Просмотр содержимого документа
«Сырбай - сыршыл ақын»
19.09.2016 ж.
Cырбай – сыршыл ақын
(Ақын Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы)
Сабақтың мақсаты:
Білімділік:
Қазақ лирикасының классигі Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы баяндау, сырбаз сыршылдық пен сымбатты суреткерлік өлең өрнегімен, ақынның соғыс тақырыбындағы толғаныстарымен таныстыру, табиғат бояуларын өзек еткен жырларының ерекшілігі мен мәнін ашу.
Дамытушылық:
Оқушыларды ақын өлеңдерінің эстетикалық-рухани құндылықтарымен тыныстыру, ойлау қабілетін дамыту барысында өлеңнің негізгі идеясы, көркемдігіне талдай білуге, өлеңдерінің мазмұнын ұғынуға жағдай жасау.
Тәрбиелік:
Ақын өлеңдері арқылы туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке, патриоттыққа, ана тілін құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: слайд, интерактивті тақта, бейне–сюжет, ақын суреттері, қанатты сөздері, кітаптары.
Барысы:
Хор. Соғыстан қайтқан солдаттар»
Бұл әнде ананың баласын іздеген зары. Бұл әнде әкесін күткен баланың сағынышы. Адамзат үшін соғыстың жүрекке салған жарасы естіледі.
Жүргізуші :
- Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар. Бүгінгі әдеби кешіміз осы әннің сөзін жазған, соғысқа қатысқан майдангер, соғысты көзімен көріп, әр өлең жолынан қан майданның оқ–дәрісінің исі мүңкіп тұрған ақынымыз - Сырбай Мәуленов жайлы болмақ.
Қазақ даласы қашан да таланттарға әсте кенде болмаған. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне өзіндік қолтаңбасымен келген үлкен тіректі тұлғаның бірі –Сырбай Мәуленов. Сырбай қазақ поэзиясында оқырманды нағыз сыршыл сезімімен де, ойымен де, көркемдік бейнесімен де бірден баурап алатын шынайы поэзияның орнығуына ықпал ете білген ақын.
Өлеңім сырласатын серігімсің,
Өзіммен бірге жасар өмірімсің.
Адамзат жүрегіме үңілгенде
Әр уақыт сен арқылы мені білсін,- деп, ақынның өзі айтып кеткендей, бүгін Сырбай ақынның өлеңдері арқылы сырлы өміріне жол ашпақпыз. Өлеңдерінің ерекшелігі, ішкі мазмұны, тақырыбы жайлы тоқталмақпыз.
«Қазақ тілі» өлеңі.
Жүргізуші :
«Қара бүлттардың көз жасындай қара жаңбыр құйып тұрған күз таңында дүниеге келіппін, - дейді ақын өз естелігінде.- Әкем - өлең құмар, өз бетінше ескіше хат таныған адам еді. Сол мен туған күнді 1922 жыл, 17 қыркүйек деп көкірегіне түйіпті.
Сол жылы жоқшылық айдап, біздің үй Торғайдан толқындай төңкеріліп, Қызылжыңғыл құлаған екен. Атымды Сыр бойында туды деп Сырбай қойыпты.
Келесі жылы жазғытұрым біздің үй қайтадан Торғайға көшіп кетіпті.
«Менің кіндік қаным тамып, кең дүниеге көзімді ашып, қараған жерім Қызылжыңғыл да, нәресте ойымды бала қиялымды тербеген бесігім, табиғаттың таза ауасын, жазық даласын, өзен – суын алдыма тосқан, алғаш маған өмір есігін ашқан, білім босағасын аттатқан, қасиетті шаңырағым – Торғай бойы, Тосын тоғайы», - дейді ақын. Ендеше ақын туған жерін қалай жырлады.
«Торғай, сенің кішкене өзенің»
Тыңдап көрейік.
Жүргізуші :
Сырбай Мәуленовтың жастық шағы , бозбала кезеңі бүкіл халықтың басына түскен ауыртпалық - сұрапыл соғыспен тұспа–тұс келді. Сол соғыстың алдында ол Қостанай өңіріндегі «Жаркөл» стансасынан Отан алдындағы борышты міндетін атқару үшін әскерге алынып, Дондағы Ростовтан бір-ақ шыққан болатын. Сол кездің өзінде–ақ болашақ ақынның жыр жолдары жас жүрегінде ұшқын ата бастап еді.
«Он сегізде әскермін» өлеңі»
Жүргізуші :
Бұл -1940 жылдың қазан айында Дондағы Ростовта жазылған өлең.
Ақынның өзі айтқандай «болаттай шыныққан» бозбала Отан алдындағы міндетті әскери борышын абыройлы атқарып елге оралған бетте, жайнаған жаз айында ойда–жоқта сұрапыл соғыстың от-алауы бұрқ ете қалады.
