Просмотр содержимого документа
«Баяндама: Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады»
Т.Әлиев атындағы «№1 орта мектеп»
мемлекеттік мекемесі
Баяндама
Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады
/ата-аналарға/
2015/2016 оқу жылы
Жаңаөзен қаласы
Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады
Бала тәрбиесі бәрімізді алаңдатады. Адам баласының қасиетті міндеттерінің бірі-дүниеге ұрпақ әкеліп, артына із қалдыру. Баласының жақсы болғанын армандамайтын ата-ана жоқ. Тіпті баласының болашағы үшін отқа да,суға да түсетін ата-аналар да баршылық. Кейде баласының келешегіне алаңдаған ата-ана өз мекенін ауыстыруға дейін барып жатады. «Ұлың жақсы болсын десең, ұлы жақсымен көрші бол, қызың жақсы болсын десең қызы жақсы мен көрші бол» деген өнегелі сөз де содан шықса керек. Жер бетіне қазақтан асқан балажан халық жоқ шығар. Бір қызын бір ауыл болып тәрбиелейтін халықтың өз үлгісі өзінде Бала тәрбиесі- қиын да күрделі процесс. Біз баламыздың тәрбиелі де өнегелі болып өсіп, өз қатарының алды болғанын қалаймыз. Бірақ баламызды осы мақсаттарға сай тәрбиелеу үшін үлкен еңбек, күш жігердің қажет екенін бәріміз білсекте, мойнымыз жар беріп, бала тәрбиесімен айналыса бермейміз. Кейін баламыз есейген сәтте, «сен маған тартпағансың, мынаны олай істемедің, ештеңеге қырсызсың» деп кінәлап жатамыз. Бала кішкентай кезінен-ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір ата-ана «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Баланың әр қылығы қызық. Бірақ сол қызықтауды да талғап, талдап қарамаса тағы болмайды. Кішкентай кезінде баламыздың әрбір сөзін, одан қалса біреуді сыбағандығын, жаман сөздер айтқандығын әуес көреміз, оны тіпті ересектерге айтып, қыздыра түсетініміз тағы бар. Баламызды үлкендерді сыйла, құрметте деп тәрбиелеудің орнына өзіміз теріс жолға салып отырғанымызды бағамдай бермейміз-ау! Кейін өскенде сол баланың өз ата-анасына тілі тимесіне кім кепіл?! Бала кез келген істе өзін ынталандырып, өзгелердің қолдайтынын сезсе, сол іске бейімделіп, әдеттеніп кетеді. Бала тәрбиесіндегі тағы бір кемшілік-бала жетістігін көре білу, жігерлендіру, ынталандырумен байланысты. Баламызды мадақтауымыздан гөрі, жекіруіміз асып түсіп жататынын мойындауымыз керек. Біз баламызға үнемі талап қойғышпыз. Әуелі талапты қоймастан бұрын, балаға өзіміз үлгі көрсете білуіміз керек емес пе? Қонақ келсе, баламызды бөлек бөлмеге жіберіп кейде тіпті дұрыс тамақтандыру да ұмытып жатамыз. Баламыздың туған күн тойын атап өтеміз, онда да баламыз үшін емес, көбінесе, өзіміздің ағайын-туыс, дос-жарандарымызға арналатыны да шындық. Біраз қызғаннан кейін баламыздың туған күні екені есімізден шығып, жеңіл- желпі әзіл-қалжың айтып, той басқа арнаға бұрылады. Баламыздың туған күні екені тілек айтылғанда ғана еске түседі. Үй-ішінің ұсақ-түйек кикілжіңдерін балаға көрсетпеудің орнына керісінше болып жататыны да өкінішті. Бала көзінше қырсыз мінез көрсету, өзге адамдарды жамандау бала бойында теріс көз-қарастарды қалыптастыруға негіз болады. Жалпы біз балажан халық болғанымызбен, оны тұлға деп танып, ақыл иесі ретінде қабылдай бермейміз. