Көркем шығарма тілінің дамуы – ауқымды, күрделі мәселе. Жалпы жекелеген ақын-жазушылардың еңбектеріне лингвистикалық талдау жасау, ондағы тіл ерекшеліктері мен сөз оралымдарына кеңінен тоқталып өту – қашан да тіл білімі ғылымының басты мәселелерінің бірі болып есептеледі. Мен де өзімнің шығармашылық іс-тәжірибемде А.Құнанбаев шығармашылығының бір қырын қарастырғанды жөн санадым. Осы мақсатта баяндаманың тақырыбын “Абай шығармаларындағы антонимдік қолданыстар” деп алдым. Еңбек тәжірибемде бірнеше жылдардан бері А.Құнанбаев мұраларын зерттеуге көңіл бөліп, ақынның шығармашылығы бойынша әдіс-тәсілдерді жан-жақты түрлендіруге күш салып отырдым.
Қазақтың талантты ақыны А.Құнанбаев шығармаларындағы қарама-қарсы оқиғалар желісіне толы сөздер, сөз тіркестері, афоризмдер мен мақал-мәтелдер, стилистикалық негіздегі антонимдік қолданыстар – зерттеу тақырыбымыздың өзектілігін айқындайды.
Қазақ тіл білімінде антонимия ерекше тілдік құбылыс ретінде арнайы зерттеу нысаны болып қарастырылмаған. Антонимдер алғашқы зерттеу нысанасы ретінде алғаш рет Ж.Мусиннің еңбегінде кеңінен қарастырылады. Антонимия мен қарама-қарсылық мәселесі қазақ тіл білімінде диссертациялық дәрежеде зерттеушілер: Т. Әбдіғалиеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категория» (Алматы, 1998 ж.), А. Жүсіповтің «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қарсылықтың коннекторлары» (Астана, 2004 ж.) т.б. еңбектерінде қарастырылған.
Антонимдердің стилистикалық қызметі өте күшті. Қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде және осы тәсіл арқылы айтылатын ойды тайға таңба басқандай етіп түсіндіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады.
Профессор К. Аханов антонимдерді мынадай тақырыптық үш топқа бөліп қарастырған:
1) заттың сапасын, санын білдіретіндер (ақ – қара, жақсы – жаман); 2) адамның мінез-құлқын, көңіл-күйін, қасиеттерін және адамдар арасындағы қарым-қатынастарды білдіретіндер (сүйіну – күйіну, қуаныш – реніш); 3) уақыт және кеңістік мағынасын беретін сөздер (қыс-жаз, кең-тар, күн-түн) [1,20]. Ғалым Ә. Болғанбаев антонимдерді тек тілдік қасиеттеріне қарап қана емес, логикалық, қисындық сипатына қарай топтастырады: 1) антоним болатын ұғымдар қарама-қарсы мағынада болуы шарт (туу – өлу, ер – қорқақ); 2) антонимдік жұптар бір ғана сөз табынан болуы тиіс (өмір - өлім, кету – келу)[2, 119]. Антонимдер тақырыбын жан-жақты зерттеген ғалым Ж.Мусин антонимдерді былайша топтастырады:
1. Жалпылық мәнде болатын антонимдік контекстер.
2. Тікелей қарама-қарсылық мәнде болатын антонимдік контекстер.
3. Альтернативтік мәнде болатын антонимдік контекстер.
4. Философиялық ой түйіні, тұжырым, пікірмен келетін антонимдік контекстер.
5. Антоним сөздер жеке, дара қолданылатын контекстер.
6. Антоним сөздер субъектісі – предикаттық қатынаста болып келетін контекстер[3,48].
Ғалым Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиев антонимдерді қолданудың негізгі үш жолын көрсетеді [4, 120]:
1) Антонимдердің бір сөйлемнің өз ішінде салыстырылып айтылуы.
А.Құнанбаев шығармаларынан мысалдар келтірер болсақ: Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат (Абай, 1-т, 58-б). Ауру да емес, сау да емес, Құрыды әл-қуатым (Абай, 1-т, 39-б).
2) Антонимдердің бір сөйлем ішінде ыңғайласып, кезектесіп қатар жұмсалуы: Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да; Не пайда, не залалды біле алмай жүр (Абай, 1-т, 53-б).
3) Қанатты сөздердің нақты мәтіндерінде бір-біріне қарама-қарсы мағынада жұмсалып, антонимдік қатынасқа түскен сөздер мен сөз тіркестері: Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың (Абай, 6- қара сөзі, 1-т, 315б). Баланың жақсысы –қызық, жаманы – күйік (Абай, 10-қара сөзі, 1-т, 318-бет).
