Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып:“Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
Мұхтар Әуезов
Еліміз тәуелсіздік алып,ел болып есін жинап,жоғын жоқтап, барын базарлаған,асылын ардақтаған Ұлы елге айналып келе жатқанымызға шүкір айтамыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына аяқ басып отырмыз. Бұған дейін де көсегелі еліміздің өнегелі өткені мен өрелі өткелдерін сарабдал талғам сүзгісімен сұрыптап,тұмарлы түйіндерімен тиянақтаған Елбасымыздың көптеген сөздері қанатты нақылдарымыздың қатарынан орнын алды. Н.Ә.Назарбаев: «Мұхтар Әуезовтың шығармашылық мұрасы- адамзаттың байлығы» деген еді. Расымен де,тілден,сөзден асқан байлық жоқ. Артына сөз қалдырған асылдарымыздың баға жетпес құндылықтарын оқып дәріптеу біздің басты мақсатымыз деп білемін.
Біз басына бақыт құсы қонған бақытты ұланбыз. Сол бақытты ұстап тұру жолында Ұлы Далаға иелік еткен қасиетті ұлттың ұрпағымыз. Тағдырдың тезінен аман өткеніміз де,Тәуелсіздік таңына абыроймен жеткеніміз де ең алдымен Алаштың арғы-бергі тарихындағы М.Әуезовтай асыл азаматтардың арқасы деп білемін. Қазақтың ұлы жазушысы,ғұлама ғалымы ,кемеңгер ойшылы,туған топырағымыздың біртуар перзенті Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың шығармашылығы қай дәуірде болса да, өз құнарын жоймайды. Өз басым ауыл баласы болғандықтан ба,әлде әдебиетке құмарлықтан ба екен, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын оқи отырып,жазушының кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге мұңайып, табиғаттың тылсым сырларын сезініп, шытырман оқиғалардың ішінде бірге жүргендей болып, кейіпкерлерімен кейде тілдескім де келіп кетеді. Туындыларының бірде- бірін тебіренбей,толғанбай оқу мүмкін емес.Шығармаларының әрқайсыснан қазақ ауылының етене таныс тыныс-тіршілігі,ғасырлар бойы қазақ жұрты шешіп келген тағдырлық,тұрмыстық,имандылық мәселелері мен мұндалап тұрады. Өз заманында Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалып,1932 жылы сәуір айында 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, саяси идеологиялық тұрғыдан қыспаққа алынып жүрсе де, қолындағы қаруы- қаламын еш тастамапты. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде дүниенің төрт бұрышын шарлап жиырмадан астам шет елдерде болып, қазақ қоғамының дамуы,рухани ынтымақтастығы үшін өз көзқарасын білдіре жүріп, артына асыл қазынасы сөз өрнегін еге білген жазушы.
Даралық дариясы,тағылым телегейі қанша алсаң да таязданбайтын қазақтың бағына біткен жазушымыз Мұхтар Әуезовпен әлем жұртына мақтана аламыз.Менің ғана Әуезовым емес,әлемнің Әуезовы десем артық айтпаспын.Ол соңына сарқылмас мұра,таусылмас мирас тастап кетті.Қиялы ұшқыр,рухы асқақ Мұхтар Әуезовтың қанатты сөздерінің құдіреті ғажап,тәрбиелік қуаты мол.Халықтың сөз өнері арқылы жасаған бай мұрасы- біздей ұрпаққа жол сілтейтін басты құрал.Көріп ысылған көсем,сөйлеп төселген шешен- Мұхтар Әуезовтың өлмес мұралары ұлы ата-бабаларымыздың өмір тәжірибелерінен , бастарынан өткен сан алуан оқиғалар мен танып-білгендерінен түйген ойлары ұлт мәдениетінің алтын қазығы іспетті.
Оны ұғыну,бойымызға сіңіру-бізге сын.Біз оның бар қазынасын таныдық деп айта алмаймыз.Көзіміз шалып,оймыз танып болмаған асқар биігі мен тұңғиық тереңі қаншама?!Оның мұрасына,даналығына үңілсеңіз,әр сөзінің астарындағы отты сәулесі жасындай жарқ етіп,төңіректі нұрландырып жібергендей сезімде боласыз.