Просмотр содержимого документа
«Саба?ты? та?ырыбы: А?ылдылы?,адамгершілік-асыл ?асиеттер. »
Сыныбы: 4 Сабақтың тақырыбы: Ақылдылық,адамгершілік-асыл қасиеттер. Сабақ мақсаты: Оқушыларға сыпайылық, ашуланбау, ой тыныштығында отырып үйрену, шыдамдылық туралы түсінігін кеңейте отырып, ішкі тыныштық құндылығын ояту. Сабақтың міндеттері: - ұстамдылық, сабырлылық, ақылдылықтың мәнін түсіндіру арқылы ішкі тыныштық құндылығын ояту; - сыпайылық, өзара жағымды қарым - қатынас жасау іскерліктерін дамыту; - ұстамдылыққа, сабырлылыққа тәрбиелеу;
Құндылық: ІШКІ ТЫНЫШТЫҚ Қасиеттер: сыпайылық; ашуланбау, ой тыныштығында отырып үйрену, шыдамдылық. Сабақ жоспары: 1.”Білгенге маржан” (әр оқушының бір сөзбен өз ойларын ортаға салады) 2.”Мен”топтастыру рефлекциясы, ”Не білдік?”,”Нені қасиет қылдық?” 3. «Жүректен - жүрекке» Сабақ барысы: І Ұйымдастыру кезеңі. 1. Тыныштық сәті. Тыныс алуға зейін қою. Мұғалім: Сіздерден аяқ - қолыңызды айқастырмай, түзу отыруыңызды өтінемін. Біз қазір тыныс алу жаттығуын жасаймыз. Тыныс алуға зейін қойған кезде, біздің ақылымыз дем алады. Ауаны ішке жұту кезінде тыныштық пен қуаныш қабылдаймыз. Демді сыртқа шығарған кезде өзіміздегі мазасыздықтарды сыртқа шығарамыз. Кәне, дайындалайық, балалар. Көзімізді жұмамыз..., арқамызды тіктейміз..., қолдарыңды тізеге қоюға болады... Д е м а л..... ш ы ғ а р... (жаймен 9 - 10 рет)
2. Үй тапсырмасын тексеру. Төмендегі сұрақтар арқылы үй тапсырмасын тексеру. Бізге ашық күн керек, Аспан керек мөп - мөлдір. Қуанышқа тұр бөлеп, Бақытты өмір төккен нұр. Жеңдіріп біз ашуды, Ақылға әркез келеміз. Азамат боп ер жетіп, Ағаларға ереміз. 1. Сендердің ашуланған кездерің болды ма? 2. Не себепті ашуландыңдар? 3. Сол уақытта қандай күйде болдыңдар? 4. Сол күйден шығудың қандай жолын іздестірдіңдер? Мәтінмен жұмыс І топ
. Ертеде бір үлкейген қарт қатты сырқаттанып жатса, жалғыз ұлы келіп: - Әке, мен сені айшылық жерде аты шыққан тәуіпке апарып емдетемін,- депті. Сөйтіп әкесін арқасына салып, жолға шығыпты. Олар ұзақ жүріпті, қас қарайған кезде алдан қарауытқан сұлбаны көрсетіп әкесі: - «Балам, анау не?» деп сұрапты. - «Ол - түйе» - деп жауап беріпті. Сәлден кейін әкесі әлгі қарайған нәрсенің не екенін тағы сұрапты. Бала әуелгі жауабын қайталапты. Әкесі осы сауалын үшінші рет қайталап сұрағанда баласы: - «Ол - түйе, түйе!»Өзім шаршап келе жатқанда, неге сұрай бересің?- деп ренжіпті. Сонда әкесі: - «Балам, кішкене кезіңде мен ауыр тірліктен шаршап келіп отырсам да, сенің «Анау не, мынау не?» деп күніне жүз рет сұрайтын сұрағыңа беті қайтпасын, жігері жасымасын деп үнемі жауап беретінмін. Бұл аурудан емделейін деген ойым жоқ еді, тек бетіңді қайтармайын деп көнгенмін, енді сенен сөз естігенше, үйіме барып, ажалға мойын ұсынғаным артық, мені жерге түсір» депті. (Оқушылардан осы жағдаятқа орай ата - ананың ақысы дегенді қалай түсінетідіктері сұралады.) Сұрақ-жауап
«Ақыл - адам көрігі, ақылдың сабыр серігі»М. Әуезов - Істі сабырлылықпен атқарсаң қандай нәтижеге жетесің? Сабырлы болу адам өмірінде қандай маңыз атқарады? - Ішкі тыныштықты қалай орнатуға болады?
