы алмадым.

Еңбексіз еметін,

Масыл боп қалмадым.


Жұмыскер балғамын,

Ұстай біл , алғаның!

Р.Тышқанбаев (24 сөз)

1-сынып ІІ жарты жылдық


ИНЕ

Кіп-кішкентай инемін,

Қамқорымен түйменің.

Түйме түссе, қадаймын,

Жыртық көрсем, жамаймын.

Кез кеп қалса ісмерге,

Ісім көп-ақ істерге.

Ұстай білсең-шебермін,

Жетіп жатыр өнерім.

Р.Тышқанбаев

(25 сөз)

ҚОЛ АРА

Оңай деме араны,

Шебер тілін алады.

Жұмсамаса жұмысқа,

Тот басып қалады.


Ұстай білсең араны,

Айтқан тілді алады.

Ағаш шеберлігіне

Үйретеді баланы.

Р.Тышқанбаев

(21 сөз)


КӨМЕК

Үзіліс болды. Кітапханашы кітапханасына жаңа кітаптар әкелді.

- Балалар, кітап тасуға көмектесіңдер, - деді кітапханашы. Біз кітап тасуға көмектестік. Кітапхана үлкен, кең, жарық. Кітапханада кітап көп. Қоңырау соғылды. Біз сыныпқа кірдік.

- Рахмет, балалар, - деді Гүлнәр Омарқызы.

(34 сөз)



ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ

Орман аңдары да қысқа дайындалады. Ақ тиін ағаш қуысына саңырауқұлақ тасиды. Түрлі жемістерді жинап, кептіреді де, қыста жейтін азығын дайындайды. Кірпі сұр тышқан да солай.

(25 сөз)



СУЫР

Суыр – сүйкімді аң. Оның басы жалпақтау, тұмсығы доғал болады. Суырдың түсі сарғыш немесе сарғыштау сұр болып келеді.

Суыр әр алуан балауса шөптермен қоректенеді. Оларды терісі мен майы үшін аулайды. Суырдың майы ем ретінде қолданылады.

«Ол кім? Бұл не?» кітабынан

(34 сөз)




БАЛТА

Мақтасаң, мақтайық балтаны,

Жұмысқа жоқ оның жалтаңы.

Көмекке шақырып араны,

Не бір дәу дөңбекті жарады.

Ешкіммен керісіп жатпайды,


Істеген жұмысын сатпайды.

Сенек боп әрқашан тұрады,

Жұмысқа дап-дайын тұрады.

Нанбасаң, балтаны алайық,

Жарысып, ағашты жарайық

Р.Тышқанбаев

(36 сөз)




ТАСБАҚА МЕН БҮРКІТ

Тасбақа бүркітке өзінің ұшқысы келетінін айтты. Бүркіт оған ұша алмайтындығын түсіндіріп, ол жайлы ойламауға кеңес берсе де, тасбақа одан әрі жалынып, аспанға алып ұшуын өтінеді. Бүркіт оны тырнағына іліп, жоғары ұшып барып, босатып жібереді. Тасбақа тастардың үстіне түсіп, быт-шыт болады.

Л. Толстой

( 41 сөз)


ИНЕЛІК ПЕН ҚҰМЫРСҚАЛАР


Күзде құмырсқалардың жинаған бидайлары су болып қалады. Олар оны кептіреді. Аш инелік құмырсқалардан тамақ сұрайды Құмырсқалар одан: «Жазда неге азық жинамадың?»-деп сұрайды.

Сонда инелік былай депті: «Қол тимеді, ән шыцрқаумен болдым». Құмырсқалар таң қалып: « Жазда ән шырқасаң, қыста би биле»,-деп жауап береді.

(44 сөз)



ШАЛ МЕН БАЛАЛАР


Бір жарлы шал есегіне мініп жол жүріп келе жатса, есегінің бақырған даусын естіп, бір топ бала алдынан жүгіріп шығады. Олар шалды ажуа, мазақ еткілері келіп:

  • Ата, сіз неге есегіңізді өлең айтуға үйреттіңіз, - дейді. Сонда шал балаларға:

  • Есегім өлең айтпайды. Сендердей жақсы жолдасын көрген соң, қуанғанынан бақырады, - депті.

(47 сөз)




2-сынып І жарты жылдық


ТАЗЫ МЕН ЕЛІК

Күндердің күнінде бір тазы жайылып жүрген елікті көріп, қуа жөнеледі. Тазыдан қашып келе жатқан елік:

  • Тазым, әуре болма. Сен маған ешқашан жете алмайсың! – дейді.

  • Неге? – деп тазы ентіге еліктен сұрайды.

Елік:

- Себебі мен өз өмірімді сақтау үшін қашып келемін. Ал сен өзіңнің иеңе жағыну үшін қуып келесің! – деген екен.

(49 сөз)


БӘРІНЕН ДЕ ЖАҚСЫ

Бір кішкене қыз көшеде, адамдардың арасында, шешесінен адасып қалыпты. Ол шешесін іздеп, бақырып жылапты. Оны көрген адамдар жұбатып:

- Сен жылама. Біз сені қазір шешеңе алып барамыз. Сенің шешең қандай еді?- деп сұрапты. Сонда қыз жылап тұрып:

- Сіз білмеуші ме едіңіз? Менің шешем – ең жақсы адам, ол бәрінен де жақсы, - депті.

Л.Н. Толстой

(50 сөз)

ТАСБАҚА

Бірде маңғаз тасбақа-бикеш былай деп ойланады: «Неліктен мен үнемі жорғалар жүруім керек? Менің ең жоғарыда болуым абзал». Содан кейін қасындағыларға: «Абайлап бір-біріміздің үстімізге шығайық!» -деген ұсыныс жасайды. Тасбақалар қабаттап бір-біріне шығады, ең үстіндегі тасбақа айналасына қарап: «Мен адамдардан биікпін, ең жоғарыдамын», -деп есерленіп, мақтанып тұрған кезде астыңғысы шырт етіп сынады.

А. Сейсенова

(52 сөз)


ӘР ЗАТТЫҢ ӨЗ ОРНЫ БАР

Рахмет өзіне тиісті заттарын белгілі орынға қоймайды. Даладан келісімен, әр киімін әр жерге лақтырып тастай салады.

Бас киімі бір жерде, қолғабы екінші жерде жатады. Керек уақытында киімдерін таба алмайды. Үй ішін қағыстырады.

- Қолғабымды көрдің бе? Бас киімімді көрдіңдер ме? Сөмкемді көрдіңдер ме? – деп, күн сайын сұрап жүргені. Киімін таба алмай жүріп, кейде сабақтан да кешігіп қалады.

(56 сөз)



КЕМПІРҚОСАҚ

Қапырық ыстықтан кейін бұлт қоюланды. Нөсерлетіп жауған жаңбырдан соң, жаңбыр басылып, бұлт сейілді. Көкжиектен батысқа қарай батып бара жатқан күн көрінді. Дәл осы кезде сұр бұлт арасынан доға сияқты кемпірқосақ пайда болды. Оның жеті жолағы бар. Олар – қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көк, көгілдір, күлгін.

Доғаша иілген кемпірқосақтың сыртқы жолағы қызыл болады. Жеті түстен тұратын жарық сәуле, кәдімгі күн жарығы екен.

Жыл он екі ай

(60 сөз)


ҚҰСМҰРЫН

Қостанайда Құсмұрын деген жер бар. Мұнда қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов дүниеге келген. Қостанай дегенде мидай жазық дала көзге елестейді. Құсмұрын табиғаты мүлде өзгеше. Салдыраған бұлақтары мен айна көлдері бар шоқылы тау мен қыраттар. Солардың бәрі алыстан құс тұмсығына ұқсап көрінеді. Сондықтан ол өңір Құсмұрын атанған. Қыраттың қапталы қайысқан қайың, көкорай шалғын. Бұл қайыңдарды ертеде Шоқан әкесі екеуі отырғызған.

«Балдырған» журналынан

(60 сөз)

2-сынып ІІ жарты жылдық


ТЫШҚАННЫҢ АҚЫЛЫ
Бір заманда тышқандар жиналып, мысықтан қалай құтылудың амалын ойластырады. Ұзақ әңгімеден кейін бір тышқан:

  • Мысықтың мойнына қоңырау тағып қою керек. Сонда оның келе жатқаны алыстан естіледі. Ал біз інге тығылып үлгереміз, - деп ұсыныс жасайды.

Барлығы:

  • Табылған ақыл екен! – деседі.

Сонда манадан бері үнсіз отырған кәрі атжалман:

  • Жарайды, мысықтың мойнына қоңырау тағу керек делік. Ал сонда қоңырауды кім барып тағады? – деген екен.

(61 сөз)


ҚАЗАҚША АЙ АТТАРЫ

Бір жылда он екі ай бар. Олар: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан.

Қаңтар – жылдың алғашқы айы. Желтоқсан – жылдың соңғы айы. Қазақша жыл басы – наурыз.

Сәуір, маусым, қыркүйек, қазан айларында отыз күн бар.

Қаңтар, наурыз, мамыр, шілде, тамыз, қазан, желтоқсан айлары отыз бір күннен. Ал ақпан айында жиырма тоғыз күн бар. Бір жылда үш жүз алпыс бес күн болады.

Қазақ күнпарағынан

(65 сөз)

- Әңгімені оқыдық. Мирас суреттен көрген тасбақа мен бүркітті ойыншықтарыңның ішінен тапшы. Сенің ойыншықтарың көп еді ғой... Енді ойнайық, жарай ма? Мен тасбақа болайын, ал сен, Мирас, бүркіт бол. Мен тасбақамын, ақырын жүремін, ұша алмаймын. Бүркіт, сен қалай ұшасың? Мені де үйретші.

- Әй, тасбақа мұның не?! Мен аспанда ұша алатын құспын, ал сен тек жерде жүруің керек.

- Өтінемін, жалынамын, мені аспанға алып шықшы...

- Бұдан кейін не болды, балам?

(67 сөз)

КЕМПІРҚОСАҚ

Тұнық аспанның төрінен гүлдей құлпырған кемпірқосақты көргенде қуанбайтын, жүрегіне ынтық-тық, құмарлық нұры себілмейтін адам жоқ. Ол - жақсылықтың, шарапаттың нышаны. Түрлі-түсті боялған шеңберлер көктен төмен иіліп, ғажайып құдіреттің түсін танытады. Доғалана иілген жарты шеңбер тылсым әлемге енгізетін сиқырлы қақпа тәрізді.

Жердің төбесінде жібек орамалдай желбіреп , мың құбылып тұрады да, құпия құбылыстарды көлбеңдетіп елестеді. Жай көзбен қарағанда қол созым жерде тұрғанымен, кемпірқосаққа жақындай алмайсың, өте алыс...

( 65 сөз)


Жалдырап көктем туды. Қар еріді де, аз уақытта төңірек құрғап шыға келді.

Мектепте ағаш отырғызу науқаны басталды. Оқушыларды тугел қызықтырған бұл бастама тек Алмабекке ұнамады. Алмабек бұл жұмысты бос әурелену деп есептеді. Бірақ басқалар жаппай кіріскен шаруадан Алмабек те шет қалмауды ойлады. Тал, терек, қайың көшеттерінің бірнешеуін терезе тұсына тізіп отырғызды.

Өзгелер ағаштарын суару, түбін қопсыту, күту жұмыстарымен әуреленіп жүргенде, Алмабек ағаштарына көңіл аударуға уақыт та таппады.

Б.Соқбақбаев

(67 сөз)

Біздің ауыл Іле өзеніне жақын орналасқан. Мұнда қыс қытымыр болғанымен, жазы жайлы да жайсаң. Әр үйдің ауласындағы бау-бақшада жеміс ағаштары: алма, өрік, жидек өсіріледі.

Бағбан Алмабай атайдың бағы өте көрікті, ағашы қалың, көлеңкесі қою. Күннің көзі өтпейді. Шие ағаштары мен қарақаттардың арасынан жол тауып өту бір тауқымет.

Жер беті жасыл желекке бөленгенде, бауларды бұлбұл мекендейді. Түнге қарай жақ жаппай құбылта сайраған бұлбұл әніне ауыл ұйып қалады.

(67 сөз)

ҚОЯН

Қоян күнделікті әдеті бойынша үйшігіне қашып кіреді. Әркім артына түсе бергендіктен, ол қатты ыза болады.

- Мен әркімнен бір сескенем. Менен ешкім қорықпайды. Бүйтіп жүргенше, суға түсіп өлгенім жақсы, - деп суға қарай жүгіре жөнеледі.

Су бойында жатқан қойлар зымырай шыққан қояннан үркіп қалады. Оларға қарап, басқа қойлар да тас-талқан болып үрке жөнеледі. Сонда қоян ойланып:

  • Менен де қорқатын хайуандар бар екен, - деп көңілі жай болады. Қайтадан үйшігіне оралады.

(68 сөз)


ҚЫЗЫР АТА КЕЛГЕН КҮН

Бірде Қызыр ата дүниенің төрт бұрышын аралап жүріп, Қазақ еліне тап болыпты. Әне ел деп осыны айт. Жері қандай кең-байтақ болса, халқы да сондай дарқан. Шетінен мейірімді. Доспын дегенге құшағы айқара ашық. Ата дән риза болады. Әрине, Қызыр атаның жүрген жері қашан да молшылық. «Тойларың тойға ұлассын. Мейрамдарың көп болсын!» деп бата береді.

Қызыр ата келген күн жыл сайын мейрамға айналыпты. Оны өздерінше «Наурыз» деп атап алса керек.

(69 сөз)

СУ ТОРҒАЙЫ

Қыстыгүні қатты аязда таудан аққан өзеннен бу шығып жатады. Екі жағаға көкпеңбек жалтыр мұз қатады. Өзеннің тек ортасы ғана мұзсыз.

Осындай кезде шыр-шыр етіп мұз үстінде жорғалап торғай жүреді. Ол – қайқы құйрық, кішкентай қараторғай. Торғай шолп етіп ағынды суға сүңгіп кетеді. Оның мөлдір судың түбінде жорғалап, тастардың ара-арасын шұқылап жүргенін анық көруге болады.

Бұл қандай ғажап құс! Бұл құсты су торғай дейді. Ол қысы-жазы бірдей жемін су түбінен табады.

(72 сөз)

3-сынып І жарты жылдық


БАЛАЛАР МЕН ҒАЛЫМ

Екі бала келе жатып, бір кітап тауып алыпты. Бірінші бала:

  • Бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын көрдім, - дейді. Екінші бала:

  • Жоқ, бұл кітап менікі, неге десең, мен сенен бұрын жерден көтеріп алдым, - дейді.

Екі баланың таласының үстінен шыққан ғалым оларға:

  • Сендер хат танисыңдар ма? – депті. Балалардың екеуі де шынын айтып:

  • Жоқ, танымаймыз, - дейді. Сонда ғалым:

  • Кітап сендерге не керек? Бұл кітапты мен алайын. Қай бұрын оқу білгенге беремін, - депті.

(71 сөз)



ҮШ АРҚАР

Ертеде бір күні аңшылар иттерін ертіп, орманға аң аулауға аттанды. Олар осылайша із кесіп, ұзақ жүреді. Кенет бір алаңқайда алдарынан ғажайып көркем үш арқар шыға келеді. Иттер со арада тап береді. Арқарлар тұра қашады. Соңдарынан аңшылар шаба жөнеледі. Ақыры сиқырлы жануарлар көкке қарғып, жұлдыздар мен кометалардың ара-арасымен заулайды. Иттер де қалыспай, ілесе аспанға көтеріледі. Сол кезден бері олар арқарларды қуалап жүр деген аңыз бар. Халық арасында осы шоқжұлдыз Үшарқар таразы атауымен танымал.

(73 сөз)




ЕКІ ДОС

Серік пен Берік – тату дос. Олар үйлеріне келсе, Беріктің әкесі баласын тосып отыр екен.

- Кел, балалар, - деді жұмысқа қамданып. – Күннің ашық кезінде бітіріп тастайық, шешең дәрігерге кетіп еді. Қап, кірпіш әперіп тұратын бір адамның жоқтығын қарашы! Әзірше өзіміз амалдай тұрайық.

- Кірпіш әперетін кісі бар, әке, - деді Берік қасындағы баланы нұсқап. – Мына Серік көмектеседі.

Абдолла ағай Серікке қарады.

  • Мен көмектесейін, - деді Серік өз ниетін білдіріп.

  • О, міне азамат! – деп қауынды Абдолла ағай. – Достар осындай болады! Рақмет.

Ж.Мұсаев

(75 сөз)



ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ

Дулат мектептің "Дауылпаз" деп аталатын аяқдоп командасының капитаны әрі орталық шабуылшысы. Олар бүгін стадионда көршілес ауылдың "Жігер" командасымен жолдастық кездесу өткізбек.

Кездесу "Дауылпаздың" дүркін-дүркін шабуылымен басталды. Бірақ теңбіл доп қақпаға дарымады. Қарсылыстар қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, шабуылға сирек шығады.

Дулат қарсылыстарының қорғаныс шебін жарып өту үшін біресе оң қанатқа ойысып, түрлі әдіс-айла қолданып көрді. Алайда доп қақпашының тосқауылына ұшырай берді.

Есеп ашылған жоқ, ойын тең аяқталды. Кездесулерде қақпаға бір доп енгізбей қоймайтын Дулаттың бүгін жолы болмады.

(78 сөз)



ЕКІ БҰҒЫ

Бір күні тауда жайылып жүрген екі бұғы шөпке таласып қалыпты.

  • Мен жеймін, мен бұрын көрдім, - депті бірі.

