Кабинада екеу еді. Ересегі қаршығадай құнтиған қағілез адам – Бөрібай. Қасындағысы – оның кенже ұлы Бөкен, құлағы қалқиған, қалақ бас, сары бала. Биыл төртінші сыныпты бітіріп, жайлаудағы нағашысына келе жатқан беті. Аузы аңқиып, еміне түсіп, жол қызығын баққанына екі сағаттан асқан. Әлі жалығар емес, бәрі таңсық. Ол андағайлап келіп тұра қалғандай болатын керегетастардан да, қалың ну, қау жыныстың мүлгіген тыныштығынан да, бұтадан бұтаға, гүлден гүлге қонып, әу-дем жерге дейін шығарып салатын сары шымшықтың ықыласынан да әлдебір сыр түйіп, ой аңғаратындай. (Б.Әдетов, 103 сөз)