Абай шығармаларында антонимдік жұптардың жасалу жолдары да ерекше. Мәселен кейбір антонимдік қатынастар ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері жалғауының, номинациялық атауға ие сөздердің қатысуымен жасалса: Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас; Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол (Абай, 37-сөз, 1-т, 350-б). Адалды сатсаң арамға (Абай, 1-т, 39-б).
А.Құнанбаев шығармаларындағы антонимдердің енді бір тобы жіктік, тәуелдік жалғауларының қатысуы арқылы жасалған: Алашқа іші жау боп, сырты күлмек (Абай, 1-т, 47-б). Адасқанның алды жөн, арты – соқпақ (Абай, 1-т, 55-б). Ішім өлген, сыртым сау (Абай, 1-т, 98-б
Қарама-қарсы мәндес жұптар бірін-бірі жоққа шығарып, затқа жаңа баға бере алады. Тіл білімінде жүйеленген талдаулар бойынша, Абай шығармаларындағы антонимдік қолданыстардың сын есім мағынасында жасалу сипатын мынадай негізде көрсетуге болады:
– заттың түр-түсін білдіретін антонимдік қолданыстар (ақ-қара): Ынсапсызға не керек, Істің ақ пен қарасы? (Абай, 1-т, 64-б). Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен, Тым жақын дос болуға ыңғайласты (Абай, 1-т, 306-б).
– заттың сапалық сипатын білдіретін антоним сөздер: (жақсы-жаман, кәрі-жас, үлкен-кіші, аз-көп, адал-арам, ақылды-арсыз, ыстық –суық т.б.): Ақымақ көп, ақылды аз, Деме көптің сөзі пұл (Абай, 1-т, 68-б). Жасқа жас, ойға кәрі едің (Абай, 1-т, 202-б). Жақсы-жаман көргенің, Ойлай берсең у екен (Абай, 118-б).
– заттың көлемдік, аумақтық сынын және салмақты білдіретін антонимдер (үлкен-кіші, ауыр-жеңіл): Ауыр менен жеңілдің, Арасымен өтерді? (Абай, 1-т, 80-б). Үлкен-кіші ақының, Бәрі сөз боп терілді (Абай, 1-т, 100-б).
– заттың дәмін, иісін және басқа сипаттарын білдіретін қарама-қарсы сөздер (ащы-тәтті, жағымды-жағымсыз т.б, күйлі-күйсіз): Күйлі, күйсіз бәйгеге, Қажыды көңілім көп шауып (Абай, 1-т, 272-б).
Тақырыпқа сай жұмыс жүргізу барысында Абай шығармаларында етістікті де, есім сөзді де қарама-қарсы мәнді сөздердің мол екендігін байқадық. Айтылған ережелер негізінде қарама-қарсылық мағыналарын аңғартып тұрған сөздер мен сөз тіркестеріне мысалдар келтірелік: Біреу ұқпас, бұл сөзді біреу ұғар (Абай, 1-т, 63-б). Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек (Абай, 1-т, 46-б). Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек (Абай, 46-б).
Қазақ тіліндегі ұғымдық қатынастағы тепе-тең, қарама-қарсы сөздер контекстік антонимдерге негізделеді. Контекстік антонимдер сөйлем ішінде бірыңғай мүше ретінде келіп, динамикалық, қозғалысты орынды білдіреді. Мысалы: Егер қисық көрінсе, Мейлің таста, мейлің күл. Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл (Абай, 86 б). Бүгін-ертең жетем деп, Көңілге алған дәулетке (Абай, 62-б). Татулықты, тыныштықты, Қоңыр көрер, кем көрер.Ұрлық пенен қулықты Қызық көрер, өңі енер (Абай, 77-б). Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар (Абай, 64-б).
Абай афоризмдерінің ерекшелігі – сөздердің лексикалық қолданысында:
ақын мәтін ішінде жақсы-жаман, ұнамды-ұнамсыз, жағымды-жағымсыз сөздерді салыстыра көп қолданып, қарсы мән жасаған. Мәселен: Болмасын кекшіл, Болсайшы көпшіл (Абай, 63-б). Жамандық көрсең нәфрәтлі, Суытып көңіл тыйсаңыз. Жақсылық көрсең ғибрәтлі, Оны ойға жисаңыз (Абай, 85-б).