  • Мен жеймін, мен бұрын келгенмін бұл жерге, - депті екіншісі.

Екеуі жанжалдасып, бірін-бірі сүзе бастапты. Кейін шегіне түсіп, сартылдата кеп мүйіздесе сүзісіпті. Аздан соң тіпті қызық болады. Ілініскенше әбден сүзіскен көрінеді. Бір кезде мүйіздері ілінісіп қалған бұғылар бірінен-бірі ажырай алмай әрлі-бері тартысыпты.

Мұны өтіп бара жатқан аңшылар көріп қалыпты да, қуанып, дереу келіп бұғыларды арбасына салып, үйлеріне қарай жөнеле беріпті.

(79 сөз)


ШОЛПАН

Іңір қараңғылығы түскенде аспаннан Шолпан жұлдызын – Венера планетасын көруге болады. Ежелгі гректерде Венера махаббат құдайы деп саналған. Бұл жұлдызда Бақташы планетасы деп те атаған. Шолпан ғашықтарды желеп-жебейді, оларға бір-бірінен хабар жеткізеді.

Шолпаннаң қыста тууы қатты суықтың нышанын білдіреді. Соны алдын ала ескертерде ол айрықша жарқырап көрінеді екен. Осыған байланысты оның Тұл қатын деген тағы бір аты бар.

Ескі наным бойынша, Венера планетасын әлі тумаған адамдардың жандары мекендейді деген ұғым бар. Оның құпия жарығына адамдардың құмар болуы сондықтан шығар.

(80 сөз)



ӘДЕПТІЛІК

Бір жұрттың үлкен бір оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы кісі өтіп бара жатып, оқымыстыға иіліп сәлем береді. Оған қарсы әлгі оқымысты да онан да төменірек басын иіп, қайтара сәлем береді. Сонда қасындағы бай тұрып:

  • Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз, сүйте тұра осындай бір бейшараға соншама бас иіп, неге сәлем бердіңіз? – деп сұрапты. Сонда ғалым кісі тұрып:

  • Ешбір ғылым-білім үйренбеген кісі сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, менің оған әдепсіз болып көрінгенім лайықсыз болған болар еді, - депті.

(81 сөз)

3-сынып ІІ жарты жылдық


АҚТӨС

Менің Ақтөс дейтін итім бар. Өте ақылды. Маған еркелейді. Сабақтан келгенде шәуілдеп, қарсы алдымнан жүгіріп шығады. Мен Ақтөсті «Ақылдым» деп атаймын. Себебі ол үйге бөтен адамды кіргізбейді. Мені мектепке дейін шығарып салады. Міне, бұндай итті қалай ақылды демеске.

Ұрсып алдым Ақтөске

Ұста дедім қатты еске!

Құйтың қағып бекерге,

Құйрығыңды көтерме.

Кім екенін білмесең,

Көрінгенге үрме сен.

Сиырға да үресің,

Арбаға да үресің,

Қарғаға да үресің.

Тауықтар мен торғайға

Үрмесең де болмай ма?

Келсе Мұрат, Мұсалар,

Олар менің достарым,

Күні бойы тосқаным.

Балтеңге Шадманова

(81 сөз)

ҚОҢЫР ҚАЗ

Құстардың ішінде қоңыр қазды адам алғаш қолға үйреткен. Жабайы қаздар үлкендігі, түр-сипаты жағынан асыранды қаздарға ұқсас. Балпаңдай басқанымен, олар жерде көп жүреді. Ал ұшқанда тізбектеліп алып немесе сүйір бұрыштанып жылдам ұшады.

Суда олар денесінің артқы жағын, құйрығын жоғары көтеріп отырады. Өте сақ. Қаздар біздің елге сәуір айында келіп, ұясын жұптасып салады. Ұясына үйінді қамыс, шөптерді пайдаланады. Үстіне үлпілдек қауырсындар төсейді. Мамыр айында мекиені сары түсті 4-6 жұмыртқа тауып, оны апта бойы басып жатады. Ал ата қаз оның маңайында жүріп, қауіп-қатерден сақтайды.

(83 сөз)


ӘБУНАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Әбунасыр әл-Фараби – Орта ғасырда өмір сүрген аса көрнекті ғалым, ірі ғылыми зерттеулер жүргізген данышпан.

Философия, медицина, математика, музыка салалары бойынша қыруар ғылыми талдаулар жасаған. Ғалымның ғылыми еңбектерін кейінгі ғұламалар өнеге тұтқан.

Фараби шығармаларының біздің заманымызға жеткені қырық шақты. Бүгінгі жаһандану дәуірінде де ғалымның ғылыми еңбектерінің маңызы зор. Бұлар әлемнің әр тараптағы елдерінің кітапханаларында сақталған және бірталай тілге аударылған. Қазақ ғалымдары зерттеулер жүргізу нәтижесінде ұлы бабамыздың шығармаларын қазақ тіліне аударып, том-том кітап етіп шығарды. Ұрпақтардың Әбунасыр Әл-Фарабиді оқып-білуіне жол ашты .

(Ол кім? Бұл не?)

(82 сөз)



СИЛИНЧИ ХАНЫМ


Қытай жұртында Силинчи деген бір әйел жібек құрттарын абайлап, қарап жүрсе, құрттар өлерінде өзінің өрмегіне кіріп өледі екен. Силинчи сол өрмекті алып, ширатып жіп еседі. Одан жібек орамал тоқиды.

Сол құртқа назар салып қарап жүрсе, тұт деген ағаштың жапырағын жеп күн көреді екен. Силинчи тұт ағашының жапырағын жиып, әлгіндей көп құрт жиып асырап, ақырында, бұл құрттың пайдасын халқына үйретіпті. Жібектің шығатын орнын ең әуелі сол кісі тауыпты-мыс.

Қазір сол Силинчидің өткеніне бес мың жылдай болыпты. Қытай жұрты әлі күнге силинчи ханымның сол ісін ұмытпайды.

Л.Толстой

(85 сөз)



АУРУДАН АЯНҒАН КҮШТІРЕК


Сейіт жол үстінде жүгіріп бара жатып, бір арбаға келіп аңғарусыз соғып кетіп, аяғын сындырып алыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып, таңып жатқанда да дыбысын шығармапты, қабағын да шытпапты. Сонда сынықшы кісі:

  • Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың, - деп сұрапты. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап:

  • Ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп жатыр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, шешемнің жаны онан жаман қинала ма деп сабырлылық қылып шыдап жатырмын, - депті.

(85 сөз)



АҚ ТИІН МЕН ҚАСҚЫР


Ақ тиін бұтақтан бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлайды. Қасқыр қарғып тұрып, оны ұстап алады.

  • Мені жеме, жібер! – деп жалынады ақ тиін.

  • Жарайды, жіберейін. Бірақ сен мынаған жауап берші: неліктен сендер әр уақытты шат болып жүресіңдер?

Сонда ақ тиін:

  • Мені жіберіңіз, сонан соң айтайын. Әйтпесе жүрегім дірілдеп сөйлей алатын емеспін, - дейді.

Қасқыр оны босатады. Ақ тиін ағаш басына шығып алып:

  • Сен, қасқыр, залымсың, залымдық ішіңді жандырады, сондықтан әрқашан қапалы жүресің. Біз ешкімге жауыздық істемейміз, сол үшін де әр уақытта уайым-қайғысыз, шат болып жүреміз, - депті.

(87 сөз)



СӘМБІ ТАЛ

Сәмбі талды інжу тал десе де болады. Біртүрлі мұңайып сізбен сырласқысы келетіндей. Мұңын шаққысы келетіндей. Сәмбі талдың тұқымы осында қалады. Ол сазды жерге бітеді. Көп жуандамайды. Әрі кетсе білектің жуандығындай болады. Бір тамырдан топтанып, шоқтанып алтау-жетеу, одан да көп шыбық тарайды. Жан-жағына көп бұтақ жаймайды. Сыптай болып түзу өседі. Өзі солқылдақ та иілгіш келеді. Киіз үйдің сүйегі осы сәмбі талдан жасалады.

Апыр-ай, табиғат ана шебер-ақ қой! Төрт түлік малдың қамымен көшіп-қонып жүрген қазаққа киіз үйдің сүйегіне арнап дап-дайын сәмбі талды өсіруін қарашы! Кереге, уық, шаңырақ дегендерге таптырмайды.

( 90 сөз)




ЕҢБЕКҚОРДЫҢ ЕСЕСІ ТҮГЕЛ

Бай мен кедей көрші болыпты. Кедей еңбекқор екен. Үйінің жанына мал қора салудан қолы босамапты. Қора болғанда қандай. Жып-жылы.

- Осы сенің есің ауысқан ба? – деп күліпті достары. – Қора салғаның не? Малың сыймай бара жатыр ма?

Кедей миығынан күліпті де қойыпты.

Сол жылы қыс өте қатты болады. Көрші байдың мыңғырған малы суықтан қырыла бастайды.

Ол еңіреп кедейге келеді де:

- Малдарым қораңда қыстап шықсыншы. Аман шықса, көктемгі төлдері сенікі, - дейді.

Кедей байдың сөзіне келіседі. Сөйтіп, көктем шыға оның қорасы малға толып шыға келіпті.

«Қайратты ерге бақ тұрар», «Еңбекқордың есесі түгел» деген мақалдар осындай еңбекқор адамдарға байланысты айтылған болса керек.

(98 сөз)



АЗАМАТ

Азамат қара жіп пен ине тауып алып, шолақ шалбарының жыртылған жерін тігіп келді. Тігілген жерді Балқадиша көріп:

- Әкел, жөндеп тігіп берейін. Қолдан келгенше адамдар бір-біріне қолғабыс етулері керек, - деді.

Нұржан аула сыпырғанда, Азамат қаз-үйрекке жем шашып, су құйып, жеміс-жидек ағаштары мен гүлдерді суғарды.

Ертеңіне әжесі де жетті. Азамат әжесіне Балқадиша мен Қалқаман ағайдың жақсы адамдар екенін айтып еді, әжесі:

- Жақсы азамат бола бастаған, қарағым, сен өзің екенсің. Еңбек ел құрметіне бөлейді. Еріншек адам әрдайым көпшіліктің сыйлауынан, алғысынан құр алақан қалады. Балам, шама-шарқыңа қарай үйренгенің өзіңе жақсы, - деді.

Р.Әбдіқадырова

(91 сөз)




ТҮЛКІНІ АЛДАҒАН ҚАЗ


Түлкі жайылып жүрген бір қазды ұстап алады. Оны біраз мазақтайын деп ойлайды. Қазды алдыңғы екі аяғымен басып тұрады да, мұртынан күліп:

- Е, қаз, сенің қолыңа мен түссем, не істер едің? - деп сұрайды. Қаз сәл ойланып тұрып:

- Сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғымды кеудеме қоямын да, көзімді жұмып: «Құдай, бергеніңе шүкір!» деп жеп қояр едім, - дейді.

- Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай етіп жейін, - дейді түлкі.

Ол қазды тістеп , алдыңғы екі аяғын қусырып, көзін жұмып:

- Е, құдай! –дей бергенде, қаз қанатын қағып-қағып ұша жөнеледі. Түлкі аузын ашып, шоңқиып қала береді.

(92 сөз)



ТҮЛКІ МЕН ТҮЙЕ


Түлкі тоғайда түйені көреді. Денесі ойқы-шойқы, олпы-солпы екен. Осыдан бірдеңе түсіп қалар деп алыстан аңдып жүреді.

Бір күні түйе өзеннің арғы жағына өтеді. Оны бақылап тұрған түлкі:

  • Уа, түйе, су терең бе екен? – деп сұрайды.

  • Терең емес, тізеден ғана.

  • Тізеден ғана болса, таяз екен, - деп түлкі суға түседі де, арғы жағаға қарай жүре бастайды. Әрі қарай жүрген сайын батып, қылғынып бара жатады. Сол кезде түлкі түйеге айғай салады:

  • Тізеден дегенің қане, мен батып барам ғой!

  • Е, сенің тізең мен менің тізем бірдей ме? «Әлін білмеген әлек» деген осы, - дейді түйе.

(92 сөз)



ЕКІ КІТАП

Бір жолаушы екі кітап тауып алды. Біріншісінің қалыңдығы екі қарыс. Екіншісі сіріңкедей ғана кішкене әрі жұқа. Қария екі кітапты таразыға салып өлшеді.

Қария басын шайқады да:

  • Сені жазған кім, үлкен кітап? – деп сұрады.

  • Мені мылжыңбай деген біреу жазды. Отырды да, ойына келгенін жаза берді, - деді.

  • Ал сені кім жазды, кішкене кітап?

  • Мені ғұлама білгір жазды. Ол көп жыл еңбек етіп, сөз асылын ғана хатқа түсірді, - деді.

  • Міне, енді ұқтың ба? – деді қария жолаушыға. – Мына кітапта ақылдының асыл сөзі ғана бар. Ал мына кітаптың іші толған бос сөз. Сондықтан жеп-жеңіл. Мағынасыз сөзде не салмақ болсын!

М. Етекбаев

(95 сөз)




Суретші аспанмен астасқан Алатаудың көк-жасыл шыршасы сіресе өскен жайпақ қапталдың етегіне өрлеп барып тоқтады. Айналасындағы әсем көріністерге сұқтана қарап біраз тұрды. Таза ауамен кеудесін кере тыныс ауған суретші керме тақтайын қарсы алдына жайды. Қобдишасынан бояуларын, қыл қаламдарын алды. Суретші назарына сылқым қайың, сылаң қарағай көмкерген сұлу таудың ғажайып келбеті бірден ілінді.

Әсемдікті айнытпай сызудың жүйесін тапқан ол жұмысына құлшына кірісті. Ақ жібек жейдесінің тамақ түймелерін ағытып, кеудесін ашып тастады. Жұмысына бүкіл зейінін салып, алаңсыз, ынтамен құштарлана кірісті.

Жаратылыстың ең ізгі асыл қасиеттері, тау –тастың сұлу келбеті болжымай қағаз бетіне түсіп жатты.

(92 сөз)



ТҮЛКІНІ АЛДАҒАН ҚАЗ


Түлкі жайылып жүрген бір қазды ұстап алады. Оны біраз мазақтайын деп ойлайды. Қазды алдыңғы екі аяғымен басып тұрады да, мұртынан күліп:

- Е, қаз, сенің қолыңа мен түссем, не істер едің? - деп сұрайды. Қаз сәл ойланып тұрып:

- Сені тісіммен тістеп тұрып, екі аяғымды кеудеме қоямын да, көзімді жұмып: «Құдай, бергеніңе шүкір!» деп жеп қояр едім, - дейді.

- Мынауың дұрыс екен. Мен де сені өзің айтқандай етіп жейін, - дейді түлкі.

Ол қазды тістеп , алдыңғы екі аяғын қусырып, көзін жұмып:

- Е, құдай! –дей бергенде, қаз қанатын қағып-қағып ұша жөнеледі. Түлкі аузын ашып, шоңқиып қала береді.

(92 сөз)





ТҮЛКІ МЕН ЕШКІ


Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда терең апанға түсіп кетеді. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп апанға кез болады. Түлкіні көреді.

  • Ей, түлкі батыр, онда не істеп тұрсың? – дейді.

  • Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі шөлдеп, әрі ыстықтан өліп едім. Апанның іші салқын, түбінде тұп-тұнық суы бар екен, - депті.

Мұны естіген ешкі: «Мен де салқындайын әрі су ішейін», -деп ойлап, секіріп апанға түседі. Ал түлкі секіріп ешкінің үстіне шығады. Онан мүйізіне шығады. Онан ырғып далаға шығып, жөніне кетеді.

«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген нақыл сөз осыдан қалыпты.

(95 сөз)



НАУРЫЗ КӨЖЕ

(аңыз)

Баяғы заманда Қазақ деген қарттың Алаш, Наурыз деген екі ұлы болады. Алаштың балалары ер жетсе де, Наурыздың баласы болмайды. Наурыз қартаяды, өлерінде алаштың балаларын шақырып алып, өсиет айтады: «Менің артымда бала қалмады. Сондықтан мені ұмытпай айтып жүру үшін жылына жыл басында бір қазан ас құдайы беріңіздер. Оны «Наурыз келді», «Наурыз көже» деп атасаңдар, менің атым жойылмас депті.

Алаштың балалары Наурызды еске сақтау үшін әрбір жыл басында, жер жаңарғанда, тоғызыншы-жиырма екінші наурыз аралығында садақа көжесін беретін болыпты.

Міне, осы күнге дейін Мұсылмандар көктемде «Наурыз келді» деп, наурыз көже ішетін болыпты. Әлі де Наурызды ұрпақтары ұмытпай келеді.

(96 сөз)


ЕКІ ӘТЕШ

Ертеде бір кемпір-шалдың екі әтеші болған екен. Олар қолдарына түскен жемдерін сол әтештерге беріпті.

Бір күні кемпір құстарына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер жүгіріп келеді. Шұбар әтеш қасында жүрген досынан жемді қызғанып, бергісі келмейді.

  • Шіркін, мына жемнің бәрін жалғыз өзім жеп, бір тойсам-ау, - деп ойлайды.

Сөйтіп шұбар әтеш қасында сұр әтешті қайта-қайта шоқып жем жегізбей, мазасын алады. Ақырында сұр әтеш ызаланып, шұбар әтешті шоқып алады. Осыдан соң екі әтеш жүндері үрпиісіп, төбелесе кетеді. Ееуінің де үсті-басы жұлым-жұлым болады.

Бұлар таласып жатқанда көрші үйдегі тауықтың балапандары екліп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.

