Просмотр содержимого документа
««Қош, сүйікті Әліппем!» Әліппемен қоштасу ертеңгілігі.»
«Қош, сүйікті Әліппем!»
Әліппемен қоштасу ертеңгілігі. Мақсаты: Оқушылардың әліппеден алған білімдерін ортаға салу. Оқушыларды ана тілі оқулығымен таныстыру және өзін-өзі басқаруға үйрету. Көрнекіліктер: Шарлармен безендіру,слайдтар, нақыл сөздер.
Жүргізуші мұғалім: -Құрметті ата-аналар,ұстаздар және оқушылар! Бүгінгі «Қош, сүйікті Әліппем!» атты мерекемізге қош келдіңіздер! Осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын қысыла да қызыға аттаған бірі отбасының тұңғышы,бірі кенжесі, ата-әжесінің сүйікті де еркесі болып жүрген ұл-қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы болған Әліппемен бүгін қоштасқылы отыр. - Ендеше, кішкентай бүлдіршіндеріңіздің білім өлкесіне қарай басқан алғашқы қадамдары құтты болсын! Сонымен «Қош, сүйікті Әліппем!» атты ертеңгілігіміздің кейіпкерлерін 1 «А, Б» сынып оқушыларына қол соғып, қошемет көрсетейік.
Мұғалім: Балалар, мен сендерге бір сұрақ қояйын....
Іші толған әріпке,
Білімдегі жарық не ?
Оқушылар: Ол сүйікті Әліппе!
Мұғалім: Олай болса,бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырамыз.
Әліппе: (Әліппе әнін айтып кіреді)
- Армысыңдар жас достар! Армысыңдар, ата - ана! Болашаққа жол бастар, Әліппең келді ортаға. Жақсы білім көрімдік, Болсын бізге халайық. Не үйретіп, не білдік, Қане, ортаға салайық!
Әліппеге арналған тақпақтар:
Еркебұлан: Рахмет саған, Әліппе! Көп нәрсені үйреттің. Таныстырып әріппен, Тақылдатып сөйлеттің. Камила: Бар кітапқа бас болған Әліппе - ғылым анасы. Әліппеден басталған Даналықтың данасы. Расул: Келгенде алғаш мектепке, Білмеуші едік әріпте, Оқимыз қазір ертекте, Үйреткен оны Әліппе!
Ерке: Ең алғаш алғанымда Әліппені
Қызығып қарай бердім әріптерге.
Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді
Ұстазым оның кілтін алып берді.
Шыңғыс: Әліппе-білім бұлағы,
Әліппе –өмір шырағы.
Әліппе-білім көзі,
Әліппе – мұғалімнің асыл сөзі.
Томирис: Әке-шеше атын сен
Бізге үйреттің әліппе.
Бізге нағыз жақынсың
Сенен білдік әріпті. Салауат: Келгенде алғаш мектепке Білмеуші едік әріпте. Оқимыз қазір ертекті Үйреткен оны «Әліппе».
Аяулым: Таныстырған 42 әріппен
Қош бол, менің қасиетті әліппем.
Сенің арқаң, оқи, жаза аламын.
Сауатты адам санатына кіргенім.
Ән: «Әліппе»
Мұғалім: Ерте, ерте ертеде, Ешкі жүні бөртеде, Орманда екі үй болыпты: біреуі көк, біреуі қызыл. Көк үйде дауыссыз дыбыстар, қызыл үйде дауысты дыбыстар тұрыпты. Олардың атасы «Әліпби» деген дана болыпты. Осы екі үйдің қызыл үйшіктегі әріптері дауыс шығарып көңілді тұрыпты да, ал көк үйдегі әріптер үнсіз өмір сүріпті. Мұны көрген Әліпби «Мен осы екі үйдегі әріптерді араластырсам не болар екен?» деп ойланып, араластырыпты. Сөйтсе, ғажап бір жайға куә болыпты. Әріптері сөйлей жөнеліпті. Осылайша әріптерден сөз, сөзден сөйлем пайда болыпты.
Қазақ тілінде қанша әріп бар? (42) 4. У дыбысы қандай дыбыс? (Дауысты да, дауыссыз да) 5. 2 дыбыстан тұратын әріптерді ата (ю,я,ё) 6. Дыбыс бермейтін әріптер (ъ айыру белгісі, ь жіңішкелік белгісі)
Дыбыстар неше түрі бар?
