Егер өмір алтын болса, зергері –мұғалім,
Егер өмір теңіз болса, гауһары –мұғалім.
Егер өмір жүзік болса, көзі – мұғалім,
Егер өмір ақын болса, сөзі -мұғалім
Шухрат.
Мамандық таңдау болашақты таңдау. Өмірде мамандықтың сан алуан түрі бар. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі тағы бар.Әйтсе де мектеп қабырғасын қимастықпен аяқтаған сәттен бастап мамандық таңдау аса маңызды іс болғанымен, мен үшін еш қиынға соқпады. Себебі, қоғамдағы сан алуан мамандықтардың ішіннен жан-жақтылық пен білімділікті, ең бастысы мейірімділікті қажет ететін мұғалім мамандығының иесі атану бала кезгі арманым еді.
2004 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының «педагогика және психология» мамандығы бойынша үздік аяқтап, кеншілер қаласына арнайы жолдама арқылы ұлы ағартушының есімін иеленген Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне ұстаздық қызметке жұмысқа қабылдандым.
Бөтен қала, бөгде адамдар. Ең алғашында жаңа ортаға тез қалыптасып, ұжымға жылдам сіңісіп кету қиынның қиыны болды.
Әйтсе де алға қойған мақсатым – рухани бай, ізденімпаз, адамгершілігі мол, қоғам сұранысына жауап берер білімді шәкірт тәрбиелеу қызметін адал еңбекпен жүзеге асырғым келді.Жақсы ұстаз атану – әр жас маманның борышы.
Нағыз ұстаз болу бақыт әрі абырой.Шындығында мұғалім болу оңай болып көрінгенмен,ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.
«Ел есінде бір жыл қалғын келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе бала тәрбиеле» дейді халық даналығы.
Кәсіби қызметімнің алғашқы күндерінде-ақ мені «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша оқыған қазақ тобына жетекші етіп бекітті. Барлығы өзім сияқты ауылдың қарапайым да аңғал, ак жүректі балалары.Бір қызығы, олардың арасында менімен қатарлас, тіпті менен бір-екі жас үлкен студент жастар бар еді.
Әр сабақты түсіндірген сайын бойымды қорқыныш сезімі билейтін. Әйтсе де ештенеге қарамастан болашаққа деген қызығушылықпен еңбек жолымды бастап та кеттім. Жақсы ұстаз - өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, оқу орынын шексіз сүйетін адам.Осы іске деген қызығушылық пен шынайы сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады»деген сөздер жұмысқа келген сайын санамда жаңғырылып тұратын.