(96 сөз)



Ана тілі - ұлттықтың, елдіктің ең соңғы қамалы.

Ана тілі жөнінде айтылатын аталы сөзді, жан- жүйеңді тебірентер терең ойды парасатты пікірді, бейнелі де әсерлі теңеуді, ризалық сый-құрметті, перзенттік парызды, қоғамдық бағаны халықтың өзі берген.

Бұл – тілді мақтаудан, марапаттаудан туған жай дүние емес, өмірдің қайнар көзінен шымырлап шыққан шындық, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тәжірибесінің түйінді қорытындысы.

Халық тілдің құдіретін тым ерте байқаған. Тілді тылсым құбылыс деп танып, пір тұтқан.

Ана тілдің тізе бүгіп, бас иетін киелі қасиеттері ұшан-теңіз. Тек оны сезіне білетін үлкен жүрек, бағалай білетін парасатты азамат, көкірегі ашық, көңілі дар қан жан керек.

Тіл – халықтың рухани байлығы. Ана тілін білмеу - ананы құрметтемеу.

( 97 сөз)




АТ ҚОЙҒЫШ ӘЖЕ

Жасы алпыстан асқан әжемде бір қызық қасет бар. Атасына, енесіне, қайнағасымен қайнына, абысыны мен келініне, әзілі жарасқан құрдасына ойнақы ат ойлап таба қояды. Бұрын ауылдық кеңестің төрағасы болған Алдан деген атасына "Ауылнай ата" деп ат қойыпты. Қасқырбай атты қайнағасын "Қандыауыз қайнаға" дейді екен.

Әжем өзіне еркелеп жүретін қайындарының бірін "Сұлу мұрт", екіншісін "Бұйра бас" деп атайды . Жеңілтек мінезді Салықбай деген құрдасын "Су жұқпас" дейді.

Әжемнің кенже келінінің аты – Ақыл. Бұл енесінің аты болғандықтан, әжем оны "Кемеңгер келін" дейді.

Ат қоюдан біз де құр қалмадық. Әжемнің маған қойған аты - "Бота". Менен үш жас үлкен ағамды "Тайлақ" деп шақырады.

(97 сөз)



АСЫЛ ШӨП

Зылиқа мен Батима деген біреудің екі қызы төбелеріне бір-бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға сатуға келе жатыпты. Зылиқа аһлап, үһлеп, шаршадым деп, жүре алмапты. Оған Батима күліп, әзілдеп келе жатыпты. Сонда Зылиқа Батимаға былай депті:

  • Сен қалай мәз болып, сонша қуанып келесің. Төбеңдегі жәшіктің ауырлығы менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің.

  • Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір асыл шөп салдым, - депті Батима.

  • Ай, ондай болса, шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырды жеңілдетейін, - дейді Зылиқа.


  • Ол шөп сенің қолыңа түспес деп қорқамын, ал ол шөпті іздегің келсе, ол шөптің аты «қажырлы еңбек» деген шөп, - депті Батима.

(98 сөз)



ҚЫЗ БЕН ДАРИЯ

Жел әлі арғы беттен еді. Толқындар жағаға бұрынғыша шылп-шылп соғып жатты. Қыз бұрқырап аққан дарияның желді күнгі күйін тыңдады. Ол дария жағасында талай рет болған. Бірақ, дәл қазіргідей зер салып тыңдамапты.

Дария бұған белгісіз үнмен тіл қатып жатқандай. Оның, не деп жатқанын да түсінді. Көңілі жақын беймаза үннен дарияның өзін сағынғанын, өзінің дарияны сағынғанын сезінді.

Арғы беттен соққан жиде гүлінің иісі келді. Өзін рақат сезімге бөлеген жұпар ауаны Сарықыз құмарта жұтып, мейірі қанғанша иіскеді. «Ендігі бір келгенде Балабекті ерте келермін», - деп ойлады ішінен.

Қыз тәтті қиял құшағында жатып, кенет әкесін ойлады. Әкесі есіне түскен сәтте қолындағы жыртылған суретке қарады.

( 99 сөз)



АЮ ЖӘНЕ БӨРЕНЕ

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекейі шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Ары серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда, аюдың басына сарт ете қалады. Қара күшке сенген ожар1 аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итереді. Өз салмағымен қайта оралған бөрене аюдың басына тағы да сарт етеді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю бар күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсіреді.

(100сөз)



4-сынып І жарты жылдық


ТҮЛКІ МЕН ҚҰМЫРА

Егін ора келген шаруа сүт құйып алып шыққан құмырасын шөптің арасына тығып, өзі алқапты аралап кетеді. Бұны сол маңда жортып жүрген түлкі көріп қояды. Оңтайлы сәтті пайдаланып, бұғынып келеді де, құмыраның ішіне басын тығып жіберіп, сүтті түк қалдырмай ішіп алады. Енді басын шығарайын десе, басы кептеліп қалыпты. Ол құмыраны түсіре алмай, әбден әуреге түседі. Дегбірі кеткен түлкі:

  • Әй, құмыра, біраз ойнадың, жетер енді, жібер менің басымды,- деп жалына бастайды.

Жұлқынса да, жалынса да басы шықпайды. Сонда ол ашуланып: «Қап, бәлем, тұра тұр! Жақсылықпен жібермесең, суға батырамын» деп жүгіріп келіп, өзенге күмп беріпті. Сөйтіп ашқарақ түлкі құмырамен бірге суға батып кетіпті.

(100 сөз)



ҚОС КӨГЕРШІН

Былтыр Дәуренбекке жолдасы қос көгершін берді. "Жырақта жүргенде бұлар саған серік болуға жарайды", - деді ол. Бірі – ақ, бірі – көк. Екеуінің сұлу сымбаты кімді болса да қызықтырардай. Дәуренбек қашан үйреніп кеткенше, көгершіндерін темір торда бақты. Бір күні екеуін далаға алып шықты.

Кенет алай-дүлей жел тұрып, шаң-тозаңды аспанға көтерді. Қос көгершінді де ұршытай үйіріп ала жөнелді. Көгершіндер көкала шаңмен бірге кетті. Дәренбек көгілдір аспанға көз тігіп, көгершіндерін күтумен болды.

Көп ұзамай ашық аспанда қатар самғап ұшып келе жатқан ақ көгершін мен көк көгершіннің қарасы көрінді. Олар үйдің шатырына қонды. "Жарайсыңдар, қанатты достарым!" – деді қуанып Дәуренбек көгершіндеріне қолын созып.

Олар өздерінің иесінің қолына, иығына қонды.

(104 сөз)

ӨРМЕКШІ, ҚҰМЫРСҚА, ҚАРЛЫҒАШ

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:

  • Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?

  • Көремін өрмек тоқып жүр.

  • Анау құмырсқаны көремісің?

  • Көремін, аузында бір нанның ұнтағы бар, жүгіріп кетіп барады!

  • Жоғары қара, аспанда не көрінеді?

  • Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.

Сонда атасы айтты:

- Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған ғибрат. Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның ұнтағын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек. «Еңбек етсең-емерсің», деді.

Ы.Алтынсарин

(101 сөз)

МАҚТАНШАҚ БҰҒЫ

Ыссы күндердің бірінде әсем мүйізді бұғы бұлақтан су ішеді. Су бетінен өзінің дидарын көріп, көңілі тасып:

  • Апырмай, мына мүйіз не деген әсем! Өз басыма да жақсы жарасыпты. Тұрпатсыз тұқыл мүйіз хайуандар қалай күндейді екен мені көргенде. Мұндай сымбатты мүйіз жер бетінде тағы біреуде бар ма екен, сірә, - депті мақтанып.

Кенеттен дабырлаған дауыстар, иттің үргені естіледі. Тазы еркен үш аңшы орманнан сау етіп шыға келеді. Бұғы да зыта жөнеледі, бірақ біраз қашқан соң, күтпеген жерде мүйізі ағаштың бұтағына ілініп қалады. Ары жұлқынып, бері жұлқынып, босана алмаған бұғыны қуып жеткен иттер тарпа бас салып, алып ұрады. Аңшылар жетіп келіп, бұғыны бауыздап жібереді. Сонымен теңдесіз сұлу мүйіздер бұғының қазасына себеп болған екен.

(109 сөз)

ҚАРАЖОН

Күн табының жылылығы молайған. Жер бетін басқан көгілжім мұнар арасынан төбесімен аспанды тіреген ұлы таулардың сұлбасы қарауытады. Бұл -көгілдірленіп бір қиырдан көз тарататын ақ бас таулармен ұласып жатқан Қаражон жотасы. Сайдағы судан көмей алып, тау бөктерін сағалай қазылған көне арықтың, кей қойнаулардағы егіс атызының ізі әлі өшпеген. Бұл - ерте заманда-ақ осы өңірде астық егіліп, бидай өсірілгенінің айғағы.

Қаражон – қазір де бидай егілетін алқап. Қаражонның бидайы бітік өседі. Дәндері баданадай толық. Бірде-бір кәтек дән кездеспейді.

Сіреу қары босағанымен, саздауытқа ұқсап былқылдап жатқан Қаражонның төсіне күннің көзі себілгеннен-ақ адамдар илеуден өрген құмырсқадай құжынай қатпайды.

Топырақты баптап, мәпелеп егін егеді. Күз түскенде, жанына нәр беретін азығын жинап алады.

( 106 сөз)



НЕЛІКТЕН БҰҒЫ МҮЙІЗІН ТАСТАЙДЫ?

Бұғы – көру қабілеті жоғары, есту және сезу функциялары қатерлі қауіпті жылдам сезетін жануар. Ол мүк, суда өсетін өсімдіктер, ағаштың қабығы және бүрлерімен қоректенеді. Бұғының ең негізгі ерекшелігі – мүйізі, оның іші бос емес, қыс сайын бұғылар мүйіздерін тастап отырады.

Өмірінің алғашқы жылы бұғының маңдайында кішігірім ғана екі томпақ мүйіздің «бастамасы» пайда болады. Көктемде олардан мүйіз шығып, жаз бойы өседі. Мүйіз өскен сайын сезімтал «бархат» деп аталатын терімен қапталады, оның үстінен мүйізді қоректендіретін және сүйегін қатайтатын қан тамырлары өтеді. Мүйіз толығымен өскенде қан айналымы тоқталып, оның бастамасында сақиналар пайда болады. Содан кейін бұғының мүйізі құрғай бастайды да, соңында түсіп қалады. Көбінесе бұғы мүйізімен ағашқа сүйкеледі, бұл, әрине, оның тез түсіп қалуына әкеледі.

(108 сөз)

Он алты қанат ақ ордада отырса да, ханның жаны жай татар емес. Жатса да, тұрса да құлағы түрік, ұйқысы сергек. Өзі ат жалын тартып мініп, сауыт кигелі жоңғар хандарымен жағаласып келеді. Әкесінің хандық дәуірінен бері қалмақтап ұры итше сумаңдап, елінің іргесінен кіреді де, бейқам жатқан халыққа қасқырша шабады. Мемлекетінің іргесін бекемдеп, гүлдендіруді қанша ойласа да, жауы жағаласып, тыныштық бермей келеді.

Жақында жоңғар ханының қол жинап, күш қарап жатқан хабарын алды. Өзінің халқына жар салып, жасақ жинай бастады.

Жауынгерлердің шынайы сенімін жігерлендірген, рухын өсірген қазақ ханы ақ боз атын ойқастата самсаған қолды бастап ілгері жылжыды. Соңынан ерген сарбаздардың сәйгүліктері де жайтаңдай аяңдайды.

Жел шайқаған жібек тулар мен жалаулар желбірей сусылдайды.

( Қ. Толыбаев)

(109 сөз)


БОЗТОРҒАЙ

Биыл Қызылкесікке көктем ерте келді. Жаңбыр көп жауып, ылғал мол болды. Егін де бітік шықты.

Орылған бидайды тасу үшін қалың шөпті жапыра жол салмақ болды. Дәл сол тұстан бозторғай ұша жөнелді. Құс ұшқан жерді барып қарасақ, бозтоғайдың ұясы бар екен. Ұяда бес-алты жұмыртқа жатыр.

Бозторғай шырылдап ұяның айналасынан ұзап кетпей ұшып жүр.

Ұяны бұзбай, аялай көтеріп, жолдың екінші жағындағы алыстау шалғынның арасына апарып қойдық. Бозторғай ұясының айналасын жөндеп, жұмыртқаларын тұмсығымен ыңғайластырған соң, жаны жай тапқандай болды.

Бозторғай біздің жақсылығымызды сезгендей, ұясының шетінде шоқиып отыр. Ол өзінің шиқ-шиқ еткен үнімен: "Рахмет саған, қайырымды адамзат. Бұл жақсылығыңды өмірі ұмытпаспын. Мен де ұрпағымды өрбітіп мәре-сәре болатын болдым", - деп бізге алғыс айтқандай.

(112 сөз)

ГҮЛДЕСТЕ

Жаңа оқу жылы. Мектеп алаңы оқушылардың көңілді шуына толы. Қолдарында гүлдесте мен сөмкелері бар ұстаздарын күтіп балалар тұр. Алтыншаш сөмкесін ұстап, оқушылардан оқшауланып бөлек тұрды. Оның қолында гүлдесте жоқ болатын. Жуықта Монғолиядан көшіп келген, оқушылармен танысып та үлгермеген еді. Сәния ғана Алтыншашпен

танысқан. Оның үйінің жанындағы үйге көшіп келген. Алтыншаштың қасына келіп:

- Неғып тұрсың, жүр? – деп оқушылардың арасына алып келді. Сәния Алтыншашты оқушыларға таныстырды. – Алыстан келген бауырымыз. Бізбен бірге оқиды. Гүлдесте жасап берейік, - деді. Оқушылар келісе кетті. Әрқайсысы өздерінің гүлдестесінен бір-бірден гүл алып берді. Сәния бәрін қосып, гүлдесте жасап еді, әп-әдемі болып шыға келді. Бәрі Алтыншашты ортаға алып, Сәния гүлдестені қолына ұстатты. Ол көңілденіп қуанып кетті.

Айса Хамзеұлы

(108 сөз)


МЕЙІРІМДІ БАЛА

Қытай жұртының ескі заңы бойынша біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кеседі екен. Бір төре осындай іспен кінәлі болып, әлгі айтылған жазаны өтеуге тұрғанда кінәлі төренің жас қыз баласы:

  • Әкем үшін жауап беремін, - деп ханға мәлім болыпты. Қызды патшаға алып келеді.

  • Тақсыр, - дейді қыз, - менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айырылу керек болды. Мінеки, тақсыр, әкемнің қолы, - деп өзінің қолын көтерді. Менің бұл қолымда жазық жоқ, жазықты болған атамның қолы, бірақ менімен салыстырғанда ол бала-шағаларын асырау керек. Бұйырыңыз, тақсыр, ол қолын кестіріп, жұмыссыз қарап отырса, бала-шағаларын кім асырайды. Сондықтан бала-шағаларын асырайтын қолын қалдырыңыз.

Патша баланың атасына, жас туғандарына мейірімділігінің мұнша күштілігіне рақымы түсіп, төренің күнәсін кешіріпті.

(112 сөз)

Қандай іске кіріссең де, қолың таза болсын. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ел болуды ойлаңдар. Бақтығұл ала қол, арамза билерден көп қысым көрді. Ас ішер алдында қолыңды жу. Рахмет бұл жердің сай-саласын бес қолдың саласындай біледі.

Бұл үшін өгей өмір басталды. Өмірі өгей әкенің қабағына жалтақтаумен өтіп жатыр. Жат жердің ой- шұқыры көп: өгей өңір, өгей өлке.

Бұл алқапқа ел қонып, от жақпаған. От ауызды, орақ тілді шешен, домбырашы жігіттің жанары от шашады.

Қуаң даланың кескініне өң кіргендей. Қоңыр күз, қуаң дала. Жаздың басы қуаң болып тұр. Нұрлы беті қуаң тартып кетіпті.

Ақындарға зор мәртебе көрсетілді. Ана баласынының мәртебесіне көтеріліп қуанды. Ақанның ел арасында мәртебесі биіктей түсті.

(114 сөз)


ӘҢГЕЛЕК

Бақша ауылдың оңтүстігінде болатын. Тал түс. Күн шыжып тұр. Түс кезінде Дәукен атай қамыс күркесінде тынығатын. Екі баланың арыққа түсіп, қауынға беттегенін қарттың көзі шалып қалды.

Қарт кешкісін иісі бұрқыраған бір әңгелекті үйіне ала қайтты. Дәукен қарт:

- Әй, балалар, мында келіңдер! – деді. Бірақ балалары жуымады.

- Келіңдер бері, біздің әңгелек пісті. Ал, айналайындар, жеңдер! Алыңдар! Ұялмаңдар! – деп Дәукен қарт жарылған әңгелектен өзі бастап, бір тілім алды. Екі бала қолдарына алған тілімдерін тістелеп ұзақ жеді. Содан соң дастарқанға қайтып қол созбады.

- Тойдыңдар ма? Неге жемейсіңдер? – деп сәл жымиды да қойды.

Арада жарты сағат өткен жоқ, есіктен екі бала көрінді. Қолдарында бір тілігі алынған көк әңгелек.

  • Е, бұл не? – деді қарт.

  • Ата... біз.. кешіріңіз, - деді дауыстары қалтырап.

Н.Серәлиев.

(114 сөз)

ЕРМЕН

Ел жайлаудан қайтып, етекке түскен кез. Қыр –қырға егілген астыққа орақ салынған. Орақшылардың артында текше-текше дестелер тізбектеліп, баулар сап түзеп қалып жатыр. Баулар астықты қырманға тасуға қолайлы.

