Жаңа Жыл сіздер үшін зор жетістіктерге қол жететін, ой-мақсаттар жүзеге асатын, арман- үміттер ақталатын жыл болсын. Сіздерге зор денсаулық, молшылық пен бақыт тілеймін. /Балалар отырады, жай музыка ойналып тұрады/
Жүргізуші: Балалар, Жаңа жыл мерекесі сендерге ұнай ма?
Балалар: Иә.
Жүргізуші: Әрине, бұл мереке бәрімізге ұнайды, өйткені бұл күні ғажайып ертегі әлеміне еніп кетесің.
/Музыка жаймен ойнап тұрады. Зал іші жарық сөнген, кішкене жарық түседі.
«Аяз» ертегісінен үзінді. Кемпір, шал, өгей қызы, өз қызы.
Өз қызы ерке, ұйықтап жатады. Кемпір оны ұйықтатып, шайқап отырады./
Кемпір шалға: Ана қызды тербет, оянып кетпесін. Сенің қызың не істеп жатыр екен, қарап келейін. /Қызға келсе, тоқу тоқып отырады./
Кемпір: Не істеп жатырсың?
Қыз: Сіңліме жылы шұлық тоқып отырмын.
Кемпір: Далаға шығып тоқы, қызды оятасың. Ол күні бойы ұйықтады, қазір оянып кетсе, тағы ұйықтамайды. /қызды далаға шығарып жібереді/
Шал: Менің қызымды далаға шығарып жібергенің не, тоңады ғой.
Кемпір: Ештеңе етпейді, өзім де сол сенің қызыңнан құтыла алмай отырмын.
/Ерке қыз ұйқыдан оянады. Шешесін шақырады/
Ерке қыз: Анашым, мен бір керемет түс көрдім. Қыста қолға түспейтін, еш жерде өспейтін....
Анасы: А, ақша ма?
Қызы: Ақшадан басқа ештеңе ойламайсыз.
Кемпір: Қазір, шалдың қызынан сұрайық.
Қыста қолға түспейтін,
Еш жерде өспейтін не?
Өгей қыз:Ол бәйшешек гүлі болуы мүмкін.
Ерке қыз: А-а-а ия, сол гүл керек маған.
Кемпір: Сен орманға бар да, сол гүлді теріп әкел.
Қыз: Бірақ олар көктемде ғана өседі.
Кемпір: Қалай тапсаң олай тап, әкел деген соң әкел.
/Қызорманға жылап келе жатады. Осы кезде жылдың 4 мезгілі отын жағып жылынып отырады./
Қыс: Неге жылап келесің, біз жылдың 4 мезгілі боламыз, кел біздің қасымызға отырып, жылынып ал.
/Қыз қастарына отырып, неге жылағанын айтады/
Қыс: Жылама, біз саған көмектесеміз.
Қыз: Жаз мезгілі, сенің қандай көмегің бар?
Жаз: Құлпырып өсер жауқазын,
Балалар қуар көбелек.
Болады ыстық бұл кезде,
Өспейді жазда бәйшешек.
Көмекті күзден сұрарсың...
Күз: Жайқалып өсер бидайың,
Қамбаға толып жемісің.
Салқын болар бұл мезгіл,
Бәйшешек сүйер күн көзін.
Көмекті қыстан сұрарсың...
Қыс: Ысқыртып аяз, бораймын,
Әнге бөлеп маңайды.
Аппақ қарға ораймын.
Мұз жамылтып даланы.
/Қыс мезгілі таяғымен сермегенде, музыка ойнап, қыздар қар биін билейді/
Би: «Қар»
Көктем: Мен көктеммін, құлпырған,
Жаңа атқан таңдаймын.
Қарды ерітіп жылғадан,
Су ағызған әрдайым.
Бүршік жарар ағаштар,
Құстар әнін салады.
Еріген қар астынан,
Бәйшешек бүр жарады.
