Просмотр содержимого документа
«Салауатты ?мір салтын д?ріптейік! »
Тақырыбы: Салауатты өмір салтын дәріптейік!
Мақсаты: “Қазақстан – 2030” бағдарламасында көрсетілгендей өркениетті елдің әрбір азаматтың денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы үшін зиянды әдет ішімдік, нашақорлық, шылым шегушіліктен сақтандыру, олардың денсаулыққа, болашақ ұрпаққа жау екендігін түсіндіру.
Тәрбиелік мәні: зиянды заттардан аулақ болуға, денсаулық
және дене тәрбиесін дұрыс сақтауға тәрбиелеу.
Барысы.
Халқымыздың алаулап оттай жаны,
Қанымызда қаншама кек қайнады.
Еркін елміз біз бүгін ерікті елміз
Көтерілген көгінде көк байрағы,– деп ақындар жырлағандай еліміз
еркіндік алып, өз алдына отау тігіп, ерікті ел, тәуелсіз мемлекет болдық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан-2030” стратегиялық даму бағдарламасындағы халқына жолдауында “Қазақстанның әрбір азаматының денсаулығы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы тиіс” деп атап көрсеткен.
Сол бағдарламаға орай бүгінгі мектебімізде өткізілген “ Салауатты өмір салтын дәріптейік!” атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың мақсаты – “Бірінші байлық - денсаулық” деп дана халқымыз айтқандай болашақ еліміздің әрбір азаматын зиянды әдет ішімдік, нашақорлық, шылым шегушіліктен сақтандыру, олардың денсаулыққа болашақ ұрпаққа жау екендігін түсіндіру, өркениетті елімізге лайықты зиянды әдеттерге қарсы күресетін білімді тұлға тәрбиелеу.
Жігерің бар,талабың бар,қайратың,
Мақсат тұтсаң қанатың бар талмайтын.
Өз-өзіңді ұстай білсең тартынып,
Өмірің бар алда әлі солмайтын,– дей отырып, жаман әдеттен
жирендіретін, денсаулыққа зиянды әдеттерге байланысты мақал-мәтелдер мен ұлағатты сөздер айтайық.
1-оқушы:Сақ жүрсең, сау жүресің.
2-оқушы:Ұйқы тынықтырады,
Жұмыс шынықтырады.
3-оқушы:Денің сауболса,
Жарлымын деме.
Жолдасың көп болса,
Жалғызбын деме.
4-оқушы:Тыста ұзақ жүргенің –
Ұзақ өмір сүргенің.
5-оқушы:О.Б.Лепешов:Дене шынықтыру мен спорт ағзаның жалпы іс қабілеттілігін көтереді, адамның шат көңілді болуына жәрдемдеседі,ал бұл ұзақ жыл өмір сүрудің міндетті шарттарының бірі.
6-оқушы:М.Я.Мудеров:Денсаулықты сақтау үшін,ал онан да абзалы жиі ауыра берудің алдын алу үшін дене жаттығуларын жасаған немесе қозғалыста болған жақсы.
7-оқушы:А.Шопенгауэр:Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты.
8-оқушы:Ибн Сина:Дене құрылысының үйлесімін бір қалыпты ұстау дегеніміз – тағам мен сусынды талғау,дәрет тәртібін мұқияттау,киім мен ауа тазалығын сақтау,дене мен рух бірлестігін естен шығармау,ұйқы тәртібін бұзбау.
9-оқушы:Т.К.Карлейль:Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі.
10-оқушы:Елемеген ауру жаман,
Ескермеген дау жаман.
11-оқушы:Іздеп алған аурудың,
Емі табылмас.
12-оқушы:Демі бардың – емі бар.
13-оқушы:Сырқат – тән жарасы.
Қайғы – жан жарасы.
Салауатты өмір салтын қолдайық!
Әдеттен жаман әманда аулақ болайық!
Өз өмірің өз қолыңда, ей жастар,
Су ішпеген гүлей болып солмайық!
Ендеше денсаулық туралы «жеті өсиетті» талдайық.
ерте тұру;
орта тазалығын сақтау;
дене шынықтыру;
үнемі денені таза ұстау;
үнемі сергек жүру;
артық тамақ ішпеу;
көп ұйықтап жалқау болмау.
Зиянды әдеттердің алдын алу шараларын дәріптейтін көрініс көрсету.
Көріністер көрсетіледі.
Дүниеде дерт боп әркез жетеді,
Әдет болып жаман нәрсе кетеді.
Жаман әдетке жақ болсаң,
Өмірің қор боп өтеді.
1-ситуациялық сұрақ: Бір спортшы өзі әйгілі,жақсы,жұртқа танымал,бірақ табыс көзі онша болмайды.Енді ол отбасын асырау үшін арақ зауытына жұмысқа тұрады. Алғашқы кезде жақсы табыс тауып жүреді. Кейіннен ол аз-аздап ішіп,араққа бойы үйреніп кетеді. Енді жұмысты тастайын десе,ақша керек,тастамайын десе,ішіп қоя береді. Ситуациядан қалай шығуға болады?
2-ситуациялық сұрақ:Темекі тартпайтын планетадан келген қонаққа темекі деген не және оны адамдар не үшін тартатыны жайлы түсіндіру қажет.
(Қонақтың рөлін бір оқушы ғана орындайды,қалған оқушылар темекі туралы түсіндіреді).
3-ситуациялық сұрақ:Сенің достарыңның бәрі темекі шегеді.Ал сенің темекі шеккің келмейді,сол үшін олар сені шеттете бастайды. Сен олардан бөлініп кете алмайсың. Не істер едің, әлде қойдырудың жолын іздестірер ме едің?
4-ситуациялық сұрақ: Сіздің қол астыңыздағы жұмысшыңыз күнде спирттік ішімдік ішетіндіктен өз жұмысын орындай алмайды, себебі ол түскі үзіліс кезінде де ішеді. Ол жаңа ғана түскі үзілістен ішіп келіп тұр. Не істейсіз?
Шешілмейтін жұмбағы,сұрағы көп
Бұл өмірге келген соң бір-ақ рет,
Қалу керек өмірдің бұлағы боп,
Қалу керек өмірдің шуағы боп.
Денсаулықты сақта, түзу өсесің,
Күнәдан пәк жаннат өмір кешесің.
Көрген күнің қараң ғой дерт шалса,
Харамменен тәніңді улап не етесің?
Жаман әдет көп шектірер қасірет,
Сақта өзіңді жақсылыққа жетесің!
«Денсаулықтың он құпиясы»
1. Денсаулықтың алғашқы құпиясы - негізі дертке бой алдыру адамның санасында қалыптасады. Сана қуаты кез-келген науқасты жеңіп, мықты денсаулыққа кепіл бола алады. Қандай болмасын дертті санаға қабылдамау - ол аурудың таптырмас емшісі.
2. Денсаулықтың екінші құпиясы - дем. Яғни, өлім мен өмір арасындағы айырмашылық тыныс алуда жатқандығы шындық.
3. Денсаулықты сақтаудың үшінші құпиясы - денені шынықтыру бойдағы күш-қуатты арттырады. Тұрақты түрде жасалған дене жаттығулары қан айналысын жақсартып, өкпе және жүрек қызметін бекемдейді.
4. Ауырмаудың төртінші құпиясы-дұрыс тамақтану. Мықты денсаулықты толыққанды тамақтанусыз елестету мүмкін емес. Адам денсаулығы не жегеніне және қалай тамақтанғанына тікелей байланысты.
5. Денсаулықтың бесінші құпиясы-күлкі-мәңгілік емші. Күлкі дертті жеңілдететін, ауру атаулыға шипа өте әсерлі, бірден-бір дауа.
6. Аурумен күрестің алтыншы құпиясы-демалыс. Егер ми мен дене демалысы үйлесім таппаса, мықты денсаулық болуы мүмкін емес.
7.Денсаулықтың жетінші құпиясы - дұрыс жүру. Денсаулық үшін дұрыс әрі түзу жүрудің маңызы зор. Дұрыс жүре алмау қанның еркін айналысына кедергі келтіреді, жүйке жолдарын бітеп ауруға шалдықтырады.
8. Сегізінші құпия - қоршаған ортаның саулығы. Таза ауа мен күннің көзі қоршаған ортаның шартты белгілері. Егер табиғатта жұмыс жасамайтын болсаңыз, онда табиғатты жұмыс орнына орнатыңыз. Айнала қоршаған орта мен қоғамдық орынды күтіп ұстаңыз.
9. Денсаулықтың тоғызыншы құпиясы - сенім. Сенім мүмкін емес жағдайды шындыққа айналдыратын рухани күш. Сенім адамды құдыретті күшпен байланыстырады.
10. Денсаулықты сақтаудың ақырғы оныншы құпиясы-сүйіспеншілік. Махаббат барлық құбылыстың тірелетін тұсы, жауабы. Сүйіспеншілікке қол жеткізу үшін, өзгелерді сүйіспеншілікке бөлей біл.
Жұмбақ жасыру, жұмбақ өлең.
Дымқылдап күнде сен Қолыңды сүйкесең Кетіп кір, ласың Тап - таза боласың. Бұл не? (сабын) Шомылған баланы Аймалап алады Сүртеді қолын да Сүртеді жонын да Бұл не? (сүлгі)
Аузы жоқ, көзі жоқ Тілі жоқ, сөзі жоқ Бірақ та тісі жоқ Басыңмен ісі бар Бұл не? (тарақ)
Қорытынды
Денсаулық ол – шыныққан
Барлық денең мүшесі.
Денсаулық ол - тыныққан
Жүйке тамыр жүйесі.
Денсаулық ол - күлуің
Көңіл – күйің жадырай,
Денсаулық ол – жүруің,
Ешбір жерің ауырмай.
Қара айнаға, көресің
Өзіңді – адам денесін.
Қол - аяғың, басың бар,
Бұған кеуде қосылар-
Құрылысың бұл сыртқы.
Көрінбейді жүрегің,
Өкпе, миың, бүйрегің-
Құрылысың бұл ішкі.
Сымбат - мүсін дегенің
Бітім – көркі денеңнің.
Сымбат – жүру әдемі,
Дене қалпын тік ұстап:
Көтеріп сәл кеудені,
Иық жазып дұрыстап.
Түзу отыр, қисаймай,
Бүкіреймей, жантаймай.
Күш сап бас пен арқаға,
Жатып алма партаға.
Қадірлі ұстаздар және оқушылар! Міне бүгін «Салауатты өмір салтын дәріптейік!» атты ашық тәрбие сағаты аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! Баршаңыздың дендеріңізге саулық тілейміз! Жаман әдеттерден аулақ болыңыздар жас достар!