Пішен шабындықтары шөмеле болып үйіліп жатыр. Жер бетінің сары бояуы басым. Боз жусан, ақшыл ебелек, бойшаң ермен өскен өңірлердің түсі бозғылт.

Бір күні әкем жұнттай семіз нән серкені ұстап әкелді де, бата жасап бауыздап, етін тай қазанға бұзбай салдырды.

Ешкілер күзде ерменді көп жейді. Ешкі етінің емдік қуаттылығы осы ерменге тойған кез. "Ерменді жерде ер өлмес", «Ешкінің еті - жел, сергештің еті – ем» деген ұғым халық арасына кең тараған. Ермен дәмі сіңген ешкінің етін ем санаған қазақ баласы азынаған аязға ықпайды, сықырлаған суыққа тоңбайды, шілденің қайнаған ыстығына күймейді

( Қ. Толыбаев)

(115 сөз)

ҚАСИЕТТІ АДЫРАСПАН,

СІЗДІ БІЗГЕ БЕРДІ ӘЗІРЕТ ОСПАН

Адыраспан жаз айларында, далалы жерлерде өсетін өсімдік. Бұл өсімдіктің қасиеттілігі сондай, адамды тіл-көзден сақтап, үйді зиянды қуаттан арылтады. Сондықтан да адыраспанды атам қазақ киелі санап, үйдің кіре берісіне іліп қояды. Адыраспанды тек жұма күндері ғана жұлады. Жұлар алдында «Қасиетті адыраспан, сізді бізге берді Әзірет Оспан» деп айту керек. Себебі, Мұхаммед пайғамбардың төрт сенімді серіктерінің бірі Оспанды бір қатерден алып қалған екен. Оспан жолдастарымен бір жиында отырғанда, жаулары байлаулы тұрған аттарын босатып жіберген, сонда олардың жан-жаққа бытырап, жоғалып кетпеуіне осы адыраспан себеп болыпты. Оспанның атының шылбыры бір түп адыраспанға оратылып қалыпты. Басқа аттар сол араға келіп, жиналып тұрған. Сонда Мұхаммед пайғамбар Оспанға : «Сенің құрметің үшін осы шөпке киелі қасиет дарыды», - деген екен. Содан бері адыраспан өсімдігі киелі саналады.

(120 сөз)

КЕПТЕР МЕН ҚАРҒА

Бір кептер үлкен қайыңның бұтағындағы қалың жапырақтың арасында бейқам отыр еді. Жоғары жағындағы бұтаққа жалпылдап кеп қара қарға қонады. Сонан соң мойнын бір жоғары, бір төмен созады. Өңешін қырнап, қарқылдай бастайды.

Қарғаның барқылдақ даусынан кептердің құлағы бітеді. Басы зеңіп, мазасы кетеді. Сонда да өзі білер деп, үндемей шыдап бағады. Бірақ қара қарға қарқылдауын тоқтатпайды. Денесі түршігіп, берекесі кеткен кептер:

- Оу, қарға! Таң атқалы балапандарыма жем тасып шаршадым. Мына қайыңның саясында аздап дем алайын деп отыр едім. Мүмкін болса, қоя тұршы, мазаны алмай, - деп өтінеді.

Өзінің әніне кептердің түсінбегеніне қарғаның қабағы түсіп кетеді. Тұмсығы сорайып, кілмие қарайды да:

- Ей, шаршап отырғаныңда көңіліңді көтерейін деп, әдейі сайрап отырған жоқпын ба? – дейді.

Кертер өз өтінішін ұқпаған қарғаға таңдана қарайды да, әрі ұшып кетеді.

(120 сөз)

БАЯНАУЫЛ

Бұрынғы өткен заманда байлығы мен аты әлемге жайылған Қарабай деген бай болыпты. Оның ай десе аузы, күн десе көзі бар Баян деген сұлу қызы болған екен.

Әсемдігі, көріктілігі алты алашқа толық тараған Баянды айттырып алғысы келетіндердің саны күн санап көбейе түскен екен. Бірақ күйеу болғысы келген жігіттерді менсінбей, қайтара беріпті.

Абыр-сабырдан мазасы кеткен Қарабай осындай істі өткізудің басқаша жолын қарастырады. Сөйтіп өзінің Аякөзден Түменге дейінгі аралықты алып жатқан жайлауының орта тұсы деп, тамаша жер жаннаты тәрізді өлкеге Баянның ауылын қоныстандырады.

Сөйтіп ендігі келушілер осы ауылға ат басын тірейтін болған. Күнде ойын-сауық, қызық думан өткізіліп тұрыпты.

Баянды көргісі келген бозбала жігіттер сол ауылды сұрастырып іздегенде: «Баянның ауылы қайда? Баянауыл қайда?» - деп сұрасыпты. Сөйтіп, осы бір табиғаты көркем өлке Баянауыл атанып кетіпті дейді.

(123 сөз)

ЕРРБОЛДЫҢ ҚУАНЫШЫ

Ерболдың бар есіл-дерті - коньки. Түнде жалт-жұлт етіп түсіне де кіреді. Алаңсыз ойнап жүріп, конькиі жоқтығы есіне түссе, көзіне мөлт-мөлт жас та келіп кетеді.

Ауылда коньки жалғыз Зұлқарнайда ғана бар. Балалар анда-санда оның конькиімен кезектесіп сырғанайды. Жалт-жұлт еткен мұз бетінде конькимен зу-зу етіп сырғанау – бір бақыт.

Ауыл кітапханасында істейтін анасы бүгін қаладан Ерболға коньки ала келуге уәде берген. Міне, гүр-гүр еткен ұшақтың да үні естілді.

Үйге кірген анасы Ерболдың қолына су жаңа конькиді ұстата берді.

Қолындағы затын тарс еткізіп жерге тастай салған Ербол конькиді тас қып құшақтап алды. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, ауыл шетіндегі көлге қарай құстай ұшты.

Келді де, тұрып қалды. Су бетінде сылқ-сылқ күліп толқын ойнап жатыр. Жағасында сып-сып еткен шүрегей, барқ-барқ жүзген үйректер.

(121 сөз)


ТЫШҚАНДАР МӘЖІЛІСІ

Еденнің астын мекендеген тышқандар кеңес ашыпты. Кәрі тышқан сөз бастапты:

- Қадірлі достар! Қысқа өмір мысықтан қорқумен өтуде. Тіпті тастай қараңғы түннің өзінде асханаға емін-еркін кіріп, қалаған тамағымызды жеуден қалдық. Мысық түнімен көз ілмей, бізді аңдумен болады. Тіршілігімізді қайткенде қауіпсіздендіре аламыз, осы мәселе туралы кеңеселікші! – депті.

Жиналған тышқандар қалың ойда қалған шақта, тыныштықты бала Тышқан бұзады:

- Алайқай, сүйінші! Оның жолын мен таптым. Тура мысықтың ініне қоңырау құрып қоялық, мысық інінде қозғалған кезде, қоңырау шылдырлайды да, бізге белгі береді. Сонда қоңыраудың үнін ести сала, тығылып қаламыз. Жас тышқанның тапқырлығы мәжіліске қатысып отырғандарға өте ұнайды. Тек кәрі тышқан біраз ойланып, тағы да сөз алады.

- Ұсыныс өте жақсы, орынды. Иесіне ризашылық білдіреміз. Алайда, сол қоңырауды мысыққа батылы барып кім байлайды, соны білгім келеді, - депті ол.

(121 сөз)



ҚҰСМҰРЫН

Қазақ халқының ұлы ғалымы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кіндік қаны тамған Құсмұрын бекінісінің ескі жұрты қазіргі Қостанай облысы Семиозер ауданы «Шөптікөл» совхозының бөлімшесінен үш-төрт шақырым жерде.

Шоқан туған Аманқарай дуанының осында ауысуына орай жаңа дуан да Құсмұрын болып аталып кеткен. Шоқанның әкесі майор дәрежесіндегі Шыңғыс Уәлиханов, сол кездері Құсмұрын дуанының аға сұлтан болған, «Қара шаңырақ» иесі атанған.

Өз шаңырағының, қала берді, бүкіл Уәли әулетінің мұрасы – Уәли ханның сауыты мен дулығасын Шыңғыс 1865 жылы Орыс география қоғамына тарту еткен.

Ата дәстүрі бойынша құрылтайға Шыңғыс ұрпағымен қатар, әр руда жұрт тұтқасын ұстаған ақсақалдар, ұлыстағы түменбегі, мыңбегі батырлар, жорық, қауға күндерінде айрықша көзге түскен жалаң қылыш ерлер де келген. Етегі шұбатылған шекпен


сыртынан бадана киіп алыпты. Тозған шаруамызды түзейміз деп бес жүзаламан атқа қоныпты.

(122 сөз)



ҚАБАНМЕН АЙҚАС

Атын баптап мініп, қару-жарағын ұстауға әдеттенген Ерасылдың он үш жастан асқан кезі. Күзді күні, қысты күні саятшылық құрып, аң-құс аулауға дағдыланды. Садақ тартып, мергендікті де игерді.

Күн салқын тартқан. Ел жайлаудан ойға қарай бет алып, бүгін Майлытаудың сайын құлдаған. Кенет көш басындағы түйе жетелеген егде әйелдердің үрейлі дауыстары еміс-еміс естілді. Атын тебіне алға шыққан Ерасыл үй орнындай алаңқайда айбат шегіп көлденең тұрған танадай қабанды көрді. Ерасыл атынан қарғып түсті де, көші-қон кезінде қолынан тастамайтын найзасын кезеніп, ілгері жылжыды. Көзі тесірейіп,

түгі тікірейген қабан аузын ақситып тап берді. Ерасыл өзіне қарсы атылған тағыны көз ілеспес жылдамдықпен түйреп алды да, басынан асыра лақтырып жіберді. Шыңғырып гүрс еткен қабанның ішек-қарыны ақтарылып жатты. Ерасыл ортекедей ойнақтаған Керқұласын жетелеп ілгері жүре берді.

(122 сөз)



ЛҰҚПАН ХАКІМ

Лұқпан хакім қарыз сұрап келген кісінің бетін қайтармайтын еді. Бір күні бір кісі келіп, мың алтын алады. Іштей: «Қарызын бермей кетейін» деп ойлайды. Жолда бара жатып, бір жерге дем алады. Сол кезде бір құс келіп, жатқан түйіншекті іліп ала жөнеледі. Құс Лұқпан хакімнің үйінің төбесінен ұшып бара жатқанда, түйіншегі жерге түсіп кетеді.

Қарыз алған кісі Лұқпан хакімге қайтып келеді, тағы мың алтын беруін өтінеді. Ішінен: «Егер осы жолы берсе, мың алтынын екі мың қылып қайтарамын-ау» деп ойлайды.

Лұқпан сұрағанын береді. Алтын алған кісі сауда жасап, мың алтыннан он мың пайда көреді. Лұқпаннан алған қарызын екі есе қайтарады. Сонда Лұқпан хакім: «Бірінші алғанда бермей кетейін деп арамдық ойлап едің, ол саған бұйырмады. Екіншіде адалдық ойлап едің, пайда таптың. Бұдан былай қара ниет болма», - дейді.

(123 сөз)



ПІЛ МЕН ТЫШҚАН

Ерте, ерте, ертеде піл мен тышқан дос екен. Күндердің бірінде екеуі бірлікте егін салып, астық жинапты. Қамбадағы астықты пілдің иеленіп алуынан


қорыққан тышқанның ойына арамдық еніпті. Ол қамбадағы астықтың астынан ін қазып, астықты жер астындағы өз қамбасына таситын болыпты. Әр күні түнде піл ұйқыға кеткен кезде, тышқан ұрлық істейді екен.

Бір күні қамбадағы іннің аузын байқап қалған піл, оны бітеп тастаса, ертесіне тағы да ашылып қалыпты. Тышқаннан сұраса, ол:

  • Мен емеспін, көрген жоқпын, - деп зар-зар етіпті.

Ақыры тышқан бүкіл астықты ұрлап тауысыпты. Бар пәленің тышқаннан келгенін енді ғана сезген аңқау піл ашуы келіп, оған тап беріпті, қуып жетіп, табанымен таптап өлтірмекші болғанда, тышқан інге кіріп, құтылып кетіпті. Осылайша олардың достығы жаулыққа айналыпты. Күні бүгінге дейін пілдің тышқанның інін көрсе, табанымен басып тұрып алатыны сол өшпенділіктен қалған екен.

(Жәди Шәкен)

(126 сөз)


ҚАЙДА БАРДЫМ, НЕ КӨРДІМ?


Ойын бастаушы:

«Қайда бардым, не көрдің?»

Деген ойын бастайық.

Зерек болса егер кім,

Бәйгені алсын қасқайып,

Бардың дейік орманға,

Не бар екен ол маңда?

Көргеніңді баянда,

Іркілме де, қорғанба.

Көрдің бе:

Гүл, құрақты,

Тал мен қайың,

Бұлақты.

Бәрін,бәрін тізбелеп

Жауабын бер сұрақтың.

Ойын басталды.

Ойын бастаушы:

- Жазда барып өзеннің,

Жағасына бөгелдім.

Кім айтады, кәнеки,

Мен ол жерден не көрдім?

Балалар: - Су ,тас, құм, шалғын,гүл, тал т.б.

Ойын бастаушы:

-Қыста барып өзеннің жағасына бөгелдім.

Кім айтады, кәнеки,

Мен ол жерден не көрдім?

Балалар: - Қар, мұз, тас, тал т.б.

Ойын бастаушы:

- Жазда тауға өрмелеп,

- Шаршап, талай бөгелдім.

Жан-жағыма мен кенет,

Қарап едім,

Не көрдім?

Балалар: - Тас,гүл, шөп, қарағай, өзен, көл,... т.б.

Ойын бастаушы:

- Айтшы, Мұрат,

Жаңылма,

Не көрдім мен тағы да?

Мұрат:

-Аспан,құз, күн,шырша...

Ойын бастаушы:

- Бәрекелді, Мұратжан,

Сүрінбедің сынақтан.

Мен тағы не көрдім,

Нақты жауап берер кім?

(128 сөз)



БАҚША АҒАШТАРЫ

Жаздың бір әдемі күнінде, таңертең бір бақшашы баласымен бақшаға барып, жеміс ағаштарын көріп жүрді. Баласы әкесінен:

  • Әке, мынау ағаш неге түп-түзу, ал мынау ағаш неге қисық? – деп сұрапты. Әкесі:

  • Оның себебі, балам, анау ағашты күткен, суарған, қисық бұтақтарын кесіп тастап, ертелі-кеш тәрбиелеген. Сондықтан ол ағаш түп-түзу болып, жақсы өскен. Ал мынау ағашты күтуші болмаған, өз бетімен өскен, тәрбиелемеген. Сондықтан ол қисық болып өскен, - депті.

  • Олай болса, бағу, тәрбиелеуде көп мағына бар екен ғой, әке? – депті баласы.

  • Бағу, тәрбиелеуде көп мағына барында шек жоқ, шырағым. Мұнан көп ғибрат. Сен шыбық сияқтысың. Саған да тәрбие керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, жақсы ақыл айтсам, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы болып өсерсің. Ал айтқан ақылды құлағыңа алмасаң, бетіңмен кетсең, тәрбиеге көнбесең, мынау ағаш сияқты қисқ болып өсерсің, - депті әкесі.

(131 сөз)



ӘЖЕ СЫРЫ

Кішкентай Әлима әжесінің сөзін тыңдауда.

  • Біздің заманда қант тапшы болатын. Бір кесек қантты жап-жас кезімізде тілімізбен кезек-кезек жалап алатынбыз. Жоқшылықтың арқасы да, - деп өткен уақыттан сыр шертеді.

  • Кешегі соғыстан кейін де адамдардың тұрмысы оңалған жоқ. Ойнап жүріп, қарнымыз ашады. Баламыз. Анамыздан нан сұраймыз. «Нанды ретсіз жей бергені несі?» деген ұрыс естиміз. Бұл да жетіспеушіліктің нышаны да, тәйірі, - дейді Әлиманың әжесі.

  • Әже, бүгінгі күн жақсы ма?

  • Шүкіршілік. «Қанағат – қарын тойдырады» деген. Кәмпиттің де, нанның да, киімнің де түр-түрі көп. Не ішемін, не киемін демейсің. Тек ұзағынан сүйсіндірсін. Көрмейсің бе? Өрік те, кәмпит те, қант та үйдегі сөрелерде самсап тұрғанын. Бұрынғы кезде олардың бәрін сандыққа тығып, қадірлі қонақтың алдына қою үшін сары майдай сақтап жүретінбіз. Соның бәрі – жоқшылықтан, жетіспеушіліктен, шырағым, - деді Әлиманың ақ бантигін сипалап.

Әже әңгімесінен Әлима өткен заманнан едәуір сыр ұқты.

