Просмотр содержимого документа
«?аза? тілі п?нінен саба? жоспары "?аза?ты? дастар?аны"»
Жаңашыл әдіс-тәсілдер
Қазақстан Республикасының "Білім туралы" Заңында "Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу " деп, білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделеді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдарының, әр мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа тәжірибеге, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды.
Ұрпақ тәрбиесі — Қазақстанда өтіп жатқан реформалар мен ғылыми-техникалық прогрестің алғы шарттарының бірі.
Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс педагогика теориясы мен оқу-тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалім іс-әрекетін жаңаша түрғыда ұйымдастыруды талап етеді.
Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — маңызды мәселелердің бірі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Ш.Қаланованың, Ж.Қараевтың, Ш.Таубаеваның, Қ.Қабдықайыровтың, С.Лактионованың, М.Жанпейісованың, Ә.Жүнісбек пен Қ.Нағымжанованың, С.Көшімбетованың, т.б. ғалымдардың зерттеулерінде оқытудың жаңа технологиялары жан-жақты қарастырылады.
Оқушылардың ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен сана-сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыруда тәрбие жүйесіндегі инновациялық іс-әрекеттердің ендірілуі үлкен жетістіктерге жетелейді.
Бүгінгі мақсат — әрбір оқушыларға түбегейлі білім мен мәдениеттің негіздерін беру және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.
Ш. Таубаева мен Қ.Құдайбергенованың берген анықтамасына сүйенсек нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсат дегеніміз не? Нақты мақсатқа қандай әдіс-тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің нәтижесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек, мақсат пен нәтиже - жаңалыққа бет бұрудың кілті.
Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін өтілген материал тәрізді.
Жаңа педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.
Жаңа технологияны қолдану төмендегідей кезеңдер арқылы іске асады:
I кезең - оқып үйрену; II кезең — меңгеру; III кезең — өмірге ендіру;
IV кезең - дамыту.
Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғы шарттар қажет: оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу; оқушылардың сабақтастылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру. Оның ғылыми-әдістемелік, оқыту-әдістемелік, ұйымдастырушылық себептеріне үнемі талдау жасап, назарда ұстау, жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу, пәндік білім стандартымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы оқушыларға білімді мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу, оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу. Өйткені оқыту — тәрбиенің негізі.
Сондықтан оқыту да қоғамдық құбылысқа жатады. Оқытуды екі түрлі мағынада қарауға болады.
Біріншісі - мектепте арнайы пәндерді оқыту.
Екіншісі - өмірде оқыту, өмірге үйрету. Тәрбиелеу, оқыту - егіз ұғым. Оқыта отырып тәрбиелейміз, тәрбиелей отырып оқытамыз. Оқыту тәрбиеге қарағанда нақтылау. Оқыту үйрету арқылы іске асады. Бұл оқытудың маңызы. Оқыту – тәрбиенің интеллектуалды түрі. Осы екі үрдістің өзара сапалы нәтижесінде оқушының өз ісіне сенімділігін, жауапкершілік сезімін, шығармашылық қабілеттілігін қалыптастыру мақсатын жүзеге асыруға жағдай туғызатын оқытудың инновациялық негізгі түрлері анықталады.
Оқу-тәрбие үрдісінде қолданып, айтарлықтай нәтиже беріп жүрген жаңа педагогикалық технологиялар мыналар: дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л.Занков, Д.Эльконин, В.Давыдов, В.Репин, В.Левин); оза отырып оқыту (С.Лысенкова); іс-әрекетті бағалау (Ш.Амонашвили, И.Волков); тірек және тірек конспектілері арқылы оқыту (В.Шаталов); саралап оқыту; шоғырландырып қарқынды оқыту жүйесі; деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқыту; жобалап оқыту технологиясы.
