Просмотр содержимого документа
«Географиядан жоба»
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Атырау облысы Жылыой ауданы Жаңа Қаратон поселкесі
№22 жалпы орта білім беретін мектеп
Жұмалиева Ару 10 сынып оқушысы
Тақырыбы:
«Қаратон мұнайы»
Бағыты: өлкетану
Секциясы:
Жетекшісі: Молдакулова Светлана Төреғалиқызы
I санатты география пәнінің мұғалімі
Құлсары – 2012 жыл
Пікір
«Қаратон мұнайы» тақырыбын таңдай отырып, оқушы өз жобасында туған жерінің табиғи байлығын терең зерттеп, ізденуге шығармашылық жұмысын арнады.
Каспий маңы ойпатында орналасқан оймақтай елді мекен Қаратон - мұнайшылар поселкесі болып табылады. Осы елді мекендегі қазба байлықтың арқасында халықтың әлеуметтік жағдайының бар екендігі, бастапқы кезеңі мен қазіргі кезеңдерін зерттеп оқушы шығармашылықпен айналысты.
Өзінің өлкесіне, еліне деген патриоттық сезімін терең сезініп, жерінің табиғаты туралы білу әр адамның міндеті.
Сонымен бірге осы жердегі байырғы мұнайшылардың еңбектерін пайдаланып, қазіргі еңбек етіп жүрген мұнайшылармен сұхбаттасты.
Мектеп директоры: Мухамбетлиева Б.М.
Жоба жетекшісі: Молдакулова С.Т.
Аннотация
Зерттеудің мақсаты: өз Отанының, өлкесінің табиғатын сүю, оның табиғи байлығын тереңірек зерттеп білу, мұнайдың шаруашылықтағы ролін анықтау;
Кезеңдері, зерттеудің барысы: Бұл жобада мұнайдың халық арасында алғашқы кезеңде пайдаланылуы, ірі кен орындарының зерттелуі, халық игілігі үшін қолданылуы;
Эксперименттің әдістемесі: жергілікті ардагер ұстаз Рысқали Хамитұлының еңбектерін пайдалана отырып, жеріміздің тарихы, оның байлығы, шаруашылықтағы маңызын зерттеп, «туған жер- алтын бесік» қағиданы ұстану.
Зерттеудің жаңалығы мен дербестік дәрежесі:
Өнеркәсіптегі мұнайдың шикізат ретінде қолданылуы, әлеуметтік жағдайдағы ерекшелігі, адамның күнделікті өміріндегі маңыздылығы, туралы болды.
Жұмыстың нәтижесі және қорытындысы:
Адам баласының алғашқы даму кезеңінен бастап қолданыла бастаған мұнайдың уақыт өте келе ғылым мен техника дәуіріндегі басты қажеттілікке айналуы туралы айтылған.
Қорытындыларын практикалық қолдану: осы тақырып арқылы туған жердің байлығының қадірін, сол жердегі қадірлі азаматтарды үлгі тұту, қызықты да, құнды деректер жинау.
Мазмұны:
Кіріспе
Бастапқы кезең
Қалыптасу кезеңі
Негізгі бөлім
Каспий маңы ойпаты
Бэр төбешіктері
Қаратон атауының шығуы
Қаратон мұнайының зерттелуі
Қорытынды
Мұнайдың шаруашылық үшін маңыздылығы
Мұнайшылармен сұхбат
Мұнайдың табиғаттағы ролі
Бастапқы кезең. Мұнай мен табиғи туындылардың Жердің бетіне шығатыны туралы жергілікті халыққа ежелгі кезден белгілі болды. Бұған Майтөбе (масляный холм), Қараарна (черное русло), Майкөмген (место захоронения масла), Қарашүңгіл (черная впадина), Жақсымай (хорошее масло), Қарамай (черное масло), Қаратон (черный затвердевший грунт), Мұнайлы (нефтяное) және басқалары сияқты көптеген орографиялық және гидрографиялық объектілер: шатқалдардың, бұлақтардың, құдықтардың және т.с.с. қазақша атаулары соған айғақ.Халықта Әукетай-Шағыл ауданындағы (Орал-Жайық өзен аралығында) «Киелі от туралы» аңыз сақталды. ХІХ ғасырда атақты діни қызметкер және емші Мәтенқожа малдың қотыры мен адамдардың тері ауруларын Ойыл өзенінің төменгі ағымындағы құмның астынан шығатын қара маймен емдепті.
Қалыптасу кезеңі. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының екінші бөлігінде Ембінің мұнайшылары бұрғылау жұмыстарының дамуына, ұңғыма тереңдігінің ұлғаюына, мұнай иірімдерін ашуға және барлауға әсерін тигізген роторлық айналмалы бұрғылауды қолдана бастады. Ембідегі айналмалы бұрғылау КСРО бойынша алғаш рет қолданылды. Осының нәтижесінде ұңғымалардың орташа тереңдігі 1927 жылдағы 196,7 метрден 1932 жылы 637,7 метрге дейін өсті. Ембінің мұнайшылары сол кезде КСРО мен Еуропа бойынша бірінші болып 2500-2800 метр тереңдікке дейін қатты бұрғылауды игерді.
Доссор, Мақат («Ембімұнай» тресті) және Мортық, Жуса («Ақтөбемұнайбарлау» тресті) мен басқа да кәсіпшіліктерде Ұңғымалардағы кәсіпшілік (каротаждық) геофизикалық зерттеулер 1932-1934 жж. бастап жүргізіле бастады. Шлюмберже фирмасымен бірлесіп, ұңғыма каротажы көрінетін кедергілер (КК) және өздігінен пайда болатын поляризация (ӨП) әдістерімен жүргізілді. Барлық құрылымдық-іздеу ұңғымаларындағы электрлік каротаж 1938 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Осы кезде Гурьев қаласында «Ембімұнай» тресінің кәсіпшіліктеріне қызмет көрсеткен дербес электр-барлау конторасы (бастығы М.Қадысов) құрылды. Соғыстан кейінгі жылдарда бірінші бірқатар кен орны: 1947 жылы Мұнайлы мен Оңтүстік Толес, 1948 жылы Қаратон, 1958 жылы Толес, 1951 жылы Қарсақ ашылды. Аталған кен орындарының ашылуы, 1,5 млн. тоннаға дейін мұнайдың жылдық өндірілуінің күрт ұлғаюына және барланған қорлардың көп мәрте өсуіне әкеп соқты.1946 жылдан бастап Каспий маңындағы геологиялық-барлау жұмыстарының көлемі күрт өсті.Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында республикадағы мұнай мен газдың дайындалған қорлар көлемін ұлғайта алатын ірі кен орындарын ашуды Каспий теңізінің су айдынын игеру есебінен ғана жүзеге асыру мүмкін екені анық болды.