Би: «Бәйшешек»
/Қыздар би соңында гүлдерді теріп, себетке салып береді. Қыз рахметін айтып, шығып кетеді/
Ән:«Жаңа жыл»
Ерке қыз: Анашым, маған Аяз ата қандай сыйлық береді екен-а? Осы үнемі ана шалдың қызына керемет сыйлықтар береді. Өйткені ол еңбекқор, әдемі деп барлық сыйлықты соған беріп жібереді.
Шешесі: Сен бәрінен де әдемісің, қорықпа қызым, осы жолы сыйлықтың барлығын саған беретін болады.
Қызы: Қалай?
Шешесі: Әй, шал, мында кел. Ана қызды орманға апарып таста, Жаңа жыл мерекесінде менің қызымнан әдемі қыз болмауы керек.
Шал: Ол......
Кемпір: Апар деген соң апар. Ал біз қызымыз екеуміз әдемі көйлектерімізді киіп, Жаңа жыл мерекесіне дайындаламыз.
/Қыз бен кемпір бәйшешекті иіскеп, сөйлесіп отырады/
Қыз бен кемпір: Жүр екеуіміз әдемі киімдерімізді киіп Жаңа жылға дайындалайық.
/Екеуі шығып кетеді/
Шал:/Қызын орманға апарады/ Қызым, тоңып қалма. Жаман кемпірдің сөзін көңіліңе алма. Жарай ма?
/Қыз шыршаның түбінде тоңып отырады. Аяз ата келіп, одан сұрайды/
Аяз ата: Қызым, тоңып қалған жоқсың ба?
Қыз: Жоқ.
Аяз ата: Қандай батыр қыз, мен саған риза болып тұрмын. Мынау менің саған сыйлығым, киіп ал. Менің көмекшім боласың.
Қыз: Рахмет ата!
/Аяз ата мен қыз балаларға келеді/
Аяз ата: Амансыңдар ма балалар!
Балалар: Сәлеметсіз бе, Аяз Ата!
Аяз ата: Қағып тұр ЖаңаЖыл кеп есігіңді, Болмайды той-думанның кеші мұңды. Жаратқан түгел қылып берсін сенің, Бақыт пен ырысыңды, несібеңді!
Балалардың тақпақтары:
1-бала: Қуанышпен келдіңіз бе, Жаңа жыл?! Мен де саған арнайыншы жаңа жыр. Есік ашық, дастарқаным жаюлы, Қарсы алуға не керектің бәрі әзір.
2-бала: Жаңа жылда бақыт қандай, нұр қандай! Бар әлемге салтанатын құрғандай. Әрбір халық сөйлегенмен әр тілде, Жаңа жылда бір тілек те туғандай. 3-бала: Қараңыздар, жаңа жылдың ақ таңын, Тым ерекше гүл жайнайды бақтарым. Жалғыз тілек: қазақ халқы өсе бер! Сенің арқаң ел боп менің жатқаным.
Ән: «Новогодняя песня»
/Балалар жарты шеңбер болып тұрып айтады, ортасында Аяз ата билейді/
Аяз ата: Балалар, осы біздің қасымызда біреу жетіспей тұрған сияқты.
Жүргізуші: Оның кім екенін білу үшін, мен сендерге жұмбақ жасырайын.
Жұмбақ:
Шелек қалпақ басында,
Сәбіз екен танауы.
Қыста қардан туатын,
Тауып көрші сен оны.
Балалар: Аққала
Аяз ата: Дұрыс таптыңдар, жарайсыңдар!
/Әуен ойналып, Аққала келеді/
Аққала: Міне мен, міне мен.
Не керек сендерге менен?
Балалар, мені шақырдыңдар ма? Сендердің дауыстарыңды естіп келдім. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Мен сендерге қызықты ойын әкелдім.
Ойын: «Аққала құрастыру»
Ойын шарты: Ойынға 4 бала шығады, екі бала жарысып, екі баланы аққала қылып киіндіреді.