Жаңа технологиялардың педагогикалық негізгі қағидалары: балаға ізгілік тұрғысынан қарау; оқыту мен тәрбиенің бірлігі; баланың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту; баланың өз бетімен әрекеттену әдістерін меңгерту; баланың танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту; әр оқушыны оның қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне орай оқыту; барлық оқушылардың дамуы үшін жүйелі жұмыс істеу; оқу үрдісін оқушының сезінуі.
Дамыта оқыту — күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін-өзі өзгертуші субьект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.
Дәстүрлі білім беру жүйесінде оқушы дамуына көмектесетін кейбір қажетті қасиеттерді анықтауға болады. Олар:
- мектепте және әрбір сыныпта, оқу тобында мұғалімдер мен оқушылардың күш-жігерлерін біріктіретін оңтайлы жағдай тудыратын ынтымақтастық жұмыс жағдайын қалыптастыру;
- оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы әрекеттестік ұстаныммен жеке тұлғалық түсінушілік негізінде іске асырылуы;
- оқыту үрдісінде репродуктивтік және шығармашылық іс-әрекеттер оқушылардың жеке бас ерекшеліктерімен, уақытша жағдаймен, оқыту материалының деңгейімен анықталуы;
- оқыту деңгейінің анықталған бірізділікті болуы
- оқушылардың шығармашылық мүмкіншілігін тудырып, қабілеттерінің жан-жақты дамуына ынталандыруды көздеген әр түрлі әдіс-тәсілдерінің кең қолданылуы
- балалардың эмоционалды-сезімділік және абстрактілі, логикалық ой құрастыруын дамытуға ықпал етілуі;
- үкіметтің білім беру саласындағы стандарттары бәріне бірдей екендігін естен шығармай, жалпы білім беруді кемсітпей, оқыту үрдісінде әрбір оқушының қажеттіліктері мен қызығуларының ескерілуі;
- оқушылардың танымдық қызығуын арттырып және білім алу нәтижелерін жүйелі талдаудан өткізіп, бағалау;
- оқушылардың өздерінің жетістіктерін өздеріне талдатып, өзін-өзі бағалау әрекеттерінің ұйымдастырылуы.
Қорыта айтқанда, бүгінгі таңдағы ұлттық мектеп белгілі білім мен дағдылар жиынтығын ғана меңгерген азаматтар ғана емес, ұлттық дүниетаным негізінде өз қөзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары, отаншыл, қандай ұлтпен болса да тең дәрежеде қатар тұратын тұлғаларды тәрбиелеп өсіруге бағытталған.
Жаңашылдықтың мәні және оның қажеттілігі
Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Сондықтан да қазіргі уақытта мамандық атаулының барлығы дерлік бейімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін ғана емес, мектеп ұжымынан үлкен жауапкершілікті, қызу белсенділікті талап етеді.
Үздіксіз жаңалық енгізу білім беру мекемелерінің, соның ішінде жалпы білім беретін мектеп жұмысының дамуының ең басты факторы болып отыр.
Инновацияның қажеттілігі мектеп оқушыларының білімге, дағдыға шеберлікке деген ұмтылысы, жоғары сапалы білім алудағы жеке тұлғаның дамуы. Демек, жаңалықтың ену қажеттілігі білім алуға деген мұқтаждығынан пайда болады.
Білім беру жүйесі құрылымының өзі қоғам үшін, өмір сүріп отырған деңгейінде сақтап қалу үшін оның тамыры табиғатта, біздің қоғамның негізінде жатқанын түсіну керек. Дәл сол себептен қоғам құрылымындағы әрбір маңызды өзгеріс өзімен бірге білім беру жүйесін де жаңалыққа тартады.
Оқушының қызметін және белсенділігін артгыру негізінде ойын
Мектептің оқушыларын жеке тұлға етіп қалыптастыруда адам бойындағы асыл қасиеттердің көзін ашып, оны қоғамның белсенді мүшесі етіп дайындау білім мен тәрбие және дамыту қатар жүргізілгенде ғана ғаламдық ойлауға бейімдеу өз дәрежесінде жүзеге асады. Жастардың болашаққа деген бағыт-бағдары отбасында, мектеп қабырғасында, қоғамда, яғни бүкіл қоршаған дүние ортасында қалыптасады.