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен мұндай көріністердің арамызда көптеп кездесетіні анық. Біздің ойымызша, баламыз, біздің айтқанымызы жасап, айдағанымызбен жүретін, әлі ақыл-есі тола қоймаған тіршілік иесі дейміз де, оған өте қатаң талап қоямыз. Сол талаптың үдесінен шыға білмесе, баламызды жер қылып, жасытамыз. Үлкендер баласына үнемі жекіп, дауыс көтеріп сөйлейтін болса, бала жасық болып өседі. Осындай отбасында тәрбиеленген балалар екі түрлі болып өседі. Біреулері- көп сөйлемейтін жасық болса, екіншілері – айқайлап сөйлемесең, сөз өтпейтін «сабаздың» өзі болып шығады. Алдыңғылары үнемі жалтаңдап, өзідігінен шешім қабылдай алмаса, кейінгілері өмір бойы жүйкемізді жұқартып, бетіңнен алып отыратын болады. Бала тәрбиесі кезек күттірмейтін, күн тәртібінен ешқашан да түспейтін өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан да, мынау өзгермелі қоғамда баламызды өзімізге жат етпей, жақсы тәрбиелеудің бірнеше жолдарын ұсынамыз. Бала тәрбиесімен айналысуда ата-ана басшылыққа алуы қажет деп санаған ұстанымдарды назарларыңызға беріп отырмын: 1.Баланың ең алдымен денсаулығын қадағалауға көңіл бөлу. Денсаулық- тәннің ғана емес, жанның да кепілі. Дені сау бала ғана оқу мен тәрбиеге ықыласты болмақ. Балаңызды кішкентай кезінен денсаулығын күте білуге,денесін шынықтыруға дағдыландыру. 2. Баламен жақын сырлас, дос болуға тырысу. Бала үшін ең жақын адам ата-ана болғанымен де, бала ата-анасынан жасқаншақтап, ұялшақтайтын кездері жиі болады. Сондай сәттерде дұрыс қадам жасап, балаңызды бауырыңызды тарта білу өте маңызды. Балаңыз өзінше жасырып жүрген сырын айтып, сізбен бөлісуі мүмкін. Ондай кездерде балаға жекімей не болмаса мазақ етіп күлмей, мұқият тыңдап, өз көзқарасыңызды білдіріп, кеңес айта білу ата-ананы баланың сеніміне кіргізеді. Сіздің балаңызға тұлға ретінде қарап, онымен ақылдаса отырып, бірлесе жұмыс істеуіңіз балаңызды жігерлендіреді, оның әр қадамын сенімді ете түседі. 3. Бала қандай да болсын қате іс жасаса, жекіп, дүрсе қоя беруден гөрі түсіністікпен қарау әлде қайда пайдалы. Ондай кездерде бала өзі де қуыстанып, ата-анасынан қорқып тұрады. Керісінше,балаңызға ақыл айтып, жол көрсетсеңіз, мұның пайдасы көбірек болмақ. Сондай ақ кейде біз баламыздың беделін өзге құрбы- құрдастарының алдында түсіріп , ренжітіп жатамыз.Бұл баланың ар-намысына тиіп қана қоймайды, оны өзге достарының алдында қор етіп көретеді, беті қайтқан бала көпке шейін төменшектеп жүретін болады. Ең бастысы – қателікті бетке басып, мойындату да емес, жақсысын алдымен айтып, баланы жігерлендіре отырып, кемшіліктерін жұқалап жеткізу, сонымен кемшілікті жою жолдарын көрсету. 4. Бала болған соң, өз қатарластарымен бірде дос болып, бірде ренжісіп жатады.Тіпті кейде таяқ жеп келуіде мүмкін. Ондай сәттерде балалардың арасына түспеген абзал. Бала қылығын жақтап,арасына түссеңіз, бала соған әдеттенеді, қит еткеннің бәрін өзіңізге жеткізіп отыратын болады. Мұндай жағдайда балаңызды сырттай бақылаған дұрыс. Балаңыз үнемі орынсыз таяқ жеп жататындай болса, әрине араласуға тура келеді. 5. Балаңыздың немен айналысатынын, қандай іске икемді екенін бақылау. Шамаңыз келсе,бала бейімі бар істерді беруге тырысу. Мұндай істер баланы дамытып қана қоймай,басқа зиянды әдеттерден сақтайды. Бос, жұмысы жоқ бала зиянды істерге бір табан жақын болады. 6. Баланы еркін тәрбиелеу. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп мүлдем қараусыз жіберуге болмайды. Әр нәрсенің өзінің шегі болады. Сол шекті бала біліп өсуі керек. Балаға қарым-қатынасыңыз,көзқарасыңыз жылы болғаны абзал. Балаға қатты сөйлеу оны сізден алыстатады. Сосын үнемі қатты,бұйрық мәнде сөйлеу баланың бойын әдеттендіріп, үйретеді. Кейін балаға қатты сөйлемесіңіз кейін сөз ұқпайтын болады. 7. Кейбір балалар табиғатынан тынымсыз болады. Бір затты көрсе, соны міндетті түрде бұрап, сындырып,ішін ашып көріп жатады. Өздері бір орында отыра алмайды, сұрақ қойғыш болып келеді. Табиғатынан тынымсыз балаларға біз үнемі ұрысып , тәртіпке келтіруге шеберміз. Бірақ сол балалар айтқанға көнбейді, бір қалыпқа түспейді. Бір қарасаң, сол балалар ақылды сияқты көрінеді. Балаңыздың бойынан осындай сипаттарды көрсеңіз қорқыныш ұяламасын. Мұндай балалар табиғатынана дарынды болып келеді.Тек баланың бейімін тап басып, бағыттай білсеңіз болғаны. 8. Бала тәрбиесіндегі ең негізгі тетік-баланы өз күшіне сендіріп үйрету.Балаңыздың болашағына қандай сенсеңіз,оның әр ісіне де сондай сенім көрсету-баланы сенімді ете түседі.Балаға ең алдымен өзіңіз сенбесеңіз оған ешкім де сенбейтін болады. Баланы өз күшіне сендіру оның әр қадамын нығайтып,батылырақ болуға тәрбиелейді. «Ең бастысы – баланың жан дүниесі» .
Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы- ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көргендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетесы ата-ана арқылы отбасында қаланады. Осы тамаша қасиеттердің бәрін ата - ана бойынан тауып, соған еліктеп өссе және әрбір ата - ана баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны. Ал мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өзідерінің керекті, бейім мамандық таңдауға жол, бағыт беретін ұя. Отбасынан кейінгі, үйіміз мектеп осы мектепте, отбасының тәрбие бағыт беріп келген жерінен бастап, сол тәлім –тәрбиені, бағыт беруші. Мектеп пен отбасы арасында саналы да тәрбиелі бала тәрбиелеу үшін өте тығыз байланыста болуы керек. Бірлік арқылы біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Және де адамға тән жақсы қасиеттердің бәрін бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз. Ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. Жас балалардың үлкендер не айтса, соны айтатыны, не істесе, соны істегісі келетіні белгілі. Баланың үйден көргені, етене жақындарынан естігені ол үшін адамгершілік тәрбиенің ең үлкені. Демек, жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға берер тәлімі мол болмақ.
Бүгінде көгілдір экранның, жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының адамзат баласы үшін маңызы зор. Алайда аталмыш дүние адам психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жататыны жасырын емес. Өйткені, батыстан әкелініп жатқан айқай-шуға, қатігездікке толы, мағынасын түсініп болмайтын мультфильмдер бүлдіршіндердің санасына айтарлықтай әсер етуде. Шетелдің мультфильмдерінде балаларды қызықтыру аясы өте жақсы ойластырылған. Аталмыш дүниелер балалардың орнынан тапжылмай отырып көрулеріне арналғандай.
Мамандардың пікіріне сүйінсек, балалар мен жасөспірімдер теле-аудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экранның алдында өткізеді. Ол орта есеппен мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отырады екен.