II.
1.Каспий маңы ойпаты Ресейдің Каспий теңізіне іргелес оңтүстік – шығыс бөлігінде орналасқан. Ойпаттың көпшілік бөлігі әкімшілік жағынан Атырау облысының құрамына және ішінара Волгоград, Саратов, Астрахань облыстары мен Қалмақ АССР-іне кіреді. Атырау облысының физикалық картасында осы күнгі суы саяз Ембі (Жем) өзенінің оң жақ төменгі жағалығында кәдімгі кішкентай мұнай кәсіпшілігі Қаратон орналасқан екен. Осы шап-шағын кәсіпшіліктің аты бүкіл республикаға қала берді Одаққа мәлім.
Каспий маңы ойпатында ерекше құрылымдар – тұз тектоникасына тән тұз күмбездері тараған. Олардың пайда болуы орогендік қозғалыстармен байланысты. Осы қозғалыстардың әсерімен пермь, мезозой және үштік дәуір жыныстарының горизонталь жатқан қабаттары көп жерде негізінде гипс пен тұз ядросы бар ұсақ брахиантиклинальдық қатпарларға бүгілген.
Ойпаттың оңтүстік бөлігінде құм үлкен алқаптарды алып жатқандықтан, онда эолдық рельеф басым. Еділ мен Ергенидің арасында, сонымен бірге шығысқа таман Еділ – Жайық су айырығында көшпелі құм массивтері – Астрахань құмы мен Нарын орналасқан.
2.Каспий маңы ойпатында күмбез тәрізді қыраттар да кездеседі. Олардың кейбіреулерінің биіктігі 100 м-ге көтеріліп, тегіс жазықтардың арасынан құм төбелер көрінеді. Мұнай, гипс, ас тұзы, т.б. пайдалы қазбалардың кен орындары осы тұз күмбездерімен тікелей байланысты. Ойпаттың оңтүстік бөлігінде биіктігі 10-45 м, ұзындығы 25 км, ені 200-300 м, ара қашықтығы 1-2 км шамасындағы бэр төбешіктері кеңінен таралған. Каспий теңізі жағалауын бойлап, Ембі өзенінен Кума өзенінің сағасына дейін бэр төбешіктерідеп аталатын ендік бағытына жуық созылып жататын төбешіктер орналасқан. Олардың биіктіктері 7 – 10 м,ені 200 – 300 м және ұзындығы 0,5-тен 8 км-ге дейін жетеді. Жал аралық ойыстардың ені 400 – 500 м. Еділ тасығанда, оларды су басып кетеді. Төбешіктердің пайда болуы туралы мәселеде қазіргі кезге дейін біріңғай пікір жоқ. Академик К.М. Бэр олар Каспий теңізі деңгейі кенет төмендегенде судың керемет тез ағуынан пайда болған деп болжаған-ды. Бэр пікірі бойынша жартылай дефляция нәтижесінде және жартылай эолдық аккумуляция нәтижесінде пайда болған. Б.А. Федорович бэр төбешіктерінің пайда болуының басым бағыты Воейков осіне сәйкес келетін, солтүстік Каспий маңындағы ендікке сәйкес бағытталған желдің коррозиялық және аккумуляциялық әрекетімен түсіндіреді.Ойпаттың рельефіне біркелкі тұз күмбездері, Еділ – Ахтуба және Жайық аңғарлары өзгеріс енгізеді. Еділ аңғары шөлейттің арасында гүлденген оазис болып көрінеді. Ойпаттың гидрография торы сирек; оны басып үш ірі транзитті өзен: Еділ, Жайық және Терек ағып өтеді.
Каспий маңы ойпатының солтүстігіндегі өсімдік жусанды-дақылдық типке жатады; оңтүстікке қарай жүрген сайын дақылдардың мөлшері азайып, жусан басым бола береді. Оңтүстікте сортаңдар басым. Жануарлардан құм саршұнағы немесе нағыз саршұнақ, қосаяқ, құм тышқаны, аламан, Еділ мен Жайықтың арасындағы құмда бөкен кездеседі, қарсақ түлкі көп тараған.Каспий маңы ойпаты жайылым ретінде пайдаланылады. Қар жамылғысының жұқалығы жайылымды қыс кезінде де пайдалануға мүмкіндік береді. Көлкітіп суарғанда бидайдан, тарыдан және жемдік шөптерден мол өнім алуға болады.Ембі мұнай кенінен мұнай өндіріледі, ас тұзы шығарылады.