Бұған дейін білім беру үрдісінің негізгі бөліктері:
Мақсат — мазмұн — форма — әдіс — оқыту көрнекілігі болса, бүгінде жаңа технология бойынша оқып үйрену — меңгеру — өмірге ендіру — дамыту болып өзгерген.
Қазіргі кезде жалпы орта білім берудің мақсаты мен міндеттері, іс мазмұны едәуір өзгеріске ұшырап, жаңаша мәнге ие болды. Сондықтан сабақтарды жаңадан ұйымдастыру қажет деп ойлаймын. Қалай да оқушылардың пәнге деген қызығушылығын, ынтасын ояту керек.
Сабақ - мұғалімнің ізденісінің нәтижесі. Күнделікті сабақтағы бір сарындылық оқу - оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан сабақты ыңғайына қарай түрлендіріп өтсе, сабақтың мазмұнын аша түседі. Оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудың бір жолы сабақты жаңа тәсілмен өткізу болып есептеледі.
Сабақтарда ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін, танымдық белсенділігін арттырады.
Оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейінін, ойлау қабілетін дамытып, білім-танымын кеңейтеді.
Оқушылардың пәнге қызығушылығына, еркін шығармашылығына, өздігінен ізденушілігіне ойындардың тигізетін үлесі зор. Ең бастысы оқушының ой-ниеті мен сапасын ынталандырып, сабақтан тыс ойын сабақтар ұйымдастырудың маңызы зор. Әсіресе, ойын сабақтарды пысықтау сабақтарында қолдану тиімді.
Оқушылардың танымдық ой белсенділігін қалыптастыруда ойын сабақтарын өткізу оқушыларды өз бетінше ізденуге, ойлау кабілетін арттыруға, тапқырлыққа баулиды. Сондықтан оқушылар сұрақтар мен сөзжұмбақтарды шешу үшін өтілген материалды үнемі кайталап отыруды әдетке айналдырады. Оқушылардың сабаққа деген ынтасы артып, олардың шығармашылык ой-өрістерін, түсінік-танымдарын еселеп, арттыра түседі.
Ойын сабақ оқушылардың логикалық ой-өрісін, сана-сезімін дамытуда, олардың әр түрлі жаңа сөздерді, ережелерді есте сақтауына көмектеседі.
Сабаққа дайындық барысында оқушылар әр түрлі газет-журналдарды, көмекші құралдар мен анықтама кітаптарды пайдаланады, яғни бір сөзбен айтқанда оқушылардың өз бетінше шығармашылық ізденіспен жұмыс жасау қабілетін арттырады.
Ең бастысы ойындар оқушылардың көңілін өз бетінше ізденушілікке аударып, қабілетін арттырады. Ойынның әлеуметтік бейнесін зерттеуші белгілі психолог Д.Б.Элькониннің сөзімен айтсақ: "Ойын - ол адамдардың арасындағы әлеуметтік ара-қатынас, практикалық білімдері және қызметі". Оқу ойындарын қолданудың жағымды жақтарына американдық авторлар мыналарды жатқызады:
- ойындар абстрактілі оқытуға қарағанда өз тәжірибесімен оқытуға мүмкіндік береді;
- ойындар ойын басшысының тәжірибесіне немесе дағдысына тәуелсіз;
- ойындар интуицияны жаттықтырады, мәселені шешу қабілеттілігін және қажетті әлеуметтік мінез-құлықтың түрін таңдауға, үрдістер мен құбылыстардың деректерін түсінуге, стратегиялық баламаны шешім қабылдауға, тәуекелге бел байлауға үйретеді;
- ойындар жеке мәселелерді оқуда және шешуде қабілетті әрі қарай арттыруда, ойынға қатысушылар оқытушының ролін ойнап, бірін-бірі белгілі бір деңгейде оқытады, бірақ әрқайсысы бір ойында өздерінің қабілеттілігі мен қажеттілігіне қарамай көп нәрсеге үйренеді.
