Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
Семей көп салалы колледжі
БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫ КӘСІБИ ТҰРҒЫДА ДАЙЫНДАУДА ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ОҚУ ҮРДІСІНЕ ЕНГІЗУ
(Колледжішілік «Әдіскер» газетіне арналған мақала)
Дайындаған:
Жаратылыстану пәндерінің оқытушысы: Танбаева Н.С.
Семей қаласы – 2009 жыл.
БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫ КӘСІБИ ТҰРҒЫДА ДАЙЫНДАУДА ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ОҚУ ҮРДІСІНЕ ЕНГІЗУ
Қазіргі кезеңде Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының (Астана, 2000 жыл) 18-бабының 8-тармағында: «Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін білім беру ұйымдарында эксперимент тәртібімен іске асырылатын білім беру бағдарламалары әзірлену мүмкіндігі», - атап көрсетілген /1/.
«Педагогикалық технология - педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық дара, инструментальдық және методологиялық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді» /Кларин М.В/. Бүгінгі таңда П.М.Эрдниевтің дидактикалық бірліктерді шоғырландыру технологиясы, Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқыту технологиясы, Ш.А.Амонашвилидің ізгілікті-тұлғалық технологиясы, В.Ф.Шаталовтың оқу материалдарының белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы, М.Чошановтың проблемалық модульді оқыту технологиясы, П.И.Третьяковтың, К.Вазинаның модульдік оқыту технологиясы, өзбекістан психологтар ассоциациясының мүшесі Ф.Я.Вассерманның биоақпараттық технологиясы оқу үрдісінде қолданылуда.
Әрбір ұстаз оқу үрдісінде сабақтың мақсаты мен мазмұнына сай өз қалауы бойынша инновациялық технологияларды қолдана алатыны белгілі. Ал, білімгерлердің біліктілігін шыңдау мақсатында пән оқытушылары жаңа технологияларды жүйелі қолданса, оны өзне түртіп алған болашақ маман кейінгі қызыметінде сол іс-әрекетке қайта оралып, тәжірибесінде жемісін көрері сөзсіз.
Жаңа педагогикалық технологиялардың қайсы бір түрі болсын маман даярлауға ықпалы зор. Оларға;
1. Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтежесінде әр білімгердің өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесінде көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайақ жағдайлар жасалады. Дамыта оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: оқу үрдісінің мүшелерінің әрекеттестік ерекшеліктерінде, олардың қарым-қатынас сипатында, танып-білу үрдісін ұйымдастыру және ондағы коммуникациялар түрлерінде, т.б. Дамыта оқыту идеясы бойынша білімгерге оқу мақсаттарын қоюда, шешуде ешқандай дайын үлгі берілмейді. Мақсатты шешу іштей талқылау, жинақтау арқылы жүзеге асады. Оқытушы – сабақ үрдісін ұйымдастырушы, бағыттыушы адам рөлінде. Әрбір білімгер шешімді тапқан кезде оның дұрыстығын өзінше дәлелдей біліп, пікірін айтуға мүмкіндік беріліп, жауаптар тыңдалады /3,121/. Дамыта оқытуда болашақ маманның ізденушілік - зерттеушілік және білім алуға деген ынта-ықыласы артып, кәсіби белсенділігі мен қызығушылығы молаяды. Сабақ мұндай жағдайда 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады:
Оқу мақсаттарының қойылуы;
Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру;
Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.
Бұл үшеуі дамыта оқытудың Д. Б. Эльконин, В. В. Давыдовтар жасаған жүйесінің негізгі компоненттері /7,15/.
Дамыта оқыту жүйесінде оқытушы мен білімгер арасында қарым-қатынас, ынтымақтасу, өзара сыйластық пен түсіністік қасиеттер қалыптасатын болады. Білімгер өз ойын нақты сеніммен айта алатындай ахуалға басты назар аударады.
2. Модульдік оқыту технологиясы - 60-жылдардың соңында ағылшын тілді елдерде пайда болды. Модуль дегеніміз – іріленген дидактикалық бірлік. Модуль – латынның ''өлшем'', ''шама'', ''мөлшер'' деген сөзі . Қазір дүниежүзінде модульдеп оқытудың 4 түрлі жолы бар.
Американдық модуль.
Неміс модулі.
Сковиннің орыс модулі.
Алексюк пен Фурманның Украина модулі.
Ал, Қазақстанда М.М.Жанпейісова әзірлеген модульдік оқыту технологиясы белсенді түрде барлық оқу орындарында қолданылуда.
Оқыту технологиясының М.М.Жанпейісова ұсынған нұсқасының бір ерекшелігі – оның білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық процестерін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай-ақ тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі өзектілендіру, өзін-өзі бекіту, қарым-қатынас, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыруға, белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталуы.