3.Оймақтай Қаратонның түнгі көрінісі қандай тамаша десеңізші, ол батыстан шығысқа қарай 40 шақырым созылып жатыр. Ел аузындағы аңызда: «1772 жылы Қаратон түгілі, Қосшағылдың тұрған жері Каспий (Хазар) теңізінің түбі болған» деседі.Алайда 1772 жылы орыс саяхатшысы Рычковтың, 1775 жылы Палластың осы Каспий жағалауын, Қаратон жерін зерттеп келіп кетуіне қарағанда,бұл аңыздың ақиқат болуы екіталай. Ол кезде Каспий жағалауын көшпелі малшы қазақ шаруалары мекендеген. Жергілікті қазақтар тайыз шұңқырларға жиналған табиғи мұнайды жарық үшін шамға май, үйге отын, ал ауырып-сырқағандарға емдік дәрі орнына пайдаланған.«Теңіздің солүстік жағалауларында Ракуш, Жылыой (Қаңбақты), Прорва, Қаратон сияқты балық кәсіпшіліктері болған. Осы кәсіпшілікте үстінде қара тоны бар орыс балық қабылдаушы болыпты, бұл атау содан қалыпты-мыс» десе, біреулер «1905 жылдары Каспийдің Жем жақ жағалауында бірнеше порт бар еді. 1930 жылға дейін сол порттардың бірі – Қаратон болған»,-дейді. Бұл шын болуы ғажап емес. Өйткені күні бүгін Қаратонға дейін жүзіп келген және осында тұрған су кемелерінің якорь, шынжыр, биржа қазықтарының қалдықтары табылып отыр. Сол кезде Қаратон портында балық қабылдаушы орыстың фамилиясы Харитонов екен. Осыны жергілікті қазақтар морфологиялық жағынан бұрмалап «Харитон» немесе «Қаратон» деп атап кеткен. Бұл атау содан қалған деседі. Осы әңгімені кейбіреулер «қара тонды адам балықшы емес, осы жердің мұнайын тұңғыш тапқан адам, Қаратон деп сондықтан аталған деседі». Қартон жөніндегі атаудың шығуы тұрғысындағы аңыздардың ішінде түйіні бар бір пайымдау: «Ертеде Каспийдің солтүстік беткейінде Жем өзенімен қатарласып аққан Қаратон атты өзен болыпты. Теңіз суының бірте-бірте кейін шегінуі мен жағалауда соңғы жылдары әнші болып тұратын құм боранының әсерінен бұл өзеннің суы сарқылып, өзекшеге айналыпты. Теңізге жақын кәсіптік порттар осы Қаратон өзенінің бойынан салыныпты. Бәлкім, біз айтып отырған Қаратон туралы аңыздардың ішінен шындыққа тура келетіні осы болар деп қорытындылауға болады. Өйткені картада болмаса да жергілікті халық Қаратон өзекшесі деп атап жүрген өзекшесі әлі бар. Ол бұрынғы жеркепе Қаратон мен ескі Қаратон арасын бөліп жатыр. Мұны маған осыдан отыз жылдан астам бұрын сексенге келіп дүние салған Құлекенов Жиренғали деген қарт айтып еді. Қазір осы өзекше жағасында ескі Қаратон аэропортының орны бар.
4.Қаратон мұнайының зерттелуі мен табылуы жөнінде талас пікірлер өте көп. Біреулер атамзаманнан табылғанмен, өндірілуі Кеңес өкіметі тұсы десе, екіншілері – патша заманынан-ақ май берген жер деген түсінік береді. Үшінші топтағылар бұл жердің кен-байлығын ашқан негізінен ағылшындар еді. Өйткені сол кездің өзінде олардың қолында жетілдірілген мұнай өндіретін техникалық құрал-жабдықтар болды. Бұлақтай аққан көп мұнайды солар шетке тасып әкетті дейді. Тарихи құжаттарда осы пікірлердің қай-қайсысының да шындыққа жанасатын элементтері бар. Мұнай іздеу әрекетінің әріден басталғанында дау жоқ. Тіпті XVIII ғасырдың алғашқы ширегінде I Петр патша ағзамның нұсқауы бойынша дипломатиялық жұмыспен Астраханнан Хива хандығына барып қайтқан әскери экспедиция бастығы Бекович-Черкасскийдің қолжазбаларында Орал- Ембі ауданында мұнай кені бар екені туралы алғашқы мәліметтер беріледі. 1777 жылы бұл экспедиция осы күнгі Гурьев облысының территориясы арқылы өткен кезде жалпы географиялық мәні бар көптеген геологиялық сипаттағы деректер қалдырған. Ал бұдан соң көп кешікпей XVIII ғасырдың бірінші жартысындаосы аймаққа белгілі зерттеушілер мен саяхатшылар-Лепехин (1771), Рычков (1772), Палпас (1775), Гмелин (1783), Гельмер (1836)сияқтылар келіп кеткен. Шынында Қаратондағы қазіргі мұнай өндірісінің жандануына осы зерттеушілер еңбектері негіз болмасына кім кепіл? Бертін келе, Ресейде крепостнойлық правоның жойылуы қарсаңында (1850-1860 жылдары) патша үкіметі кең-байтақ қазақ даласынан кен іздеу жұмыстарын ұлғайта түсті. 1860 жылы орыс зерттеушісі Н.А.Северцев деген Орал-Ембі ауданынан мұнай көзін зерттесе, 1874 жылы осы ауданда болып кеткен кен инженері Кирпичников бұл жерде мұнай қоры барын түбегейлі анықтаған. Осының ізінше 1886 жылы орыс кен инженері Новаковский Доссор, Ескене, Қарашүңгіл, Қаратон мұнай орындарының бір-бірінен алшақтығы, тұщы судың жеткіліксіздігі және осыған тікелей байланысты халықтың сирек қоныстауы – бұл ауданның мұнай көзін игеруге мүмкіндік бермейтінін жазған. Ел арасында мұндай зерттеулер жөнінде мәліметтер аз емес. Соның бірі - Рязань-Орал акционерлік теміржол қоғамның геологы С.Н.Никитин Орал-Ембі өңірінің табиғи байлықтарын едәуір зерттеп, өзінің жоғарғы үкімет орындарына берген есебінде Ембінің минерал байлықтары туралы бастапқы мәліметтерді береді. Кейін Ембінің мұнай байлығы жөніндегі С.Н.Никитин жинаған нақты мәліметтер бір-бірімен өндірістік байлық үшін, шикізат көздері үшін күресте қырғи қабақ болып келген капиталистік қоғам қожайындарын қызылкөздендіре түсті. Бұл Ресейде өнеркәсіп капитализмінің жандана бастаған кезі еді.