Жаңа технология жүйесінде проблемалық, іскерлік ойын арқылы оқытудың маңызы зор. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады, пәнге деген қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді. Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясы 3 кезеңнен тұрады.
I кезең. Дайындық (рольдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау)
II кезең. Ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау)
III кезең. Қорытындылау (проблеманы шешудің тиімді жолдары іздестіру)
Іскерлік ойындарының дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық (әлеуметтендірушілік) маңызы зор.
Ойын қызметінің мүмкіндігін сипаттау оқушылардың таным қызығуының құрамын қалыптастыру ұғымы мазмұнын қарастырады.
Білім беру саласындағы қазіргі оңды өзгерістер әрбір мұғалімнен өз ісіне мұқияттылықты талап етеді. Жоғарыдағы ұстанымдардың орындалуы үшін әр мұғалім өзі мен оқушының терең дәрежеде екенін естен шығармай, оны жеке тұлға ретінде қабылдап, оған беретін сабақтың оқыту әдістерін түрлендіріп жетілдіруі қажет. Үйреншікті, дайын әдіс-тәсілдер бүгін баланы қызықтырмайды. Сондықтан қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп кою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру — осының бәрі бүгінгі қажеттілік.
Нағыз өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге ие бола алады. Ал білікті маман болу үшін көп ізденіс керек екені даусыз.
Мен де өз әріптестеріммен қатар бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне өз үлесімді қосып келемін. Әр оқушының жүрегіне жол таба білу, оны қызықтыра білу, ойландырып сөйлете білу менің міндетім деп түсінемін. Оқушының ойлау қабілетін артыру, сол қабілетін белсенді ету - басты мақсатым. Ойланып, толғанған оқушы, әрине, сөйлей де біледі, тыңдай да біледі, тұжырымдап пікір де айта алады. Өзім осы бағыттағы тәжірибемде оқыту әдістерінің тиімділерін іріктеп жиі пайдалануым көп нәтиже беруде.
Әсіресе, мен баланың білімге деген қызығуын арттыратын жүйелі іс-әрекеттер ұйымдастыруға талпынамын. Ол жүйе мына төмендегідей:
1. Қызықты жағдайлар, хабарламалар.
2. Оқушылардың өз бақылауларынан, өз ойларынан шығарған, қиялынан шыққан жағдайлар, туындылар.
3. Шығармашылықпен жұмыс істеуге арналған тапсырмалар.
4. Әр түрлі анықтамалықтармен жұмыс істеуге дағдыландыру.
5. Жарыстар, сайыстар ұйымдастыру.
6. Әр түрлі танымдық ойындар ұйымдастыру.
Қызықты тәжірибелерді көбірек қолдану.
8. Мұғалімнің айшықты, өмірден алынған дәйектерді сабақта қолдану.
Осы әдістерді сабақта қолдана отырып оқушының ойлау тәсілдерін бақылауға болады. Берілген материалдан оқушы ең маңыздысын, ең бастысын бөліп алады, басқа нәрселермен салыстырады, оны жүйелеп, қорытындылайды, нақтылайды, анықтайды және ұғымға түсінік береді, оны дәлелдейді немесе жоққа шығарады. Жаңағы тәсілдерді қолданғанын оқушының сөзінен, тұжырымынан байқауға болады.
Өз тәжірибемдегі оқушының ойлау қабілетін арттыру үшін қолайлы деп санайтын әдістерім: ойын, жарыс, сайыс, оқушының қиялын, бақылауын қолдану, танымдық ойын және шығармашылықпен орындауға арналған тапсырма. Мәселен сұрақтар қоя отырып сабақ өткізу. Сабақтарды дәстүрлі емес формада жүргізу.
Әрбір сабақ баланы тәрбиелей отырып оқытуға міндетті. Мұғалім оқыту әдістерін таңдағанда осы қағидаларды естен шығармағаны абзал.