Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің кейбір ерекшеліктері
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің кейбір ерекшеліктері
Бұл мақалада фразеологиялық бірлік, тұтастық, ттізбек туралы түсініктер қамтылған. Ағылышын, қазақ тілдеріндегі фразеологиялық сөздіктер мен аудармадағы ерекшеліктер қарастырылған.
Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Просмотр содержимого документа
«Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің кейбір ерекшеліктері»
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологиялық тіркестердің кейбір ерекшеліктері.
Абишева Жанна Манарбековна, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қарағанды қаласы «№4 жалпы білім беретін мектеп – интернаты» КММ
Жалпы кез-келген ғылымда қарама-қарсылық ұғымы кеңінен сипатталынып, ауқымды түрде түсіндіріледі. Аталмыш ұғым туралы ғылыми бастама ежелгі замандарда ғылымдардың атасы философия ілімінде өте күрделі категориялар қатарынан орын алған. Сөйтіп ғылымның психология, логика, лингвистика салаларында өзіндік сипатқа ие болды. Тілдегі қарама-қарсылық ұғымының пайда болуының негізі философиядағы “қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңынан” бастау алады.
Тілдегі антонимия құбылысы психолингвистикалық, семантикалық, гносеологиялық аспектілерде кеңінен зерттелді. Тұрақты сөз тіркестері де антоним қасиетіне ие бола алады. Тіл біліміндегі қарсы мәнді фразеологизмдердің туындауына адамның ой-санасында объективті дүниедегі заттар мен құбылыстар, табиғат құбылыстары туралы ұғымдарды салыстыру және осы ұғымдарды бір-біріне қарсы қою секілді қабілеті әсер еткен. Дегенмен, фразеологиялық антонимдер лингвистиканың кешірек зерттеле бастаған, әлі де болса тереңірек зерттеуді қажет ететін дүниесі. Аталмыш мәселенің тіл біліміндегі өзектілігі жөнінде академик І. Кеңесбаев былай дейді: “Фразеология саласында басы ашылмаған, тіпті, күн тәртібіне қойылысының өзі принцптік тұрғыдан шешілмеген мәселе антонимия. Жеке сөз лексема көлемінде айдан анық көрінетін, осы құбылыс тиянақты сөз тіркесі аясында көмескеленіп айқын аңғарылмайды. Әйтсе де, фразеологизмдер табиғатында «сырт» тұрпаты жағынан да «ішкі» ұғымы жағынан да қарсы мағына сипатындағы тіркестердің бары анық. Алайда бұл да танылып жетпеген категория. Фразеологизмдер ішінде өзара қарсы мағына беретін сыңарлардың бары анық болса да, олардың типтері әлі де тереңірек зерттеуді, тексеруді қажет етеді. Арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де, қарсы мәнді фразеологизмдердің қыр-сыры ашылып, топтастырылмағаны баршаға аян” Тіл мен сананың, сөйлеу мен ойлаудың бірлігі әр адамның жеке басы қасиеті мен қабілетінің де даралығын танытатын белгі екені сөзсіз. Олай болса, «Ойлаусыз тілдік қатынас та жоқ. Ойлау тілдік қатынастың тірегі ғана емес, ол- бүкіл сөйлеу әрекетінің өзегі деп саналатын адамзаттың болмысы».
Бұл мақалада фразеологиялық бірлік, тұтастық, тізбек туралы түсініктер, айырмашылықтар қамтылған, ғалымдардың, соның ішінде орыс, қазақ ғалымдарының пікірлері келтірілген. Ағылшын, қазақ тілдеріндегі фразеологиялық сөздіктер және аудармадағы ерекшеліктер қарастырылады. Лексиколог, лингвистердің тұрақты сөз тіркестерін қалай ажырататыны жайлы және бірлік пен тұтастықтың айырмашылықтары туралы пікірлері қамтылған. Сөзбе-сөз аудармадағы мағына мен фразеологизмдердің жалпы білдіретін мағынасы мүлдем бөлек. Сондықтан әрбір тіркестің мағынасына көңіл бөлген жөн.
Екі немесе одан да көп сөздерден құралып, бір ғана лексикалық мағына беретін сөздерді фразеологизмдер дейміз. Фразеологизмдер ауыз және жазба әдебиеттерде көптеп кездеседі. Фразеологизмдер сөз өнерін байыту үшін ақын немесе жазушының ойын әсерлі етіп жеткізу үшін жұмсалады. Белгілі бір халық жөніндегі мәдени құндылықтарды жеткізушіні тіл десек, оның ішінде демек, фразеологизмдер адамдардың, халықтың тарихи қалыптасу, даму кезеңдеріндегі күллі тіршілік тынысын танытушы саналады. Жалпы «фразеология» термині тіл білімінде екі түрлі мағынада қолданылатынын айтып өткеніміз жөн. Бірінші мағынасы «белгілі бір тілдегі тұрақты тіркестердің тұтас жиынтығы», екіншісі – «тілдегі тұрақты тіркестерді зерттейтін тіл білімінің саласы» деген мағынада қолданылады. Олар басқа тілдік бірліктерден экспрессивті бейнелілігімен қоса, мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолданылу тиянақтылығымен басқа тілдік бірліктерден ерекшеленеді.
Фразеологизмдерді бірнеше ғалымдар зерттеген. Солардың бірі орыс лингвисті, академик В.В.Виноградов фразеологизмдерді үш топқа бөледі:
1. Фразеологиялық тұтастық – тіркестің білдіретін ұғымы құрамындағы сөздердің мағыналарымен сәйкес келмейді. Мысалы: үріп ауызға салғандай,
қой аузынан шөп алмас.