Игерілмей жатқан ұлан-байтақ қазақ даласынан мұнай іздеу өрісі шұғыл кеңейе бастады. Жаңа табыла бастаған мұнай байлығы кәсіп иелерінің назарларын өз ауқымына бірден тартты. Орасан азапты, мешеу жол қатынасы заманында да Орал-Ембі ауданы қазба байлығын зерттеушілердің сусыз шөлейт жер шайғайлығына қарамастан, Қаратонға соқпай кеткендері кеме-кем. 1892 жылдың жаз-күз айларында Соль-Елеңкі қаласының (қазіргі Орынбор облысы) адвокаты Ю.Лебедевтің тапсырысы бойынша Қаратон, Қарашүңгіл мұнай көздерін игеру мақсатында бұл жерлерде барлау жұмыстары жүргізілген. 1894 жылдың өзінде Петербургте Леман, Грум-Грижмайло сияқты өнеркәсіп иелері акционерлік қоғам құрып, Ембі-Каспий өңірінің мұнай кенін пайдалану үшін патша үкіметінен үш жыл мерзімге жалға алған. Ол кезде қазақ елі патшаның отары болғандықтан, бұл жер, оның байлығы біздікі деп ешкім айта алмаған. Сондықтан да олар біздің ежелгі жерімізді аш қасқырдай кезіп, емін-еркін билеп төстеген... 1898 жылға шейін Ембі-Каспий серіктігі әдейі қаржы бөліп, Қаратон, Қарашүңгіл мұнай орындарында қарапайым қол станоктарымен тайыз бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, барлау жасады. 1899 жылдың басынан бастап Ембі-Каспий өнеркәсіп бірлестігінің билігі ірі кәсіпорын иесі Леманның қолына көшеді де, ол жеде-ғабыл жерасты зерттеу жұмысын қолға алады. Бейнетке белшеден батса да 1899 жылдың кірбің тартқан қоңыр күзі аяғында (қарашада) Қарашүңгілге мұнай фонтаны атанды. Бұл – Ембі-Каспий ауданынан ашылған ең тұңғыш мұнай фонтаны еді. Бұл оқиға көктен сұрағаны жерден табылғандай боп аузын арандай ашып журген алпауыт кәсіп иесі Леманның құзғынын қоздыра түседі. Байлық көзінің ашылғанына қуанғаннан есі кеткен ол арада 4 ай өтпей жатып Қарашүңгілден 80 шақырым оңтүстікте жатқан Қаратон жеріне арнаулы мұнай зерттеу экспедициясын жібереді. Экспедицияның қаржылы жұмысы нәтижесінде 1900 жылдың өзінде Қаратонда 21 метр тереңдікте 13 ұңғы қазып үлгереді. Мардымсыз техника жағдайында тайыз қазылғанына қарамастан, әрбір ұңғы ол кезде тәулігіне 0,5 тоннаға дейін мұнай берген. Осы маңайда бұған қосымша тағы да 100-110 метр тереңдікте 7 ұңғы қазылып, олардан геологиялық сипаттағы мәліметтер алынады. Алайда 1901 жылғы наурызда бұл өңірді жалға алу мерзімі бітеді де, бұрғылау, барлау жұмустары уақытша тоқтап қалады. Оның қосалқы объективтік себептері де бар еді. 1902-1903 жылдардан басталған революциялық өрлеу 1905-1907 жылдардағы буржуазиялық-демократиялық (сол кезде осылай сипатталатын еді) орыс революциясына әкеліп соқтырды. Революциядан зәре-құты қалмай үрейленген орыс капиталистерінің шаруашылық істерімен айналысуға қапелімде мұршасы келмеді. Бұл іс біраз кідірістен кейін революция уақытша жеңіліске ұшыраған кезде, қайта жандана бастады. 1908 жылғы көктемде Петербург кәсіпорын иесі Леман мен көпес Стахеев арасында өзара тиімді келісім-шарт жасалып, Ембі-Каспий мұнай қоғамы жаңа жағдайда қайта құрылады. Сол жылдары Леман-Стахеев басшылығымен Қаратонда 8 жерде мұнай орындары қазылып, ұңғылар орнатылды. Сол кезде қазылған қазіргі № 6 ұңғы тәулігіне 0,2 тонна мұнай беріп тұрған. Осыдан кейін іле-шала “қара алтыннан” табыс тауып дәндеген Леман тобы қолында мұнай өндіретін жоғары техникасы бар ағайынды ағылшындық капиталист Нобельмен ауыз жаласып кетеді. Леманның бұл әрекеті текке кетпейді. Көп ұзамай Каспий өңірінен байлық іздеп, аш қасқырдай жорытып жүрген топтың тұмсығы қанға батады. 1911жылы 29 сәуірде Доссор төңірегіндегі сорлы шұңқырлардың бірінен 225 метр тереңдікте қуатты мұнай фонтаны атқылай бастайды. Сөйтіп, Каспий атырауынан мұнай өндіру бұдан әлде қайда ерте бастала тұрса да, Ембіде нағыз мұнай өндіру ісі 1911 жылғы Доссор мұнай фонтанынан басталды деп саналып жүр. Кәсіпкерлер бұдан кейінгі кезеңде Қаратонда мұнай барлау жұмысын кеңінен жүргізеді. Бұған куә-тек 1914-1917 жылдар аралығында Қаратонда 309 метр тереңдікте 26 ұңғының қазылуы. Сонымен революция дауылының жақындауы, патша өкіметі қатысқан бірінші жапондық соғыс дағдарысының асқынуы, елде жаппай революцияны жақтаған халық қозғалысының басталуы – осының бәрі Қаратон жерінде капиталистердің мұнай көзін толық ашу ісін амалсыз тоқтатуға мәжбүр етті. Оның үстіне жергілікті қазақтардың шетелдік қожайындар мен патша үкіметіне қарсы 1914 жылғы қаңтарда Ембі мен Доссор кәсіпшіліктерінде 600 адам қатысқан ереуіл болғаны тарихқа аян. Батыс Қазақстанда өндіріс жұмысшы табының қалыптасу тарихына келетін болсақ, тіпті 1917 жылға дейін де некен-саяқ жергілікті кедей қазақтар мұнай барлау участоктерінде қызмет еткен. Қазір олардың кейбіреулерінің ескі мекені мен қыстауы сақталса, күні бүгін көзі тірі қарт жұмысшылар да бар. Мәселен, Каменныйда тұратын Тайшиев Қуаныш кезінде ағылшандар қарамағында делбешілік қызметте болған. Ал осы күні Бекбике кәсіпшілігінде тұратын зейнеткер Қожахметов Кашен (бұрын ескі Қаратонда тұрған) революцияға дейін жергілікті мұнай участогінде жұмысшы болғанын айтады. Қазір бұл екеуіде марқұмдар санатында.