Нұрғали Қадырбаев

(134 сөз)


4-сынып ІІ жарты жылдық



ЖҮЗ АЛТЫН МЕН ЖҮЗ ДҮРЕ

Ел аузынан

Баяғыда өнер сүйгіш бір патша болыпты. Оған дүние жүзінен алуан түрлі өнерпаз адамдар келіп, өнерлерін көрсетеді екен. Патша олардың өнерлерін бағалап, қошеметтеп, сыйлық үлестіреді екен. Бір күні патшаға бейтаныс жиһангер келіпті Оның ептілігі сонша, он қадам қашықтықта тұрып, иненің көзіне жіпті лақтырып өткізе алатын болыпты. Өнерді тамашалаған барша халық аң-таң болып, бұдан асқан өнер болмайтын шығар деп ойлапты. Содан патша тұрып жиһангерден бұл өнерді қанша уақытта үйренгенін сұрапты. Жиһангердің бұл дәрежеге он жылда жеткенін естігенде, патша: «Жиһангерге жүз алтын беріп, жүз дүре соғыңдар», -деп жарлық беріпті. Жиһангер таң қалып: «Уа, тақсыр! Жүз алтын беріп, жүз дүре ұрғаныңыз не?» - дегенде, патша былай жауап қайтарыпты: «Жүз алтынды сенің өнеріңе бердім, ал жүз дүре болса сенің сонша уақытты ысырап қылып, ешкімге пайдасыз, жарамсыз бос өнерді үйренуге өткізгенің үшін» - депті.

Содан кейін патшаның алдына бос өнер көрсететіндер келмейтін болыпты.

(136 сөз)



ТАЛАПТЫҢ ПАЙДАСЫ

Орыстың патшасы Петр Великий деген кісінің бір күні шіркеуде тұрғауда, көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ. Жалғыз-ақ Петр оған көзінің қырын салып тұрады. Шіркеуден шығарда жұрт екі жарылып, Петрге жол беріпті. Сонда Петр тұп-тура манағы балаға барыпты. Бала сызумен алданып тұрып, тіпті Петрдің келгенін байқамай да қалыпты... Сонда жұмсақ шыраймен Петр оған:

  • Не қылып тұрсың?- деп сұрапты.

  • Сіздің суретіңізді басып алайын деп едім.

  • Оны не қыласың?

  • Даңқтысыз, дабылыңыз жер жүзіне жайылған кісісіз ғой, суретіңізді сызып алмақшы едім.Қане, көрсетші сызғаныңды.

Сол уақытқа дейін қорықпай жауап беріп тұрған бала сызғаныңды көрсет дегенде қысылайын депті. Сөйтсе де сызған қағазын әдеппен пПтрдің қолына беріпті.

Солай да болса, ұлы Петр баланың талаптылығын, зеректігін аңғарып, оқуға кіргізіпті. Ақырында, сол бала бүтін орыс жұртына даңқы шыққан суретші болыпты.

(139 сөз)




ТЕМІРҚАЗЫҚ

Темірқазық – аспанның солтүстік жиегіне орналасқан, кіші аю шоқ жұлдызындағы ең жарық жұлдыз. Бүкіл жұлдыздардың ішінде тұрған орнынан ауып кетпегендіктен ол осылай аталған.

Қазақ халқы қараңғы түнде адасып кетпеу үшін Темірқазыққа қарап бағытын анықтап отырған. Ал қалғын жұлдыздардың барлығы таңға дейін өздерінің орындарынан жылжып, біреуі жоғары көтерілсе, енді біреулері төмен түсіп батып кетеді екен.

Темірқазыққа жақын орналасқын екі жұлдыз бар. Олар түнімен Темрқазықты төңіректеп кетпейді. Халық бұл жұлдыздарды Ақ боз ат пен Көк боз ат деп атаған.

Аңыз бойынша Ақ боз ат пен Көк боз ат темір қазыққа арқандалып байланған. Олар түнімен қазықты айнала оттап, жайылып жүреді екен. Зер сала қараған жанға екеуінің шұбатылған арқандары көрінеді делінген.

Жеті қарақшы осы Ақ боз ат пен Көк боз атты ұрлап кетпек болып Темірқазық маңайын үнемі торуылдап жататын көрінеді. Ұрылардың ойы – осы аттарды қалайда қолға түсіру. Ал таң атысымен Жеті қарақшы көзден тайып, тасаланады.

(140 сөз)





МЫСЫҚ ПЕН ТҮЛКІ

Бір күні мысық пен түлкі кездесіп қалыпты. Бірін-бірі көрмегелі көп мезгіл өтіпті. Кездескендеріне қуанып, жөн сұрасып, артынан әңгімеге көшіпті. Алғашында олар ауа райы туралы, соңынан саясат туралы маслихаттасыпты.

- Орманда не алапат болса да, тіпті өртеніп кетсе де, маған бәрі бір. Ештемеден қорқу дегенді білмеймін. Айла деген жетеді, - депті түлкі мақтанып.

- Ей, қымбатты достым-ай, - депті мысық. – Осы біздің орманға ит ерткен аңшылар келді дегенді естідім. Бірақ ондайдан мен қорықпаймын. Бар қауіптен сақтанатын бір ғана амалым бар, ол – зып етіп ағаш басына шығып кету.

- Ойбай, достым-ай, құдай құртқан екен ғой сені, - депті түлкі, - барша қауіпке бір ғана амал төтеп бере ме, кел, мен саған біраз қулық үйретейін.

Дәл осы кезде ағаш арасынан үрген иттердің дауысы естіліп, аңшылар жетіп келеді. Бір ғана айласы бар мысық зып етіп, көзді ашып-жұмғанша ағаш басына көтеріліп кетеді. Ал көп амалы бар түлкі қай айласын қолданарын білмей, ойланып тұрғанда, иттер келіп, бас салып, алып ұрады.

(149 сөз)



ҮЙ ХАЙУАНДАРЫНЫҢ АТА ТЕГІ

Бұл ерте кезде жер бетінде әлі жылқы да, сиыр да жоқ кезде болған оқиға.

Бірақ сиырлардың атасы Зеңгі баба бар екен. Адам атаның тұсында өмір сүрген. Адамдар Зеңгі бабаға шөп беріп, сауып сүтін ішкен.

Ал жылқылардың атасы кең далада жүрген. Оны Жұпар деп атайды екен. Ол адамнан: «Маған да шөп берші!» - деп сұрайды. Сонда адам: «Егер келіссең, мен сені ерттеп мініп жүрейін қалауыңша жем-шөп берейін», - депті. Ат келіседі де, адам оған шөп береді.

Түйелердің арғы атасы – Ойсыл қара. Ойсыл қара суға салса, батпайтын, ескі саба сияқты екен.

Барлық қойдың атасы – Шопан ата.

Ал ешкінің атасы болмаған. Бір күні қой бағып жүрген қойшыға иесі: «Егер шопан ата қозы берсе, барлығы менікі болады. Егер Шопан атаға ұқсамай туса, онда сенікі болады», - дейді. Қой ылғи қозыларды туа береді. Сол кезде қойшы оның қарнына таяқты сұғып алады. Қой буаз болып, құйрық майы жоқ, құйрығы бар ешкі туады. Иесі өзінің малына санамай, ешкіні қойшыға береді.

(151 сөз)




БАЙЛЫҚ ПЕН АҚЫЛ

Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні ол ұлдарын жинап алып:

- Балаларым, мен болсам қартайдым. Сендер ержеттіңдер. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол менің мұрагерім болады. Әрқайсысың маған ақылдарың мен байлықтарыңды көрсетіңдер, - депті.

Үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп:

  • Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды, - депті.

Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де:

  • Мені осы қалпымда көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, - дейді.

Үшінші ұлы күміспен, алтын тастармен әшекейленген белдігін буынады да:

- Мұндай белдікті ешкім, ешқашан буынып көрген жоқ, - дейді.

Әкесі үлкен балаларына қарап, басын шайқайды. Енді ең кіші ұлына қарап:

  • Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың? - дейді. Сонда кенжесі былай депті:

  • Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім ғана бар.

Шал кенже ұлының жауабын ұнатып, риза болыпты. Оны өзінің мұрагері етіп қалдырыпты. Ал үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.

(155 сөз)

ӘКЕ МЕН БАЛА

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу қайтып келе жатады. Жолда жатқан бір ескі тағаның сынығын көріп, әкесі баласына:

  • Балам, ана тағаны ала жүр, - дейді. Сонда баласы әкесіне:

  • Сынып қалған ескі тағаны алып не қыламыз, - депті. Әкесі еш нәрсе айтпай, тағаны алыпты да, жүре беріпті. Қаланың шетінде темірші ұстаға тағаны үш тиынға сатыпты. Ол ақшасына шие сатып алып, орамалына түйіп, өзі шетінен бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай жүре беріпті. Біраз жүргеннен кейін әкесінің қолынан бір шие жерге түсіп кетеді. Әкесінің соңында шиеге қызығып келе жатқан бала шиені дереу жерден алып, аузына салады. Шамалы жүргеннен кейін әкесі тағы бір шиені тастайды, бала тағы алып жейді. Тағы тастайды, тағы алып жейді. Сонда әкесі баласын тоқтатып тұрып былай депті:

  • Көрдің бе, балам. Бағана жамансынып, жерден бір ғана еңкейіп алуға ерініп едің, енді сол ескі тағаның ақшасына алған шиенінің жерге түскенін теремін деп, бір еңкеюдің орнына үш еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең, көптен құр қаларсың», - депті.

(164 сөз)



ДҮНИЕДЕН НЕ КҮШТІ

Ерте, ерте, ертеде

Ешкі жүні бөртеде,

Қырғауыл балапаны қызыл екен,

Түрі сондай қызық екен.

Мұзға тайып жығылыпты.

Сонда мұздан сұрапты:

  • Мұз! Мұз! Мені құлататындай неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Күннің жылуына ерір ме едім?

  • Күн! Күн! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Бұлтқа бетімді жапқызар ма едім?

  • Бұлт! Бұлт! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Жусанға көгімді берер ме едім?

  • Жусан! Жусан! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Қошақанға бүрімді жегізер ме едім?

  • Қошақан! Қошақан! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Қасқырға жегізер ме едім?

  • Қасқыр! Қасқыр! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, Мергенге атқызар ма едім?

  • Мерген! Мерген! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, мылтығымның бауын Тышқанға қиғызар ма едім?

  • Тышқан! Тышқан! Сен неден күшті болдың?

  • Мен күшті болсам, інімдегі бидайымды Құмырсқа тасып әкетер ме еді?

  • Құмырсқа! Құмырсқа! Сен неден күшті болдың?

  • Күшті болғың келсе егер,

Ерінбе сен жұмысқа.

Еңбекпенен шыныққан,

Менің атым – Құмырсқа!

(166 сөз)




ЕСЕКҚЫРҒАН

Бұл – күн ұясына батқаннан кейін батыстан туатын жарық жұлдыз. Халық арасында Сары жұлдыз, Бақташы жұлдыз деген бірнеше атауы бар.

Аңызда былай аталады: «Бір күні есектерге жүгін артқан саудагерлер керуені жолай бір ауылға жетеді. Шаршап-шалдығып келген олар алыс жол алдында тынығып алмақ болып ертерек жатып қалады. Бір мезетте керуен басы ұйқысынан оянып, далаға шықса, айнала жап-жарық. Ол бүкіл адамдарын оятып: «Жүрер уақыт болды. Шолпан туыпты», - деп жүруге қамдана бастайды. Есектеріне жүктерін теңдеп, жолға шығып кетеді.

Жүріп келеді, жүріп келеді. Таң ағарудың орнына, қайта қоюланып қараңғылана түседі. Таң атып болмайды.

Осылай келе жатқанда құмды дауыл басталады. Бүкіл есек дауылға шыдамай қырылып қалады. Жандарын әзер сақтап қалған керуеншілер жаяу, өздері шыққан ауылға зорға жетеді. Есін жиған жұрт: «Шолпан туды деп алып шыққан сенсің», - деп керуен басыдан қырылған есектері үшін құн талап етеді. Керуен басы ақталып: «Мені алдап соққан жұлдыздың өзі, сенбесеңдер көрсетейін», - деп барлығын сыртқа алып шығады. Жарқырап тұрған жұлдызды көрген адамдар «Расында да таң атып қалған ба?» деп жағаларын ұстапты. Сөйтсе бұл күн батқан соң батыстан көтерілетін жұлдыз екен.Содан бері ол «Есекқырған» деп аталып кетіпті».

(177 сөз)



ҚОҢЫР АЮ

Аю - өте ірі аңдардың бірі.

Қоңыр аю біздің еліміздің оңтүстік аудандарында (Тянь-Шант сілемдері мен Алтай тауларында) және ормандарда кездеседі. Олар жазықта да, таулы аймақтарда да, қайда қираған ағаштар, батпақ, көлшік сулары бар меңіреу орман болса, сонда тіршілікі етеді. Олар аса әккі аугер, алайда олар бәрін де жейді, көбінесе жеміс-жидек, шөп тамырларымен қоректенеді, құрт-құмырсқа, личинкаларды қазып жейді, бақа, балықтарды ұстайды. Аю аса балқұмар, ол балға аузы тиген соң араның шаққанына да қарамайды.

Күзде қоңыр аю көктемге дейін тыныш ұйықтап шығатын сенімді баспаның қамына кіріседі. Оның қыста қоректенуі де, қалың қарда жүруі де қиын. Егер күзде семіріп май жинап алмаса, аю апанында жатпайды. Қыс бойы долданып, аш құрсақ жүріп күн кешеді. Мұндай «қаңғыбастар» өте қауіпті. Аюдың ұйқысы сергек болады, ұйқы кезінде дене температурасы төмендейді. Кірекейі апанда былтырғы қондықтарды қарауға көмектеседі, сондықтан өткен жылғы қонжықтарды орыс халқы «пестун» (көмекші) деп атаған. Қонжықтар енесімен екі жылдай бірге жүреді. Аюдың қонжықтары қаңтар-ақпан айларында дүниеге келеді, олар жарты килограмм болып туады және көктемге дейін баяу өседі. Есейе келе аюдың тұрқы 2,5 метрге, салмағы 750 кг-ға жетеді. Қоңыр аюлар 50 жылдай өмір сүреді.

(179 сөз)


ДЕГЕЛЕКТІҢ СЫЙЫ

Баяғыда бір қария келе жатып, аяғы сынып, жүре алмай жатқан дегелекті көріпті. Оны үйіне алып келіп, сынған жерін таңып, асырапты. Әбден жазылып, ұшуға жараған соң бостандыққа жіберіпті.

Арада бірнеше күн өткенде әлгі дегелек қарияның шаңырағына келіп қонады. Бір ғажабы, ол төбеден ат басындай алтын тастайды да, ұшып кетеді. Дегелектің қарияға жасаған сыйы туралы сөз ел ішіне тарайды. Оған көршілерінің бәрі таң қалып, ауыздарының суы құриды. Бір қомағай қарт балаларына «Біз де бір дегелектің аяғын сындырып, бағайық» деген ақыл айтып, арам ойға да барады.

Бірде ол отынға барса, ұясының үстінде отырған дегелекті көреді. Таспен ұрып аяғын сындырып, оны үйіне алып келеді. Байғұс құс бірнеше күн азап шегеді. Олар оның сынған жерін таңып, асырайды. Бір күні дегелектің аяғы тәуір бола бастағанын көрген көрші қарт оны ұшырып жібереді. Осыдан соң күнде шаңыраққа қарап, дегелекті күтіп отыратын болады.

Арада бірнеше күн өткен соң, дегелек оның шаңырағына қонып, төбеден бірнеше сарыбас жылан тастайды. Алтын күтіп отырған кісінің шаңырағынан соншама жылан түсті деген не сұмдық?! Көрші қарт алтын тұрмақ, басын қалай аман сақтаймын деп өз үйінен өзі безе қашыпты. Көрсеқызарлығы мен арамдығының арқасында өз жазасын осылайша таратыпты.

(181 сөз)


БАЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Ерте, ерте, ертеде ен даланы шегіртке жаулапты. Егістіктер тақырға айналып, ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаш қалыпты. Киіз үйлерге қонған шегіртке туырлық екеш туырлықты да жеп кетіпті. Үйлер уық, керегесімен ғана қалып, арса-арсасы шығыпты. Бұл апат патшаны састырып, уәзірлерді қарбаласқа түсіріпті. Шабармандар тұс-тұсқа шапқылап, дал болыпты. Шегіртке әдейі басынғандай, патшаның алтын ордасына дейін басып кіріпті.

Патша әзірлерінен ақыл сұраса, бірі :

  • Дәрімен құрту керек, - десе, енді бірі:

  • Отпен құрту керек екен, - дейді екен. Енді біреуі:

  • Оның жұмыртқалайтын жерін құртуымыз керек, - десе, тағы біреуі:

  • Қыста барлығы үсіп өлмей ме? – деп бас қатырыпты. Шегіртке мәселесіне қатысты бірнеше уәзір орнынан кетіп, бірнеше шабарман зорығып өліпті. Ақыры мұның шарасын табатындығын айтып, ордаға құс бағушы бала келіпті. Бірақ оның сөзіне ешкім нанбапты. Әуелі уәзірлері келеке етіпті. Амалы таусылған бала ақыры қараторғай қамаған тордың аузын ашыпты, сол-ақ екен топ-тобымен дүркірей ұшқан қараторғай шегірткелерді жей бастапты. Әбден тойған қараторғайлар дереу бұлақ басына барып суға шомылып, тұмсығымен қанаттарындағы шегіртке майын жуып тастап, қайта шегіртке аулауға аттанады екен.

Халық баланың тапқырлығына таң қалып, қараторғайдың еңбекқорлығы мен тазалығына риза болыпты. Ал уәзірлер өздерінің надандығынан ұялып, «Ақыл жастан, асыл тастан» деген екен-ау депті.

(Жәди Шәкен)

(182 сөз)


ҮРКЕР

Үркер – шығыстан батысқа қарай бір топ жұлдыздар шоғыры. Ертеде адамдар осы жұлдызға қарап жылдың қай мезгілі екенін, уақыттың қанша болғанын шамалап білген. Ел арасындағы Үркер туралы аңыздардың бірінде бұл бір сұлу қыз екен. Оның Ай мен Күн деген екі апасы болыпты. Үркердің ажары апаларынан асып түсіпті. Сіңлілерінің сұлулығын көре алмаған Ай мен Күн Үркердің бетін тырнап алыпты. Содан бері оның беті қотыр болып қалған екен.