2. Фразеологиялық бірліктердің білдіретін ұғымы тіркестің құрамындағы сөздермен мағыналық жағынан белгілі бір дәрежеде байланысты бейнелілігі, әсерлілігі жоғары болады. Мысалы: аузына құм құйылу, екі езуі екі құлағына жету.
3. Фразеологиялық тізбектің білдіретін ұғымы құрамындағы сөз мағыналарымен байланысты болғанмен, бейнелілігі төмен болады. Мысалы: кеудесін көтеpy, мойнына су кету.
Алайда қазақ ғалымы Кеңесбаев фразеологизмдерді фраза және идиома деп екі топқа бөледі. Мұндағы идиома дегеніміз Виноградовтың фразеологиялық тұтастық деген пікірімен сәйкес келсе, фраза Виноградовтың фразеологиялық бірлік деген пікіріне сәйкес келеді. Сонымен қатар Кеңесбаев мынадай ой тұжырымдайды: фразеологиялық тіркестердің варианттары өте жақын, іштей өзектесіп жатады, айырмасы – тіркес жүйесіндегі бір немесе бірнеше компоненттері өзге сөздермен алма-кезек ауысып жатуында. Мысалы: өш алу – кек алу; тыныс алу – дем алу; ашуына тию – шамына тию, намысына тию, т.б. Ал синонимдер арасында жалпы мағына жуықтығы болғанымен, бірінде бар компонент екіншісінде ұшыраспайды. Яғни, синонимдес фразеологизмдердің компоненттері еш уақытта екі рет қайталанбайды. Мысалы: жаны тырнағының ұшына келу, төбе шашы тік тұру, көзі алақандай болу, тұла бойы түршігу.
Қазақ тіліндегі фразеологиялық тіркестерге мыналар жатады: фразалар және идиомалар. Аталған тіркестердің әрқайсысы жеке сөздерден құралып, күрделенген номинатив орайында жұмсалады да, сөйлемнің мағынасымен ортақтасып, экспрессивті эмоциялы бояулармен ауызекі тілінде де жазба тілінде де қолданылады.
Экспрессивті тұрақты сөз тіркестері әртүрлі көңіл-күйге байланысты қолданылады. Мысалы: «іске сәт», «неткен сұмдық» секілді экспрессивті сөз тіркестері әртүрлі жағдайларда қолданылады.
Эмоциялық-экспрессивті сөз тіркестерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа адамның түрлі көңіл-күй, мінез-құлқын сипаттайтын, жақсы көрумен, еркелетумен байланысты жағымды образдарды жатқызуға болады. Мысалы: «үріп ауызға салғандай», «көзімнің қарашығы», «жан қалқам», т.б. Ал екінші топқа жағымсыз образдарды жатқызуға болады. Мысалы: «емешесі құрыған», «сор маңдай», т.б.
Қазақ тілінде, басқа тілдердегідей бірқатар сөздер тобы тұрақталған тіркес қалпында жұмсалады. Мысалы: «Төбеден түскен түнек жаудың үрейін ұшырып, есінен тандырды». Бұл сөйлемдегі «үрейін ұшырып», «есінен тандырды» келтірінді мағынада жұмсалған. Сол себепті «үрейім қалмады», «зәрем ұшты» секілді сөз тіркестері (қатты қорықтым) деген мағынаны береді. Бұл жағынан осы тіркестерді құс ұшты, қарға ұшты, ұшақ ұшты тәріздес сөз тіркестерімен тең қоюға болмайды. Тұрақты тіркестер екі түрге бөлінеді, мысалы: идиомалық тіркестер, фразалық тіркестер.
Идиомалық топқа жататын тұрақты тіркестер құрамындағы сөздердің байланысы берік болады, олардың тұтас болып тұрғандағы мағыналарына қатысы болмай, мүлде бөтен мағына береді. Мысалы: «қабырғаңмен кеңес» (ойлан), «қой аузынан шөп алмас» (жуас), «салы суға кетіп отыр» (көңілсіз), т.б.
Фразалық топқа жататын тіркестер – тұрақты тіркестердің бірқатар мағынасы оларға қатысып тұрған сөздердің бірі болмаса, бірінің лексикалық мағынасымен байланысы болады. Мысалы: «таяқ жеу» (соғылу), «бас көтеру» (қарсылық ету), «жаны ашу» (аяу), «есінен шығу» (ұмыту).
Смирницкий фразеологиялық тіркестерді фразеологиялық бірлік және идиома деп екі топқа бөледі. Фразеологиялық: get up, fall in love секілді етістіктерді жатқызады. Ал идиомаға ауыспалы, метафоралық мағынада қолданылатын сөздерді жатқызады. Мысалы: take the bull by the horns действовать решительно (қазақша сөзбе-сөз аударғанда өгізді мүйізінен ұстау) ал нақты мағынасы «оқиғаны оздырмай бірден қолға алу».
Амосова фразеологизмдерді – фразема, идиома деп екі топқа бөледі.
Фраземалар – оларды құрап тұрған компоненттерінен шығады. Фразема В.В.Виноградовтың фразеологиялық бірліктеріне сәйкес келеді. Мысалы: beef tea, крепкий мясной бульон, қою майлы сорпа, knit one`s brows, нахмуриться, кеудесін қақты (жақтырмай қарады). Идиомалар құрамындағы сөз мағынасымен сәйкес келмейтіндігін айтады. Мысалы: play with fire играть с огнем, отпен ойнау.