Сөйтіп, 1917 жылы Қазан төңкерісінің таңы атуымен бірге мұнайлы Ембі өңіріне, соның ішінде Қаратон жеріне жан ене бастайды...
1920 жылы наурыздан желтоқсанға шейінгі 9 айдың ішінде Ембі мұнайшыларының қаһармандық еңбегі арқасында еліміздің орталық аудандарына 1,5 миллион пұт «қара алтын» жеткізілген болатын. 1923 жылдың соңғы айларында бұрынғы мұнай кәсіпорындарын мемлекет қарамағына алу ісі қолға алынды да, ескі мұнай одақтары таратылып жіберіледі. Осыдан кейін жерасты мұнайын зерттеу жүйесінде Орал-Ембі ауданы 6 аймаққа бөлінді де, оның ең оңтүстік шеттегі зерттеу нысанасы Қаратон болып қалды. Жаңа қоғам алмасып жатқан сол бір қиын заманда академик И.М.Губкиннің ықпалымен 1926 жылдан бастап геолог Ядовичтің жолбасшылығымен Қаратон мұнайіздеу әрекеті одан әрі жалғастырылады. Бірақ шалғайда жатқан әрі мүлдем жолсыз, тұщы сусыз Қаратонға керекті техникалық жабдықтар жеткізілмеді.
Ембі-Қаратон аймағын ұзақ зерттеу жылдары өз нәтижесін береді. Сөйтіп, бұл аймаққа егжей-тегжейлі геологиялық карта жасалады... Бұл үлкен істің әзірлігі еді. Қаратон үшін нағыз практикалық аршынды жұмыстар басталар шақта, еліміздің тағдырына елеулі қауіп төндірген фашистік Германияның опасыздық шабуылы басталды да, 1946 жылға шейін Қаратон мұнайын игеру ісі уақытша тоқтатылды...
1948 жылы Қаратон кәсіпшілік ретінде мемлекет алдында жоспар қабылдамаса да, жыл ішінде 1045 тонна мұнай өндіргені айқын факт. Дербес мұнай кәсіпшілігіне айналып, шын мәнінде отау тігіп, түтін түтетуі – 1949 жыл. 1953 жылы кәсіпшілік басшысы болып Зияден Мәженұлы Айдынәлиев жолдас келеді. Ол замандастарының айтуы бойынша басқару ісін жетік білетін, мемлекеттік жұмысқа мейлінше жауапты қарайтын, адамдарға әділ көзбен қарасатын жан болыпты. Айдынәлиев басшылығы тұсында Қаратонда біраз игілікті істер – әсіресе мұнай өндіру күрт дамып келе жатты. Тұрғын үй құрылысы, сауда істері, мәдени жұмыстар кеңінен қанат жайды. 1956 жылы Қаратон мұнай өндіру жоспарын 100,2%-ке орындап, мемлекетке жоспарда көзделген 388800 тонна орнына 389765 тонна «қара алтын» өткізді. Сол жылдан бастап Айдынәлиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты басшылыққа Кипони Хаксенович Огай деген кісі келді. Бұл күнде олар дүниеден озған жандар.
Құрылысы Қаратоннан мұнай барлау жылдарында басталған Қаратон-Қосшағыл мұнай құбыры 1950 жылы қазанда салынып бітті. Ол одан әрмен Орскіге жеткізілетін болды. Бұның өзі Қаратонның онсызда арғы-бергі маңайға естіле бастаған мәртебесін көтере түсті. Поселке орталығында150 орындық мұнайшылар клубы бой көтерді. Қажырлы еңбек, қарбалас жұмыс бұл жылдары бірінен соң бірі табысты өтіп жатты...
III
1.Әлемдегі бес алып мұнай-газ алаңының бірінен саналатын «Үлкен Теңіз»мұнай – газ кешенін игеру айқайы 1974 – 1976 жылдарда басталса да, ақыры ол 1979 жылы ашылды. Алғашқы осы жерде тұзды қабаттар астында мол мұнай қоры бар екенін анықтаған сол кездегі Ембінің атақты геологтары Жолдасқали Досмұхамбетов, Мақаш Балғынбаев, Орынғазы Есқазиев, Қожыбай Дәулетов сияқтылар болса, оны алу үшін Одақтың үлкен астанасы Мәскеуге әлденеше рет барып, мұнай мен газдың нақты бар екенін, егер оны алатын болсақ, еңбек ақталатынын, қаржы қайтарымы болатынын дәлелдеген сол уақыттағы Гурьев мұнай-газ басқармасы бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев болатын.1979 – 1984 жылдар аралығында «Теңіз бен Королев», «Огайск Досмұқанбетов» алаңдарында геофизикалық, сейсмикалық зерттеулер жүргізіліп, игерілетін жерлердің шекаралары белгіленді. Жолдар салынып, бұрғылау алаңдарына қыруар материалдар жеткізілді.1991 жылы 6 сәуірде алып зауыттың өндіріс кен орнынан мұнай алу басталды. 1991 жылдың шілде айында Атырауда «Қазақстан мұнай-газ» мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. Оған негізінен Батыс Қазақстан аймағында орналасқан 6 мұнай-газ өндірістік бірлестіктері кірген еді. Одақ көлемінде мұнай, газ сияқты аса бағалы шикізатты өндіру жөнінен Ресейдің Батыс Сібірінен кейінгі екінші орында. Бүгінгі таңда бүкіләлемдік деңгеймен қарағанда 170 мемлекеттің ішінен мұнай қоры жөнінен 12 орынға ие болдық. Теңіз мұнайының өзінен 5 түрлі тауарлы өнім шығарылып отыр. Теңіз мұнайының ірі компоненттерінен: бензин, дизель майы, сұйық және құрғақ күкірт, этан, пропан газымен қатар көмірсутегінің кең франкциясы алынып отыр. Үлкен теңіз дүмпуінің бастапқы кезеңінен бастап басы С.Қ.Түгелбаев, С.Қ.Дүзбаев, Б.Еламанвтар қиын мәселенің бірі мұнайды жергілікті жерде өңдейтін зауыт салуды қақсады. «Теңіз мұнай-газ» бірлестігінің 1990 жылдардағы бас директоры В.