Просмотр содержимого документа
«Адамзатты? а?ылманы – ?лы Абай. (?деби кеш)»
«Бекітемін »
Адамзаттың ақылманы – ұлы Абай
(Әдеби кеш)
Ұйымдастырушы:
№ 197 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Нұрмаханова Кәмшат
Қатысушылар: 5, 8, 9, 10, 11 сыныптар
Қызылорда 2015 жыл, 10 қазан
Мақсаты:
Оқушыларды халқымыздың біртуар перзенті Абай Құнанбаев шығармашылығымен таныстыру. Білім мен ғылымға баулу.
Оқушылардың ұлы Абай шығармаларымен жұмыс істеу арқылы өлеңге, әнге, өнерге деген әуестігін, шығармашылық қабілеттерін, көркем сөз шеберліктерін арттыру.
Оқушыларды ұлы тұлғаның өнегелі де өсиетті сөз маржандары арқылы Отансүйгіштікке, имандылыққа, білімді, өнерлі болуға, тілімізді, дінімізді қадірлей білуге тәрбиелеу.
1.Жүргізуші: - Қымбатты ұстаздар мен оқушылар және әдеби кешіміздің қадірменді қонақтары! Сіздер №197 қазақ орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің «Тілім менің ғасырлардан аманат» атты тіл апталығы аясында ұйымдастырылған Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына арналған «Адамзаттың ақылманы – ұлы Абай» тақырыбындағы мерекелік шарамыздың куәсі болғалы отырсыздар. Олай болса, бүгінгі әдеби кешімізге қош келдіңіздер!
Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы.
Абай - ұлы ақын, дана, ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы. Ол өзінің адамгершілік, гуманистік, қоғамдық, эстетикалық ізденістерін бүкіл дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұластырып, өзі де жаңа биік деңгейге көтеріле түсті. Сол арқылы бүкіл адамзаттық идеяларға жол тапты.
2. - Бүгінгі кешімізді ашып беру үшін алғашқы сөзді мектеп директоры Рахымшаева Сабила апайға береміз.
3. Жүргізуші: - Абай ақындықтың басты құралы – тіл деп санаған. Оның ойынша тіл «Өткірдің жүзі. Кестенің бізі», яғни көркем өнердің басқа ешбір түрі тілдей көркем шығарма жасай алмайды. Осындай ұғымда Абай көркем шығарма жазуға кірісерде: «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ»,- дейді. Қазақ тілін көркемдіктің биігіне көтеру үшін Абай бұл тілге араласып жүрген бөтен сөздерден өлеңді аршымақ болады. Оның «бөтен сөз» дейтіні: біріншіден, ауызша фольклорда немесе қазақта жаңа ғана туып келе жатқан жазба әдебиетте белгілі бір пікірге жанасы жоқ жолдардың, сөздердің бытысып жүруі, екіншіден, қазақ тіліне Ислам діні арқылы кірген қазаққа ұғымсыз араб, парсы сөздерінің араласып кетуі.
Осылай жазылған өлеңді ғана көркем деп түсінетін Абай Белинскийше мазмұнға бірінші орын, түрге екінші орын беріп, «Іші алтын, сырты күміс» болсын дейді. Өзі осындай өлеңдерді ғана жазуға тырысады және сол мақсатына жетеді. Олай болса 5 сынып оқушылары Байжан Алдияр, Ысқақова Роза, Қақпан Нұрлыхан, Қарымсақ Ақбөпе, Әбжәми Ділназ Абай өлеңдерін жатқа оқиды.
4. Жүргізуші: - Абай көптеген орыс ақындарының шығармаларын еркін , яғни мазмұнын, образдық ерекшеліктерін сақтай отырып, қазақ оқырмандарына ұғымды етіп аударған. Ол орыс-батыс әдебиетін де көп зерттеген. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, А.И.Крылов, И:А:Бунин, Л.Н.Толстой, Гете, Байрон, Шиллер, А.Мицкевич шығармаларын қазақ тіліне аударған. Және ол түрлі тақырыптарды қамтыды. Ендеше Абай аудармаларына кезек берелік.
9 «А»сынып оқушысы Қырғызбек Иса Абайдың А.С.Пушкиннен аударылған Онегиннің Татьянаға жазған хатын жатқа оқиды.
