Просмотр содержимого документа
«Түстердің жарыққа тәуелділігі.»
БҚО Орал қаласы № 20 орта жалпы білім беретін мектеп
Тақырыбы: Түстердің жарыққа тәуелділігі.
Бейнелеу өнері және сызу, технология пәндерінің мұғалімі:
Умиралиев Ерлан Ергенович
2017-жыл
Сабақтың тақырыбы:
Түстердің жарыққа тәуелділігі.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушылардың бояу түстері жайлы таным-түсінігін
кеңейту.
ә) Дамытушылық: Олардың бояуымен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін арттыру,
дамыту, мүмкіндігінше шығармашылық
жұмыс жасауға баулу.
б) Тәрбиелілік: Сұлулық тәрбиесі, табиғат пен өнердегі сұлулықты
түсіне білу.
Құрал-жабдықтар, көрнекті құралдар: Бояу түрлері (акварель, гуашь), дидактикалық көрнекілік құралдар, қылқалам, қағаз, иллюстрация, т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Импрессионизм бағытының негізін қалаушылардың бірі – Камиль Писсарроның Париждегі Монмартр алаңын бейнелеген, құрылымы бірдей үш туындысын көріп тұрсыңдар. Алайда жұмыстардың әрқайсысы түрлі әсер береді және түстер гаммасы да әр түрлі. Өзің де байқаған боларсың, суретші бірінші құрылымда қапырық тал түсті, екіншісінде - түнгі Парижді, ал үшіншісінде таң сәріні бейнелеген.
Мына фотосуреттерден Алматы қаласында бой көтерген ғимаратты көріп тұрсың. Фотосуреттер тәуліктің әр мезгілінде жасалынған. Әрбір фотосуреттің қай мезгілде түсірілгенін анықтап көр.
Таң сәріде, күн ұясынан әлі шықпаған кезде айнала жарық болғанымен барлық заттар қанықпаған бозғылт көгілдір түске боялады. Күн шыққан соң барлық заттар қаныққан ашық түске айналады. Ал көлеңкеде заттардың түсі қанықпаған қою түске боялады. Кешке қарай күн батар кезде жарық та азаяды, түстер канық реңін жоғалтып, анағүрлым күңгірт тартып, суық реңктерге ауыса бастайды.
Ал түнде түстер реңін мүлде жоғалтып, пейзажда тек қою, қара реңкті түстер ғана қалады. Демек тәулік мезгілі мен ауа райының әр түрлі жағдайларында заттардың түсі өзгеретініне көзіміз жетті. Ағаштар таңертеңгі ашық жасыл түстен түнге қарай қара түске айналған. Үйлер мен аспан да сондай. Мүмкін, өзің де байқаған боларсың, заттардың бояуы оларға түскен жарықтың мөлшеріне қарай өзгереді. Заттарға жарық аз түскен сайын олардың түстері де қоюлана бастайды -қызыл күрең қызылға, көгілдір қою көк түске, ашық жасыл қою жасыл түске айналады. Жарық неғүрлым мол түссе, кез келген заттың түсі ашық, айшықты болып көрінеді. Бұл құбылысты табиғат аясында бақылауға болады.
Заттардың түсі тәулік мезгіліне байланысты ғана өзгеріп коймайды екен. Мына суретте Римнің басты алаңы бейнеленген. Алаң мен ғимараттардың жартысына күн түсіп, жартысы көлеңкеде тұр. Олардың түсінің көлеңке мен күн көзі түскенде қалай өзгеретіні анық байқалады.
Тіпті бір ғана заттың түсінің өзі жарық қай тұсынан түскеніне байланысты әр түрлі болып көрінеді. Көлеңкеде ол қанықпаған қою, ал жарық жақсы түскенде қаныққан ашық түске боялады. Өзіңді қоршаған дүниені байқампаздықпен бақыласаң, бұған көз жеткізесің. Заттардың түс қанықтылығына қарап жарықтың қай жақтан түсіп тұрғанын ешқандай қиындықсыз байқауға болады. Жоғарыдағы екі натюрморттағы заттарға жарық қай жағынан түсіп тұрғанын анықта.
Оқушыларға тақырыпты бекітуге арналған тапсырмалар беремін.
Таң сәріні бейнелеу үшін сен қандай түстік гамманы таңдайсың (жылы не суық, қанық немесе қанықпаған)?
Тал түсті бейнелеу үшін қандай түстік гамманы таңдайсың?
Қас қарайған ымыртты бейнелеу үшін сен қандай түстік гамманы таңдайсың?
Мына жапырақтардың қайсысына күн көзі молырақ түсіп тұр?
5. Заттардың түсі жарық түскен жағында канық бола ма, әлде көлеңкеде ме?
6. Мына үш жиынтықтың қайсысына жарық көп түскен? Әрбір түстік гаммаға сипаттама бер.
Үйге тапсырма беру: Жылы және суық реңдерге арнап сурет салу.