Наурыз- береке бастауы
Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық киім киген қыз-келіншектер дәмі тіл үйірер наурыз-көжесін сапырып, ақ бауырсақтарын мереке қонақтарына ұсынды.
Халқымыздың дархан мінезін танытар ұлттық болмысымыз осы мерекеде ерекше көрініс тапты. Мекеме-кәсіпорын қызметкерлері дастарқан мәзіріне жеті шелпегін, құрт, жент, құйрық-бауыр сынды түрлі ұлттық тағамдар ұсынды. Сауда жәрмеңкелері де тұтынушы көңілінен шығарлық дәмдері мен сусындарын ел-жұрт қажеттілігіне жаратты.
Мереке аясында ән мен күйден, мың бұралған биден шашу шашылып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта қоғамның ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі мен түсіністігі нығая түскендей ерекше әсерге бөледі.
Бұл күні аспан ашылып, күн жылынып, табиғат та нұрланып сала берді. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсы нышанға балап жатты.
Көктемгі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына еңбек, тыл ардагерлері, зейнеткерлер, жасы үлкен қариялар арнайы шақырылды. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарқаннан да дәм татты.
Мерекенiң ашылу салтанатында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары «Наурызым – байлық, берекем» атты сазды бағдарлама ұсынып, Қыдыр ата елге, жерге жақсылық, молшылық, табыс, береке, ынтымақ, бiрлiк тiлеп, ақ батасын бердi. Жиналған қауымға Наурыздан наурызға дейiнгi жетiстiктердi жария етiп, Ұлыстың ұлы күнiмен құттықтады. Кимешек киген аналар жаңа күннiң дәмi – наурыз-көже, бауырсақ, тәттiлерiн жалпы көпшiлiкке үлестiрiп, ақтан ауыз тигiздi.
Мереке шырайын келтірген «Ауыл әуендері» фольклорлық ансамблімен бірге, жергілікті өнерпаздар Рысгүл Жұмағалиева, Армат Исламғалиев, Аяжан Смағұлова, Нұршат Исламғалиев, Тұрсынбек Ахметов т.б өнер көрсетті.