«№5 жалпы білім беретін торта мектебі»КММ
Өзін-өзі тану сабағы : 9 сынып
Мұғалім: Каирбаева З.Ж.
Сабақтың тақырыбы:Салауаттылық-өмір негізі
Сабақтың мақсаты 1. Оқушылардың денсаулық, салауаттылық туралы түсініктерін кеңейту және өз өмірін сақтауға үйрету.
Міндеттері:
салауатты өмір сүрудің мәнін ашу;
салауатты өмір сүруіне ықпал ету;
денсаулығын бағалауға, салауатты өмір ұстануға тәрбиелеу
Сабақ барысы:
1.Ұйымдастыру бөлімі .Тыныштық сәті
- Бүгінгі сабағымыз көңілді өту үшін көңіл - күйімізді көтеретін жаттығудан бастайық.(Жағымды баяу музыканың ырғағымен) Денемізді бос ұстап ыңғайлы отырамыз.Көзді жұмамыз.Денемізді бос ұстап, өз - өзімізді жағымды және көңілді сезініп, өмірдегі барлық жағымды сәттерді еске алайық.
Өзімізді әлі күлтелерін ашпаған гүл деп сезінейік. Сол гүл күлтелері баяу ашылып, күнге қарай ұмтылуда. Денемізді бос ұстап жоғары көтерілеміз, көзімізді ашып қолымызды сілкілейміз.
- Балалар, ыңғайлы отырып, бір - бірімізге қарап, әдемі жымиып, күлейік. Әрқашан осылай көңіл - күйіміз көтеріңкі болсын.
- Балалар, енді кезекпен кезек барлық адамзатқа жақсы денсаулыққа арналған тілектер айтайықшы:
Мысалы: Денсаулық - адамның басты байлығы, сондықтан денсаулықты сақтай білейік. Күлкі - адам өмірін ұзартады, ешқашан жүзімізден күлкі кетпесін. Көңіл - күйіміз әрқашан көтеріңкі болсын.
Мұғалім:
Денсаулық әркімнің өз қолында. Денсаулықты адам баласына табиғат сыйлаған басты байлық. Денсаулықты жоғалту оңай, қалпына келтіру қиын. Сондықтан адамның денсаулығының мықты болуы адамның өзіне байланысты. Жағымды, жағымсыз заттарды дұрыс таңдау арқылы салауатты өмір сүруге болады.
«Салауаттылық деген не?»
Салауаттылық – сергекте,
Таза жүру –өмірде.
Адамзаттық келбетке,
Дақ түсірмеу тегінде.
Бала болма тырысқақ,
Қылығыңды ел сынар.
Таза ауамен тыныстап,
Бой қыздырып, тер шығар.
Салауатты салтты,ұғып,
Танда жолдың дұрысын.
Спортпенен жаттығып,
Жаз денеңнің құрысын.
А.Естенов
Пікірлесу:
1."Денсаулық- өмір негізі" дегенді қалай түсінесіңдер?
2.Денсаулықтың адам өмірінде қандай маңызы бар?
3.Сен салауатты өмір салтын ұстанасың ба?
4.Денсаулыққа зиян қандай заттарды білесің? Олардың адам өміріне қандай зияны бар?
5.Дені сау адам қандай болады?
Дәйексөз
Дені саудың – жаны сау.
Денсаулық-зор байлық.
Халық мақалы
Жаңа ақпарат.
- Дені сау, жан-жақты дамыған жаны сұлу адам мәнді
де салауатты ғұмыр кешеді. Адам тән сұлулығын
жан сұлулығымен үйлестіргенде ғана өмірлік
мақсатына жете алады. Адам өз денсаулығын
сақтап, ішкі жан дүниесін дамыту ұшін өмір бойы
белсенділік танытуы қажет.
Денсаулыққа кері әсер ететін факторлар.
1.Қоршаған орта ластығы.(күн,ауа,су,топырақ , т.б,)
2.Дұрыс тамақтанбау.
3.Денсаулық сақтау шараларының төменгі сатыда болуы
4.Зиянды заттарды қабылдау.
5.Тазалықты сақтамау.
6.Отбасындағы кері жағдайлар.
7.Адамда стресс жағдайларының жиі болуы
Денсаулыққа дұрыс әсер ететін факторл.
1.Дұрыс тамақтану.
2.Қоршаған орта тазалығы.(күн,ауа,су,топырақ, т.б.)
3.Дене шынықтыру.
4.Зиянды заттарды қабылдамау.
5.Жеке бастың тазалығын сақтау.
6.Қоршаған ортаға, қоғамға, адамдарға деген дұрыс көзқараспен қарау.
7.Эмоциялардың оң болуы.Үйдегі дене еңбегінің дұрыстығы
Әңгiмелеу.
Денсаулық дәрісі.
(аңыз әңгіме)
Бір патша ауырып жатқанда сарайындағы емші оған ем ретінде «Денсаулық» салатын жасап жеуді ұсынады. Ал, салат құрамы мынандай екен: «Тыңдай білудің тамырын , тіл табысудың жапырағын салыңыз, жан тазалығы мен сенім жемісін қосып,бәрін сабырлықтың ыдысында сақтап, күнде пайдаланыңыз»- деген екен.