П. Новиков ескі Қаратон поселкесіне келіп, арнаулы қорғаныс штабын құрды. Техника күшімен Қаратон поселкесіне жақын жердегі Майөзекке үш жерден бөгет салынды. Соның өзінде «Тереңөзек» мұнай кәсіпшілігі түгелдей суға кетіп, Көшкінбет мұнай участогі су қоршауында қалды. Лықсыған су Теңіз өндіріс кешеніне 6-4 шақырым, ал Қаратон поселкесіне 8 шақырым қалғанда дауыл басылып, теңіз тыншығанының арқасында тыныштық орнады. 1990 жылы Жем суы «Қазақстан», «Жем», «Коммунизм таңы» кеңшарымен қоса Жылыой ауданы орталығы – Құлсарыны да апатқа ұшыратты.Кей жерлерде теңіз 70 шақырымға дейін жылжыды. 89 елді мекеннің, 30 мұнай кәсіпшіліктерінің, 700 ұңғы су астында қалу қаупі бар.«ҚазМұнайГаз» АҚ бүгінгі күні ірі Теңіз және Солтүстік-Каспий мұнайгаз жобаларын инвестрлеуді жалғастырып, жаңа бағыттар жасауды жоспарлап отыр. Ірі мұнай мен газ шоғырланған жер Қазақстанның оңтүстігі мен батысы, олардың ең әйгілісі Қарашығанақ, Теңіз, Өзен, Ембі жерлері. Ембі ауданындағы мұнай шығатын жері жартылайқұрғақ, адам аз қоныстанған кеңістікке созылып жатыр. Мұнаймен бірге мұнда газ алынады. Ембінің азкүкіртті мұнайы жоғары технологиялық сипаттағы, әсіресе мұнайдан алынатын жағармайы құнды саналады. 1965 жылға дейін Қазақстанда мұнайды алу тек Ембі бассейнінде жүрді, себебі аз қуаттағы жерлер мен қолайлы географиялық жағдайына қарай Ембі мұнайалу ауданында іске асырылды әрі мұнай сапасы жоғары саналады. Бүгін бұл жерді игерумен «ҚазМұнайГаз» Өнім Барлау» АҚ айналысады.Ембі жері – бұл Каспий теңізінің солтүстік және батыс жағалауларында орналасқан 37 мұнай кен орындарынан тұрады. Оның 35-і қолданыста, ал Сағыз және Тәжіғалы жерлері теңіз суының басуына байланысты жабық. Ембінің қолданыстағы жерлерінен төмендегі сегізі қор мен түсім көлемі жағынан ірі болып саналады.
Қаратон және Жаңа Қаратон поселкелік округтері бұрынғы Қаратон поселкелік Советі ізінде құрылған. Қаратон мұнай кеніші ашылып, оны игеруге халықтың келуіне байланысты өткен ғасырдың 40-жылдары аяғында Қартон поселкесі пайда болады. Поселкенің өсуі, бұл елді мекенде басқа да мекемелердің ашылуы мұнай өндірісінің қалыптасуымен байланысты. Жергілікті атқарушы және өкілетті орган – Қаратон поселкелік Советі, оның атқару комитеті 1949 жылы сайланды. 2000 жылғы наурыздың 1-інде Жаңа Қаратон поселкелік округі құрылып, округ әкіміне Ибраев Балтабай Қыдырбайұлы тағайындалды. Жаңа Қаратон поселкесі Қаратон және Сарқамыс поселкелері тұрғындарын көшіруге байланысты салынды. Поселкенің құрылысы 1992 жылы басталған.1993-1994 жылдары “Казпромставба” біріккен кәсіпорны тұрғын үй құрылысын жүргізіп, екі қатарлы 65 үйді пайдалануға берген. Әр түрлі себептермен біраз уақыт құрылыс жұмысы тоқтап қалып, 1998 жылы қыркүйек айынан бастап, “Қазақойл-Ембі” ашық акционерлікқоғамы поселкеде жаңадан тұрғын үй құрылысын салуды жалғастырды. 1999 жылы 64 үй, 2000 жылы 202 үй пайдалануға беріліп, 300-дей отбасы қоныстанды. 2001жылы 200-дей пәтер іске қосылып, Қаратон тұрғындары түгел Жаңа Қаратонға көшті.2001 жылы поселкеде 422 балаға арналған орта мектеп, 450 нүктелі телефон стансасы, байланыс бөлімшесі, дәрігерлік емхана, коммуналдық қамту мекемесі және жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұрақты түрдегі 1 аптека, 2 бар, 6 дүкен жұмыс істеді, 34 адамға жеке меншік үй салу үшін жер берілген.
Округ аумағында өндірістің дамуы туралы айтқанда әңгіме әуелі мұнай өндірісінен басталады. Қаратон аумағында мұнай бар екені ерте заманнан белгілі екен. Алғаш 1947 жылы бұл жерге арнаулы сейсмикалық карта жасалып, сонан кейін көп ұзамай-ақ терең бұрғылау жұмыстары жүргізіледі. Алғашқы бұрғылау бригадасын белгілі мұнай барлаушы Мүтиғолла Маташев басқарған. 1948 жылы мамырдың 28-күні № 11 ұңғыдан мұнай фонтаны атқылады. Ол тәулігіне 50 тонна мұнай беріп тұрған. Сол жылы кәсіпшіліктің солтүстік-шығыс бөлігіндегі № 26, 28, 29 ұңғыларда мұнай бар екені анықталды, ал № 18 ұңғыдан тәулігіне 100 тоннаға дейін мұнай бұрқағы атылды. Осы жылдары Қаратондағы мұнай барлау жұмысын Борис Степанович Хомутов басқарған. Мұнай барлау жұмысының техникалық жағынан қамтамасыз етілуі өте төмен дәрежеде, құрал жабдық тапшы, транспорт – ат, түйе арбалары болған. Қаратон кен орнын игеруге орденді мұнайшылар Нұрмұқанов Көпбай, Берқалиев Сүйеу, Байғожин Керей, Оңдағанов Ораз, Тұрлан Шұңғылов, Сәдір Әжібаев, Шәкеш Әжібаев, Әлимұқанбет Тұрмышев, Жиренғали Құлекенов, Шуаққали Қарамендиев, Боран Ержанов, т.б. қатысқан. 1948 жылы Қаратон мұнай алаңынан тәулігіне 1045 тонна мұнай өндірілсе, 1949 жылы өз алдына мұнай өндіру кәсіпшілігі болып құрылған. Оның алғашқы бастығы Федор Михайлович Воробьев, бас инженері Михайл Феодорович Карпов, бұрғылау цехының бастығы Иван Степанович Орлов болыпты. Жер кеперде тұрған мұнайшылар үшін 1951 жылдан бастап үй салынып, олар электр шамын жағатын болды. Осы кезде жергілікті электр станциясының бастығы жұмысын Павел Васильевич Швецов атқарған.
