Просмотр содержимого документа
««К?СІПТІК БІЛІМ БЕРУ Ж?ЙЕСІНДЕ СТУДЕНТТІ? К?СІБИ ??ЗІРЕТТІЛІГІН ?АЛЫПТАСТЫРУ М?СЕЛЕЛЕРІ»»
Кайболдиева Нургул Жумакелдыевна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Маңғыстау гуманитарлық колледжінің
педагогика пәнінің оқытушысы
«КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕ СТУДЕНТТІҢ КӘСІБИ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»
Білім беру жүйесіндегі жаңа білім парадигмасы білім, білік, дағды жиынтығын толық меңгерген, қоғам өміріне белсене араласатын, шығармашылықпен ойлайтын, өзін-өзі көрсете алатын, өздігінен ақпаратты іздеп, талдайтын және оны дамытуға қабілетті, кәсіби құзыретті, функционалды сауатты жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекетіміздің тек саясат пен экономика емес, білім беру жүйесіне де үнемі назар аударуы еліміздің болашағы жайындағы кемел ойлардан туындап отырғаны түсінікті. Өйткені, ел байлығы тек мұнай мен газ емес, адам екені белгілі. Қай қоғамда болмасын шешуші фактор – адам және жеке тұлға болып қала бермек.
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер, республиканың әлемдік деңгейде білім беру жүйесіне жетуде жасаған қадамдары осы кезге дейін педагогика теориясы мен практикасында бекітілген білім беру парадигмаларын, жүйелерін, әдістерін, формаларын жетілдіру талабын қойды. Білім берудегі жаңа басымдықтар – студенттердің тұлғалық әлеуетін анықтау және дамыту, әлеуметтік үдерістер мен тұлғааралық қарым-қатынастарды ұйымдастырудың ерекше формасы ретінде танылатын оқыту үдерісінің тиімділігін арттыру болып отыр.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі білім беру мен тәрбие жұмыстарының талапқа сай жетілдірілуі студенттердің болашақ кәсіби құзыретті маман болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
Қазіргі таңда білікті маман даярлаушы техникалық және кәсіптік білім жүйесінде бәсекеге қабілетті маман қалыптастыру үшін, алдымен маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру керек деген әр түрлі пікірлер жиі айтылуда.
Болашақ кәсіби құзіретті маман осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты бағыт - бағдар беруші болып шығуы - бұл қазіргі заманның талабы.
Құзыреттілікті қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ кәсіби маманның - қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ.
Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер кәсіби маман даярлау мәселелерімен айналысып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда.
“Құзыреттілік” түсінігі білім беру саласында 1960-1970 жылдардағы шетел әдебиеттерінде, ал 1980 жылдардың соңында отандық әдебиеттерде кездесті. “Кәсіби құзыреттілік, жете білушілік” ұғымын енгізудің қажеттілігі оның мазмұнының кеңдігімен, интегративтік сипатымен, “кәсіптілік”, “біліктілік”, “кәсіби мүмкіндіктер” және т.б. түсініктерді біріктіреді. [1]
Д.И.Ушаковтың редакциясымен жарық көрген түсіндірме сөздіктің авторлары “құзыреттілік” және “құзырет” сөздерінің арасындағы айырмашылықтарды дәлелдеуге тырысқан. “Құзыреттілік” – хабардар болушылық, абыройлық; “құзырет” – жеке тұлғаның кәсіби қасиеті және қызметтік сипаттардың нақты жиынтығы.
Ғалым С.М.Вешниякованың «Кәсіптік білім беру» сөздігінде: «Кәсіби құзыреттілік competenens - қабілетті, белгілі бір саланың тұлғаларының білімінің, білігінің, тәжірибесінің сәйкестігінің мөлшері»,- деген анықтама берілген.
Ғалым Дж. Равеннің «Қазіргі заманға қоғамдағы құзыреттілік» атты еңбегінде «кәсіби құзыреттілік» терминіне жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын ұғым деген анықтама беріледі. [2]
Л. М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері»,- деген анықтама береді. [3]
Г.Ж. Ниязова зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары - бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы»,- деп анықтама береді.
Б. Т. Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез - келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады»-, деп анықтама береді. [4]
Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – студенттердің жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.
Сонымен педагог-психолог, ғалымдардың пікірі бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, кәсіби оңтайлы маманнның бойында белгілі бір құзіреттіліктер қалыптасуы қажет:
бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);
мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);
оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);
коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);
ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);
әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);
тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті). [5]
Сонымен, кәсіби құзыреттілік дегеніміз ең алдымен студенттің функционалдық сауаттылығы мен кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана кәсіби құзыретті маман бола алады.
Студенттің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті маман деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа әрдайым дайын, педагогикалық үдерісте үнемі оң нәтижелерге қол жеткізіп отыратын маманды атауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Ш.Х.Құрманалина,Б.Ж.Мұқанова. Педагогика. А., 2007
2. Равен Дж. Компетентность в современном обществе: выявление, развитие и реализация. М., 2002
3.Митина Л.М. Психология профессионального развития учителя. — М., 1998
4.Омарова Л.Т. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық шарттары
5. Сенкибаева А.Т. Мұғалімнің кәсіби құзырлылығын дамыту//Білім берудегі менеджмент, №4,2009.