Мысалы ағылшын тіліндегі, «Storm in a teacup» болмашы жайт, ұсақ-түйек деген мағынаны білдіреді. Егер бұл тіркесті сөзбе-сөз аударсақ “кеседегі ызғарлы жел” деп шығар еді.
Don`t worry about this silly row with the boss it is just storm in a teacup. Бұл сөйлем «бастықпен болған ұрыс-керіс үшін уайымдама бұл ұсақ-түйек нәрсе» деп аударылады.
Ал төбе шашы тік тұрды деген тұрақты сөз тіркесін алатын болсақ «қорқу» деген мағына береді. Ағылшын тіліндегі «hair rising» аударғанда «to be scared» деген мағына береді. I`m hair rising of flying – especially taking – off and landing деген сөйлем «Мен ұшудан қорқамын әсіресе жоғары көтерілгенде және жерге қонғанда» деп аударылады. Бұл сөйлемдегі «hair rising» төбе шашы тік тұру дегенді білдіреді.
Сондықтан әр фразеологизмнің мағынасына ерекше мән беру керек. Жалпы қазақ тілінде тұрақты сөз тіркестері фразеологизмдер деп аталады, ал ағылшын тілінде фразеология немесе идиома деп аталады.
Ал ағылшын идиомасын қарастыратын болсақ, оның өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен: фразеологиялық тіркестер және идиомалар ертегілерде, жай және құрмалас сөйлемдерде көптеп қолданылады.
«He was brave and soft hearted» деген сөйлемді алсақ, бұл жердегі soft hearted жұмсақ жүректі деп аударылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей әрбір тұрақты тіркестің (идиоманың) сөйлемдегі мағынасына ерекше мән беру
керек. Аталған сөйлем «ол батыл және қайырымды» деп аударылады.
Ағылшын және қазақ тілдеріндегі фразеологизмдердің қысқаша сөздігі:
As stupid as donkey Ақылы жоқ
A heart of stone Тас жүрек
Be all ears Сақ құлақ
Be childish Бала болу
Carry water on the both shoulders Діңкесі құру
Clear one`s mind of smth Мүлде ұмыту
Dance to one`s tune Біреудің аузына қарау
Hold one`s tongue Тіліңді тый
Eye to eye Көзбе – көз
Make a mountain out of the molehill Түймедейді түйедей қылу.
Ағылшын тілінде әрбір идиома сөз таптарымен бірге қосарланып келеді. Мысалы: idioms are used with nouns, adjectives, verbs, prepositions және т.б. Егерде сын есімдермен тіркесіп келетін тұрақты сөз тіркестеріне келетін болсақ, ол екі немесе үш сөзден құралады.
Мысалы: «light fingered» деген идиомалық тіркес ұрлыққа жақын, қолының сұғанағы бар адам дегенге саяды.
Long in the tooth бұл тіркестегі long сөзі ұзын деп аударылып сын есім қызметін атқарып тұр. Сөзбе-сөз аударсақ тісі ұзын кісі. Аталған тұрақты тіркес (идиома) «кәрі» деп аударылады.
Етістікпен қолданылатын тұрақты сөз тіркестері де жетерлік. Етістік to go және зат есім song қосарланып келсе, ол тұрақты сөз тіркесіне айналады. Алайда олардың қосарланып келгендегі мағынасын болжау өте қиын. «To go for a song» бір зат өз бағасынан төмен мөлшерде сатылған кезде қолданылады. «As no one else at the auction seemed interested іn the painting, it went for a song». Аукционда қойылған суреттерге ешкім қызықпаған кезде, көңіл аударып, мән бермеген кезде, ол заттардың бағасы арзан сатылды.
Ағылшын тілінде тұрақты сөз тіркестері фразеологиялық бірлік (motivated) және фразеолгиялық тұтастық (non-motivated) деп екі топқа бөлінеді.
Фразеологиялық бірліктердің мағынасын түсінуге болады. Оларға мақал-мәтелдер де кіреді. Мысалы:
All are not saints that go to church.
Шіркеуге барғанның бәрі имам емес.
All are not hunters that blow the horn. All are not gold that glitters.
Жылтырағанның бәрі алтын емес.
All bread is not baked in one oven.
Бес саусақ бірдей емес.
Everything comes to him who waits.
Сабыр түбі сары алтын.
Everybody`s business is nobody`s business.
Қойшы көп болса қой арам өлер.
Ал, фразеологиялық тұтастықтың мағынасы тұрақты болады. Олардың жеке тұрғандағы мағынасымен жалпы білдіретін мағынасы сәйкес келмейді. Мысалы: to keep oneself in hand (өзін-өзі қолға алу), to sit on one`s hands; not to do a hands`s turn (қол қусырып отыру), not to move a finger (қолының ұшын қимылдатпау), to kill time (уақытты босқа өткізу), to kill two rabbits with one stone (бір оқпен екі қоян ату), to give up all of it (қолын бір-ақ сілтеу), to keep the eyes shut (бір нәрсеге көз жұма қарау).
Қорыта айтқанда, фразеологизмдер әр елдің, халықтың, ұлттың асыл қазынасы. Ата-баба қазынасы болып табылытын фразеологизмдер халықтың, бір-бірімен жалғасқан ұрпақтар арқасында міндетті түрде сақталады. Егер тілде фразеологизмдер сақталмай, бізге жетпеген болса, халқымыздың асыл туындылары болмаса, олар бүгінгі күнге дейін сақталып жетпесе, жұртымыздың өткен өмірінен мақрұм қалар едік. Сондықтан да тілдің байлығын арттыра түсетін сөздік қордың көлемді бөлігін құрап тұратын тілдік бірліктер – фразеологизмдер.
Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс тәсілдерімен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Сондықтан білім берудегі барлық оңды өзгерістер педагогтың жаңаша ойлау тәсілімен, жаңа шығармашылық іс-әрекеттерімен, ізденушілігіне байланысты.
Сабақ үстінде оқушының жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызу, сабақтың тақырыбына сай нақтылы міндет қоя білу – ол әрбір мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Өйткені, оқушыларды терең әрі жинақты біліммен қаруландыру, олардың шығармашылық қабілетін, қызығушылық талғамын дамыту, өз бетінше білімін толықтандыруға дағдыландыру сияқты күрделі жұмыстар сабақ барысында қалыптасады. Бұл әрбір мұғалімді ойландырып, жаңаша жұмыс істеуге, жаңа ізденістерге жетелейді. Әрбір мұғалімнің негізгі алға қойған міндеті – шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтуге, биік адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Шетел тілін жаңаша оқыту соңғы жылдары жоғары қарқынға ие болды. Ұстаздардардың сабақты жобалаудағы жауапкершілігі оқушылардың шетел тілінде нәтижелі тілдік қарым-қатынас жасауына мүмкіншіліктер туғызады. Олар аз уақытта жаңа технология жәрдемінде үлкен жетістіктерге жете алады.
Қазіргі таңда синонимдік фразеологизмдердің семантикалық категорияларына қатысты мәселелер ғана қарастырылған, ал қарсы мәнді фразеологизмдер оның ішінде қазақ және ағылшын тілдеріндегі антонимдік фразеологизмдерді салыстыра зерттеу назардан тыс қалған тақырып. Сол себепті, жеке сөз, лексема көлемінде анық байқалатын антонимия құбылысын екі тілдік фразеологизмдердің ауқымында қарастыру жан-жақты талдауды қажет ететін тың мәселе. Олай болса, ана тіліміздегі мағыналары қарама-қарсы мәнде жұмсалатын антоним фразеологизмдердің топтарын, тілдік ерекшеліктерін ағылшын тіліндегі антонимдік фразеологизмдермен салыстыра зерттей отырып, ұлт, тіл, мәдениет пен өркениеттің өзара сабақтастығын айқындау өзекті мәселелер қатарына жатады.
Мақаланың негізгі мақсаты – екі тілдегі антонимдік тіркестердің мағыналық сипатын ашу, контексте қолданылу ерекшеліктері мен олардың қызметін анықтау. Осы мақсатқа жету үшін жұмыста мынадай міндеттерді шешу көзделді:
– қарама-қарсылықтың тіл біліміндегі зерттелу тарихына шолу жасау;
– семантикасын басшылыққа ала отырып екі тілдегі фразеологизмдердің қарсы жұбын табу, олардың жасалу жолдарын айқындау;
– екі тілдегі антонимдік тіркестердің жасалу жолдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтау;
– екі тілдегі қарсы мәндегі тұрақты сөз тіркестерінің болымсыздық категориясымен байланысын айқындап көрсету;
– екі тілдегі қарсы мәнді фразеологизмдердің полисемия құбылысымен байланысын ашып көрсету;
– қос тілдегі қарсы мәнді фразеологизмдердің контексте берілу сипатын
– анықтау.
Тілдің лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден (жеке сөздерден) басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын неғұрлым күрделі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімнің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек phrasis сөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан) қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады. Бірінші, тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы, екінші, белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы дегенді білдіреді.
Осы күнгі тіл білімінде фразеологизм деген ұғым кең мағынада қолданылады. 1990 жылы шыққан «Лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте» фразеологизмге мынадай анықтама берілген: «Фразеологизм дегеніміз формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын, семантикалық және лексика – грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер. Осы анықтамаға қарағанда фразеологизмдерге кең мағынада тілдегі мағына бірлігін сақтаған тұрақты сөз тіркестерінің түрлері мен сөйлемшелер, коммуникативтік тұрақты қолданыстағы әр түрлі коммуникативтік бірліктер, қос сөздер мен қосарлы тіркестер, ресми іс құжаттардағы даяр сөз орамдары т.б. түрінде болуы мүмкін.
Фразеологизмдердің осы айтылған түрлерінің құрылымдық, мағыналық, қолданымдық сипаты, лексикологияға қатысты бірыңғай емес. Сондықтан тәжірибе жүзінде фразеологизмдер тар және кең мағынада қарастырылады. Бұлайша бөліп қарастырудың мәні фразеологизмнің лексикалық бірлік ретінде танылатын атауыштық сөзбен мағыналық байланысына, сол арқылы лексикологиямен жақындасатынына негізделген.
Тар мағынадағы фразеологизмдерге құрамы тұрақты, мағынасы біртұтас, даяр қалпында қолданылатын, лексикалық бірліктермен (атауыштық сөздермен) мағыналас, сырттай жай (еркін) сөздеріне ұқсас тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер жатады. Шынында, фразеологизмдерді сақтай отырып, сөз мағынасына жақын не парапар мағынаны білдіреді.