1953-1956 жылдары кәсіпшілікті – Зиядан Айдыналиев, 1956-1970 жылдары – Кипони Хаксентьевич Огай басқарған. Ол жылдары Қаратон кәсіпшілігі мұнай өндіру жоспарын артығымен орындып отырған.
1950 жылы Қаратон кен орны Орскіге мұнай айдайтын құбырға қосылды. Қаратон кәсіпшілігінің өндіретін мұнайының көлемі 1956 жылы Терең-Өзек, 1957 жылы Тәжіғали мұнай алаңдарының іске қосылуына байланысты арта түсті. Мұнай көздерін табуда және өндіруде геологтар К.Д.Жоламанов, Қ.Қарамұрзиев, В.И.Иванов,С.А.Бертандардыңеңбегі зор болды. Қаратон мұнайшылар поселкесі пайда болып, жер кепелердің орнына қазіргі заманның корпустары салынды, ағаш отырғызылып, демалыс паркі жасақталды.1966 жылы Отан қоймасына 755640 тонна мұнай өткізген екен. Қаратон маңындағы мұнай кеніштерін игеруге, мұнай өндіруде Ленин орденді бұрғышы-мұнайшылар: Тлепбергенов Керей, Нұрмұқанов Көпбай, Кузьмин Григорий Кузьмич, Ержанов Боран және атақты мұнайшы операторлар: Өтепқалиева Ақсұлу, Ықыласов Бердеш, Дәулетов Ескендір, Нұрманова Ақмәнет, Калашников Михаийл Васильевич, Әжібаев Шәкеш, Жұмағалиев Қарғұл, т.б. қажырлы еңбек етті. Жер асты майының азаюынан 1975 жылдан бастап мұнда мұнай өндіру қарқыны бәсеңдей бастады. Округ аумағындағы Теңіз кенішінде біріккен Қазақстан-Американ «Теңізшевройл» кәсіпорны және басқа көптеген кәсіпорындар жұмыс істейді.
2006 жылы Атырау облыстық әкімшілігі мен «Теңізшевройл» кәсіпорны үкімет бекіткен санитарлық қорғаныс аймағында орналасқан Сарықамыс кенті мен Кенарал фермасы тұрғындарын Жаңа Қаратон мен Атырау қаласындағы «Лесхоз» ықшамауданындағы жаңа үйлерге көшіру жобасын аяқтады. Көшіру жобасының жалпы құны 95 млн. Долларға жетті. Жалпы 761 отбасы қоныс аударды, оның 431-і облыс орталығын қаласа, 320 отбасы Жылыой ауданындағы Жаңа Қаратон кентіне көшуді ұйғарды.
Бұл материал 1967 жылы Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында Қаратонда мұнай өндірісінің зерттелу және ашылу тарихына арнап жазылған еді. Осы күнгі суы саяз Ембі (Жем) өзенінің оң жақ төменгі жағалығында кішкентай мұнай кәсіпшілігі Қаратон орналасқан. Мұнда күні-түні «қара алтын» өндіретін көп качалкалар бар. Ембі мұнай кәсіпшіліктері өндіретін «қара алтынның» үштен екі бөлігін Қаратон бір өзі өндіріп келеді. Ол алып машиналарды пайдаланып, электрлі автоматикаға көшкен, жылына 755640 тоннаға шейін мұнай өндіретін. Сол кездегі есеп бойынша 6000-дай тұрғыны бар үлкен кәсіп орталығына айналған. Жерде жүйткіген поезд бен автокөліктерден басқа, ерсілі-қарсылы ұшып жүрген жолаушы, жүк таситын ұшақтар – поселка тіршілігінің қан тамырындай. Сондықтан да бастапқы сөз оның қысқаша болса да даму тарихынан, өмір тарихынан басталуы табиғи нәрсе.
Ел аузындағы аңызда: «1772 жылы Қаратон түгілі, Қосшағылдың тұрған жері Каспий (Хазар) теңізінің түбі болған» деседі. Алайда 1772 жылы орыс саяхатшысы Рычковтың, 1775 жылы Палластың осы Каспий жағалауын, Қартон жерін зерттеп келіп кетуіне қарағанда,бұл аңыздың ақиқат болуы екіталай. Ол кезде Каспий жағалауын көшпелі малшы қазақ шаруалары мекендеген. Жергілікті қазақтар тайыз шұңқырларға жиналған табиғи мұнайды жарық үшін шамға май, үйге отын, ал ауырып-сырқағандарға емдік дәрі орнына пайдаланған.XVIIIғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында Лепехин, Рычков, Гмелин, Гельмерсен сияқты атақты зерттеуші-саяхатшылар Ембі бойына келіп, Қаратонға да тоқтаған. Олар өздігінен шығып жатқан табиғи мұнай орындарын көріп, бұл өлкенің мұнайға бай екені туралы алғашқы жазбаша деректер қалдырған. Қазір табиғат картасында Каспий маңы ойпаты деп аталатын (Туран) бұл жердің климат жағдайы аса қолайсыз болған. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 200-300 мм-ден аспаған. Тарихи деректердің сипаттауынша, Қаратон жерін ертеден мекендегендер – көшпелілер қатарына жататын үш иттифак Кіші жүздің алты ата Әлім руынан тарайтын кете, шәмекей, түрендер болған. Осындай мәлімет 300 жыл бұрын жазылып, көмбеден табылған Қазыбек Бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында келтірілген. Ал Қаратонның қиыр оңтүстігін, теңізге таяу жазықтықты осы күнгі Қара-арна, Көк-арна, Ақнияз, Прорва разведкаларының төңірегін ақжалы кетелер, ал осы жағалаудың сәл оңтүстігін көршілес Байұлының таз рулары жайлаған. Күзге салым көшпелі адайлардың бір бөлек ауылы шөпті, жымды Каспий жағалауын аракідік қыстап, келіп, кетіп жүрген. Қазіргі Қаратон өңірін сол кезде көзбен көрген қартұрпақ өкілдерінің айтуына қарағанда, теңіздің терістік жағалауында Қаратон және басқа да ірілі-ұсақты өзекшелердің жағасында қыста қар астында кеуілжір қалың жыныс қаужатып, жазда жасыл құрақ, үлдірікті бидайық жайқалып тұрған. Ауызсу қиыншылығынан құтылу үшін жергілікті ауылдар Қаратоннан 40-45 шақырым жердегі Қызыл құдық, Қарамола суларын ішкен. Кейде, жазғы мезгілде жаңбыр суымен молайып тұщыған өзек пен қақ суларын пайдаланады. Қыстай ылғалды сайларда, ой-шұңқырларда іркілген сулар көктем келгенде сорлы, сабырлы батпаққа айналған. Бұл жерде де кәдімгі жанға жайлы, малға қолайлы мамыражай көктем басталып, сай алаптарына көкмайса шөп шығып, құстар:үйрек, қаз, қасқалдақ, шағала, т.б. үйірімен ұшып кеп, көлді базарлы мекен етіп жүрген.Осы күнгі Қаратон жеріндегі жазғы ыстық пен бұрқыраған шаңды көріп, көптеген адамдар бір кезде осы жер табиғатының жасыл желекті болғанына иланбайды.
