Просмотр содержимого документа
«Иннавациалық технология»
Білім берудегі инновациялық технологиялар
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып,әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт ала бастағаны белгілі. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістер мен жаңа инновациялық технологиялардың кеңінен қанат жая бастағандығынан бастау алып отыр. Бүгінгі ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің Кембридж білім беру тәсілдерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі екендігі күн сайын айқындалып келеді. Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған міндеттердің бірі – оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.
“Инновация” ұғымын қарастырсақ, ғалымдардың көбі оған әртүрлі анықтамалар берген. Мысалы, Э.Раджерс инновацияны былайша түсіндіреді: “Инновация- нақтылы бір адамға жаңа болып табылатын идея”. Майлс “Инновация – арнайы жаңа өзгеріс. Біз одан жүйелі міндеттеріміздің жүзеге асуын, шешімдерін күтеміз», – дейді.
Инновациялық құбылыстар білім беру саласында өткен ғасырдың сексенінші жылдарында кеңінен тарала бастады. Әдетте инновация бірнеше өзекті мәселелердің түйіскен жерінде пайда болады да, берік түрде жаңа мақсатты шешуге бағытталады, педагогикалық құбылысты үздіксіз жаңғыртуға жетелейді. ” Масырова Р.Линчевская Т – “Жаңару” дегенімізді былай деп түсіндіреді: “Жаңару – белгілі бір адам үшін әділ түрде жаңа ма, әлде ескі ме оған байланысты емес, ашылған уақытынан бірінші қолданған уақытымен анықталатын жаңа идея.
Қазақстанда ең алғаш «Инновация» ұғымына қазақ тілінде анықтама берген ғалым Немеребай Нұрахметов. Ол “Инновация, инновациялық үрдіс деп отырғанымыз – білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі” деген анықтаманы ұсынады. Н.Нұрахметов “Инновация” білімнің мазмұнында, әдістемеде, технологияда, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда, мектеп жүйесін басқаруда көрініс табады деп қарастырып, өзінің жіктемесінде инновацияны, қайта жаңарту кеңістігін бірнеше түрге бөледі: жеке түрі (жеке – дара, бір-бірімен байланыспаған); модульдік түрі (жеке – дара кешені, бір-бірімен байланысқан); жүйелі түрі (мектепті толық қамтитын).
Сол тұрғыда Кембридж университетінің білім берудегі жеті модулі өскелең ұрпақтың қабілетін,талантын дамытуда басты рөл атқарады.
Ал курс барысында республиканың әр түкпірінен келген мұғалімдер біліктілікті арттырудың мән-жайына қанығып, соңғы заманауи технологияларды басшылыққа алады.
Өйткені қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстаздан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл өзгерістерді енгізу дұрыс па? Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, талпынатын, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу -ұстаздың қолында. Ал қоғамдағы жаңа өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Демек, үш айлық курс бағдарламасында әр аймақтан келген мұғалімдерге қазіргі заманғы оқыту әдістері жеті модуль арқылы ұсынылады. Атап айтқанда, Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету білім беру үшін бағалау және оқытуды бағалау, білім беруде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқыту, білім берудегі басқару және көшбасшылық.
Оқыту мен оқудағы әдістерді не үшін өзгерту керек екенін ой таразысынан өткізетін болсақ, әрине, бірінші кезекте өзіміз өмір сүріп отырған қоғам туралы сөз бастағанымыз жөн. Қазіргі таңда әлем жылдам өзгеру үстінде.Ғылым мен техниканың өркендеген жаhандану кезеңінде «Мұғалімдер оқушыларды XXI ғасырға қалай дайындайды?» деген сұрақтың төңірегіндегі мәселені шешуге ат салысу керек. Олай етпеген жағдайда орны толмас өкінішке қаларымыз сөзсіз.
Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында , ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»деп ұстаз қауымға сенім білдірген. Сол сенімнен шығу үшін өзгерісті көшбасшылық және оқыту үдерісін қайта қараудан бастағанымыз жөн. Осы уақытқа дейін көшбасшы деп ұжымның бірінші басшылары және белгілі бір мәртебесі бар тұлғалар саналған. Енді бәрі басқаша болмақ. Көшбасшылар маңайындағыларға «қызмет көрсететін» және ықпал ететін,игілікті істің басында жүретін,оқушылардың мінез – құлқын модельдей алатын, кез келген жағдайда істің көзін таба білетін жеке тұлғалар болып саналмақ.
Мұғалімдердің міндеті оқушыларға қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде ойын қымсынбай еркін, өзіндік дәлелдерін айғақпен айта алатын, ынтасы таудай, сенімі берік, сыни пікір-көзқарастары қалыптасқан, сандық технологияларда мейлінше сауатты оқушы қалыптастыруға даярлау болып табылады.
Мұғалім өзін білім беру қоғамдастығының бір бөлігі ретінде қарастыруы үшін міндетті түрде білім беру саласына өзгеріс енгізген жөн. Өзгеріс енгізудің тізгінін көшбасшы – мұғалімдер өз қолдарына алғаны дұрыс болады деп ойлаймын. Өйткені көшбасшы – мұғалімдер зерттеулер жүргізе отырып инновацияларға қол жеткізеді. Олар әріптестері мен айналасындағыларға үнемі оң ықпалын тигізеді.