(дауысты, дауыссыз дыбыстар)
Дауысты дыбыстар деп қандай дыбыстарды айтамыз?
Дауыссыз дыбыстар деп қандай дыбыстарды айтамыз?
Сөз неден құралады? (Буындардан, дыбыстардан, әріптерден)
Ендігі кезекті осы әріптерге берейік.
Аружан:
Алфавитті үйрендік, Онда жүйе, қалып бар. Біздің қазақ тілінде 42 әріп бар.
Әкежан:
А Еркежан: Атыраудың айдыны,
Алтай таудың айбыны.
Астанамыз - Астана,
Алматымыз - бас қала.
М Хасан: Мұғалім, мектеп,мекеме
Молда, мешіт, меккеде
М-әрпінен басталар
Мемлекет-мекен сөзі де.
Ғ Гүлім: Ұқсайды өзі шалғыға Елестет көз алдыңа, Қане, ойланып табайық Болды екен бұл қай әріп? Ж Абылай: Түн шымылдық ашқаннан Жымыңдайтын аспаннан. Көп шырақты жұлдыздар Ж әрпінен басталған. Қ Малика: Қаздан көре аласың Қағаздан да табасың
Байқамасаң анықтап Үш екен деп қаласың. Й Мансұр: Ай, тай, май,
Шай, жай, сай,
Ой, той, қой,
Сөз соңында кілең «Й»
Аты оның - «қысқа й»
Ө Айзере: Өрікте сөздің басында Бөрікте б - ның қасында. Бұл қай әріп көріңдер, Енді айтып беріңдер. Е Нұрәли: «Е» әрпінің үстіне Екі нүкте қойғанда, Қандай әріп шығады? Жауабын айт, ойлан да.
Н Асия: Н әрпінде – екі тіреу,
Ортасында басқыш біреу.
П Ерсін: Әр үйде бір қақпа бар,
П - аумаған тап солар.
Т Сағыныш: Т – кәдімгі телеграф бағаны,
Кейде оған ұқсатасың балғаны.
Р Амир: Р әрпі жылқышының құрығындай,
Қарашы, құрыққа ұқсап тұруын-ай.
Ә Аяна: Таныстырар әріппен,
Мынау кітап әліппең,
Әліппе деген аты оның
Басталған ә әрпінен.
Ш Сұлтан: Ш әрпін айтсақ жасырмай,
Үш аша айыр басындай.
Б Аяулы: қызықтырып әркімді,
Суда жүзер жалтылдап.
Б әрпінен басталған
Сол жүзгіштің атын тап.
Ы Амерлан: Ф-ның екі көзі бар,
Футбол деген сөзі бар.
І Айгүлім: Ірімшікті жедің ғой,
Тәтті екен дедің ғой.
Ірімшіктің атауы
І әрпінен басталған.
Щ Алмас: «Щёткамен тазарт тісіңді»
Деп ағам маған бұйырды
Ақтан: О – кәдімгі дөңгелек Кетпесін ол дөңгелеп.
Мұғалім:
- Рахмет, балалар! Міне, біз әліппені аяқтадық. Осы оқулықтан біз өз Отанымыз туралы көп оқып білдік. Ендігі кезекте Отанымыз туралы білгенімізді ортаға салайық.
- Балалар, біздің Отанымыз қай мемлекет?
- Біздің елбасымыз кім?
- Біздің еліміздің елордасы қай қала? - Астана қаласының символы не?
- Рәміздерді білесің бе?
- Біз қай облыста тұрамыз?
- Ендеше Отан туралы қандай әндер, өлеңдер үйрендік, соны ортаға салайық.
Әсел: Отан- сенің ата-анаң
Отан-досың бауырың
Отан-өлкең, астанаң
Отан-аудан,ауылың
Диас: Отан-тарих, Отан –тіл
Жасаған ерің, ер халқың
Отан-өлең, Отан-жыр
Көтерген көкке ел даңқын.
Еңлік:Отан осы достарым
Көңілге мұны түйе біл.
Отан деп өс,жас қауым,
Оны ардақтап,сүйе біл.
Ән: «Отан»
Біз бүгін шексіз қуаныштымыз, өйткені алғаш хат танытып, сауатымызды ашқан әліппені бітірдік.
Камила: «Әліппе»даңғыл жол ашты Жаңадан пәндер жалғасты Әліппе сырын ұқтырған Рахмет ұстаз алғашқы.
Еркебұлан:
Келгенімде алдыңа,
Қызыл арай гүл алып.