Мысалы: ұзақ түнді көзбен атқызды фразеологизмі – ұйықтамады, дүние салды – өлді, бетінен оты шықты – ұялды, мұрнына су жетпеді, мұрнынан шаншылды, мұршасы келмеді – жұмысбасты болды, ұзын арқан, кең тұсау – еркіндік, үн жоқ, түн жоқ – үндемеді дегенді білдіріп, өзара мағыналас болып тұр.
Ал кең мағынада фразеологизмдерге жататын мақал – мәтелдер мен қанатты сөздердің, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың, номинативтік (атауыштық) бірліктердің т.б. өздеріне тән лексика – грамматикалық, стильдік ерекшеліктері бар. Олар сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қолданылатындығы, құрылымының тұрақтылығы жағынан ғана фразеологизмдерге жатқызылады, бірақ олардың мағынасы лексикалық бірлік ретінде сөздердің беретін мағынасына балама, парапар емес, көбінесе бейнелі түрде астарлы мағынада жұмсалады.
Мысалы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; Мың сіз – бізден бір шыж – быж; алыстан арқалағанша, жақыннан дорбала т.б. мақал – мәтелдің сипаты осындай.
Фразеологизмдердің сөйлеммен арақатынасы. Фразеологизм мен сөйлемнің құрылымдық жағында формалды жақындық, ұқсастық бар.
Фразеологизмдерде жай, құрмалас сөйлемдер сияқты құрылымдар кездеседі.
Мысалы: сойылын соқты, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегінің түгі бар, салы суға кетті, тас – талқан болды т.б. фразеологизмдердің құрылымы жай сөйлемдер сияқты. Мынадай жай сөйлемдермен салыстырыңыз: жел соқты, ол төбеге шықты, айсыз ашық аспан, Хасен үзілген сөзін қайта бастады. Ал ай десе аузы бар, күн десе көзі бар; әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ; жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты; бір ұрты май, бір ұрты қан т.б. фразеологизмдік сөйлемшелердің құрылымы құрмалас сөйлемдер сияқты. Сөйлем құрылымымен ұқсастық әсіресе фразеологизмдерге жатқызылып жүрген мақал – мәтелдер мен қанатты сөздерден айқын байқалады.
Мысалы: әкең мұрап болғанмен, жерің ой болсын; әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас; жақсыдан үйрен, жаманнан жирен; айыратын жаман бар, қосатын жаран бар; әлді адам шалқақ келеді, әлсіз адам жалтақ келеді; Құдай деген құрғақ сөз, Алланың аты алпыс; жантақты жерде сона бар, қыстақты жерде оба бар т.б.
Мақал – мәтелдердің фразеологизмдерге қатысы. Фразеологизмдер мен мақал – мәтелдердің арақатынасы өте күрделі. Кең мағынада мақал – мәтелдер және оларға жақын қанатты сөздер фразеологизмдерге жатқызылуы әлі толық шешілмеген мәселе емес. Бұлардың фразеологизмдерге қатысын түсіну үшін, алдымен мақал – мәтелдердің тілдік сипатын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, бір – бірінен айырмасын түсіну қажет. Мақал мен мәтел бір – біріне ұқсас болғанымен, құрылымы, білдіретін мағынасы жағынан бірдей емес.
Мақал деген – халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірибесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты, ықшам нақыл сөз. Мақал формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес. Мақалдардың көпшілігі екі компонентті, яғни құрмалас сөйлем типтес болып келеді. (түстік өмірің болса, кештік мал жина; ер бір рет өледі, ез мың рет өледі т.б.) Мағынасы жағынан екі компонентті мақалдың алдынғы бөлімінде әр нәрсенің жайы не әрекетінің жағдайы, шарты байымдалса, кейінгі бөлімінде соған қатысты қорытынды, түйінді пікір тұжырымдалады (бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады; ер арыса аруақ, ат арыса тулақ т.б.). Бірақ мақалда айтылатын ойдын өзара шарттылығы міндетті болмай, логикалық жағынан бір – біріне ұқсас өмірдегі құбылыстар оның екі бөлімінде де байымдау түрінде берілуі мүмкін.
Мысалы: Су басынан бұзылады, балық басынан шіриді; адам құлақтан азады, көңілден семіреді т.б.
Мақал дәл мағынасында да, ауыс мағынасында да айтылады.
Мысалы: туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас; еңбек ширатады, өмір үйретеді дегендер дәл мағынасында, ал ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; адам аласы ішінде, мал аласы сыртында; иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар дегендер ауыс мағынада жұмсалып тұр. Дегенмен, қазақ тіліндегі мақалдардың көпшілігіне ауыс мағынада қолданылу тән сияқты.
Мақалдардың арасында да синонимдестік кездеседі.
Мысалы: кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол – өзге елге ұл болғанша, өз еліңде құл бол; жекен жерінде көгереді, ер елінде көгерер; әркімнің өз жері – Мысыр шаһары т.б. мақалдар бір – бірімен синонимдік қатынаста тұр.
Ал мәтелге келсек, жоғарыда мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы – мәтелде айтылатын ой – пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде.
Мысалы: кісідегінің кілті аспанда, естіген құлақта жазық жоқ, сұлуынан жылуы, жаман күйеу қайынсақ, келегештің тұзы жеңіл, таз әулекі, соқыр әңгүдік деген мәтелдерде мақалдағыдай байымдау, оны қорытындылау жоқ, тек бір жағдайды жанамалап, меңзеп, тұспалдап білдіру ғана бар. Демек, мақал мен мәтелдің айырмасы – олардың мағынасына байланысты, білдіретін ой пікірдің (мағынасының) білдірілу тәсілінде. Ой – пікір, ұғым мақалда неғұрлым анық, ашық айтылса, мәтелде тұспалдап, жанамалап, меңзеп айтылады. Мәтел құрылымы жағынан көбінесе жай сөйлем іспеттес, бір құрылымнан тұрады.