4. «Шыдамдылық пен сабырсыздық» (аңыз әңгіме) ІІ топ Бірде шыдамдылық пен сабырсыздық дос болыпты. Шыдамдылық ісіне өте байыпты болса керек. Сабырсыздықтың ісі шала, ұқыпсыз, ылғи да Шыдамдылыққа «Тасбақа сияқты жорғаламай, тез жүрсеңші, сенің жаныңда жүрсем, ішім пысады, одан да ашумен жүргенім жақсы» десе, Шыдамдылық: «Өзің біл, мен ақылмен дос боламын» дейді. Содан күндер өтеді. Ақыл мен шыдамдылық ешбір кедергісіз қыс қаһарына сүрінбей күн кешсе, сабырсыздық пен ашу үнемі ұрыс - керіс, болмашы нәрсеге Ашу қаһарланып, Сабырсыздық кері бұрылып отырады. Бір күні Шыдамдылық пен Сабырсыздық кез болады.........../ Ары қарай не болды? /Өз ойларымызбен жалғастырайық/ Бұл мәтіннен қандай ой түйдік? Сабырсыздық деген қандай қасиет? Қандай қасиет бізді ақылға жүгіндіреді?
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс. 1-топ: Данышпан атаның кеңестерін қалай қолданатының туралы жазу: - Ашу қысқан кезде өзіңді - өзің ұстай біл. - Ашуланған кезде бірден онға дейін іштей сана. - Жақсы нәрсе туралы ойла. - Өзіңді ұстамды, сабырлы адаммын деп есепте. - Басқа адамды ренжітетініңді ойла. - Соңынан өкінетініңді есіңе ал. - Ашуды ақылды жеңдір. І - топ: «Қайтып кірер есікті, қатты жаппа» мақалының мәнін ашу ІІ -топ: «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» мақалының мәнін ашу.
Мәнерлеп оқу. «Мейірімді болайықшы бауырлар» Көктем етіп көркейтсе де маңайын, Көріп жүрміз өкпешілдің талайын, Өшігуді қояйықшы өзгеге, Кешірімді болайықшы, ағайын! Көк нөсерін көл етсе де жауындар, Көк пен жерді сел етсе де дауылдар, Пейілдерді пенделікпен тарылтпай, Мейірімді болайықшы, бауырлар! Болашаққа қол ұстасып барайық, Ақиқаттың ауылын іздеп табайық, Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз, Кішіпейіл болайықшы, халайық! Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп, Сонда дағы бөлінумен шаршап ек, Өзімізге қалайтұғын нәрсені, Тілейікші өзгеге де болса деп.
Мақал-мәтелдер жарысы
1.Адамгершілік болмай, Әділдік болмас.
2.Адамның ұяты бетінде , Адамгершілігі ниетінде.
3.Жақсы ниет - жарым ырыс.
4.Асыңа тойғызбасаң да, Ақ ниетіңе тойғыз.
5.Су бермегенге, сүт бер, Ақ ниетіңді білсін. 6.Кең болсаң, кем болмайсың. Қолы ашықтың, жолы ашық. 7.Игіліктің ерте, кеші жоқ. 8.Жүзігің алтын болғанша, Жүзің жарқын болсын. 9.Қайырымдылық жасасаң, Қайырын өзің көресің. 10.Иілген басты қылыш кеспес. 11.Кешірерсің кешерсің, Жетілерсің жетерсің. 12.Алдыңа келсе атаңның құнын кешір. 13.«Сіз» деген әдеп, «Біз» деген көмек. 14.Өзіңді өзің сыйламасаң, Өзгеден сый күтпе. 15.Пышақты өзіңе сұқ Ауырмаса өзгеге сұқ. 16.Ана алдында - құрмет, Ата алдында қызмет. Үй тапсырмасы : Дәйексөздер,мақал-мәтелдер.
Соңғы тыныштық сәтi - Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық! Енді бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық, сол жөнінде ойланайық. Мен осынау әсемде көрікті әлемді сүйемін. Егер барлық жасаған әрекетіміз дұрыс болса, біздің жан дүниемізде жан тыныштығы орнайды. Тыныштық, ол - жүрегіңді тыңдау. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап көздеріңізді ашуға болады.