Тақырыбы: ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ
МЕКТЕП,ОТБАСЫ, ҚОҒАМ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, биология пәнінің мұғалімі
Шамшаева Гулзине Қазбекқызы
Қарасай ауданы
Үшқоңыр ауылы
М.Әуезов атындағы орта мектеп
«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,
жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.»
А.Құнанбаев
Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтерген кезімізде қолға алар ісіміздің өзі ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі заманда ең басты мәселе – бала тәрбиесі. Бала тәрбиесі-бүкіл қауымның ісі.
«Әркім өз жолын тауып кететіндей бала тәрбиесі жеңіл нәрсе ме? Жоқ. «Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», - деген екен М.Жұмабаев. Қандай тауып айтылған даналы сөз десеңізші. Тәрбие арқылы адам тағдыры шешілетінін, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Балалар тәрбиесіне, келер ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде болса да, қай елде, қай ұлтта болмасын үлкен мән берілген ғой. Өйткені бала – біздің болашағымыз. Ол үшін балаларды жаман, жақсы деп бөлмей, бірлесіп, аяғынан нық тұруға көмектесу керек. Нашар бала болмайды. Бау-бақшаны баптап, күтіп суарсаң ғана жемісіне кенелесің. Сол сияқты баланың теріс мінездерін үнемі қадағалап, түзету – қоршаған ортаның, яғни ата-ана мен мектептің міндеті.
Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді. Қоғам талабы – заман талабы. Өйткені «Әр адам – өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды.
Бала тәрбиесін тек мектепке ғана аударып қоймай, ата-ана, мектеп, қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып жұмыс жасау, ұстаздар үшін де, ата-аналар үшін де тиімді.
Мектеп ешуақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, өз бетінше жеке мекеме болған емес.Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, көпшілікпен біте қайнасқан.
Қоғамымыздың өміршеңдігі отбасы жағдайымен тығыз байланысты.
Отбасы қоғамдық ортаның шағын бір бөлшегі ретінде балаға өмірге жолдама береді, көзқарасының, мінез-құлқының, сезімінің, әдет-дағдыларының ірге тасын қалайды.
Адамның бойындағы асыл қасиеттер
Парасаттылық Шыншылдық Инабаттылық
Адамгершілік Ізеттілік Қарапайымдылық
Сыпайылық Мейірімділік Ақылдылық
Мектеп, ата-ана, қоғам ынтымақтастығы
АТА-АНА
/
Т
әрбие
ҚОҒАМ
МЕКТЕП
тәрбие
тәрбие
БАЛА
Ата – аналар балаларды тәрбиелеу ісінде мектеппен қарым – қатынас, тікелей байланыс жасауды басты міндетіміз деп есептеуі тиіс, өйткені, олардың өз балаларын тәрбиелеудегі жетістіктері сынып, мектеп ұжымдарының оқу – тәрбие жұмысының нәтижесіне байланысты. Бұл жағдай оқу – тәрбие үрдісінің мазмұнын, сапасын және тиімділігін жақсарту үшін отбасы мен мектептің ынтымақтасып жұмыс істеулерін қажет етеді.
В.А. Сухомлинский оқушылардың ата – аналарымен жұмыс істеудің мазмұнына ерекше назар аударып: «Тек ата – аналармен бірге жалпы күш жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақытты беруі мүмкін», - дейді. Олай болса, отбасы мектеппен бірге тәрбиелік ортаның тұтастай негізгі ықпал ету факторларын жасайды. Сондықтанда педагогикалық әрекетте мектептің жалпы міндеттерінің көлемінің кеңдігіне қарамастан ата – аналармен жұмыстың маңызы ерекше.
Біз бала тәрбиесінде көбінесе уақытымыздың аздығын сылтау етеміз. Кімде артып жатқан уақыт бар. Уақыт шешуші фактор бола алмайды. Көптеген отбасы тәжірибесі көрсетіп отырғандай балаларға ықпал ету, тәрбиелеу ата-ананың бос уақытының көптігінен емес, тұрмыстағы мақсат-мүдде, адамгершілік қарым-қатынас, көңіл күйі, іс-әрекеттің рухани байлығында, олардың өзара жарасымды бірлігінде болып отыр.
Барлық ата-аналар тәрбиеге тікелей қатынасты.Ал онымен дұрыс шұғылдану үшін тәрбие мәселесінен жеткілікті хабардар болып балалардың психологиясын, оларға педагогикалық ықпал ету жолдарын, бала өміріндегі қарапайым да күрделі құбылыстарды білуі қажет.
Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына тікелей байланысты.
бауырындағы құрақ
асқар тау
Әке
Ана
Отбасы
Балапан ұяда не көрсе, Ұшқанда соны іледі
Әкеден ақыл, анадан мейірім алған бала егеменді еліміздің мәдениетті, салауатты, адамгершілігі мол азаматы
жағасындағы құрақ
Бала
Тәрбие өте күрделі үрдіс. Адам үзбей тәрбиеленеді, оның жеке басы өмір бойы қалыптасады. Тәрбиенің қайнар көзі-өмір, әрекет.
Баланы тәрбиелеу сағат сайын, күн сайын, үйде,көшеде, ойында, еңбекте, адамдармен қатынас жасау процесінде өтіп жатады. Демек тәрбие олардың бүкіл бастан кешкен өмір құбылыстары мен әрекеттерінде іске асады. Бұл әрекетті ата-ана ұйымдастырып басқарып отырады.