Модульдік оқыту технологиясы – оқу үрдісінде модульдік жүйені пайдалана отырып, білімгерлерге ұсынылып жатқан көлемді материалдарды қысқартуға және жедел меңгертуге жол ашады, яғни;
1. Білімгерлерді шығармашылық топтарға (3-4 кісі) бөлу. Олар тәуелсіз түрде оқытушы тарапынан қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін үздіксіз ізденеді. Білімгерлердің бұрынғы бар біліміне сүйене отырып, оқытушы олардың алдына тапсырыс қояды. Оған аудиторияның түгел назарын аударады. Мұның мәні – қажеттілік туғызу.
2. Әрбір топ өз көзқарасын белсенді түрде қорғайды. Оқытудың мұндай ретте келтірілуі білімгерлердің сабаққа тәуелсіз түрде дайындалуы үшін өте қажет. Бұл кезең іскерлік ойындар, дәстүрлі емес сабақтарды өткенде білімгер белсенділігін байқау үшін өте тиімді. Нәтижесінде пікір-талас сұхбат басталады. Мұндай жағдайда оқытушы орнықты дәлелдер талап етеді және білімгерлердің талқылауын дұрыс шешімге бағыттайды.
Мұғалімдерді даярлау қай уақытта да ең өзекті мәселелер қатарына кіретіні белгілі жәйт. Олай болатыны, қоғамның әлеуметтік – экономикалық міндеттері заманына сай өзгерістерге ұшырап, өскелең ұрпақты соған лайықтап өмірге бейімдеудің жаңа талаптары туындап отыр. Ол үшін болашақ мұғалімдерді даярлайтын орта кәсіптік оқу орындары төмендегідей жұмыстарды атқаруға тиісті:
Болашақ мұғалімдерді ақпаратты қоғам жағдайында оқып білім алуға, өмір сүруге бейімдеу;
Жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияға бейімделген білім берудің ғылыми-әдістемелік базасын жасау, білім саласын басқарудың жаңа формалары мен әдістерін пайдалана отырып, орта кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту;
Дүниежүзілік ақпараттық білім кеңістігіне орта кәсіптік білім беру мен жоғары білім беру жүйесін сәйкестендіре отырып кіріктіру;
Білім берудің иллюстративтік түсіндірмелі жүйесінен дамыта оқыту
жүйесіне көшу. Оқыту үрдісінде білімгер шығармашылығына негізделген оқыту әдістерін пайдалануға түбегейлі көшу /3,101/.
Болашақ маман даярлауда оқыту мазмұнын,форма, құрал, әдістерді іріктеп, дидактикада кейінгі кезде көбірек назар аударылып жүрген кәсіби мақсатты көздеу принципін негізге алудың маңызы зор.
Оқытушылар мен білімгерлерге ғылыми – зерттеу еңбектрін насихаттау, кәсіби және әдістемелік шеберлігін арттыруға ынталандыру мақсатында, педагогикалық жаңа технологияларды оқу жүйесіне толық енгізуге әдістемелік көмек беретін «Инновациялық лаборатория» (шығармашылық топ) құрылды. Бұл топтың құрамы Алматы, Тараз қалаларында ұйымдастырылған арнайы курстарда маман даярлаудағы біліктілігін арттырып, білімін жоғарлатқан оқытушылардан топтастырылған.
Қорыта айтқанда, жаңа педагогикалық технологиялар білімгерлерге білім берудің мазмұны мен формасын ілгерілеушілік жағына өзгерістер ендіртіп келе жатқанын толық сеніммен айтуға болады. Біздің көксейтініміз де, көздейтініміз де сол - әлемдік білім кеңістігінің көкжиегіне қол жеткізіп қана қоймай, әдістемелік білім дәрежесі жоғары, алға қойған мақсатты іс жүзінде асыра алатын маман даярлаудың сапасын арттыру.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2000ж.
Мұсаева С.А., Мейірманқұлова Т. редакциясымен «Кәсіптік білім беруде инновациялық технологияларды енгізу» (әдістемелік нұсқа). Тараз, 2004ж.
Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Тараз, 2003ж, 47-бет.
Егемен Қазақстан, 2000ж. 3. 02./ «Заманның сыншысы да, тарихшысы да бүгінгі жастар».
Жанпейісова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. Алматы, 2002ж, 4-бет.
Бахишева С. Жаңа типті мектептер жағдайында мұғалімнің инновациялық мүмкіндігін дамыту. / Ұлт тағылымы. Алматы, 2003ж, №2, 53-бет.
Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. Алматы, 2000ж, 15-бет.
Исабек Н. Компьютерлік графиканың дамуы және оны қолдану салалары./Ұлт тағылымы. Алматы, 2004ж, №2, 47-бет.