Мысалы: саудада достық жоқ, қорыққанға қос көрінеді, заманына қарай амалы, бөрік кигеннің намысы бір, ер кезек үшке дейін, соқыр ат қотыр атқа үйір, тентек шоқпар жинайды т.б.
Қанатты сөздер - тарихи көрнекті қоғам қайраткерлерінің, ойшылдар мен көркем сөз шеберлерінің, ғалымдардың шығармаларында немесе фольклорлық, публицистикалық туындыларында кездесетін, қолданылуы тұрақты, бейнелі, терең мағыналы нақыл сөздер, афоризмдер. Мақал – мәтелдер сияқты қанатты сөздер де айтайын деген ойды мәнерлеп жеткізу үшін, стилистикалық тәсіл ретінде жұмсалады.
Мысалы: Абайдағы – білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез; әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсан арқалан; тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын; әкенің баласы болма, адамның баласы бол; еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; баяғы жартас бір жартас, қаңқ етер, түкті байқамас; адасқанның алды жөн, арты соқпақ; лай суға май бітпес қой өткенге; досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас т.б. Ыбырайдағы – кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықылас пен тоқылық; аурудан аяған күштірек; байлық қанағатта; өзі болған жігіттің аяғынан аямаңыздар т.б.
М.Әуезовтегі – бөрінің артынан бөлтірік ақылдылығынан ермейді; ар жазасы ең ауыр жаза т.б. қанатты сөздер айтуға жеңіл ықшамдылығымен, көркемділігімен, терең мағыналылығымен мақал – мәтелдер сияқты халық арасына кең тарап кеткен.
Тарихи тұрғыдан қарағанда қанатты сөздер мақал – мәтелдердің қорын байытатын негізгі көз болып табылады. Осы күнгі мақал – мәтелдерде ақылгөй, дана адамдардың аузынан шығып, замандар бойы халық қолданысында әбден екшеліп, қырналып, жетіліп, біздің заманымызға жеткен қанатты сөздер сияқты, бірақ олар бастапқы қалпын, авторларын сақтамаған. Қанатты сөздер грамматикалық құрылысы жағынан мақал – мәтелдер тектес әртүрлі формада кездеседі.
Фразеологизмдерге мақал – мәтелдердің қатыстылығын және олардың бір бірінен айырмашылығын фразеологизмдерге тән белгілер тұрғысынан қарап анықтауға болады. Осы тұрғыдан қарағанда, фразеологизмдерге тән құрылым тұрақтылығы, даяр қалпында жұмсалу тиянақтылығы, бейнелілігі, мәнерлігі сияқты белгілер мақал – мәтелдерге тән.
Көркем сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жататын мақал – мәтелдер мән – мазмұнның тереңдігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Көлемінің ықшамдылығына қарамастан, бейнелі тілдік бірліктер нақты да күрделі ойдың себеп – салдарын, халықтың өнер тәжірибесінің қорытындысы мен дәлелін қатар білдіреді. Онда халықтың тарихы, саяси өмірі, тыныс – тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық мәдениеті жан – жақты көрініс тапқан. Терең ойды алдай қалыпқа сыйғызған халық даналығын, шешендігі мен асқан шеберлігін танытатын да осы ұлттық сипатқа ие мәдени ентаңбалы (маркерлі) тұрақты орамдар. Әрбір халықтың тарихи даму кезеңдеріндегі сан алуан өзгерістер тілдің лексикалық – грамматикалық жүйесінде өзіндік із қалдырып отырғаны белгілі, алайда, өзінің біртұтас жүйесін, тұлға – тұрпаты мен мән мағынасын сақтап қалған тілдік бірліктер – өздік құрамдағы мақал – мәтелдер.
Қазақстан Республикасының егеменді ел, халықаралық қатынастар субъектісі болуына және қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына байланысты, Республиканың, мемлекеттің тілі ретінде оның халықаралық қатынастар деңгейдегі коммуникацияда қолдану ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Өзара қарым – қатынастың нығаюы, тіларалық байланыстардың, ағылшын – қазақ қостілдігінің жандануы, дамуы, осыған орай, классикалық, көркем әдеби шығармалардың, саяси ақпараттардың, халықаралық зор мәнділікке ие құжаттардың аралық тіл (язык посредник) ықпалынсыз тікелей қазақ тіліне аударылуы таяу болашақта өрістей түседі. Ал, шет тілін үйретуде және аударма жұмысында аса бір қиындық туғызатын тілдік бірліктер – фразеологизмдер мен мақал – мәтелдер. Оның себебін тілдің фразеологиялық, паремеологиялық жүйесіндегі тұрақты тіркестердің ұлттық сипатының, ұлттық нақышының ерекшелігімен түсіндіруге болады. Тілдік бірліктердің тұтас мағынасын жете түсінбей, тіркес құрамындағы сыңарлар мәнін негізге ала отырып аудару әртүрлі келеңсіз жағдайларға, «сәтсіздіктерге» ұшыратуы әбден мүмкін. Сондықтан мақал – мәтелдің тіларалық семантикасын салғастыра зерттей отырып, ондағы жалпы азаматтық, жалпы халықтық мәнділіктер мен заңдылықтар және этностық ерекшеліктерді, сондай – ақ ұлт, тіл, мәдениет және өркениеттің өзара сабақтастығын айқындау да аса өзекті мәселелер қатарына жатады.
Мақал – мәтелдердің тіл білімінде, оның ішінде, қазақ және ағылшын тілдерінде әр тұрғыдан азды – көпті зерттеліп келгені мәлім. Зерттеу нысанына қатысты еңбектерге тоқталар болсақ, мақал – мәтелдердің тілдік табиғаты, олардың басқа тұрақты тіркестермен ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А.Байтұрсынов, І.Кеңесбаев, Р.Сәрсенбаев, Б.Адамбаев, Ә.Қайдар, С.Нұрышев, Ғ.Мұсабаев, М.Ғабдуллин, Ғ.Тұрабаева салыстырмалы – салғастырмалы тұрғыдан А.Нұрмаханов, Э.Мұқышева, А.Дондаева, Д.Беғалықызының т.б. жұмыстарында қарастырылған. Ағылшын тіліндегі ұлттық болмыс және ұлттық таныммен тығыз байланысты тұрақты тіркестерді, мақал – мәтелдерді жан – жақты, түбегейлі зерттеген ғалымдар – Н.Барли, А.Дундэс, А.Крикман, М.Куузи, Г.Мильнер, А.Тэйлер, Г.Л.Апперсон, Линда және Роджер Флавэлдер. Аталған ғалымдардың зерттеулері жұмысымызда теориялық және әдістемелік тұрғыдан басшылыққа алынды.
Дегенмен, халықтық ұғым – түсініктер мен рухани, мәдени құндылықтардан мол мағлұмат беретін қазақ және ағылшын тілдеріндегі аталмыш бейнелі тізбектер халықаралық, экономикалық, салааралық байланыстар кең өріс алған осы кезеңге дейін салғастырыла зерттелмей (бірді – екілі мақалаларды есепке алмағанда) келеді.
«Ұлт пен тіл біртұтас» деген қағидаға сәйкес, қазақ және ағылшын мақал – мәтелдерін тек тілдік емес, этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыру бірлік астарындағы ұлттық болмысты тану жағынан да өзекті мәселе қатарына жатады.
Сондай – ақ этнолингвистика мен лингвомәдениеттану салаларының жалпы тіл білімінде дербес пән болып қалыптасқан тұсында мақал – мәтелдерді тілдің «таза» ішкі жүйесі (имманентті жүйе) тұрғысынан қарағаннан гөрі, оларды тілі мен мәдениеті алшақ жатқан басқа халықтардың (ұлттардың) тілдік бірліктерімен салғастыра зерттеу арқылы олардың семантикалық құрылымындағы ерекшеліктері мен ұлттық сипатты айқындау аса маңызды болып отыр.
Жұмыстың нысанын туыс емес қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал – мәтелдерді аударудағы тілдік ерекшеліктерді талдау құрайды.
Ағылшын тілінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Бұл уақыт аралығында бұл тілде адамдар қолданған өткір әрі қызықты көптеген оралымдар орын алды. Сөйтіп тілдің ерекше қабаты – фразеология дамыды, бұл өзіндік жекелеген мағынасы бар тұрақты оралымдардың бірлігі.
Ағылшын тілін зерттеу Ресейде және біздің елімізде де кең тарады. Тілдегі фразеологияны меңгермейінше тілді жақсы білу, соның ішінде ағылшын тілін жақсы меңгеру мүмкін емес. Фразеологияны білу адамға публицистикалық, көркем және заң әдебиеттерін оқуда көптеген жеңілдіктер туғызады. Фразеологизмдерді орынды қолдану сөйлеу тілін барынша идиомаландыруға мүмкіндік береді.
Сөзбе-сөз аударылмайтын, ал мағыналық тұрғыдан қабылданатын фразеологиялық оралымдардың көмегімен тілдің эстетикалық аспекті күшейе түседі. Идиомалардың көмегімен, түрлі-түсті бояулардың көмегі сияқты тілдің ақпараттық аспектісі біздің өміріміздің, әлеміміздің сезімдік-интуитивтік сипатымен толықтырыла түседі.
Фразеологияның лингвистикалық пән ретінде дамуын тежейтін себептердің бірі терминологияның шатасып жатқандығы, яғни тіл білімі саласында бірыңғай терминдердің болмауынан деуге болады. Фразеологияның негізгі ұғымдарының жеткілікті зерттелмеуі әрине көптеген терминдерді тудырады, олардың көпшілігі бір-бірімен синоним болады да, көпмағыналылыққа ұрынады, ал кейбіреулері тіпті термин деп атауға келмейді, себебі олар дәл емес.
Фразеологизмдер, өзара байланысты тұрақты тіркестер ретінде, тіпті кейде тұтас сөйлем түрінде, әдетте толықтай, кейде жартылай ауыспалы мағынаға ие болады. Фразеологизмдердің негізгі ерекшелігі, көптеген қазіргі зерттеушілердің пікірінше, мазмұн жоспарының мағына жоспарына сәйкес келмеуінен туындайды, бұл фразеологиялық бірліктің ерекшелігін айқындайды және оның мағынасына тереңдік пен ыңғайлылық береді. Бұл мүмкіндіктердің тамыры сірә фразеологизмдердің табиғатында – тұйықталған микроконтексте жатыр, бұл жерде тек мағына жоспары мен мазмұн жоспарының арасында жүзеге асырылып қоймайды, сонымен қатар осындай белгі, ассоциативті-семантикалық, яғни микроконтекстің өзінен алынған белгілерге қатысты болуы мүмкін. Осы тереңдік фразеологизмге күрделі құбылыстар мен шынайылық қарым-қатынастарын толық, кең әрі ажарлы формада беруге көмектеседі.