Балалардың тақпақтары:
1-бала: Қар жауғанда топ бала, Соқты келіп аққала. Мұрны сәбіз, үп үшкір. Көзі көмір, қап қара. Көне шелек басында, Сыпырғышы қолында. Мұз айдынға ойнауға Келгендей-ақ ол мұнда.
2-бала: Қандай қызық қыс деген? Бәрін шебер істеген. Бақша, бауды, тауды да, Бояған ақ түспенен. Қандай суық қыс деген? Қалтырайды құс деген. Құлақшынды кимесең, Құлағыңды тістеген.
3-бала: Қыс дегенің аймақ па? Қатып жатқан қаймақ па? Құлдыраймыз шанамен, Қыр басынан сай жаққа. Біздің байтақ далада, Асқар тауда, қалада. Биыл ғажап іс болды, Таңғажайып қыс болды.
4-бала: Жапалақтап аппақ қар, Жауды күнде қайталап. Қырға шықты балалар, Шаңғыларын арқалап. Жұлдыз болып ағамыз, Ақ мамықтың үстімен. Біз спортшы боламыз, Үлгі аламыз күштіден.
Аққала: Менің кішкентай достарым қайда?
Би: «Аққала» /Ұлдар билейді/
Аққала: Өзіме арналған тақпақтар да, би де ұнады. Балалар, мен көп тұра берсем, еріп кетер-мін. Қош, сау болыңдар!
Балалардың орыс, ағылшын тілінде тақпақтары:
3 бала – орыс тілінде
3 бала – ағылшын тілінде
/Кыз бен кемпір кіреді/
Кемпірдің қызы: /қызды көріп/ Мынау әлгі шалдың қызы ма?
Аяз ата: Иа, сендер оны орманға неге қалдырып кеттіңдер? Адамға осылай қиянат жасауға бола ма?
Ерке қыз: Ол үнемі менен әдемі болып кетеді, сосын сыйлықтың барлығын соған береді.
Аяз ата: Жоқ, әңгіме сұлулықта емес, адамның жаны сұлу болу керек. Сендерге мерекеге қатысуға рұқсат жоқ.
Кемпір мен қыз: Біз әдейі дайындалып, балалармен ойын ойнасақ деп келіп едік.
Аяз ата: Балалар, бұл екеуіне кешірім береміз бе, ойын ойнағыларың келе ме?
Балалар: Иа.
/Кемпір мен қыз ойын ойнатады/
Ойын: «Көңілді маскарад»
Ойын шарты: Ойыншылар шеңберге тұрады. Қорапта әртүрлі киімдер, маскалар болады. Жүргізуші ішінен біреуін таңдап, ойыншыға береді, әуен тоқтағанша ойыншылар бір-біріне жалғайды, әуен тоқтаған кезде сол бұйымды киіп алады
Балалар тақпақтары:
1- бала: Бірге соғып бар әлемнің сағаттары,
Он екіні күтер қалмай тағаттары, -
Ғасырдың он екінші жылы келді,
Құстай ұшып, қырау шалған қанаттары!
2-бала: Құтты болсын жаңа жыл барша қауым,
Құтқа орансын кең байтақ дархан елім.
Қазақтың пейіліне тарту етсін,
Табиғат ашық аспан, таң шапағын!
3-бала: Құтты болсын жаңа жыл мерекеңіз,
Арта берсін жақсылық пен берекеңіз
Жаңа жылда жаңа бақыт, жаңа нұрға
Толы болсын әрдайым керегеңіз!
Ән: «Жаңа жыл» /Дәрібаевтар/
Жүргізуші: Осымен Жаңа жылға арналған ертеңгілігіміз аяқталды. Жаңа жылдарыңызбен! Құттықтау сөз кезегін бөбекжай директоры Мереке Меңдібайқызына береміз. / Аяз ата сыйлық таратады/
Ақтау қаласы әкімдігінің білім бөлімінің «№35 « Балдырған» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны