Просмотр содержимого документа
«М??гілік ел - ?аза? еліні? ?лтты? идеясы»
«Мәңгілік ел – қазақ елінің ұлттық идеясы»
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар колледжінің тарих пәні оқытушысы
Венера Жолмухамбетова Жумашевна
«Мен мәңгілік ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, Қазақстан 2050 стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз»
Н.Ә.Назарбаев
Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған Жолдауын жариялау болып табылады. Алғаш рет осынау конституциялық міндетін Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы атқарған еді. Содан бері жылдың басты оқиғалары қатарына кіргеніне қоса, Жолдау әрбір қазақстандық асыға күтетін құбылысқа айналды. Оның басты себептері мынаған саяды: біріншіден, құжат еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін назардан тыс қалдырмайды. Балабақша, білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы мәселелерін ешбір Жолдау айналып өткен емес. Екіншіден, азаматтардың ірілі-ұсақты тіршілік түйткілдерін шешкен жолдауларда ұлы міндет – тәуелсіздікті бекемдеу, мемлекеттілікті қалыптастыру, елішілік ынтымақ пен келісімді сақтау көзделді, нақты тетіктері дәйектелді, діттеген межелер нақтыланды. Құрғақ уәдеге, даңғазалыққа, дарақылыққа орын берілмей, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды. Үшіншіден, жолдаулар Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігуіне, бәсеке мен сын-қатерлерден бойды аулақ салмай, төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъектісіне айналуына қызмет еткенін ерекше атап өтуіміз керек.
2014жылдың 17 қаңтарында Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік Ел! Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мемлекет басшысы Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізгенін, еліміздің жүрегі елорда тұрғызылғанына тоқталды. «Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Ұлт Көшбасшысы.
Н.Ә.Назарбаев өз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау арқылы Мәңгілік ел бола алатынымызды атап өтті.
Алдағы он жылдыққа арналған, басым бағыттар белгіленген стратегиялық құжатта қазақстандық азаматтарға бірқатар тапсырмалар жүктелді. Бүгінде дамыған 30 елмен тереземізді теңестіру үшін көптеген экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы кедергілерден өтуіміз қажет. Экономиканы құру, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы, сондай-ақ денсаулық және білім беру саласын дамыту – жас мемлекеттердің алдына қойылған мақсаттардың кішкене бөлігі ғана. Осыған орай, елдің дамуын сауатты стратегиялық жоспарлаудың маңызы зор. Президент шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлді.
Жолдауда белгіленген негізгі басымдықтардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Елбасы атап өткендей, әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Елбасымыздың әр сөзі келер күнге деген сенімімізді ұштап, селолық округ әкімдерінің жауапкершілігін, ауыл-ел алдындағы парызын нықтай түсті. Ендігі міндет – Елбасы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында бірлесе еңбек атқару.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттілігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», деген еді. Ал «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ежелгі ата-бабаларымыз – түркілердің Мәңгілік Ел идеясын Қазақ елінің ұлттық идеясы деп жариялаған болатын. Аталған идея «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» жаңа Жолдауында да жаңа қырынан толықтырыла түсті.
Қай заманда да әр адамның санасындағы аса мазмұнды және құрметті мәртебеге ие ұстаным – ол отансүйгіштік (патриоттық) сезім (іс-әрекет) болып келгені ақиқат. Бұл туралы әлемдік және төл тарихымыздың әр бетінен негізді дерек табылады. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Елбасы осы мәселені тұрақты көтеріп келеді. Ал патриот болу деген ел азаматының адамгершілік және саяси қағидаты, туған жерге, елге сүйіспеншілігі, қажет болса, мемлекеттік міндеткерлікті жеке мүддеден жоғары қоюды талап ететін әлеуметтік сезімі ретінде танылған. Туған елінің құндылықтарын, әсіресе, тілі мен мәдениетін әрдайым құрметпен жоғары ұстап, ол құндылықтарды басқа ұлттар мен ұлыстарға, мемлекеттерге тарату да отансүйгіштіктің белгісі. Отансүйгіштіктің тарихи негізін ғасырлар бойы жинақталған адами тәжірибе соның ішінде ұлт, ұлыс, жалпы этностың артықшылықтары қалайтынын, қажет болса, жанын салып отанды қорғау екенін көне тарих дәлелдеуде.
Әр отандас Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейінгі уақыттың ішінде патриоттық бағыттағы сан-қилы мемлекеттік, ғылыми және бұқаралық сүбелі шаралар орындалып келе жатқанының куәсі десек, артық болмас.
Жолдау әрбір адамның ертеңгі күніне үлкен сенім ұялатады. Қазақстан 20 жылдың ішінде қоғам өмірінің барлық саласында жаңартуды өте жоғары деңгейде жүргізді. Тәуелсіздігіміз өз қолымызда, іргелі мемлекет болдық. Жолдаудың әрбір жолында Президенттің еліміздегі миллиондаған халықтың әл-ауқаты, жағдайына байланысты қамқорлығы сезілген. Себебі бұл жолдауда елімізді дамыту, әр отбасының, азаматтың жағдайын одан әрі жақсарту, халқымыздың бірлігін, тыныштығын қорғау жолдары нақты көрсетілген. Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Таяудағы 3 жыл ішінде, 2017 жылға дейін орын жетіспеушілігін жойып, қажетті жерлерде елдегі барлық мектепті екі ауысыммен оқытуға көшіру, таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру, келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажеттігі туралы Елбасы нақты тапсырыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің келешегі өз Отанымызды әлемдегі ең табысты мемлекеттердің біріне айналдыруға бел буған жандардың қолында екенін атап өтті, бұл ретте жастарға ерекше назар аударды. Менің ойымша «Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Осыдан әрқайсымыз ой түйіп, Тұңғыш Президентіміз айтқандай қазақ елінің, қазақ тілінің мәңгілік болуына аянбай еңбек етуіміз керек. Елбасы белгілеп берген «Қазақстан-2050» стратегиясы – ұлттың ұлы бағдары. Елулікті еңсердік, енді дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуді мұрат етіп отырмыз. Осы Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – біз үшін ортақ парыз, абыройлы міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» Астана, 2009ж.
Н.Ә.Назарбаев жолдаулары
Қазақстан тарихы әдістемелік құрал №1 №2
Егемен Қазастан газеті 6 шілде 2010 жыл
Менің Қазақстаным Астана баспасы 2001. Авторлары: Н.И.Рахымжанова, Р.М.Баттал, А.У.Сужикова
2020 Стратегиялық жоспары: Көшбасшылыққа бастайтын Қазақстандық жол. Авторлары: С.Бирюков, Д.Елькин, М.Делягин, Ю.Собозобов