Келесі бір аңызда Үркер қазақша «үркек» деген сөзден шыққан делінген. Баяғы замандарда жер бетінде тек үнемі қыс болып тұрыпты. Осы кезде Үркер шоқжұлдызын құрайтын шағын он екі жұлдыздар жерде ұйықтап жатады екен. Бірде бір данышпан суықтап әбден қажыған жануарларға: «Егер осы шоқжұлдыздарды түгелімен қырып салсаңдар, жаймашуақ жазға кенелесіңдер» деген өсиет айтады. Сонымен түйе, жылқы, сиыр үшеуі жиналып Үркердің көзін жоймақ болып келіседі.

Әулі жылқы төрт жұлдызшаны, түйе тағы екеуін табанына салып таптапты. Алты жұлдызша сиырдың еншісіне тиіпті. Бірақ жұлдызшалар оның аша тұяғының арасынан сытылып шығып, Көкке ұшып кетіпті. Содан бері жерде алты ай суық және алты ай жылы болады екен.

Жануарлар сиырға өкпелепті. Оларға суықтан қорықпайтын сиыр: «Қыста сықырлатып қар басып жүрген жаман ба? Ыстықтан дымымыз құтылып қаталағанымыз жетер» деп жауап беріпті.

(188 сөз)


АРЫСТАН МЕН ТЫШҚАН

Ағаш түбінде ұйықтап жатқан арыстан әлдебір сыбырдан оянып кетеді. Көзін ашып қараса, дәл тұмсығының алдында бір Тышқан тұр екен. Тышқанды құйрығынан шап беріп ұстай алады. Тышқан зәресі ұшып:

  • Қайырым ете көр, тақсыр, - дейді даусы дірілдеп, жалынып.

  • Ұйқымды неге бұздың? – дейді ызаланған арыстан күркіреп.

  • Рақым ет, тақсыр! Тамақ іздеп жүр едім. Жібере гөр, мен де бір керегіңе жарармын.

  • Бойыңа қарап сөйле, ант ұрған, шамаңды біл! – деп, Арыстан келекелеп күліп алады да, мейірімі түсіп, Тышқанды жөніне қоя береді.

Күндердің бір күнінде орманға бір мерген келіп, Арыстанның ақырған даусын естіп.

  • Даусына қарағанда, мынау арыстанның сирек кездесетін тұқымы секілді. Мұны ұстап алып, хайуанаттар паркіне сатып жіберейік, - деп ойлайды аңшы. Көмекке дереу достарын шақырып, Арыстан су ішетін суатқа тұзақ құрып қояды. Шөлдеген Арыстан өзенге келе жатып, тұзаққа түсіп қалады. Ары жұлқынып, бері жұлқынып, торға орала береді де, ақыры орнынан қозғала алмай қалады.

Әбден шаршап, қалжырайды. Қарны ашады. Осылайша дағдарып тұрғанда, тышқан келіп, өткір тісімен тор жіптерін үзе бастайды. Көп уақыт өтпей Арыстанды босатып алады.

  • «Бір кәдеңізге жарармын» дегенде, күліп едіңіз, тақсыр, - депті сонда Тышқан. – Сіздің ақырған даусыңызды естісімен-ақ көмекке жүгіріп едім. Екі сөйлемейтініме көзіңіз жеткен шығар енді.

Арыстан қатты ұялған екен.

(190 сөз)


ӘЛІППЕМЕН ҚОШТАСҚАН КҮН

Жансая Әліппемен қоштасқан күнге ерекше даярланды. Өлең жаттады. Әліппенің әріптерді үйреткеніне мәз болды. Сөздерді оқи алатынына қуанды. Жүгіртіп оқығанына төбесі көкке жетті.

Әліппемен қоштасу мерекесіне ата-аналардың бәрі жиналды. Апайы Айсұлу өз шәкірттерінің қабілеттеріне көңілі толғандай.Сәбира домбырамен өлең айтты. Бейбіт тақпағын орындады. Жансая үш қызбен бірге дөңгелеп, би биледі. Бәрі де тап-таза, әдемі киінген. Көйлектері бүрмелі. Оюлы камзолы өздеріне арнап тігілгендей. Қолдары, саусақтары майысып, өнерлерін көпке көрсетті.

Ата-аналары жас бүлдіршіндерге риза боп, әлсін-әлсін қошемет танытты. Қол шапалақтады. «Ой, жарайсыңдар!», «Керемет!»деп, әр ән, би сайын өз ой-пікірлерін сүйсіне білдірді.

Жансая үшін бүгінгі күн есінде жатталып қалды. Әліппені жақсы оқығаны үшін мектеп директоры мен апайының қолы қойылған, мөр басылған мақтау грамотасын иеленді.

  • Жансая, алған марапатың құтты болсын! Қуаныштысың ба? – деді Айсұлу апай.

  • Иә, апай! – деді Жансая қатты қуанып.

Өзінің өте мәз болғанын апайы қалай біледі деп Жансая таңдана қалды.

  • Үйге келген соң Жансая әліппемен қоштасқан сәттерді атасы мен әжесіне әлі жеткенше әңгімеледі.

  • Қуанышың қуанышқа жалғассын, -деді атасы.

  • Сауатты болды деген осы, - деп әжесі Жансаяны аймалап, бауырына қыса түсті.

Көңіл-күйі әбден балқыған. Бақытты балалықтың сәті дүниені түгел құлпыртқандай. Бұның барлығы оқуға үйреткен, білімге талпындырған Әліппенің құдіреті болатын.

( 191 сөз)

БІР ҮЗІМ НАН

Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бірін-бірі көргісі келмейді екен.

Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған - алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгіл, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.

Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болады. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса, бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:

- Әй, кедей, сен мына бір кесек алтында ал да, маған бір үзім нан бер, - дейді.

- Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, - деп жауап береді кедей.

Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.

  • Алтынымның жартысын берейін, - дейді ол бұл жолы.

  • Жоқ, бере алмаймын, деп бұл жолы да кедей келіспейді.

Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай бір үзім нанға барлық алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.

(193 сөз)























Іштей оқу

дағдыларын

тексеру














4-сынып



АДАМ, МЫСЫҚ, ИТ ЖӘНЕ ТАРАҚАН


Бірде үш бала «Лего» кострукторынан үй салып отырып, тарақандар туралы әңгіме бастады. Әр жаңа сұрақтың нәтижесінде балалар мынандай шағын әңгіме құрастырды.

«Адам баласы тарақандармен күресуде, бірақ олар сондай өлмес жандар болып шықты, себебі адамдар қанша рет бұл тіршілік атаулыны құртуға тырысса да олар өмір сүруге талпынды. Мысық тышқандарды аулап, адамның баспанасында тұруға және жұмсақ жерді паналауға, тамағын тоқ қылуға мүмкіндік алды.

Ит өзін адамзат баласының досымын деп санап,үйді күзетіп, мал бағуға көмектесіп,аулада жасалған күркешікте тұру және қарнын тойдыру иүикіндігіне жетті. Кейбір адамдар итті үйінде ұстап, ерекше тағамдар беріп, баптайды. Ал кейбірі иттерді шынжырлап, үйін күзеттіреді. Қайсыбір иттер көше кезіп, далада бос, емін-еркін жүруде.

Тек тарақандар ғана баспанасыз, дайын асы жоқ. Бірақ мың-мыңдап үй-үйде, көзден таса жерлерде, шкафтардың асты мен артында, қуыс-қуыста, жылы орындарда өмір сүруде. Олар адамның көзі ұйқыға кеткенде шығады. Үлкендер олардың көзін құрту үшін ұяларына химикаттар құяды, одан кейін жүздеген тарақандар өлгенімен, олар адам көзінен тасалап, біраз уақыттан кейінқайтадан шығады. Тарақандардың саны азаймайды, керісінше, көбейе түседі. Адамдар оларды

құртумен әлек, бірақ қазірше ешқандай нәтижеге келген жоқ.Бұл күрестің жеңілген және жеңіліске жеткен жақтары әлі көрінбейді.

Адам сол қалпы мысық пен итті жанына алып, оларды асырап, үйінде ұстайды, тек қана тарақандар адам баспанасының сұраусыз келген қонақтары болып отыр.

(205 сөз)




ЖЕТІҚАРАҚШЫ

Түнгі аспанда шөміш тәрізді келген жеті жұлдыз Жетіқарақшы деп аталады. Ол бір тәулікте Темірқазықты бір айналып шығады.

Аңыз бойынша жеті ұры – қарақшылар өмір сүріпті. Олар күндіз ұрлықпен айналысып, түнде сол жасаған әрекеттері үшін ұялыпты. Ақыры қарғысқа ұшырап, қайтыс болыпты. Ұрылардың жандары жұлдызға айналып, аспанға ұшып кетіпті. Бірде олар Үркердің Үлпілдек деген қызын ұрлайды. Жетіқарақшының бас жағында жарқырап тұрған жұлдыз – ұрылардың басшысы Қыран қарақшы. Ал оның қасында әлсіреп көрінетін – тұтқында отырған Үлпілдек қыз. Үркер өзінің қызын қайтарып алу үшін түнімен Жетіқарақшыны қуып жүреді екен.

Жетіқарақшы туралы мынадай ертегі де сақталған: «Ертеде бір байдың жылқының басындай алтыны болыпты. Ол алтынды жерге көміп тығып тастаған екен. Сол заманда елге атағы шыққан жеті ұры байдың алтынын ұрлап кетеді. Бірақ, тастай қатты алтынды бөле алмайды. Сонда Қырын қарақшы: «Бөлуді бір білсе, оның иесі біледі» деп байға келеді. Бай оны қонақ қылып, барын алдына тосыпты. Ата дәстүр бойынша ет піскенше қонақ үй иесіне әңгіме, ертегі айтуға тиіс. Қарақшы осыны сылтау етіп әңгіме бастайды: «Бір байдың ат басындай алтынын жеті ұры ұрлапты, бірақ олар алтынды бөлуді білмейді екен». Бай: «Ол үшін алтынды биенің қазыға алынатын майына орап, қайнату керек. Сонда алтын жібиді» депті.

Қыран қарақшы жолдастарына келіп, алтынды қазының майына орап, қайнатыпты. Жібіген алтынды оп-оңай пышақпен жетіге бөліп, өзара бөлісіп алыпты.

(206 сөз)



ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ

Баяғыда аң патшасы арыстан қызметшісі жолбарысты шақырып, ормандағы барлық аңдарды жина деп бұйырыпты. Арыстан патша әлемде ең қайратты, ең ақылды әрі епті кім екенін білгісі келіпті. Лезде арыстанның апанының алдына аңдар жинала қалады. Арыстанның сөзін естіп болған соі түлкі алға шығып:

  • О, әлемде теңдесі жоқ патшам! Бұл өмірде Сізден қайратты, ақылды, епті жан жоқ. Сондықтан да біз сізді патша етіп сайлағанбыз! Сіздің қайырымыңыз шексіз, - депті. Барлық аңдар өз пікірлерін айтыпарыстанға жағымпаздана, оны дүниедегі ең күшті, ақылды деп лепіртеді. Мақтау сөздерге мәз болған ақымақ арыстан бір бұрышта құлағы салбырап, өзі маужырапжатқан итті байқайды. Дереу гүрілдеп итке төне түседі:

  • Әй, сен, оңбаған, мыналардың не айтып жатқанын естіп отырсың ба өзі? Неге сен үн қатпайсың? – дейді.

Ит салмақты қалпын бұзбастан:

- Ә, сен бе едің... Сонша неге орманды басыңа көтересің? Менің де сені мақтап бас ұруым керек па? – деп, басын көтерместен тәкәппарлана қарсы сөйлейді.

  • Ал сонда, - дейді арыстан, дүниеде ең қайратты, ең ақылды, әділ әрі епті кім?

  • Мен үшін дүниеде ең қайратты әрі ақылды тек-адамзат.

Арыстан одан бетер ысқырып, дереу жолбарысқа:

  • Ит иттігін жасап, адамды мадақтады. Біздің арамызда оған бұдан былай орын болмауға тиіс.Дереу арамыздан аластатыңдар! – депті күндей күркіреп...

Бұл сөзден соң ит мүлде көңілі қалып, олардың арасынан бір жолата ат құйрығын үзіп кете барған екен.

Содан бері ит адамның досы, көмекшісі болыпты. Бертін келе

« Ит – жеті қазынаның бірі» деген қанатты сөз қалыптасыпты.

(221 сөз)



КҮНДЕЛІК БЕТТЕРІ

Айдана дәптер бетіне әдемі әріптердің басын құрап жазумен әуес. Бұл дәптері - өзгеше. Апайының айтуынша, күнделік жазып жүр. Өзінің күні бойы не істегенін, қандай кітап оқығанын, көргенін бір-екі сөйлеммен баян етеді.

Қарап отырса, бұның өзі қызық екен. Бір жыл ішінде Айдана көп нәрсеге куә болыпты. Үйренгені, білгені көп-ақ. Қалыңдау дәптерін Айдана әжесіне көрсетті.

  • Бұл не? – деді әжесі.

  • Күнделік дәптерім. Оқыңызшы, - деді Айдана ашық-жарқын қалпымен.Әжесі күнделікті қолына алды. Көзіне көзілдірік киді. Дәптерді парақтап көз жүгіртті. Сауатты жазылған. Көргені мен білгенін балаң тілмен қағазға түсіріпті.

  • Айналайын, не жазғансың? – деп алғашқыда әжесі таңданысын жасырмаса да, риза пейілін байқатты.

Айдананың күнделігін оқып шықты Бес-алты дәптер беті толыпты.

  • Айдана не жазыпты? – деді атасы әңгімеге араласып.

  • Не жазды дерің бар ма? Қызық-ақ екен, - деді әжесі.

Сөйтті де күнделіктің мазмұнын атасына естірте айтты.

  • Осы көктемде ауыл сыртында сары, қызыл гүлдерді қыр басынан тергенін, оларды маған әкеліп бергенін қуана жазыпты. Ауылда жаз кезінде масаның көптігін күнделік бетіне түсіріпті. Масахана ішінің рахат екендігіне сүйсініпті. Балалармен емін-еркін ойнағанын, таныс болғанын түп-түгел қағаз бетіне көшіріпті. Өзің-ақ оқып көрсеңші, - деп әжесі күнделікті атасына ұсынды.

«Атам мен әжемнің бар болғанына қуанамын. Олар мені жандарынан еш тастамайды. Тойға да апарады. Ертегіні де жалықтырмай, жалықпай айтады. Содан балбырап ұйқыға кетем. Сүт қайнатамыз қара қазанға. Айран сүзбесінен құрт жасаймыз. Көрші баланың сегіз көгершіні бар. Топ-топ болып ұшқаны ғажап-ақ».

Атасы күнделікті оқып, Айдананың болашағынан үлкен үміт күтті.

Нұрғали Қадырбаев

( 229 сөз)



КҮШІК ПЕН МЫСЫҚ

Қарны ашқан күшік жем іздеп, тауда қаңғып жүрсе, қасқыр кездесіп қалып:

  • Ей, күшік, сен сені жеймін! – депті.

  • Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, - депті күшік.

  • Жарайды, жарайды! Менің соңымнан қалмай ере бер, - депті қасқыр.

Екеуі бірге келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр серігіне қарап:

  • Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен? – депті.

  • Сенің көздерің шоқтай жайнаған, құлақтарың жылмиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы екі аяғыңның арасына қыстырылып, жас шыбықтай майысқан, - депті күшік.

  • Мен не қылар екем, енді соған қара, - депті де, қасқыр атылып барып, бір бұзаудың тамағына жабысып, тұншықтырып өлтіріпті. Сөйтіп, күшікті де тойғызыпты, өзі де тойыпты.

  • Мен тойдым, сенің етіңді енді жемеймін. Қош бол! – депті де, қасқыр желе жортып, кетіп қалыпты.

Күшік бұзаудың жемтігінің қасында үш күндей болып, тегін етке тойып жатыпты. Ақырында іші пысқан соң жортуға шыққа екен, бір аш мысыққа кез болыпты. Оған:

  • Ей, мен сені жеймін! – депті.

  • Қой, күшеке, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, - депті мысық.

  • Жарайды! Менімен бірге еріп жүр, - депті күшік.

Біраздан соң бұлар бір топ түйеге келіпті.

  • Мысық, маған қарашы: менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым қандай екен? – депті күшік.

  • Несін айтасың! Сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпиып, аузың аңқиып тұр, тілің салақтап, құйрығың салбаңдап тұр, - депті мысық.

  • Енді мен не қылар екенмін, көр де тұр! – депті де күшік жүгіріп барып бір түйенің аяғын тістейін дегенде, түйе мұны дәлдеп тұрып, басқа теуіп қалыпты. Күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты:

  • Ей, мақтаншақ! Сен әліңе қарамай, қиын іске қолыңды создың! Сенің етіңді енді мен жеймін! – депті.

(250 сөз)






ТАЗА БҰЛАҚ

Бір бұлақтың басында үш жолаушы бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шығып жатыр екен. Айнала қалың ағаш, жапырақтары бұлақтың үстіне төгілген, суы мұздай салқын, шыныдай мөлдір, өте таза бұлақ екен.

Бұлақтың қайнап жатқан көзіне жақын қазандай бір қара тасты қойыпты да, тасқа:

  • Ей, жолаушы болсаң, осы таза бұлақтай бол! – деп жазыпты. Үш жолаушы бұлақтан шөлдері қанғанша су ішеді, тастағы жазуға көздері түседі.