Міне, осы сәттен бастап , бейбіт өмірдің бей-жай күйін, алаңсыз кескін-келбетін кестелеп, өз өлеңіне арқау етіп жүрген жас ақынның жырлары туған елден қан майданға аттанған алғашқы сәттен бастап–ақ, мүлде бөлек күй кешіп, ерекше бұлқынысқа ие болды.
Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ретінде Сырбай Мәуленовтің шығармашылығында соғыс тақырыбы үлкен орын алады. Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме өшпейтін таңбасын түсірді», - дейді ақын. Ендігі кезекті осы майдан жырларына берейік.
«Жорық жылдың хаттары»
«Санитарка»
«Окоп»
Жүргізуші :
«Жаркөлден» жол тартқан эшелононы Волхов майданынан бір-ақ шығарады. Осы сәттен бастап, ақынның өлең–өмірі Волхов даласымен біте қайнасып, қан майданның қатал суреті, қаһарлы бейнесі бір сәт қағыс қалған емес. Көзі көрген оқиға - көңіл–күй сезімдері жан түкпірінде шиыршық атып, от-жалынмен араласып, өлең болып өріліп, жыр боп төгіліп жатты.
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Я өліп, я болмаса өлтіретін.
Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған,
Жандыратын, болмаса сөндіретін.
Кезекті өлеңдеріне берейік.
«Түбірлер»
«Соғыс жайын сұра сен»
«Солдат күрегі»
«Түтік»
«Күлге айналған ормандар»
Жүргізуші :
Міне, ақын майдан тақырыбын осылай жырлады. Сырбайдың әр өлең жолынан соғыстың жанды суреті елестейді, жалынды жүрек үні естіледі.
Соғыстан соң Сырбай ауа, күн, жел, тау, тас, өзен–көл - жалпы, туған табиғат туралы көп толғанып, поэзия әлеміне парасатты, көрікті жырлар ұсынды. Табиғат ақынның жүрегін оятатын, сұлу сезімге бөлейтін, қиял құсын қияға ұшыратын шабыттың шақпақ оттарының бірі. Мәселен, сұлулық символы аққайыңды қалай жырлайды,
«Ақ қайың» өлеңі
Жүргізуші :
Жеңіл өлең–желдірме сөз, бояуы қанық емес, бейнесі анық, құнды құдіретінен гөрі, құрғақ сүгіреті басым бейнеден гөрі бұл қайыңның сыры да, сымбаты да, болмысы да бөлек. Сырлы жанды сурет, тың теңеу, ақ қайыңға жан бітіріп, туған табиғатынан ажырағысыз, келісті кескін, көркем келбет сыйлайды.
Сырбай жырларын қазақ даласының көркем шежіресі деуге болады. Өйткені, қазақ жерінде ол жырламаған өзен–көл жоқ. Сырбай жырлаған сол өлкенің табиғатына тіл бітеді. Ендеше, дала табиғаты жайлы өлеңдеріне кезек берейік.
«Жасыбай көлі»
«Туған жерім аспандай сен байтақсың»
Тау өзендері
Арқалық
Қызылорда
Жүргізуші :
Арқалы ақын Қазақстанның аумағынан шығып, өзге елдердің өзен-көлдеріне, тау-тасына, жалпы табиғат көркіне, оның азаматтарына өлеңнен өрнек салып, көркем ойдың көкжиегін кеңейте түседі. Оның «Түркменстан туындылары», «Белорусь дәптері» сынды қиялдары шын шабыттан шыққан шырайлы жырлар.
«Жарқын бейне»атты бейнесюжетке назар аударыңыздар.
Жүргізуші :
«Арманым жоқ көкірегімді кең ашып,
Туған елге тарту етсем барымды» - деп ақын артына өшпес із қалдырды. Жалынды жырларын жұртына тастады. Бүгінде Сырбай Мәуленовтің көптеген жыр жинақтары жарық көрген. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген.
Жыр жинақтары:
«Шаңқай түс» (1966)
«Жалын» (1979)
«Жаңбырсыз күз» (1980)
«Шуақ» (1981)
«Күзгі бұлттар» (1987)
«Қысқы жаңбыр» (1988)
«Ақшамның қызыл қанаты» (1994)
«Алып кетіп барамын» (2003)
«Ақ түн» (2003)
«Ұшқан ұяда» (2012)
Бұл жыр жинақтарда ақынның таңғы шықтай таза, өрнекті өлеңдері топтастырылған.
«Менің Республикам»
Жүргізуші :
Қорыта келгенде,
Қазақ әдебиетінің поэзия саласына тұтас бір майдан сарынын алып келген, даладай дарынды ақын Сырбай Мәуленов өлең өлкесінде өшпес із қалдырды. Осы орайда қуатты қаламгер Әбіш Кекілбаевтың мына бір ғибратты сөзі еске түседі:
«Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз. Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының болмысында міндетті түрде Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар десем асыра айтқан болмаспын. Сырбай- тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс. Бұл тұрғыдан келгенде Сырбай - қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі»
Осымен, Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығына аоналған әднби кешіміз тәмам. Келесі кездескенше қош сау болыңыздар.