Білім берудегі инновациялық технологиялар арқылы оқыту мен оқу үдерісіндегі бақылаудың өзгеше сипатын, жаңашыл мұғалімдердің ерекшелігін білуге болады және оқушылар топтарының, біртұтас сыныптардың ішкі жағдайын қадағалауға мүмкіндік туады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жасаған құзіреттерді анықтау және іріктеу жобасы дағдыларының мейлінше мол ауқымын қамтитын XXI ғасыр дағдыларының моделі болып саналады.
Жобаның сипаттамалық жүйесі жан –жақты сауаттылығын кең тұжырымдағы шешімдер мен іс-әрекеттерді іріктеу мүмкіндігі тәрізді құзыреттерді анықтайды. Олай болса, осы жобаға сүйеніп оқу тәжірибесін өзгерту үшін,білім берудегі жаңа мақсаттарға жету үшін мұғалімдердің кәсіби дамуына мейлінше мән берген дұрыс. Неге мектепке өзгеріс енгізу керек деп ойлаймыз? Өйткені білім берудегі инновациялық технологияларды пайдалану үшін мектеп те, мұғалім де түбегейлі өзгеріске қадам басу керек. Бұл үдерістің басы – қасында көшбасшы мұғалімдер болады. Көшбасшылар енгізгелі отырған өзгерістерін,ең алдымен,өздері жетік білгендері жөн. Одан кейін ғана өз командасының барлық мүшелеріне жеткізуге тиіс деп ойлаймын. Менімше, көшбасшылар оқыту үдерісі туралы, оқушылар туралы жан-жақты білулері керек және терең білім нәрімен сусындаған зиялы қауым болғандары абзал, олай дейтінім енгізілген өзгерістің тиімді болуына жоғары деңгейлі өзін-өзі тану мен мақсатты сын тұрғысынан талдау өзекті талап болып табылады. Осы тұста әл – Фарабидің «Дүниедегі ең оңай нәрсе – біреуге ақыл айту, ең қиыны – өзін-өзі тәрбиелеу» деген өнегелі сөзінің шындығына жеттім. Мен көшбасшы мұғалім ретінде білім берудегі инновациялық технологиялар туралы, оқытудың жеті модулі туралы өз ұжымыма мүмкіндігінше жан-жақты түсіндіріп, ұстаздарды инновациялық технологиялардың тиімділігін ұғынуға үгіттедім. Бұдан әрі олар өзгерген ұстаздар ретінде жаңа технология бойынша сабақ беріп, өздері де, оқушылары да өзін-өзі тәрбиелеуге бағыт алу қажет болатын. Осы орайда тек жаңалыққа жаны құмар жарқын жанды ұстаздар қауымы ғана жұмыла іске кірісті. Өкінішке орай, кейбір мұғалімдер енжарлық танытқан сыңайы да кездесті.
«Көш жүре түзеледі» деп ата – бабаларымыз тегін айтпаған шығар. Әлі де болса, өз мектебімне орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқу әдістемелері арқылы сабақ беретін ұлағатты ұстаздарды дайындауға ықпал ететініме сенімім мол. «Сабақ беру жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер» деген жазушы Ж. Аймауытовтың сөзімен қазіргі жаңадан пайда болған білім берудегі инновациялық технологиялар сипаты сәйкес келетін сияқты. Мен айтып отырған жаңа технологияның ерекшелігінің өзі де осында.
Бұл технологиялар бойынша дәріс берген ұстаздар шеберліктің шеңберінде ғана қалып қоймайды, олар баланың қажеттілігіне қарай білім береді. Мұғалім өзін білім беру қоғамдастығының бір бөлігі ретінде сезінеді. Шебер ұстаздың көңілінде үнемі талапқа сай оқыту тұрады.
Білім берудегі инновациялық технологиялардың ішінен оқытудағы Кембридж тәсілінің жеті модулін тиімді деп қарастырғанымыз жөн. Олар: оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысына ойлауға үйрету, АКТ, оқытудағы басқару және көшбасшылылық, оқыту үшін бағалау және оқытуды бағалау, оқушыларды жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу, талантты және дарынды балаларды оқыту.
Білім берудегі инновациялық технологиялардың әсерінен оқыту үдерісінде топпен жұмыс жүргізу, оқушылардың пәнге қызуғышылын ояту, бағалау арқылы табысты оқудың критерийлері жүзеге асады. Сондықтан барлық оқушылардың оқуда табысты болуына қол жеткізу үшін сындарлы оқыту теориясының барлық жеті модулін ықпалдастыра отырып, сабақ жоспарын құрумен қатар оқушылардың білім алуын ойластырып, оқыту мен оқу жоспарына өзгерістер енгізу шарт. Одан әрі формативтік және жиынтық бағалау бойынша оқушылардың жұмысын мұқият талдап және бақылап отыру көзделеді. Ең алдымен, мұғалімдер оқушылардың нені білуі және нені есте сақтауы керек екенін ескергені жөн.
Қорыта келе, білім берудегі инновациялық технологиялар жөніндегі «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне», яғни Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады, сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген ұлағатты сөзінің шындығына жетіп отырмыз.