Сонда бір жолаушы тұрып былай дейді:

  • Бұл жазылған ақыл сөз екен. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған жол-жөнекей кішкене бұлақтар қосылып, сөйте бара, үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мынадай ғибар алуға болады. Сондай адал қызмет қыл, еш уақытта жалқауланып тоқталып қалма, сөйтсең, ақырында сен де үлкейіп, мұратыңа жетесің дегені деп білемін, - дейді.

Сонда екінші жолаушы басын шайқап:

  • Жоқ, мен олай ойламаймын, - дейді. – Бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаныңыздан гөрі тереңірек соқса керек: бұл бұлақ кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, рақаттандырады. Сусағанның шөлін қандырады. Онысы үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Олай болса, мұнан «біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе» деген ақыл болады.

Жолаушыңы үшіншісі – көркем жас жігіт үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсың?» - деп сұрайды. Жігіт айтты:

  • Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді. Бұл бұлақтың суы бір орында тыныш тұрып, шөп-шалам түсіп, лай-қоқым болса, бұған адамнан гөрі айуан ынтық болар еді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін бұған адам ынтық. Олай болса, бұл жазудың мағынасы мынау: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң, күн түссе, күннің, шөп түссе, шөптің сәулесін көреміз. Ендеше, көңілің сол сияқты сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ғой деймін, - депті.

(261 сөз)



ӨТКЕЛ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ

(ертегі)

Ана құндыздың үш баласы бар-тын. Жаздың бір мамыражай кешінде кіші әлжуаздау баласын ертіп, ана құндыз серуендеп, індерінен алыстап кетті. Ал үлкенірек екеуі інде қалған-ды.

Ойда жоқта алдарынан ата жаулары түлкі шыға келгенде, ана құндыз қатты састы.

- Байқап қалды, енді құтқармайды, - деді құндыз сасқалақтап. - Әлжуаз, сен ана бір қалың шіліктің ішіне барып жасырын, ал мен оның бетін басқа жаққа бұрып әкетейін.

Ана құндыз түлкіні өз ізіне түсіріп, бұлталаққа салып қаша жөнелді. Кішкене құндыз шілік ішінде шыдамы жетіп отыра алмай төңіректі байқастап көріп, індеріне қарай заулады. Табанымен от басқандай жанұшырып келеді. Құндыздың өзіне жүгірісі өнбей жатқан секілді. Бір сәт кішкен құндыздың көзі бұтада отырған бозторғайға түсіп:

- Бозторғай, бозторғай, анау өзеннің сол жағалауындағы екі ағайыма тезірек хабар берші. Аналарымыздың өмірі қыл үстінде. Оның соңында түлкі. Ағаларым апамызды құтқаратын бір амал жасасын, -деді. Бозторғай көк аспанға шарықтай көтерілді. Екі ересек құндызға інілерінің сәлемін жеткізді. Әу баста абдырап қалған құндыздар аз-кем ойланып:

- Бозторғай, жақсылығыңды ұмытпаспыз. Жоғарыдан анамызды жылдам байқайсың ғой, інге қарай қашсын. Осыны жеткізбесең, анамыз түлкіні іннің маңына жолатпауға тырысатыны анық. Сөйтіп жүріп түлкіге жем болып қалуы ықтимал. Жалынамыз, осыны анамызға жеткізсең, - деді бала құндыздар.

Бозторғай құрақ ұшып, ана құндызды іздеп кетті. Соңында түлкі, құндыз алда құйындатып келеді екен. Бозторғай төмендей ұшып, оған балаларының сәлемін айтты. Сонда ғана ана құндыз беталысын өзгертіп, індеріне туралай тартты. Бозторғай да жоғарыда жарыса ұшып келе жатты. Ана құндыз өзенге жеткенде таң да атты. Өзеннің бір жағасынан екіншісіне дейін барлық құндыздар жабылып, өткел салып қойыпты. Құндыз солқылдақ, жіңішке жолмен зымырап арғы жағаға шыққанда, тақымдап қалмай келген түлкі қорқақтап, бергі бетте қалып қойды. Жиекте әрлі-берлі сілекейі шұбырып жүрді де, аузына әні-міне түскелі тұрған әзір астан айырылғанына қапаланып, амалы құрып кейін қайтты.

Содан бері құндыздар нағыз көпір құрылысшыларына айналыпты.

Роза Әбілқадырова

(282 сөз)




Қарға баласын «аппағым» дер,

кірпі баласын «жұмсағым» дер

Жер дүниенің патшасы Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді:

- Сен, қарға бар! Бір түнде жер дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің ас жағындағы тұрған қапасқа отырғыз. Таң атқанда бұл құс мені сайраған даусымен оятсын!

- Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір жұмсақ нәрсе тап, бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанымен оянып, қапасқа қарай бергенде, бетім бұл нәрсеге тисін, - деді.

Қарға дамыл таппай, көп жерлер аралап, құстардың сайрағанын естиді. Бұған бірде-бір құстың сайрағаны жақпайды. Мұның ойлауынша, бұлбұл, сандуғаш һәм басқа құстар жаман сайрайтын көрінеді. Даусы жақсы құсты таба алмай, қарға сорлы «енді маған өлім келді ғой» деп қайғырды.

Таң мезгілде талып, шаршап қарға ұясына қайтты, «балаларымды бір көріп, амандасып кетейін» деп. Пақыр анасын көріп аш балапандар шиқылдап, қарқылдай бастады. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай жақсы, нәзік көрінеді. Бұлардың қасында бұлбұл, сандуған әлдеқайда жаман сайрайтын көрінеді. Қарға сорлы қуанып, балаларын Сүлейменге әкеліп, мұның қапасына отырғызады. Кірпі түні бойы дамыл таппай, жер жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, іздесе де таба алмайды. Бұл да шалығып, шаршап, үңгіріне қайтып келеді. Пақыр анасын көріп, мұның балалары алдынан шығып, құшақтайды, кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ көрінеді. Бұл «Жердің үстінде өзімнің балаларымнан жұмсақ нәрсе болмас» деп ойлайды. Көп ойламай, кірпі балаларын Сүлейменнің жастығының үстіне әкеліп қояды.

Таң атты. Қарғаның балалары қарқылдап, шақылдай бастайды. Сүлеймен «бұл не?» деп, қапасқа қарай бергенде, мұның бетіне тікенектер кіріп кетеді. Қараса, қапаста қарғаның балалары отыр, жастығының үстінде кірпінің балалары жатыр.

Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақырып алып, бұлардың басын кесуге бұйрық қылды. Жазалы болған кірпі мен қарға «дат, тақсыр!» деді. Сүлеймен «дат» берді. Екеуі бастан-аяқ қылғандарын баян етіп еді, ойға түсті. Бұл ойлайды: «Әркімдікі өзінікі-өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық һәм мамықтан жұмсақ», - деп, қарға мен кірпіні босатып жіберіпті.

(295 сөз)



ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ҚАНАҒАТЫ

Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатыпты. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, демалып отырса, кішкентай бір құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады да, алақанына салып тұрып:

  • Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? - деп сұрайды.

  • Илеуіме апарамын, дейді құмырсқа.

Адам сұрайды:

  • Оны қайтесің?

  • Кейінге сақтаймын, дейді құмырсқа

Адам:

  • Көп жинайсың ба? – деп сұрайды

  • Құмырсқа өз шаруасының жайын былайша баяндайды:

  • Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қапннен қаперсіз тынығып жатамын.

Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастайды:

  • Басың неге үлкен?

  • Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

  • Белің неге қылдырықтай?

  • Қомағай емеспін.

  • Жылына қанша дән жейсің?

  • Бір дән жеймін...

  • Соған қанағат етесің бе?

  • Одан көп жей берсем жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

  • Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер,- дейді данышпан құмырсқаға ескертіп. Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді. Бір жыл өткен соң әлгі данышпан құмырсқағақайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен.

Қасына қалдырған дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

  • Ей құмырсқа, -депті себебін білмек ниетпен. –сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың?

Сондақұмырсқа былай депті:

  • Айтқаның дұрыс, ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлетін едім. Соны ойлап, қанағат еттім.

Данышпан оның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:

  • Менің істегенім дұрыс болмапты, кешір, - депті де, қамаудан құмырсқаны босатып жіберген екен.

Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласына үйретіпті.

Ы. Алтынсарин

(313 сөз)




АЛТЫНҒА АЙНАЛҒАН ТАС

ЯКИ АТА-АНАНЫҢ ҚАДІР-ҚАСИЕТІ

Ертеде, қазақтың Сарайшық деген шаһарында Көбеш деген әулие адам болыпты. Өмірден өтер сәтінде он жасар ұлына: «Анаңның білезігіне бір алтын білезік саларсың...» деген аманат өсиет айтып, үзіліпті. Әкесінің соңғы сөзін орындау үшін жетім бала жас болса да алтын білезік іздеуге бел буады. Шешесіне ол сырын айтпайды. «Кәсіп іздеп, мал тауып келейін», - деп рұқсат сұрайды. Анасы ұлын қимаса да, батасын беріпті. Әлгі бала «ақша берем» деген адамға жалданып, күні-түні жұмыс істепті. Бірақ, тапқаны алтын білезік сатып алмақ түгілі, тамағына әрең жетіпті. Күндердің күні жұмыстың ауырлығынан әбден әлсіреп, бір дуалдың түбінде талықсып жатады. Сол кезде біреу келіп, табанынан түртеді. Кірпігін әрең көтерсе, ақ таяқты қарт екен. Баланың орнынан тұруға шамасы келмесе де, қарияның айтқан сөзі құлағында қалады. Әлгі елес: «Әй, ықыласты бала, өзеннің терең жеріне оң қолыңды мал! Саусағыңа ілінген тасты жұдырығыңа түйіп алып шық, өз үйіңе, анаңа жеткенше алақаныңды ашпа, шешеңді көрген сәтте ғана «Шеше, саған сыйлық әкелдім» деп, алақаныңды аш!»- депті.

Он жасар ұл бар қайратын жиып, шаһар шетіндегі өзенге жетіп, қарияның дегенін қаз-қалпында орындайды. Үш күншілік жердегі үйіне жеткенше алақынын ашпайды. Анасына әкеле жатқан сыйлығы есіне түскенде, ұйқысын да, ас-суды да ұмытады.

Сөйтіп, үшінші күні күн шыққан мезетте, бала есігінің алдында қара жолға көзін сүзген анасын да көреді. Күткен сәтінде өлімші үні әрең шығып, ұл: «Шеше, міне саған сыйлық!» деп, алақанын ашып қалады. О,ғажап! Үш түн бойы сұп-суық боп алақанына батқан асықтай тас, алтын білезік болып жарқырап шыға келіпті дейді аңыз. Аңыздың түбі – ақиқат.

Балалар, бұл кереметтің сырын мұсылмандық әдептерден іздесеңдер оңай табасыңдар. Ата-анаң шақырса, ісіңді тастап, лезде жетіп бар, айтқан тапсырмасын дереу орында. Ата-анаңның қасында даусыңды көтеріп сөйлеме, жүзіне қабақ түйіп ақарама. Жолда алдынан кесіп өтпе. Бір жаққа барарада, сапарға шығарда рұқсаты мен ризашылығын ал. Ата-анаң марқұм болғанда үнемі құрметпен еске ал, рухына дұға жасап, құран оқы, қалдырған өсиетін орында, ата-анаңның ескі достарын көзіндей көріп сыйлап, сәлеміңді үзбей жүр. Балалар, бұл қағидалар рухы биік, көңілі таза жандардың қолынан келетін, құлшынып істейтін ісі екенін ұмытпа!

Абай Мауқараұлы

(326 сөз)

ЖАҚСЫЛЫҚ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Баяғыда бір бала болыпты. Ол сабағын жақсы оқыпты. Үй шаруасына да көмектеседі екен. Бірде сабақтан келе жатып, жол жиегінде отырған кіп-кішкентай қарлығашты көреді. Қарлығаш сынған қанатын сүйретіп, дәрменсіз жорғалайды.

Бала қарлығашты қатты аяйды. Үйге апарып емдемек болады. Сөйтіп, қойнына тығып, үйге алып келеді.

  • Қойнымда не бар, тапшы? – дейді папасына қулана жымиып.

  • Қайдан білейін, балам, -дейді папасы. – Кәне, өзің көрсете ғой не екенін.

  • Міне, қара! Қарлығаш. Көрдің бе, өзі кіп-кішкентай!

  • Неге ұстадың? Қарлығаш адамның досы ғой.

  • Мен оны ұстаған жоқпын. Тауып алдым. Көрдің бе? Қанаты сынған. Емдейін деп әкелдім.

  • Онда дұрыс екен, балам! – деп қуанады әкесі. – Жақсылық жасайын деген екенсің. Қарлығашты емдеп жаз, ол саған «рақметін» айтады.

Содан бала қарлығашты күтіп, емдей бастайды. Емдеп жемге үйретеді. Ақырында қанаты жазылып, үй ішінде ұша бастайды. Қарлығаштың балаға үйренгені сондай, иығына келіп қонып, қолынан жем жейтін болады. Содан бала қарлығашты көруге асығады екен.

Бір жолы мектептен келген соң қарлығашты дыбыстап шақырса, шақырғанына келмейді. Байқаса, терезенің көзі ашық қалыпты. Досының ұшып кеткенін біледі. Өзін тастап кеткеніне өкпелеп, жылап жібереді.

- Мен өзім-ақ қоя берейін деп жүр едім. Неге қоштаспай кетті екен?! – дейді ол өксігін баса алмай.

- Жылама, ботам! Қарлығаш енің жақсылығыңды ұмытпайды. Бір келуін келеді. Көр де тұр! – дейді әкесі.

Содан әкесінің айтқаны келеді. Бірде барлығы үй ішімен дастарқан басында отырғанда, терезенің көзінен зу етіп қарлығаш ұшып кіреді де, шиқ-шиқ етіп бөлмені айнала шарлап, қолын соза берген баланың иығына келіп қонады. Қарлығаштың аузында тістеп алған бір сап-сары дәні бар екенін отырғандар сонда ғана көреді.

  • Папа, мына аузындағысы не? – дейді бала.

  • Қауынның дәні. Саған рақмет айтайын деген сыйлығын қабыл ал, - деп әкесі күледі.

Қарлығаш лып етіп терезе көзінен ұшып кетеді. Ал әлгі дән еденге ұшып түседі.

Содан әкесі ұлына дәнді қыш тостағанға отырғызуға көмектеседі. Күн жылынған соң әкесі мен баласы өскінді бақшаға апарып отырғызады. Бала өскінді суарып, күтеді. Күз болғанда әлгі кіп-кішкентай өскіннен үп-үлкен, жұпар иісі аңқыған, тәп-тәтті қауын өсіп шығады.

  • Мұндай тәтті қауын жеп көрген емеспіз! – деп мақтайды жұрт.

Міне, баланың жақсылығын қарлығаш осылай қайтарған екен.

(328 сөз)




ҰМАЙ АНА

Есте жоқ ерте заманда, алып Алтай тауын қоныстанған бір қауым жұрт болыпты. Олар жыныс орманды жамылып, аң аулап күнелтеді екен. Бір жылы қыста кенеттен құрық бойы қар жауып, ауыр апатқа ұшырапты. Тек аю терісін жамылып, аң аулап кеткен Аю батыр ғана терең тас үңгірге тығылып аман қалыпты.

Қар тоқтаған соң тас үңгірден шыққан Аю батыр «тірі қалған жан бар ма екен» деп жұтаған қауымның жұртын кезіп келе жатып, көк бөрінің бір үлкені қар астынан өлікті қазып шығарып жатқанын көреді де, «айырып алайын» деп айғайлап ұмтылады.

Ол таяп келгенде, көк бөрі өлікті тастай салып, көк сағым болып көкке ұшып кетеді.

Ақ қардың бетінде айдай сұлу бір қыз жатады. Бұл бөстекке оранған бойы қар үстінде қалған Айсұлу атты ару екен. Ол өкпесі бүлкілдеп, тірі жатыр, оның уыздай денесіне бөрінің тісі тимепті.

Қуанышы қойнына сыймаған Аю батыр айдаладан табылған Айсұлуды көтеріп, тас үңгірге әкеледі. Бойына жан кіріп, көзін ашуын күтіп ұзақ отырады. Бірақ, ол бейне қатты ұйқыда жатқан адамдай сұлық жата береді. Күте-күте көсегесі көгеріп, шыдамы таусылған Аю батыр үңгірдің аузына шығып, айналаға көз салады. Құрық бойы қар басқан төрт төңірек тып-типыл, тым-тырыс, жер бетінде қыбыр еткен жан жоқ.

Әбден дағдарған Аю батыр осыншама қалың қарды жауғызған көкке қарап налиды. Сол сәтте көк төсінде ұшып келе жатқан екі құсты – Ұмай мен Құмайды көреді. Олар бірте-бірте төмендеп ұшып, үңгірдің аузында тұрған Аю батырдың басын сипап өтеді де, екі кесек тас тастап кетеді. Бұл тастың бірі ақ, енді бірі қызыл тас екен. Бұған таңданған Аю батыр бұл екі тасты қолына алып, бірін-біріне ұрады. Бұл шақпақ тас еді, ұрылғанда жарқ етіп ұшқан ұшқын үңгірге тығылған қу шөптер мен шірік қоқырға тиіп, тұтанып жана бастайды.