Контекстуалды антонимдер тіл жүйесінде бір-біріне қарама-қарсы семантиканы білдірмейді, әр алуан тілдік және тілден тыс себептерге байланысты контексте бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Бұнда оппозициялар сөйлеу барысында бір рет қана қолданылады, оларға қарама-қарсы құрылымдардың және қарама-қарсылықтың міндетті түрде болуы қажет. Осыған байланысты олар контекстен тыс екінші рет қолданылмайды. Контекстуалды антонимдерге Абай Құнанбаев шығармашылығынан өте көп мысалдар келтіруге болады: Жоғары-төмен үйрек, қаз Ұшып тұрса сымпылдап (Абай, 57-б). Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, Аңдыстырған екеуін, құдайым-ай! (Абай, 59-б).Үйтіп асқан жолығар Кешікпей-ақ тосқанға (Абай, 62-б). Таңғаламын, қампайып Жоқты-барды шатқанға (Абай, 61-б).
Антитеза (гректің antithesis – қарама-қарсы қою) сөйлемдердің мәнерлілігін ойларды, ұғымдарды, образдарды қарсы қою арқылы күшейтеді. Антитезада, әдетте, екі немесе бірнеше құбылыстардың контрасты салыстырылуы әсіресе қатар тұрған қарама-қарсы мағынадағы лексемалардан айқын көрінеді. Антитеза құрылымдық әр түрлілігімен ерекшеленеді[5,28]. Атап айтқанда, - мен, - бен, - пен және - да, - де жалғаулықтары жиі орын алады. Абай шығармалары бойынша аталмыш пішінге мысалдар келтірелік: Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ, Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін (Абай, 261-б). Ынсапсызға не керек, Істің ақ пен қарасы (Абай, 64-б).
Акротеза (грекше akro – үсті) - қарама-қарсыны теріске шығару арқылы болмыстағы белгілі бір нышандар немесе құбылыстарды мақұлдау[37,320]. Қазақ тілінде теріске шығару функциялары ретінде:
а) емес, едің көмекші етістікті тіркесі : Жасқа жас, ойға кәрі едің (Абай, 202-б).
б) жоқ сөзінің қатысуы арқылы : Алда көрген артта жоқ (Абай, 130-б). Жоқты-барды шатпай ма, Көптің ісі оңбаса? (Абай, 164-б).
Абай бәрінен бұрын, қазақтың әдеби тілінің шынайылығын жан сала қорғады, өлең сөзін әр түрлі тіл безеуден құтқарды, поэзияда тек қана «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын келістірудің» жолдарын нұсқады.
Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу, оның тағылымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүрсе де ғаламдық ой таным дәрежесіне көтерілген Абай Құнанбаев әдеби мұрасының түп қазығы – адамдардың бойына адамгершілік қасиеттерді дарыту, сол арқылы қоғамды түзеу. Қазақ поэзиясында өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі – Абай Құнанбаевтың ұлылығын айғақтайтын басты белгі.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы: Санат, 1993. – 496 б.
2. Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2006. – 264 б.
3.Мусин Ж. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. – Алматы:Мектеп, 1984. – 176 б.
4. Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазақ тілі және тілдік норма – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. – 128 б.
5. Найманбай А.Р.Антонимдік қатынастардың заттық мағынада жұмсалуы // «Шоқан тағылымы-9» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Көкшетау, 2004. – 215-217-бб.
6. Абай Құнанбайұлы. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп... : Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер, - Алматы: Раритет, 2008. – 384-бет. – «Алтын қор» кітапханасы.,
7. Абай (Ибрагим Құнанбаев). Екі томдық шығармалар жинағы. І том. 304-бет.
Аңдатпа
Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу, оның тағылымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүрсе де ғаламдық ой таным дәрежесіне көтерілген Абай Құнанбаев әдеби мұрасының түп қазығы – адамдардың бойына адамгершілік қасиеттерді дарыту, сол арқылы қоғамды түзеу. Қазақ поэзиясында өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі – Абай Құнанбаевтың ұлылығын айғақтайтын басты белгі.
Аннотация
Сегодня мы живем в эпоху стремительного развития и на пути этого развития мы возвращаемся к истокам наследия великих писателей. Исследовать их заново нам диктует само время. Хоть и жил Абай Кунанбаев в тяжелое время, стержнем его произведений является пробуждение в человеке нравственных качеств. Абай Кунанбаев нашел в казахской поэзии особый узор, благодаря этому оставил неповторимый след.Это является доказательством его величия.