Ата-ананың міндеті баланы үйретіп отырудан жалықпау. Үйрету жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте қажет. Ол балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі сипатта қолданылады. Балалардың ата-анасының еңбегін, маңдай терін құрметтеуге, бағалауға үйренуі керек. Ақшаны емес, адамды сыйлауға, тиынды емес, туысты түсінуге, киіміне қарай емес, кісілігіне қарауды жасөспірімнің ой-санасына жеткізу қажет.
Баланы тәрбиелеуде бір ғана отбасының алатын орны ерекше деп қорытынды шығаруға болмайды.
Еліміздің егемендігін алып, тәуелсіздік туы биікке көтерілген қазіргі кезеңде балаларды қоғамның лайықты ізбасары етіп дайындау, тәрбиелеп шығару үшін мектепте оқу, тәрбие жұмыстарын көбейтіп, ұлттық ұлағаттылыққа баулып отыруымыз қажет.
Бала мектепке келген күннен бастап сауатты жазуға, оқуға үйретілсе, киімді де, затты да орынды, байсалды пайдвалана білуге, үнемділік, қанағаттанарлық, қажеттілік ережелерін меңгеруге де, оны өмір заңына айналдыруға да со дәрежеде көңіл бөлінуі керек.
Қазіргі заман талабына сай оқу-тәрбие жұмысының түрлері, өткізу іс-шаралары үнемі өзгеріп, жаңарып, дамып отыр. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын мектеп болғандықтан, бұрынғыдан да зор жауапкершілік артуда. Әр шәкірт мектеп арқылы өмірге жолдама алады.
Ата-анамен, отбасымен тығыз байланысты болудың ең негізгі жолы мектепте өткізілетін әртүрлі мерекелер, іс-шаралар мен жиналыстар, сайыс, ашық есік күндерін ұйымдастырып, ата-аналарды шақырып, ата-аналарды тек көрермен ретінде ғана қарастырып қоймай, балалармен бірге әртүрлі логикалық сұрақтарға жауап беріп, көңілді ойындарға қатыстырып отыру керек. Ашық тәрбие сағаттары, психологиялық тренингтерге қатыстыру немесе құқық қорғау органдарынан инспекторлар, дәрігерлер, ақсақалдар алқасынан қонақтар шақырылып, мәні зор инабаттылыққа, имандылыққа баулитын ақыл-кеңестер алу өз нәтижесін береді.
Баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатын мұғалімнің есте ұстар жағдайлары аз емес. Солардың ішінде ең негізгісі – балаға деген жүрек жылуы. Ол қашан да қажет және ешқашан артық болмайды.
Ата-аналар мүмкіндігінше балаларды үйде қараусыз қалдырмауға, немен шұғылданатынын, күнделікті қанша сабақ болып, қаншада қайтатынын біліп отырулары қажет. Ата-ана өзінің баласының ішкі жан дүниесінде нендей жағдайлар болып жатқанын білу үшін үнемі баласымен қарым-қатынаста болу керек.
Ата-ана мектеппен тікелей сынып жетекшісі арқылы байланыс жасайды. Сынып жетекшісінің ұйымдастыратын төл ісінің бастысы-ата-аналарға педагогикалық жәрдем беру.
Отбасында жақсы тәлім-тәрбие алып, мектепте ғылым негіздерін үйреніп, әсіресе көркем әдебиетті молырақ оқу арқылы жас ұрпақтың санасы дамиды, дүниетанымы қалыптасады, адамгершілік ұғымдарды игереді, жауапкершілігі тәрбиеленеді.
Қорыта келе, оқу-тәрбие саласында оқушы, мұғалім, ата-ана, мектептен тыс мекемелелер мен қоғамдық ұйымдардың арасында іскерлік, адамгершілік қарым-қатынас, ынтымақтастық ахуал қалыптасып дами түссе, нәтижелі жетістіктерге жетудің мүмкіндіктері мол.
Мектеп
Мектепке келген баланы күліп қарсы алып,
Тәрбие, білім, адалдық жолын нұсқайды.
Жүрегінің жылуын беріп ұстаздар,
Болашақ жарқын өмірге оны бастайды.
Ата-ана
Ата-ана – отбасының тірегі,
Ізгілік пен мейірімге толы жүрегі.
Ынтымақпен ықпал етсе балаға,
Бүгінгі озық қоғамның сол тілегі.
Қоғам
Қоғамдық орта адамның мәңгі тұрағы,
Тұлғаны тәрбиелеудің кәусар бұлағы.
Егер ортадан қолдау мен кеңес мол тапса,
Бар ұрпақ біздің күреске дайын тұрады!
Жеке тұлға
Тәрбиені сан бағытта жүргізіп,
Кеңейтеді ұстаз ақыл-сананы.
Егер шәкірт алса жақсы тәрбие,
Қалыптасар жеке тұлға саналы.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Ә.Жұмаханов, Б.Айтмамбетова, К.Бозжанова.
«Семьяда балаларды адамгершілікке тәрбиелеу». Алматы «Мектеп» 1985 жыл
2.К.Жәйшібекова. Қ.Ахметұлы. «Ата-ана мен бала және ұстаз ынтымақтастығы» . Алматы 2008 жыл
3. «Оқыту-тәрбиелеу технологиясы» журнал. №4.2011 жыл