Просмотр содержимого документа
«М??гілік елді? м??гілік тілі »
Мәңгілік елдің мәңгілік тілі
Мәңгілік елдің бойындағы мәңгілік қан«Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру. Түнде – ұйқы көрмедім, күндіз – күлкі көрмедім; қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді; күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі мәңгі елім үшін!» -дейді баба Тоныкөк. Иә, бұл кешегінің ұраны, бүгіннің арманы, келешектің еншісі. Ханның мұраты, қарашаның тілегі. Мәңгі болу – мәңгілік арман. Мәңгіге шектеме болмайтыны секілді, мәңгілік елге айналу өркениетке ілескен бұл күннің толқынында жүрген жұрттың арманы. Қазақ деген ұғымды еншілегенімізгеде өте ұзақ болмаса да, арғы бабамыз сақ пен ғұннан, үйсін мен қаңлыдан тарата айтсақ бәрі де мәңгілік жұрттың негізін қалады. Мәңгілік ұрпақтың шекарасын айқындады, «әлмисақтан» деп сөз бастайтын атам қазақтың қай тұсын алып қарасақ та мәңгілік болудың мақсаты айқындалады, тайға басқан таңбадай із тастайды. Кир патшаның басын алып, “мәңгі елдің тыныштығын алғың келсе, мәңгі қанға тойып торсықта жат” – деп халқының ертеңі үшін атқа қонған Тұмар ханым тірлігі де осы елдің, баба жұртының бас қамы еді. Желмаямен желе жортып, мәңгілік «жерұйық» іздеген Асан қайғының да қайғы атанғаны еліне тұрақ, ұрпағына мәңгілік мұрат болар жері құнарлы, ауасы жұпарлы, шөбі шүйгін жұртты көксемеп пе еді? Қой қоздатып, түйе боздатып, желілеп бие байлап, жер бетінің жайлысын таңдап ұрпақ өсіруді арман еткен Асан жыраудың сан жорығы мәңгілік ұрпақтың қамы емес пе? Қайда барса өзіне қазылған, өзінің атына жазылған көрден құтылмаққа Қорқыт баба да қобызын күңіренте тартып мәңгілік ғұмырды аңсамады ма? Мәңгілік үнді, мәңгілік әуенді аңсамады ма? Сырдың бойын сырлы қобыз үніне ұластыра сыр шерту де мәңгілік арманы еді ғой. Әбілқайыр сұлтаннан ат басын бұрып, артына мәңгілік мұраты мен мақсаты бір қауымды ертіп, қазақ хандығының қара шаңырағын тіккен Керей мен Жәнібектің жан мұңы да, өз ақылшысы Асан қайғы армандаған жұмақ мекенде өз халқын бақытты ету емес пе? Даланың заңын қазақтың хәлімен ұштастыра, ұлттың болымысына сай «жеті жарғыны» жасаған жұрттың тірлігі де ел іргесін бүтіндеу, ел ертеңін түгендеу емес пе? Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада қынадай қырылған жұртты біріксең ел боласың, өзгемен тең боласың деп елдікке бастаған хан Абылайдың да аңсағаны есіл жұрттың ертеңгі амандығы, баланың баба топырағында ғұмыр сүрсін деген ниеті емес пе? Хан Кененің көкірегі қақ айырылып қан жұта жорық жасауы, жұртының ертеңгі болашағы, елінің келешегі үшін күрес, мәңгілік ұлт үшін, мәңгілік атамекен жұрт үшін күрес емес пе? Әр дәуір зиялысы ертеңінің жарқын болуы үшін күресті. Әр дәуір мәңгілік болудың өз әлінше сырын айтты. Абай болып толғаған заманда мәңгілік ғылымның сырын ұқ, мәңгілік ілімнің тереңіне бойла деп сыр төкті. «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жүмбақ адаммын оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма....» - деген Абайда ұлттың мінімен алысты, ертеңін ойламас жұрттың сынымен алысты. Кінәлау үшін емес түзету үшін, әрине. Түзету арқылы елдің ертеңін нұрландырғысы келді, сол арманның жетегінде өмір сүрді. ХХ ғасыр қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуы күмәнға айналған, мәңгілік болу түгілі, мәйекті ұлт болу арманға айналған алмағайып кезең болды. Алапат ашаршылық, қолдан жасалған зұлматтар ұлттың үнін бәсеңдетті. ХХ ғасырдың қанды қырғындары мен ұлт зиялыларын қойша көгендеп, жалаға айдап, дарға асуы біздің мәңгілік ел боламыз деген мәңгілік рухтан қорыққан қорқаулардың тірлігі еді. Ұлттың қаймағын, жұрттың жақсысын қырды, жойды, қорқытты, үркітті. Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. – деп, мәңгілік мұратты еске салғысы келген Міржақыптарды дарға асты, елден қуды. Мәңгілік арманды өлтірдім деді басқыншы жұрт. Бірақ, атам қазақша айтсақ адам ұрпағымен мың жасайды демек бар екен. Көп өтпеді, рух қайта тірілді, жәй тірілген жоқ, сесімен, өткір жырымен тірілді: Мен – қазақпын, мың өліп мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен. Жылағанда жүрегім күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген,
...Ал, бүгін ше? Бүгін мен азаматпын, Жаза алатын, ғылымды қаза алатын. Жаза алатын ДҮНИЕЛІК дастандарды, Жаза алатын ТАРИХҚА ҚАЗАҚ АТЫН.
...Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым, Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым. Сансыз басты диюдай сан тіріліп, “Мен – қазақпын!” дегенді айта тұрдым.
...Ұлы аманат етейік еркіндікті, Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті. Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең “Қазақ болу – зор бақыт” дер күн тіпті.
... Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім МӘҢГІ өлмеске – Айта бергім келеді, айта бергім! – дейді ақын Жұбан Молдағалиев. Иә, есті жанға түсінікті. Ертеңгі болашаққа серпін берген рухты жыр. Мәңгі өлмеске тірілген ұлт рухының сөзі. Әрине, рухы басым ұрпақтың тірі екенін көрсетті. Сөзін естіртті, сезген жұртты жырымен сескендірді. Қорқыту, үркіту, жанған рухты жөргегінде тұншықтырғысы келетін тегеуріні қатты заманда да біздің жұрт ұрпақтың көзіндегі ұшқынды байқады. Байқап қана қойған жоқ: Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін – деп Мағжан ақын ертеңіне сенім тастап, ұрпақ пен мәңгілік ұлы мұратты тірілтіп кетті. Ақындардың жырымен «мәңгі өлмеске» тірілді, қайта әлсіремек емес. Өйткені, бұл ұлттың жаны, қазақтың бойындағы ыстық қаны еді.
Мәңгілік елдің мәңгілік тілі
Мәңгілік ел болмақтың бастапқы қадамы мәңгілік ұлт болмақ. Мәңгілік ұлт болу әр ұлыстың арманы болған тарихта. Бүгінгі күнде сол жалғасты. Ғаламда сіңісу һәм жұтылу процесі үздіксіз болған және де бола бермек. Ал, осы жұтылудан құрып, жоғалу келіп шығары хақ. Тарихқа үңілсек ізім-ғайым жоғалғандар, бедер-белгісі бар, бүгіні жоқ қаншама ұлыс, қаншама ұлт бар. Қазірде ертеңі елес болған қаншама халықты көріп отырмыз. Иә, мәңгілік ел болмақтың өлшемі мәңгілік тұғыр болмақ дедік. Ол тұғыр – ұлт. Мәңгілік ұлт арманмен, мұратпен ғана мәңгілік. Тек, сылдыр сөзбен мәңгілік емес. Ұлттық сипатпен мәңгілік. Мәңгілік сипат – ол тіл, сана һәм рух. Ұлт мәңгілік болу үшін мәңгілік санасының жемісін беретін, рухының үнін естіртетін мәңгілік тілі болмақ керек. Әйтпесе, тілсіз ұлт болмақ емес. Егер ұлт мәңгілік болмаса мәңгілік ел дегенің әдірем қалмақ. Иә, тағы да тарих қартты сөйлетейік, баба