Просмотр содержимого документа
«К?пбалалы отбасында?ы бала т?рбиесі »
Көпбалалы отбасындағы бала тәрбиесі
Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғаш рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларын игереді. Сондықтан отбасылық өмір - жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Отбасы ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы қазақ мақалы бар. Елдің өркениетті дамуы мен жоғары мәдениетті ұлттың салауатты қоғам жағдайында ғана қалыптасатыны даусыз. Қоғамды – жекелеген адамдар, жеке тұлғалар құрайды. Яғни салауатты қоғамның негізі – қуатты да өнегелі, рухани мықты отбасы болып табылады. Сондықтан бірінші кезекте демократиялық қоғам дамуының негізгі діңі болар отбасына көңіл бөлуіміз, отбасын әлеуметтік-экономикалық қорғаудың нақты тетіктерін қолға алуымыз қажет.
Бұл орайда басты назарды мүмкіндіктердің үлкен әлеуетіне ие көпбалалы отбасына аудару керек. Көпбалалы отбасы қоғамның шағын үлгісі десе болады, барлық демократиялық принциптердің бастауын да осыдан таба аласыз. Мұндай отбасында тәрбиеленген балалар көзін ашқаннан қоғамда өмір сүру шарттарымен таныс болады, соларды басшылыққа алады, яғни ортақ өмір сүру принциптеріне бағынады, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас заңдылықтарын сезініп, мойындап өседі.
Көпбалалы отбасының жағымды жақтары:
Біріншіден, балалар жалғысырамайды. Олардың бірге ойнауға, серуенге шығуға, сурет салуға, мультфильмдер қарауға болатын серіктері болады;
Екіншіден, балалар бір-бірін түсіне білуге, керек кезде көмек қолын созуға, отбасында сыйластықтың болуына үйренеді;
Көпбалалы отбасының жағымсыз жақтары:
Біріншіден, балалардың ауыруы. Яғни, көбіне отбасынада бір бала ауырса, екінші балада ауырады;
Отбасының материалдық жағдайы;
Көпбалалы отбасындағы еңбек тәрбиесі әр түрлі деңгейде дамиды. Аналарға бұл процесті іске асыру жеңілірек. Балалар үй шаруасында көмек көрсету керектігін түсінеді. Еңбек тәрбиесі баланың дене және ой қабілетін арттырады, оны оқуда немесе болашақтағы қызметінің қандайының болса да керегіне жарайтын қасиеттерге баулиды.
Қазір біз нарық заманында өмір сүріп отырмыз. Нарықтық қоғам дұрыс үнемшілдік, адам баласының еңбегі жасаған асыл қазынасын ептеп жұмсау негізінде құрылды. Балаларымызды осындай қасиеттерге тәрбиелеу қажет, ал мұның дұрыс жолы – бала тарапынан шексіз талап қойылғанда бұны саналылықпен тежей білу.
Қазіргі замандағы адамгершіліктің аса маңызды белгілерінің бірі – адамға деген сүйіспеншілік. Нарық заманы, нарықтық құрылыс адамдардың бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс істеуіне негізделген. Отбасы, әрбір кәсіпорын, мекеме, оқу орны, әскери бөлім, шаруашылық қожалығы ұжым болып табылады. Әрбір ұжым өз мүшелерінің, ал ұжымның әрбір мүшесі бүкіл ұжымның қамын ойлайды.
Балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу олардың басқа адамдармен араласудан алған әлеуметтік тәжірибесі көп болған сайын табысты жүреді. Көпбалалы отбасы нақ осындай мүмкіндікті береді. Үлкен отбасының мүшелерін бақылау, жақын адамдардың қателіктері мен жетістіктерін талдау, олармен эмоциялық жақындық қоршаған ортаны неғұрлым қағылез қабылдауға ықпал етеді. Баланың өмірінің алғашқы күнінен бастап енетін отбасындағы сан алуан әлеуметтік рольдері (ол бірмезгілде немере, ұл, іні, қарындасқа аға, ініге аға, аға, жиен, ағай т.с.с.), сондай-ақ отбасы тіршілігінің басқа да жағдайлары өмірдің ең сан алуан жағдайларына беріктік пен икемділікке бейімделуді дамытады. Бұл қасиеттер қазір адамға ең қажеттілері. Ертеңгі күннің бұлыңғырлығы, негізгі әлеуметтік институттардың дағдарысы жеке тұлғаға деген ерекшеліктік (бәсекеге қабілеттілік), интерналдылық (өз бетіндік,белсенділік), коммуникабельділік және басқа көптеген талаптарды қалыптастырады. Дәл осындай қасиеттерді көпбалалы отбасы дамытады. Көпбалалы отбасында басқа адамдармен санасу, өзінен кішілерге қамқор болу, рухани-адамгершілік қасиеттер, жауапкершілік, үнемшілдік, адамдарды құрметтеу, ортаға тез бейімделуге үйренеді.
Көпбалалы отбасындағы бала тәрбиесі – егер ата-ана балаларына дұрыс көңіл бөлмесе, бұл балалар арасында шиеленіс туғызып қана қоймайды, сонымен қатар олардың бойында өздерін дұрыс бағаламау және қорқыныш сезімінің пайда болуына алып келеді. Бұл баланың ерке және агрессивті болуына әсер етеді. Бұл қылықтарымен балалар өздеріне ата-аналарының көңіл аударуын қалайды. Сондықтан ата-аналар қанша баласы болмасын, әр бала өзін әкесі мен анасының жақсы көретінін, оның орны бөлек екенін білуі қажет.
Қорыта келе, көпбалалы отбасындадағы бала тәрбиесі ерекше болып келеді. Онда бала адами қасиеттерді бойына сіңіріп, өмірдің әр жағдайына дайын болу керек және қиыншылықтарға төзе білуге үйренеді. Сондықтан да отбасындағы тәрбие бірінші орында тұру қажет.