Осы кезде үңгірге құс бейнесінде ұшып кірген Ұмай ақ шашты анаға айналады да, қу шөптерді құшақтап әкеліп салып, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді. Жанған отқа бойы жылынған Айсұлуға ақырындап жан кіреді. Ол басын көтеріп, орнынан тұрып, өзін өлімнен құтқарған отқа, от анасы Ұмай иіліп сәлем етеді, сыйынып, алғыс айтады. Бұған сүйсінген Ұмай ана екі алақанын отқа қақтап, Айсұлудың бетіне басады. Онан соң Айсұлудың қолын әкеліп, Аю батырға ұстатып: «Енді екеуің бас құрап, түтін түтетіп, үй болыңдар, өрен-жарандарың көп болсын! Оттарың өшпесін!» - деп бата беріп, көзден ғайып болады.

(361 сөз)


ТҮЛКІ МЕН БӨДЕНЕ

Түлкі мен бөдене екеуі айрылмас дос болыпты. Екі дос талай жерді шарлапты, талай қызық көріпті. Күндерде бір күні:

-  Досым, мені бір күлдірші, - депті түлкі.

-  Жарайды, күлдірейін. Сен менің артымнан ер де отыр. Мен ұшамын да отырамын, - депті бөдене. Сонымен бөдене ұшыпты да отырыпты, түлкі желе жортып, еріпті де отырыпты. Бір жерге келсе, бір кемпір сиыр сауып отыр екен, шалы бұзауды ұстап тұр екен. Бөдене ұшып барып, сиыр сауып отырған кемпірдің басына қона кетіпті. Түлкі анадай жерде тығылып қарап тұрыпты. Бөденені көре сала:

- Кемпір, кемпір, қозғалма! Мен мына төбеңдегі бөденені соғып алайын,- депті шал.

- Жарайды. Бірақ қатты соқпа, - депті кемпір. Шал жерде жатқан күректі алып, салып қалғанда, бөдене ұша жөнеліпті. Күрек кемпірдің басына тиіп, кемпір құлапты. Шелектегі сүті төгіліп қалыпты. Түлкі ішек-сілесі қатып күліпті.

- Досым, күлдің бе? - депті бөдене.

- Күлдім, досым, күлдім. Разымын, досым, разымын! - депті түлкі. Күндерде бір күн түлкі:

- Ал, досым, енді мені бір мықтап тұрып қорқытшы! - депті.

- Қатты қорқытайын ба, ашуланбайсың ба? - деп сұрапты бөдене.

- Жоқ, ашуланбаймын, қатты қорқыт! - депті түлкі.

- Жарайды, қорқытайын. Бірақ сен көзіңді тас қылып жұм. Мен сенің төбеңе қонып, екі қанатыммен көзіңді жабамын. Содан кейін сен жүр де отыр. Оңға десем оңға, солға десем солға жүр. Қашан мен төбеңнен ұшып: «Көзіңді аш!» дегенше, ашпа, - депті бөдене.

Сонымен бөдене түлкінің төбесіне қонып, екі қанатымен көзін жауыпты. Түлкі көзін тас қылып жұмып, бөдененің жүр деген бағытына жүріпті де отырыпты. Осылай жүріп келеді, жүріп келеді. Бір кездерде бөдене:

- Аш көзіңді! - деп, ұша жөнеліпті. Түлкі көзін ашып жіберсе, тазы ерткен бір топ аңшыға таянып қалған екен. Аңшылар қызыл түлкіні көре сала қиқулап, куып беріпті. Түлкі қашып беріпті. Әрі-бері қашқан соң түлкінің алдынан қалың орман кез болыпты. Түлкі жалт беріп, орманға кіріп, өлдім-талдым деп аңшылардан әзер құтылыпты. Бір кезде бөдене келіп:

- Қалай, досым, қорықтың ба?- деп сұрапты.

- Қорқыт - қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?! - деп, түлкі бөденені бассалып, жемек болыпты. Бөдене түлкінің аузында тұрып:

- Досым! Ұзақ жылдар дос болып, ойнап-күлдік, талай қызық көрдік. Қазір мені жегелі тұрсың. Қайтем, жесең же! Бірақ осы күнге дейін аты-жөнімізді сұрап біліскен емеспіз. Жесең де, атымды айтып жесейші, ақырғы тілегім болсын!

- Атым Маңғыт, еді - депті бөдене. Түлкі аузын ашып: Маңғыт дей бергенде:

- Аузыңа саңғыт! - деп, бөдене ұша жөнеліпті. Осыдан былай түлкі мен бөдене достықтан айрылысыпты.

(366 сөз)





ҚҰСТАР НЕГЕ СӨЙЛЕЙ АЛМАЙДЫ?

Ерте заманда адамдар мен құстардың достығы мықты болыпты. Құстар адамдардың тілін түсіне алатын болған екен.

Биік тауда бүркіт өмір сүріпті. Бір күні бүркіттің қарны ашып, аулайтын аң аңдып отырады таудың биік шыңында отырып. Бірақ ештеңе табылмайды. Күннің көзі бүркіттің көзіне түсіп, ол ұйықтап кетіпті. Біраздан соң құстың қанатының даусынан оянып кетеді. Қараса, қаршыға жемтігін аулаған екен. Сөйтіп келесі бір төбешікке барып жейін деп жатыр екен. Оны көрген бүркіт қатты ашуланады да қаршыға отырған төбешікке барып, қаршығаны шұқып тастауға аз қалады. Қаршыға қорықпастан:

- Бүркіт, саған не болған дікеңдеп? Дұрыстап сұрасаң саған да беремін ғой еттен, - дейді. Сонда бүркіт:

- Маған сенің қонақжайлылығың керек емес. Жай сенің өліп қалған аңды қалай жейтініңді көрейін деп келдім, - дейді. Бірақ етті көріп көзі қызып барады.

Оның сөзіне қаршыға күледі де:

- Егер бұл аң өліп қалған болса, онда сен күні бойы не қарап отырдың?- дейді. Бұл сұраққа көңіл-күйі түсіп кеткен бүркіт:

- Мен бұл аңды көрмедім. Мен бұны емес, бір көзіммен қоянды, екінші көзіммен елікті аңдып отырған едім. Сен олардың етін жей алмайсың ғой. Же алдыңдағы етті, сасып кетпесін, - деп жауап қайырады.

Бүркіт пен қаршыға бір-бірімен қатты ұрысып қалады.  Екеуінің шуын естіп қалған барлық құстар жиналады. Құстар Құстандың занын сайлауды ойластырады. Сол хан ұрысты шешіп беруі керек болады.

Құстар шықылдап, шулап кетеді. Барлығының хан болғысы келеді. Сол кезде Бүркіт алға шығып:

- Мен сендерге хан болу керекпін. Менен де биікте самғап ұшатын ешкім жоқ, - дейді. Бірақ оған құстар келіспей: “Жоқ, керек емес! Сен өте тәкәппарсың. Сол себептен де биік құзда өмір сүресің”, - деп қарсы болады.

Жарқанат шығып:

- Менің хан болғым келеді. Менің қанатым сендердікіндей жүннен емес, теріден. Алыстағыны естіп қоямын, - дейді. Бұған көкек келіспей қояды:

- Жарқанаттың хан болуы мүмкін емес. Құстарға ҚҰСПЫН дейді, аңдарға АҢМЫН дейді. Оның үстіне түні бойы ұйықтамай ұшып жүреді де, бізге ұйқы бермейді. Сендер үшін менен жақсы хан болмайды. Менің салған әніммен бүкіл жер беті және жасыл желек құлпырады.

Көкектің де сөзіне құстар келіспей қояды да, былай дейді: “Көкек бізге хан болмайды. Ол өзінің балапандарына қарамай тастап кетеді”.

Осы кезде құстар арасында үлкен айтыс-тартыс туды. Әрбір құс өзін хан қылып сайлауды ұсынды. Құстар қатты шулап кетеді. Мұны естіп жоғарыда талдың басында сиқыршы қара қарға отырады. Ол:

- Ақыры бір-біріңмен тіл табыса алмайды екенсіңдер, онда сөйлемей-ақ қойыңдар. Барлығының хан болғысы келеді, - дейді. Сол кезден бастап құстар адам сияқты сөйлеуден қалады.

Міне, құстардың ауызбіршілігі болмағандықтан, барлығы бірдей сөйлей алмай қалыпты.

(389сөз)

ҚОҢЫР ҚОНЖЫҚ ЕРТЕГІСІ

Қоңыр Қонжық — енесінің еркесі. Бал жегісі келсе бақырып жылайды. Енесі жүгіріп барып бал құйып береді. Ол үнемі бақырып жылап достарына да айтқанын істетеді. Бір күні Қонжықтар Куаалалармен футбол ойнады. Ерке Қонжық қанша тырысса да допты бір рет те тебе алмады. Ол еркелеп, жылап жүріп футбол ойнауға еш машықтанбаған еді. Қатты ызаланған Қонжық отыра қап тағы да бақырып жылады. Бірақ достарының Қонжықты жұбатуға мұршалары болмады. Өйткені олар ерке Қонжыққа алаңдаса Куаалалардан жеңіліп қалулары мүмкін еді. Жылай-жылай тамағы қарлыққа ерке Қонжық бір кезде орнынан атып тұрып:

- Мен футбол ойнайтын басқа достар іздеймін! – деп жүгіре жөнелді.

Ол үңгіріне кеп ағаш бұтағынан екі қолына екі қанат пен добын салып алатын сөмке дайындады. Сөйтіп ол өзімен футбол ойнайтын жақсы достар іздеп сапарға аттанды.

Ұша-ұша Қонжық көзге қарауытқан нәрсе шалынбайтын аппақ әлемге тап болды. Ол аузын ашып, таң қалды. Жер жүзін аппақ қар тұмшалап, тұншықтырып жатқандай. Бір кезде аппақ қардан бөлініп шықандай қардай аппақ Қонжық кездесті. Тек екі көзі мен мұрны ғана қап-қара. Таңданысын жасыра алмаған ерке Қонжық:

  • Сен қалай аппақ болып кеткенсің? – деп сұрады.

  • Мен ақ Аюдың Қонжығымын. Біздер Арктикада ғана өмір сүреміз. Сондықтан түсіміз ақ, – деп жауап берді.

  • Мен футбол ойнайтын дос іздеп жүрмін, – деді ерке Қонжық.

  • О, онда екеуміз дос болайық. Мен саған футболдан да қызық ойын көрсетейін, – деп ақ Қонжық досының қолынан шап беріп ұстап алып асығыс суға қарай дедектетіп жүгіре жөнелді.

Сол екпінмін екі Қонжық суға күмп етіп түсіп кетті. Су өте салқын еді. Ақ Қонжық суға Итбалықтан кем сүңгімейді екен. Суға бір батып, бір шығып, қоңыр Қонжықты да суға батырып ойнақтай бастады. Суға тұншығып, әрі тісі-тісіне тимей сақылдап тоңған Қонжық судан әрең дегенде шығып:

- Досым, мені суға батырма. Мен жүзе алмаймын, әрі бұл жер өте салқын екен, – деді жыламсырап.

Ішек-сілесі қата күлген ақ Қонжық ерке Қонжықты тағы да суға сүңгітіп жіберді. Сол сәт су беті тынышталып, қоңыр Қонжықтан белгі болмай қалды. Қорқып кеткен ақ Қонжық суға қойып кетіп алаңсыз батып бара жатқан досын жағаға алып шықты. Қоңыр Қонжықтың Арктика секілді суық жерде өмір сүре алмайтынын түсінген ақ Қонжық оған қанатын кигізіп, беліне добын байлап шығарып салды.

Бірте-бірте аппақ әлемнің де шеті көрінді. Жер көгеріп, бойы жылыған Қонжық дем алу үшін көл жағасына қонды. Кенет ол көл бетінен бір қайықты көрді. Үстінде капитан секілді біреу қасқайып қарап келе жатыр екен. Жақындай келе Қонжық өз көзіне өзі сенбеді. Қайық дегені – Бегемот, капитан дегені – Бегемоттың бұзауы екен.

Жағалаудан Қонжықты кездестірген Бегемот таңданысын жасыра алмай:

  • Қоңыр Қонжық, бұл жерге қайдан тап болдың? – деп сұрады.

  • Мен футбол ойнайтын дос іздеп келем, – деді Қонжық.

  • Мен де футбол ойынын үйренсем деп жүргенмін. Кел екеуміз ойнайық, – деді Бегемот қуанып.

Бірақ Бегемет футбол ойнауға ерке Қонжықтан да икемсіз боп шықты. Тіпті дәл алдында тұрған допты тебуге қысқа аяқтары жетпеді. Бегемотқа футбол ойынын үйретем деп әбден күйіп-піскен Қонжық:

  • Ештеңеге икемі жоқ қолапайсыз, жексұрын екенсің өзің, – деді ашудан дір-дір етіп.

  • Футбол ойнауға икемім болмаса да, сенен жаман сөз естіп тұра алмаймын! – деп айқайлаған Бегемот оны дәу тұмсығымен бір соқты. Қонжық есінен танып қалды. Сәлден соң есін жиған Қонжық Бегемотты көріп алды-артына қарамай қаша жөнелді.

Ол тағы ұшып келеді. Алдынан тал-терегі жайқалған әдемі жер көрінді. Қонжық еш ойланбастан сол жерге кеп қонды. Ол бұл алқаптың табиғатының кереметтігіне қуанғаннан қанатын лақтырып жіберіп еді, қос қанат сол маңда қалың ішіне кіріп алып жусап жатқан Мүйізтұмсықтың басына түсті. Ашуланған ол қарқыраған ащы дауыс шығарып Қонжыққа қарай тұра шапты. Аса зор мүйізін кезеніп, жер жаһанды дүрсілдетіп келе жатқан Мүйізтұмсықтан қашам деп шегіне берген Қонжық ірі бір талдың сояудай тамырына соқтығып шалқасынан түсті. Сол сәт дәу хайуан тура жанынан заулап өте шықты.

- Уһ! – деп Қонжық бір демін алды.

Енді оның дос іздеуге мүлдем көңіл-күйі соқпады. Ескі достарын қатты сағынып кетті. Еркелікті қойып, үнемі солармен бірге болуды ойлады. Кенет құлағына сондай бір нәзік, үзіліп тұрған әдемі әуен естілді. Ескі достырына деген сағынышы лезде басылып әдемі дауысқа елтіп, солай қарай жүре берді. Бірте-бірте дауыс өте жақын жерден естілді. Дауыс ағаш басынан шығып тұр. Ол өрмелеп ағашқа шықты. Қол созым жерде бұл іздеген досы әдейі дауыстап шақырып тұрғандай боп кетті. Бір ғана жапырақ оның сұлу түрін жасырып тұрғандай қол соза беріп еді, тағы да аяқ астынан күтпеген жағдай болды. Әлгі дауыс біреу құйрығын байқаусызда басып кеткен мысықша баж ете түсті. Шошып кеткен Қонжық талдан домалай құлап түсті. Ол жерде тұрып:

- Сен кімсің? – деп сыбырлады.

Жапырақ арасынан біреу:

  • Мен Мысықторғаймын, – деп жауап берді.

  • Әлгі әдемі дауыс сенікі ме? – деді Қонжық.

  • Иә, менікі, – деді дауыс.

  • Ал, соңғы ащы дауыс ше? – деді Қонжық дауысы жәй шығып.

  • Ол да менің дауысым, – деп жауап беріп еді, Қонжықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Қатты қапаланды. Қиналды. Тұрып-тұрып қанатына қарай жүгіре жөнелді. Ол ұшып бара жатып, бар әлемге естірте:

  • Өзімнің ескі достарыма барам! Олардан артық дос жер бетінде жоқ екен! – деп айқай салды.

Әдина Әбдіқайқызы

(674 сөз)



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. ҚР БМ Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұсынған әдебиеттік оқу бағдарламасы (2-4 сыныптар үшін) ;

  2. ҚР БМ Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұсынған сауат ашу оқу бағдарламасы (1-сыныптар үшін) ;

  3. 300 учебных текстов, проверочных работ и тестов по чтению для начальной школы. Тикунова Л.И., Игнатьева Т.В. Москва «Дрофа» - 2000;

  4. Өнегелі ертегілер. Қазақ ертегілерінің антологиясы. Алматы: «Аруна» баспасы – 2007ж.

  5. Дайындауыш немесе қазақ тілінен 55 сабақ. Шымкент «ШИКУЛА және К» - 2007ж.

  6. Менің алғашқы әліппем. «Алматыкітап»ЖШС, 2006ж;

  7. Атамекен сиқырлы елінің аңыздары. «Шикула», 2006ж.

  8. Әжемнің ертегілері . «Аруна Ltd» ЖШС – 2007ж.

  9. Жануарлар туралы ертегілер. «Аруна Ltd» ЖШС

1 Ожар – одыр, ұрда-жық.


84




Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Начальные классы

Категория: Прочее

Целевая аудитория: Прочее

Скачать
Мақала Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын тексеруге арналған мәтіндер

Автор: Ибраева Камар Жангереевна

Дата: 04.01.2019

Номер свидетельства: 493708

Похожие файлы

object(ArrayObject)#863 (1) {
  ["storage":"ArrayObject":private] => array(6) {
    ["title"] => string(80) "О?ушыларды? білімін тексеруді? жа?а ?лгілері "
    ["seo_title"] => string(52) "ok-ushylardyn-bilimin-tieksierudin-zhan-a-ulghilieri"
    ["file_id"] => string(6) "152858"
    ["category_seo"] => string(13) "vsemUchitelam"
    ["subcategory_seo"] => string(7) "prochee"
    ["date"] => string(10) "1420911036"
  }
}


Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Проверка свидетельства