Кейбір ата –аналар бар өздерінің балаларының тәрбиесіне, оқуына, теледидардан, ұялы телефоннан қандай мултьсериалдар немесе кинолар қарайтындығын, күнделікті не істеп жүргенін қадағаламай, бір күні баласының жаман жолға түсіп кеткенін білген ата-ана мектепке барып, мұғаліміне айқайлайды, сонда оның ойынша мектеп жасындағы жасөспірімдерді тек мектеп ғана тәрбиелейді - деген ата-аналар аз емес. Негізінде бұндай ой дұрыс емес, бала мектепте ары барғанда 3-4 сағат ғана болады, ал қалған уақытын үйде өткізеді емес пе? Қазіргі кездегі жасөспірімдердің байқаусызда жаман жолға түсіп кетіп жатқанының бірден бір себебі осы. Мектеп пен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың болмауы. Кейбір ата-аналар мектепте жиналыс болып жатса, бармайды «қойшы, айтатыны тек мектепке өз үлестеріңізді қосыңыздар, сұрайтындары, айтатындары тек ақша»-деп барғысыда келмейтіндер аз емес. Қазіргі таңда шынында да мектептердің көпшілігі балалардың тәрбиесі үшін емес, сол ата-аналардың қаржы жағынан көмегі үшін шақырады. Бірақ барлық мектептер осындай деп те, айта алмаймыз. «Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді демекші»-кейбіреулер осы мақсатта шақырады. Егер жиналыстарда мұғалімдер балаларының тәрбиесін, білім дәрежесінің қандай екенін, айтып ата-аналармен көп бірігіп жұмыс жасап, баланы екі жақтан қолға алып тәрбиелесе. Үйде ата –аналар баласының бүгін не істедің? Қандай сабақтар өттің, алып кел қай жеріне түсінбедің? Үй тапсырмасын бірге орындайық деп қадағалап отыратын болса. Келешектегі болашақ жастар саналы да, тәрбиелі,білімді болып өсер еді. Бүгінгі ұрпақ – ұлт болашағы, қоғамның құнды байлығы. Мектепте ұйымдастырылатын жиналыстар, мерекелік іс – шаралар, т.б. сайыстарға қатысатын тек қана «белсенді» ата – аналар тобы. Ол әр сыныптың шамамен 15-20 пайызы. Қалған 80-85 пайыз ата-ана қайда жүр? Олардың өз балалары, мектебі туралы пікірлері қандай? Міне, осындай көкейкесті сұрақтарға жауап тек мектеп ұжымы емес ата – аналарды да толғандыруы тиіс. Ата – аналар әр түрлі, олардың мектепке деген көзқарасы да сан алуан. Сондықтан бұл педагогикалық – психологиялық мәселені тек мектеп ұжымының шешуі ғана дұрыс емес, оған ата – аналарды да тарту қажет. Ата Заңымызға сүйенсек, «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата – ананың табиғи құқығы әрі парызы» делінген. Ендеше ата – аналарды мектеппен тығыз байланыс жасауға, балаңыздың ортасын, мектептегі білімін зерттеуге өз үлесін қосуға шақырамыз. Балаға керекті тек тамақ пен киім емес, балаға ең қажетті сүйіспеншілік, мейірімділік, жүрек жылуы. Біздің үмітіміздің үкісін үлпілдетіп, сенімімізді ақтайтын кім? Ол – сіз бен біздің балаларымыз. Олардың сағы сынбасын десек, балаларымыздың беделін көтеріп ата – ана мен мектеп яғни екі жақты тәрбие жұмысын жандандырайық.
Жалпы бала – тәрбиесіне отбасының жағымсыз әсер ету жақтарын сөз еткенде, оны үш топқа бөліп қарастыруға болады:
Баланы қалай тәрбиелеуді біледі және дәл солай тәрбиелейді. Олар көп емес, алайда, өздерінің саналы өмірімен және сапалы іс- әрекетімен тек өз балаларына ғана тәрбие беріп қоймай, мектептегі қоғамдық жұмыстарға қолғабыс етіп, басқа ата- аналарға үлгі көрсетеді.
Өз балаларына өнегелі тәрбие бергісі келеді, бірақ, қалай тәрбиелеу керек екенін білмейді. Олар білмегендіктен балаларына кері әсер етуі мүмкін.
Балаларды тәрбиелеудің жолдарын білмейді, білгісі де келмейді, мұғалімдерге қарсы тұратын төменгі әлеуметтік топ. Бұлар соншалықты көп болмағанмен, «қиын» балаларды беретін отбасылар.
Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы. Ендеше бала тәрбиесінде ұсақ-түйек дейтін ешнәрсе жоқ және сол нәрседен де қателесуге қақымыз жоқ. Бала — әр жанұяның бақыты. Олай болса, өз бақытымызды бағалай білейік.