2.Қаратон мұнайшылары жөнінде жүргізген сұхбатым:
Қанаев Мұханбет Жалғама ұлы 1963 жылы дүниеге келді. 1970 жылы Н.Крупская атындағы орта мектепке барды. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1979 жылы Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Терең-Өзек мұнай өндіру цехына үйренуші оператор болып жұмысқа орналасқан. 1980 жылы II разърядты алған. 1981-1983 жылдары Совет Армиясы қатарында болып, келгесін IV разъряд мұнай өндіру операторы болған. Жұмыстан қол үзбей жүріп, 1990-1992 жылы Терең-Өзек мұнай өндіру цехына қарасты мұнай өңдеу және айдау бөлімінің шебері болып қызмет атқарған. 1991-1993 жылы Атырау мұнай техникумын бітіріп, мұнайшы-техник мамандығын алған. 1992-1994 жылдар аралығында Терең-Өзек мұнай өндіру цехының №1-ші аға шебері лауазымдық қызмет атқарған. Кейін 1994-1997 жылдары осы цехтың бастығы болған. 1997-1999 жылдары Қаратон ірілендіргіш кәсіпшілігінің бас инженері болған. 2001-2005 жылдары Атырау мұнай және газ институтын бітіріп, Тау-кен инженері мамандығын алған. 2007 жылдан күні бүгінге дейін Жылыой мұнай-газ өндіру басқармасының Қисымбай мұнай өндіру цехының аға инженері болып қызмет атқаруда.
3.Біздің өмірімізде мұнайдың маңызы қаншалықты зор екенін, «сұйық қара алтын» болмаса, қандай халге ұшырайтынымыз жөнінде айтылатын мынадай үзіндіден көреміз: «Жол үстінде қыбыр еткен нәрсе жоқ. Айтпақшы, гудрон мен асфальт болмағандықтан, жолдың өзі де жоқ. Сауда-саттық та тоқтаған. Көшенің бұрышындағы бақалшыдан сатып алушылар өзіне-өзі қызмет ететін ірі дүкеннің сатушыларына дейін саудагерлер, базарлар мен қасапханалар жабылуға мәжбүр – тасымал көлік жоқ. Егіс алқаптарында тракторлар, аспан күмбезінде – ұшақтар көрінбейді. Кемелер кемежайларда қаңтарулы. Мазуттың жоқтығынан, батареялар жылытылмаған, бұл – тұрғын үйлердің, қызмет орындарының, мектептер мен ауруханалардың жартысынан астамында суық азынап тұр деген сөз. Өнеркәсіп мүлде тоқтаған. Ауыл шаруашылығы тұтас бір ғасырға шегінген. Пластмассалар мен жасанды талшықтардың бәрі дерлік жоқ болып кетті. Енді жайлап шарикті қалам, жейделер, су өткізбейтін киім, ұзақ ойнайтын күйтабақтар көзге түспейтін болды...» Осынау айтарлықтай шұбатылған үзіндіде мұнайдың дамыған мемлекет өміріндегі маңызын көрсететін мысалдардың мыңнан бірі де аталмаған. Республиканың 30 млн га жерін өнеркәсіп, көлік байланыстары мен елді мекендер алып жатыр. Батыс Қазақстан аймағындағы мұнай газ өнеркәсібінің дамуы топырақтың техногенді бүлінуіне әкеліп отыр. Топырақтану институтының мәліметі бойынша, Қазақстанның құнарлы топырағының ауыр металдармен және радионуклидтермен ластануы барлық аймақтарды қамтып отыр. Республика жерінде 2,3 млрд т химиялық қалдықтар, ал 259 объектіде радиоактивті қалдықтар сақталған. Жалпы республика бойынша, топырақтың түрлі заттармен ластану деңгейібіздің Каспий маңы ойпатында өте жоғары.
Біздің елімізде табиғат байлықтары орасан зор, олар халық қажетін қанағаттандыру әрі шаруашылықты дамыту үшін қажеттің бәрін береді. Дегенмен, бұл байлық қаншалықты мол болғанымен, оны сақтай біліп, дұрыс пайдаланбаса, уақыт өткен сайын ол да сарқылады. Сондықтан табиғат байлықтарын қорғаудың аса зор маңызы бар.
Пайдаланған әдебиеттер:
Атырау энциклопедиясы 2003
Қазақстанның физикалық географиясы 2008. Ә.Бейсенова, Қ.Кәрпеков
Қазақстанның экономикалық және әлеуметтікгеографиясы 1996. М.Ш Ярмұхамедов (Алматы «Рауан»)