Фразеологизмдер қарым-қатынаста маңызды орын алады, бұлар мағынаны білдіруге көптеген мән береді: олар айтылымды (мәтінді) барынша эмоционалды етіп, оған әр беріп, ажарландырып, белгілі бір жағдайда эстетикалық қабылдауға мүмкіндік береді, сөйтіп қандай да бір мәдени ассоциацияны қалыпастырады және т.б. Көп жағдайда фразеологизмдер мәтіннің мәртебесін көрсетуге қызмет етеді (әңгімелесуші, айтылым тақырыбы, коммуникацияға қатысушылар арасындағы қарым-қатынас және т.с.с.).
Қоғамдық-саяси фразеологиялық бірліктерді бірнеше топқа бөлуге болады, бұл фразеологизмдердің жалпы жіктеліміне байланысты. Профессор В.В. Виноградовтың жіктеліміне сәйкес, фразеологиялық бірліктер фразеологиялық өсінділерге, фразеологиялық бірліктерге және фразеологиялық тіркестерге бөлінеді. Зерттеуші Н.Н. Амосованың пікірінше фразеологизмдер фраземалар мен идиомаларға бөлінеді. Ғалым Е.Ф. Арсентьеваның ұстанымына сәйкес фразеологизмдер ағылшын және орыс тіліндегі фразеологиялық баламалылыққа сәйкес жіктеледі. Оның жіктеуіне сәйкес фразеологиялық бірліктер келесі топтарға бөлінеді: ағылшын-орыс фразеологиялық баламалары, ағылшын-орыс фразеологиялық аналогтары, баламасыз фразеологиялық бірліктер.
Ғалым А.В. Куниннің ағылшын-орыс фразеологиялық сөздігі туралы зерттеуі бойынша қоғамдық-саяси терминдер негізінде жасалған ағылшын тілінде өте көп. Бұл ең алдымен Ұлыбританиядағы қоғамдық-саяси ғылымдардың қоғамдық маңыздылығымен және өзектілігімен түсіндіріледі, осымен байланысты қоғамдық-саяси терминология ағылшын фразеологиясының сүйікті аспектісі болып табылады.
Ағылшын қоғамдық-саяси фразеологиясында көптеген римдік құқықтық фразеологизмдер кездеседі, бұлар Англия және басқа да еуропа елдеріне ежелгі дәуірден бері ( Рим құқығы рецепциясы) еніп кеткен.
Рим империясы Еуропаны түгелдей дерлік жаулап алды. Римдіктермен бірге мұнда құқық та келді. Рим империясы құлағаннан кейін оның қалыптастырған құқығы Еуропада қызмет ете берді. Рим құқығы алғаш рет фразеологиялық ережелер мен құқықтық фразеологияға негіз болды. Рим құқығы жаңа халықтардың құқықтық дамуына іргетас болды, сонымен қатар Батыс Еуропаның барлық халықтарына ортақ іргетас болды, бұл сала Германияда, Францияда, Англияда және т.б. елдерде әлі де зерттеліп келеді.
Шығу тегі жағынан құқықтық фразеологизмдерді үш негізгі топқа бөлуге болады:
Латын тілінен енген құқықтық фразеологизмдер:
1) add insult to injury – жаңа реніш туғызу (этимологиясы жағынан латын тіліндегі Injuriae qui addideris contumeliam.)
2) Caesar is wife must (немесе should ) be above suspicion – «Цезарьдің әйелі күмәннан тыс болуы керек» (Юлия Цезарьдің неге әйелі Помпеямен ажырасқандығы туралы түсініктемесі) фразеологизм Caesar is wife деген фразеологизмге негіз болды, яғни «күмәннан тыс адам» (тура мағынасында «Цезарьдің әйелі»).
3) punish – жазалау латын тілінде poena dare – жаза беру.
Ағылшын тілінде бұрыннан қалыптасқан құқықтық фразеологизмдер:
1) Put smb. іn the cart – біреуді қиын жағдайда қалдыру (cart сөзі арқылы қылмыскерлерді жазалау орнынан апаратын немесе қала ішінде масқаралап жүруге арналған арбаны атаған).
2) well hanged (немесе hung ) for a sheep as a lamb – «егер қой үшін дарға асылатын болсам, неге қозыны да ұрлап алмасқа» (көне ағылшын заңының үзіндісі, бұл бойынша қой ұрлау дарға асу арқылы өлім жазасына кесілетін болған).
3) Fools rush in where angels fear to tread – «ақымақтар періштелер аяқ басуға қорқатын жерге қарай жүгіреді», «ақымақтарға заң жүрмейді».
Фразеологиялық кірме сөздер фразеологиялық форманы дамытады және коммуникация мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Әр-түрлі құқықтық дереккөздерді зерттей отырып, көптеген фразеологизмдерді табуға және оларды әртүрлі жіктелім бойынша жіктеуге болады. Дегенмен фразеологизмнің түрі мен құрылымын біліп қою жеткіліксіз, сонымен қатар оның қолданылу ерекшелігін де білу керек. Ағылшын құқықтық фразеологизмдеріне тән қасиет олардың қарым-қатынастың нақты ситуацияларында қолданылуы және кәсіптік қызмет саласында қолданылуы болып табылады.