ИННОВАЦИЯЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҚОЛДАНУ АРҚЫЛЫ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ
Нурбергенова Индира Татарбековна
Жаңаөзен қызмет көрсету және жаңа технологиялар
колледжінің математика пәнінің оқытушысы
«Мұғалім әдісті көп білуі керек, оларды өзіне сүйеніш,
қолғабыс нәрсе есебінде қолдану керек,»
Ахмет Байтурсыновтың
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушылардың инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.
Кейінгі жылдары жиі пайдаланылып келе жатқан жаңа ұғымдардың бірі – инновация. Инновацияны жете түсініп, инновациялық әдіс-тәсілдерді сабақ өткізуге кеңінен қолдану жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты болып табылады.
Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай-ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл яғни, бір оқытушы үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа оқытушы үшін өтілген материал тәрізді.
Қазіргі таңда оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар баршылық. Әрине, инновация көкейкесті мәселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі әдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, оқытушының кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек .
Инновация дегеніміз – жаңа мазмұнды ұйымдастыру, жаңалық енгізу, жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекет, нақтыланған мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі, жаңа нәтижені қамтамасыз ететін жаңа теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы. Кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі міндеті – белгілі бір көлемдегі білім берумен шектелмей, алынған кәсіптік білімді адам өз қажетіне, өмірдің нақты жағдайларында қолдана біліп, қоғамға пайдасын келтіру.
Жаңа технологияны енгізу барысында оқытушылардың зияткерлігі мен парасаттылығы, белсенділігі, шығармашылық ізденісі, шәкірттерінің білімін бағалауы шешуші роль атқарады. Қазіргі таңда білім беру үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген бірнеше инновациялық технологияларды атап көрсетуге болады:
• проблемаға бағытталған оқыту;
• топтық бағытталған оқыту;
• рөлдік ойындар;
• презентациялар;
• пікірсайыстар;
• кейс-стади;
• миға шабуыл әдісі;
• сұрақ-жауап ойындары;
• іскерлік ойындар;
• цифрлық білім беру ресурстары.
Өз тәжірибемде педагогика ғылымының докторы, профессор Ж. Қараевтың «деңгейлік оқыту» жүйесіне, «сын тұрғысынан ойлау» стратегиясына, Шаталовтың «тірек сигналдары арқылы оқыту» жүйесіне , қосымша электронды оқулықтарға және цифрлық білім беру ресурстарыма сүйеніп сабақ жүргіземін. Цифрлық білім беру ресурстары – дегеніміз білім жүйесінде субьектілердің өзара қатынасуында маңызды роль атқаратын электронды құрылғыларда тасымалданатын дидактикалық материалдар.
Цифрлық білім беру ресурстары бiлiм беру мақсатында цифрлық, электрондық, «компьютерлік» формада көрсетiлген мағыналы объект.
ЦБР – жеке «цифрлық мағыналы модуль» – қандай да бір нақтылы фрагментті оқу тақырыбымен байланыстыра оқытуды, пән бойынша нақты оқулықтар мен әдістемелік құралдың көмегімен тығыз байланыста болуын қолдайды.
Цифрлық білім беру контентін электрондық оқулықтар, компьютерлік ойындар, виртуалды жаттығу әдістері, ғылыми-әдістемелік зерттеулер құрайды.
ЦБР міндеті:
Оқытушының сабаққа дайындығына көмек.
Оқытушының сабақ өткізу үрдісінде көмек.
Оқушының үй тапсырмасын орындауда көмек.
ЦБР түрлері:
Демонстрациялық – оқушы тек бақылаушы ролінде болады.
Интербелсенді (ақпараттық-іс-әрекеттік) – оқушы тек бақылап ғана қоймай, сабақ барысында ресурс сұрақтарына жауап іздеу, ресурс көмегімен практикалық және лабораториялық тапсырмаларды орындау, электронды анықтамалардан керегін іздеу, интербелсенді оқыту ойындарын ойнау, топтық жұмыс (мини-жобалар) орындау,ресурстың бағалау мүмкіндігіне ие болады.
Жаңаша әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану барысында көрсеткен нәтиже: оқушының оқуға қызығушылығы артады, іскерлік дағдысы, ойлау белсенділігі, тапқырлығы, өзіне деген сенімі қалыптасады, пікір таластыра білуді, ойын жүйелі түрде жеткізуді үйренеді. Инновация білім деңгейінің көтерілуіне жағдай туғызады. Оқушының жеке қасиеттерін ашу арқылы тәрбиелей отырып, танымдық күшін қалыптастыру және оқушының шығармашылық қабілетін дамытуда әр түрлі бизнес-ойын түрлері, топтастыру, сәйкестендіру, толықтыру стратегиялары, он лайн басқатырғыш, сергіту жаттығулары, электронды оқулықтар кеңінен қолданылады.