тарих не дейді? Тоныкөк тасқа басқан, Білге, Күлтегін қағандардың мәңгілік өшпес ескерткіші болған құлыптастардағы ойылып жазылған тіл – ол баба тілі. Оны бүгін ғалымдар оқыды. Ұрпақ бабасының үнін естіді. Иә, Тоныкөк бабам есерленіп есі кеткен соң, Күлтегін бабам істерге іс таппаған соң тас қашап, жазу жазған жоқ. Менің тілімді кейінгі жұрт ұқсын,тәлім алсын. Қағаны қарасын, халқы санассын деп жазды. Мақсаты орындалды да. Маңызы ғасырдан соң айқындалды. Бері тартсақ оғыздан қалған жыр, бағзының үні емес пе? Майқы биден қалған текті сөз тілдің құдіреті емес пе? Асан әр жерге неге шумақтатып жырмен сөз айтып баға берді? Астарына үңілейік. Даланың даңқты заңы бойынша ол бұл жер біздікі, біздің ұрпақтікі деген мөр емес пе? Осы күні өзгеде жатса да Асан атам: Әйелі семіз, ері арық, Екі аттам жері бір арық, Диханшының жері екен, - деп тіл таңбасын айнытпай басып кеткен Ілені ертеңгі күнгі саналы ұрпақ баба топырағы екенін айнытпай ұғары даусыз. Асан қайғы мәңгілік жерұйықты таппады, бірақ мәңгілік қоныстың шекарасын сол заманның дала заңы бойынша тілмен сызды, жырмен өрді. Бүгінгі саналы ұрпақ мәңгілік белгі көрді. Қайран да менің, Еділім, Мен салмадым, сен салдың, Қайырлы болсын сіздерге Бізден бір қалған Еділ жұрт!..деп, Қазтуған жырау жылжып бара жатса да, жырдан қазығын қағып кетті. Ертең ұрпағым есін жиса, есіне алсын деп айтып кетті. Еділдің қазақ топырағы екенін есті жұрт сезінді де бүгін. Жә, тарих қарт ұзақ толқыса да тілімен таңба сала жүргені ақиқат. Бұл бізде де, өзге жұртта да бар құбылыс. Анығын айтсақ басқыншы жұрт бізге жеткенде де тіл бедерін батырды. Қызылжарды Павлодар етті. Қазаққа қырық қайнаса қаны қосылмайтын Павлға жеріңнің төрінен орын берді. Дәл сондай өзімізге тілмен айтсақ жеті ата жетпіс бабаға қатысы жоқ Петрге де жұрт берді. Міне, бұл тілдік үстемдік. «Ел болам десең, бесігіңді түзе, алдымен, анаңның халін біл» деген текті жұрт қарманды да, әрине. Көшпенді замандағы астанасын айтпасақ та, өзгеде қалып кетерін сезген де шығар біздің ғұламалар. Алғашқы астананы Орынборға қойғаны да тарихи ақиқат еді. Тарих қазақтың астанасы деп, жазып кетті. Қазақша айтсақ, қасқырды қанша бақсаң да тауға қарап ұлитыны секілді, өзінше үстем жұрт қанша жасырып жапса да, қазақтың ізі, тарихтың сілемі көзге ұрып тұр Орынбор мен Омбы жұртында. Ақиқаттың шыңын адамзаттың мұңы өзгертті. Замана тілі өзгере бастағанда ұлттың, елдің жаны тіл екенін қазақ зиялылары қадап айтып кетті. Мәңгілік тіл болмаса мәңгілік ұлт болмайтынын Ахмет Байтұрсын анықтап кетті. «Сөзі жоғалған халықтың өзі жоғалады» – деген Ахмет ақылиясынан артық не керек? Ахаңнан артық айту қолдан келмесі шындық. Сөзіміз жоғалмасын, өзіміз жоғалмайық. Тіліміз жоғалмасын, тіл жоғалмаса ұлт жоғалмайды. Ең бірінші бақытым – Халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым – Тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген, Құдай деген кім десе, Отан дер ем! ... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.- деп жырлаған Мұқағалидың үні ұлттың сөзі еді. Елдің, тілдің құдіретін бағзыдан атам қазақ осылай бағамдаған еді. Ұлт жоғалмаса, ұлттың рухы мен санасы жоғалмаса мәңгілік болашаққа ешкім бөгет бола алмайды.