Ал келесі кезекте 8 «А» сынып оқушылары Кенжебек Аружан мен Серікбай Аружан А.И.Крылов шығармаларын нақышына келтіре баяндайды.
5. Жүргізуші: - Абай теңдесі жоқ ойшылдығымен қатар аса дарынды композитор да болды. Оның шығарған көптеген өлеңдері халыққа кеңінен таралып, әлі күнге дейін айтылып жүр. Ол осы салада өз шығармаларында қазақ поэзиясының «қара өлең» және «жыр» түрлерін байытып, кең пайдаланған. Қазақ поэзиясының өлшемімен ғана қанағаттанбай, орыс және дүние жүзі поэзиясының жетістіктеріне сүйене отырып, өлеңнің жиырма шақты тың өлшемін қосқан. Олардың ішінде: «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем Қаламқас» халықтың ең жақсы әндерінің қатарына қосылып, күні бүгінге дейін зор құрметпен орындалады. Абай әндеріне М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Ғ.Жұбанова, М.Қойшыбаев, Н.Тілендиев, Н.Меңдіғалиев сияқты композиторлар өздерінің әндері мен романстарын жазды. Абай:
Келесі Абай әнін орындаушы 10 «а» сынып оқушысы Төлеген Динара. Шырқалатын ән «Желсіз түнде жарық ай»
6.Жүргізуші: - Ия, бүгінгі әдеби кешіміздің ажарын 10 сынып оқушысы Орынбаева Раушан Абайдың «Ескендір» поемасымен әрлесін демекпіз.
7. Жүргізуші: - Абайдың қара сөздері қазақ халқының аласапыранды тарихи кезеңінің үстінде туды. 1890-98 жылдар Еуропа, Ресей, оған жалғас Қазақ даласының буырқанған, мұңлы күй кешкен кезі болатын. Ресей алғашқы орыс революциясы қарсаңында, қазақ даласы алаш қозғалысының алдында тұрды.
Абай заманы халықтың басындағы ең бір күрделі, қазақ хандығының жүйесі үзілген, елдің санасы сарсаңға түскен, ұлан асу қайшылықты сын кезең еді. Оны сергек сезініп, терең толғаған Абай болды. Осы заманнның күңіренісі мен күйінішін естіп, көру Абайдың даналығын туғызды, қара сөздің тууының басты алғышарты болды. Ақын ұлтын ұйытып, көкірек көзін ашып, оң-солын айырып, замана сұмдығына ұрынбайтын сергек, қабілетті де бірлікті мемлекетке, қуатты мемлекетке айналдырар жол іздейді. Ол өз халқын басқа халықтармен терезесі тең, өркендеген, өскен халық, еркін халық ретінде көруді арман еткен. Әрбір сөзін халық жүрегіне тисе екен деген ниетпен жазған.
Ұрпағымызға рухани бағыт беретін, ұлтын имандылыққа үйрететін Ұлы Абайдың «Қара сөздері» әрбір қазақтың төрінен орын алуы тиіс.
8 «Ә» сынып оқушысы Әшірова Әдемі және 10 сынып оқушылары Тұрсынбек Әнеш, Тұрдықұл Асылхан Абайдың «Қара сөздерін» бізге жеткізсін.
8. Жүргізуші: - Келесі кезекте мектебіміздің 11 «Ә» сынып оқушылары Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы бойынша мектеп сахнасы үшін жазылған әдеби-сазды шағын қойылым көрсетпек. Қабыл алыңыздар.
9. Жүргізуші: - Ия, бұл қойылымнан түйгеніміз, Абай интернатта оқып жүрген қазақ балаларына елжірей қарап, жас буын, жас өркендер осылар деп қуанады. Ол ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірімен сабақтастыра қарап, бұл екеуінің тамыры, түбі бір деп санайды.
Сонымен кеш соңында айтарымыз, Абайдың әдеби мұрасының дүниежүзілік мәні – оның өз шығармаларында туған халқының мүддесін, түпкі мақсат-мұратын айқын көрсете отырып, жалпы адамзаттық құндылықтарды жете бағалай білген ұлы ақынға тән суреткерлік дарындылығынан, кемеңгер ойшылдығынан айқын танылады.
Сіздер мектебіміздің 5, 8, 9, 10, 11 сынып оқушыларының қатысуымен «Адамзаттың ақылманы – ұлы Абай» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен өткен әдеби кешімізге куә болдыңыздар. Зейін қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет айтамыз.