Жақын тарттың өзіңе
Шәкіртім деп қуанып.
Томирис:
Сипадың да басымнан,
Әліппені ұсындың.
Бақытымның осыдан басталғанын түсіндім.
Малика :
Мен енді өзім оқып, өзім жаза аламын. Ертегі-әңгімені де өз бетіммен оқитын болдым. Осы үшін ұстазыма көп рахмет!
Абылай: Біз көп нәрсені – кітап оқуды, өлең жаттауды, ән айтуды, сурет салуды үйрендік. Осы үшін ұстазыма көп рахмет!
Ән: «Мұғалім ол біздің»
Әліппе:
Менің сендермен қоштасатын уақытым таяп қалды. Сендерге де рахмет балалар! Өздеріңдей тәртіпті, оқуға ынталы балалардың талабына қуанамын. Енді білімдеріңді жалғастырып, әрі қарай білімді болу үшін Ана тілі кітабымен таныстырайын. Ана тілі, мында келші!
Ана тілі:
Сәлеметсіздер ме балалар? Туған елдің тілімін Ақылыммен танылам. Түсіндірер бәріне Ана тілі мен болам.Балалар,енді бұрынғыдан да көп оқитын боласыңдар.Ынта қойып оқысаңдар көп нәрсеге үйренесіңдер.
Әліппе:
Әр сөзімді жаттаған,
Балалар үшін мақтанам.
Рахмет айтып, шаттанам,
Риза болып аттанам.
Оқумен өсіп толыңдар,
Аман есен болыңдар!
Ән: «Рахмет саған, Әліппе!» Мұғалім: Балалар, бүгін біздің ортамызда ата-аналарымыз да қуанышымызға ортақтасып отыр. Құрметті ата-аналармен қызықты ойын өткізейік. Ортаға 5 ата-ана шыға қойсын. Манадан бері балалар әріптердің сырын ашуға тырысты. Ендігі кезек сіздердікі. Мен қойған сұрақтарға тек оң қолыңызды көтеріп жауап бересіздер. Ой ұшқырлығына құрылған есептер Ата-аналарға қойылатын сұрақтар 1. Ағаш басында 2 балық отыр еді. Оларға тағы 2 балық ұшып келді. Барлығы неше балық болды? ( балықтар ағашта отырмайды және ұшпайды.) 2. Алма ағашында 10 алма, ал үйеңкі ағашында одан 2 алма аз өсіп тұр. Үйеңкі ағашында неше алма өсіп тұр? (Үйеңкіде алма өспейді) 3.Тақта алдында 3 бала тұр.Олар: Самат,Марат,Қанат. Марат ортасында тұр. Маратты қозғамай қалай шетке тұрғызуға болады? 4. Жанұяда 7 ер баланың бір-бірден қарындасы бар. Жанұяда қанша бала бар? (8 бала:7 ұл,1 қыз) 6.Аулада жүрген бұзаулар мен тауықтардың аяқтарының саны –он. Аулада неше тауық, неше бұзау болуы мүмкін? ( 1 тауық, 2 бұзау) 7. Екі адам қалаға келе жатып жолда тағы 5 ауылдасын кездестірді. Қалаға ауылдан неше адам келе жатыр еді? (2 адам) Мұғалім: Рахмет сіздерге, құрметті ата аналар! Қазір балаларыңыз сіздерге өз алғыстарын айтып, әндерін арнайды.
Хасан: Алфавит сыры
Ерке: «Мен кішкентай баламын»
Мен кішкентай баламын,
Айтқан тілді аламын.
Апам нанға кеткенде
Үйде ойнап қаламын.
Шкафтарды ашпаймын,
Кітаптарды шашпаймын.
Текшелерден үй жасап
Қызық ойын бастаймын.
Қарындашты аламын,
Қағазға сурет саламын.
Ән: «Ақ мамам»
Мұғалім:
Осымен «Қош бол, сүйікті Әліппе!» ертеңгілігіміз аяқталып келеді! рұқсат Балаларды бүгінгі мерекелерімен құттықтау үшін және Әліппені аяқтағаны жөнінде сертификат табыстау үшін мектеп директорын шақырамыз. (Әліппені бітіргендері үшін куәлікті тапсыруға рұқсат етіңіздер.)
Куәлікті тапсыру. Ата-аналар арасында ортаға шығып сөз сөйлеймін деушілерге сөз кезегі беріледі.