Мәңгілік тәуелсіздік
Қазақ халқы ХХ ғасырдың соңында мәңгілік арманына жетті. Мойны бұғаудан босады. Дүниеге жар салдық. Біз тәуелсіз ел болдық деп мінберден сөйлеп, биік-биік тұғырдан көріндік. Елдігіміздің көтерген елбасы елдің мәңгілік тұғырнамасын қайта қозғады. Ширек ғасыр елдігімізді танытқан соң бабаның арманын қайта жаңғыртты. Бұл да сындарлы сағаттың жемісі еді. Қазақтың мәңгілік жеңісі еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтың бүгінгі әр сағатының маңызды құндылықтармен толықтырды. Мәңгілік ел болмаққа тұғырнамасын жасады. Міне, мәңгілік елдің қағаны, ұлттың арманы. Мәңгілік ел деген идеяны көтермес бұрын мәңгілік болмақтың қамын қылды. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлес» - деген елбасының ойы да сол мәңгілік ел болмақ үшін мәңгілік тіл болмақ керегін аңдағаннан кейінгі сөз. Мәңгілік ел болмақтың аксиомасы. Ұрпағы өзге тілде шүлдірлей бастағанын сезген бүгінгінің ақыны заманның мұңын, Ана тілің – арың бұл,. Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте! – деп жеткізіп, өз тілін өзекке теппе, елдігіңе сын деп ескертті. Елдікті ойлар жұрт ескерер деп үлгі етті. Елбасы бастаған істі ел де қолдамақ, біз секілді ұрпағы жалғамақ. Ол ұлы міндет. Сол үшін біз ұрпақ мәңгілік ел болмақ үшін мәңгілік тілдің өрісін кеңейтпегіміз парыз. Қазақ тілі болашақта тек қазақ әдебиетінің тілі ғана емес, техниканың, ғылымның һәм саясаттың тілі болса, елбасы жүктеген міндетті ел болып атқарғанымыз болмақ. Елдің ертеңі үшін мәңгілік ел болашағы үшін, мәңгілік елдің тілдің қанат жаймағы үшін білім нәрімен әлеуеттеніп, мәңгілік мұрат ұстанбақ керек. Кешегі Мағжан сенген жастарға бүгін елбасы да сенді. Сенім артты. Сол үшін мәңгілік елге қызмет ету біздің борыш. Тіл мәңгілік, ұлт мәңгілік болғанда ғана ел мәңгілік болмақ. Мәңгілік тәуелсіздік болмақ. Елдің ертеңі нұрлы болсын! Қазақ елі мәңгі болсын!
***
«Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел»,
***
Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, Қазақстан 2050 стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін де білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – «Мәңгілік ел» біздің өзіміздің қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған мәңгілік тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек. «Қазақстан 2050» мәңгілік елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!
Ұлттық идея – Мәңгілік Ел Басты
Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған Жолдауын жариялау болып табылады. Алғаш рет осынау конституциялық міндетін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 1997 жылы атқарған еді. Содан бері жылдың басты оқиғалары қатарына кіргеніне қоса, Жолдау әрбір қазақстандық асыға күтетін құбылысқа айналды. Оның басты себептері мынаған саяды: біріншіден, құжат еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін назардан тыс қалдырмайды. Балабақша, білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы мәселелерін ешбір Жолдау айналып өткен емес. Екіншіден, азаматтардың ірілі-ұсақты тіршілік түйткілдерін шешкен жолдауларда ұлы міндет – тәуелсіздікті бекемдеу, мемлекеттілікті қалыптастыру, елішілік ынтымақ пен келісімді сақтау көзделді, нақты тетіктері дәйектелді, діттеген межелер нақтыланды. Құрғақ уәдеге, даңғазалыққа, дарақылыққа орын берілмей, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Үшіншіден, жолдаулар Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігуіне, бәсеке мен сын-қатерлерден бойды аулақ салмай, төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъектісіне айналуына қызмет еткенін ерекше атап өтуіміз керек.