1.Емшінің сөзінен кейін патша емді өмірінде қалай қолданады деп ойлайсыңдар?
2. Ал, балалар, қалай ойлайсыз, бұл салат пайдалы ма екен?
3. Ал, балалар, бұл салатты өз өмірімізде пайдалансақ, бұл біздің дұрыс жасағанымыз ба?
Сергіту сәті
Жұмбақ шешу.
1.Оны күткен адамдар
Ұзақ өмір сүреді.
Қадірін білген жарандар
Байлық осы деседі. (Денсаулық)
2. Ертемен күнде сен
Қолыңа сүйкесең.
Кетіп кір, ласың
Тап-таза боласың.
Бұл не? (Сабын)
3. Шомылған баланы
Аймалап алады:
Сүртеді қолын да,
Сүртеді жонын да.
Бұл не? (Сүлгі)
4. Сырты жаман, іші жын,
Абыройын түсіреді кісінің. (Арақ)
5. Түтін болып кіреді,
Күркіл болып жүреді. (Темекі)
Мақал-мәтелдің жалғасын табу
- Дені саудың – (жаны сау).
- Ішің ауырса, аузыңды тый.
(Көзің ауырса, қолыңды тый)
- Ауырып ем іздегенше,
(Ауырмаудың жолын ізде)
- -Тісі саудың –(іші сау)
- Аурудың бәрі…….(жүрекке тиеді)
- Ескі ауруды……( емдеу қиын)
- Ас –(адамның арқауы)
Денсаулықтың он құпиясы (Адам Дж.Джексон).
Денсаулықтың бірінші құпиясы –денсаулықпен сырқаттың негізі біздің ақыл-ойымызда жатыр.
Денсаулықтың екінші құпиясы –біздің тыныс алуымызда болып табылады.
Денсаулықтың үшінші құпиясы –шынығу әрекеттері күш әкеледі.
Денсаулықтың төртінші құпиясы –дұрыс тамақтану күші.
Денсаулықтың бесінші құпиясы –күлкі. Күлкі –бұл мәңгілік емші.
Денсаулықтың алтыншы құпиясы –демалу күші.
Денсаулықтың жетінші құпиясы –тұлғаны түзу ұстай білу күші.
Денсаулықтың сегізінші құпиясы –таза қоршаған ортасыз шынайы денсаулықтың болуы мүмкін емес.
Денсаулықтың тоғызыншы құпиясы –сенім күші.
Денсаулықтың оныншы құпиясы –сүйіспеншілік күші.
Шығармашылық тапсырма,топпен жұмыс
1-тапсырма
1-топ Денсаулыққа кері әсер ететін факторларды айту
2-топ Денсаулыққа дұрыс әсер ететін факторлалды айту
2-тапсырма Сөз ұйқастары беріледі,өлең құрастыру керек.
1- топ:
…………………………………………баламыз,
………………………………………….аламыз.
……………………………………………..
………………………………………….санамыз.
2- топ:
…………………………………………күлеміз,
………………………………………….жүреміз,
……………………………………………….
……………………………………………сүреміз.
Тренинг «Денің сау болсын десең…»
Бір оқушы «Денің сау болсын десең…» деп ортаға шығады. Қалған оқушылар осы сөйлемді толықтырып аяқтап, шеңбер құрайды.
Үйге тапсырма:
1-тапсырма
Ұлықпан Хакімнің денсаулықты сақтауға байланысты өсиетін өз ойларыңмен толықтыру.
«Біз салауатты өмірді қолдаймыз» тақырыбында сурет салу
Қорытынды:
Ұлы ойшыл Сократқа кезіңде мынадай сұрақ қойылыпты: «Адамға өмірде не қымбаттырақ байлық па, әлде атақ па?» депті. Сонда Сократ «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытты ете алмайды. Дені сау кедей, ауру патшадан бақыттырақ» деп жауап беріпті. Яғни адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі салауаттылық.
“ Ақша жоғалтқаның – ештеңе жоғалтпағаның,
Уақыт жоғалтқаның – көп нәрсе жоғалтқаның,
Денсаулық жоғалтқаның – бәрін жоғалтқаның
Өміріміз - өз қолымызда. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Адамға өмір бірақ рет беріледі. Бұл ретте оның денсаулығы мықты, рухы күшті болғаны абзал!
Жаңа ғасыр азаматы – дені сау, рухани бай адам!
Соңғы тыныштық сәтi.
Жай әуен қойылады.
Мұғалім жәй дауыспен:
- Әрқайсымыз оң қолымызбен жүрегімізді ұстап көрейік. Өз жүрегіміздің жылылығын сезініп, жүрек жылуымызды адамдарға, айналамызға жеткізу үшін іштей оларға жақсы тілектер тілейік. Жақсы ой ойлайық, жақсы сөз сөйлейік, жақсы іс жасайық! Бүгінгі сабақтан алған әсерлеріңізді жүректеріңізге түйіп алыңыздар. Рахмет! Көздеріңді ашуға болады.