Бұл технологияның ерекшелігі – оқушының танымдық белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыра білу. Оқыту үрдісін жаңаша ұйымдастыру мұғалімнің оқушының өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасай отырып, оның шығармашылығының өздігінен іс-әрекет ету даралық қабілеттерінің артуына себін тигізеді. Мұндай жаңа технологияларды пайдаланып оқыту барысында оқытушыға қойылатын негізгі талап оқушының берген жауабын түзету, берілген тапсырманы орындау жолдарын көрсету, оқушыға өз ойын рет-ретімен толық жеткізуді үйрету болып табылады. Оқушыға өз ойын қысылмастан айтуға мүмкіндік беру, оған пікір еркіндігін сездіру оқушының сол сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар сабақ барысында техникалық жабдықтарға, көрнекіліктерге жүгіну оқытушыға уақытты үнемдеуге, аз уақыттың ішінде бірнеше оқушының білімін бағалауға, бағдарламадағы материалды қай дәрежеде меңгергенін айқындауға мүмкіндік береді, бұл оқушының білім деңгейін қадағалаудың ең тиімді тәсілі. Себебі, оқушының білімін тексеру, оның мүмкіндіктерін айқындау – оқыту кезеңінің ең маңызды бөлігі.
Жыл сайын колледж бітірушілері арнайы пәндер бойынша ТСБ тәуелсіз сапаны бағалау (НОК (независимая оценка качества))қорытынды тест жұмысын тапсырады. Соңғы төрт жыл бойынша тест қорытындысы өте жоғары нәтижелер көрсетті.
Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты – оқу орындарындағы білім беру процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті.
Өз басым жаңа технологиялар мен бағдарламалардың философиясын терең түсініп, әдістерін тиімді пайдаланған кезде ұшан-теңіз жетістікке жеттім деп толық сеніммен айта аламын. Сабақ беретін топтар аралығындағы оқушыларымның бойынан мына төмендегідей өзгерістерді байқадым:
Оқушылар мәселенің ең негізгі түйінін табуға дағдыланды.
Өз бетінше ізденуге үйренді.
Сұрақ қойып, сұрақтарға жауап беруге машықтанды.
Тақырыпқа деген жан-жақты түсінігін аңғарта отырып, ынталарының артқанын байқатты.
Ақпаратты саралауға, жүйелі жүргізуге дағдыланды.
Өздеріндегі ақпаратты жаңа ақпаратпен салыстырып, тиімдісін қолдануға дағдыланды.
Оқушының ойы шыңдалып, өзіндік көзқарас қалыптасып, қиялы дамыды.
Оқушы шығармашылығында ізденіс қалыптасып, айқын да айшықты сөйлеуге дағдыланды.
Сын тұрғысынан ойлай отырып, өзіндік белсенділіктің болуы да білімге құлшынысты, жаңалықты ашуға, ізденуге, қиындыққа төзуге үйретіп келе жатқанын байқадым.
Өмірді шынайы танитын, адамгершілігі мол, өзін де өзгені де сыйлаған еркін ойлы азамат болуға талпынуда.
Қандай да бір жаңа технологияны пайдаланып жақсы нәтижеге жете қою мүмкін емес. Таңдалған технология түрінің тиімділігі сынып оқушыларының игерген білім деңгейі мен тақырыптың көлеміне, бәрінен де бұрын, мұғалімнің сол технологияны орынды, ұғынықты, біліктілікпен қолдана білуіне байланысты. Құрғақ сөз – білім де, білік те емес, сондықтан сабаққа жаңа технологияны енгізуде мұғалімнің ойлы, жүйелі шығармашылығы мен мақсатты ізденісі болуы керек.
Сондықтан, ғылыми- техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, өңдеп, нәтижелі пайдалана білу – әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады. Біздің ойымызша, оқу орындарында инновациялық басқару жүйесін енгізіп, оны жүзеге асыру міндет.
Қорыта келгенде, жаңа инновациялық педагогикалық технологияның негізгі, басты міндеттері мынадай:
- әрбір білім алушының білім алу, даму, басқа да іс-әрекеттерін мақсатты түрде ұйымдастыра білу;
- білім мен білігіне сай келетін бағдар таңдап алатындай дәрежеде тәрбиелеу;
- өз бетінше жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, дамыту;
- аналитикалық ойлау қабілетін дамыту.
Осы инновациялық технологияларды мүмкіндігімізше өз пәнімізде қолдансақ болашақ маман иесі сапалы білім және тәрбие алатынына сенімдімін. Инновациялық технология – білім сапасын арттыру кепілі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Бидосов Ә. Математиканы оқыту методикасы / Ә. Бидосов.-Алматы: Мектеп, 1981.-221 бет.
Гоноболин Ф.Н. Психология / Ф.Н. Гоноболин.- Алматы: Мектеп, 1976.
Дарменова Қ. Көрнекілік арқылы ойлау қабілетін арттыру / Қ. Дарменова // Бастауыш мектеп.- 1991.- № 4.- 12-14 бет.
Корпешова Г. Оқушылардың қызығушылығын арттырудағы көрнекіліктің рөлі / Г.Корпешова // Қазақстан мектебі. - 1986.- № 4.- 20-21 бет
Қаниева Г. Оқушының ойлау қабілетін дамыту / Г.Қаниева // Қазақстан мектебі.- 1991.-№ 5.- 3-10 бет.
6.М.М. Жанпейісова «Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінді»