Өзiн-өзi тану сабағының жоспары
Мектеп:Х.Доспанова атындағы № 30 ЖОББМ
Мерзiм: 11.04.2018ж
Тақырып: № 29сабақ «Халықтың рухани мұрасы-даналық көзі» (1-сағат)
Құндылық: Ақиқат
Қасиеттер: қарапайымдылық,ізденімпаздық,шыншылдық
Мұғалiм: Елешова Г.І
Сынып: 5 д Оқушылар саны: 20
Сабақ мақсаты: Оқушыларға халықтың рухани мұрасындағы даналықтың маңызын түсіндіру арқылы ақиқат құндылығының мәнін ашу. Міндеттері: -оқушыларға айнала қоршаған ортаға жақсылық жасай отырып, шыншылдыққа үйрету. - оқушыларды халық даналығы туралы түсіндіре отырып, ізденімпаздық дағдыларын дамыту. -оқушыларды халық даналығының негізінде қарапайымдылыққа тәрбиелеу. | Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер) Әдебиет, музыка,оқулық, дәптер, фотосуреттер, үнтаспа |
Сабақ барысы: Ұйымдастыру кезеңi. Оқушылармен амандасып, «Өзін- өзі тану» сабағының ережесін «5-Т» қайталау Оқушылардың оқу құралдарын «5 затты» тексеріп, ұпайларын түгендейміз. Тыныштық сәті Нұрға бөлену Үй тапсырмасын тексеру №29, Болат Көмеков пен Самат Өтениязовтың «Талаптың тұлпарын ерттеген шақ» әңгімесі Сұрақтар: -Білім адамды қандай мақсат-мұраттарға жеткізеді? - Шоқанның бойынан қандай жақсы қасиеттерді байқадыңдар? - Шындыққа жетудің қандай жолдары бар және қандай қасиеттер керек деп ойлайсыңдар? | Сабақ барысын талдау Оқушылардың зейіні сабаққа ауады, қарым-қатынас орнайды. |
Дәйексөз. «Ең басты қажеттілік – ақиқатты тани білу» Г.Гегель - Адам бойындағы қандай қасиеттер ақиқатқа жетелейді? | Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831ж.ж) неміс философы. |
Әңгiмелеу (мұғалімнің сыйы) Аңыз: «Ұстаздың шәкірттерін сынауы» Баяғы заманда бір данышпан өз шәкірттерін шақырып алып: - Мені кәрілік жеңіп келеді, қауқарым жоқ. Енді сендер мені асырауларың керек,- дейді. Шәкірттері ұстаздарының айтқанымен толық келіседі. Бірақ: - Біз тамақ пен ақшаны қайдан аламыз. Көршілер көмектесе қояр ма екен?! - Мен сендерге «қайыр сұраңдар»деп отырған жоқпын. Рұқсатсыз ала беріңдер,өйткені олардан гөрі ақшаға біз көбірек мұқтажбыз.Сондықтан ол -күнә емес. Сөйтіп,ұстаз шәкірттерін байлардың ақшасын білдірмей алу жолдарын түсіндіреді.Бірақ ол шәкірттеріне ешкімді ренжітпеуді өтінеді. Барлығы жорыққа аттанбақшы болып жатқанда,біреуі үнсіз төмен қарап тұрып қалады. Ұстазы одан: - Не болды? Өз ұстазыңа көмектескін келмей ме? - деп сұрады. - Ғапу етіңіз,Ұстазым! Сіздің айтқаңызды істей алмаймын. Сіз біреудің затын ешкімге білдірмей ұрлап ал деп отырсыз.Ол мүмкін емес,ешкім білмесе де өз ұрлығымды ішім біліп тұрады ғой.Одан да қайыр сұрағаным жақсы. - Мен сендердің жан дүниелеріңнің адал болғанын қалап едім.Адамның қарны ашқаны ештеңе емес,оның жан дүниесі аш болмауы керек.Сондықтан ар-ұждан дауысына құлақ түріп жүріңдер. Әйтеуір біреуің түсіндің-ау! Қалған шәкірттері бұл сөзді естіп,жерге қарайды. 1.Неліктен данышпан өзінің шәкірттерін сынады? 2. Шындық бар жерде,ақиқат жүреді деп ойлайсыздар ма? 3. Қандай да бір іс-әрекетеріңізге іштей мазаланған кездеріңіз болды ма? | |
Шығармашылық жұмыс, топтық жұмыс Оқушылар үш топқа бөліп жағдаяттар беру 1 – топ: «Даналық» 1-жағдаят.Анар таңертең бақтағы қызыл-жасыл гүлдерді ұзақ қызықтап жүріп қалады да, сабаққа кешігіп барады. Мұнын себебін сұраған мұғалімге Анар «Мен сағат неше болғанан байқамай қалыппын»,-деп айтты. - Анардың орнында сендер болсаңдар,не айтар едіңдер? 2 – топ: «Руханилық» 2-жағдаят.Жандостың компьютерде көп ойнап қалуына байланысты математикадан есеп шығаруға уақыты қалмады. Мұнын себебін сұраған мұғалімге Жандос «Басым қатты ауырып, есепті шығара алмадым»,-деп айтты. - Жандостың орнында сендер болсаңдар не айтар едіңдер? 3 – топ: «Ізгілік» 3-жағдаят.Қуатты анасы дәріханадан дәрі әкелуге жұмсады. Қуат аулаға шыға салвсымен достарын кездестіріп, олармен бірге ойнап кетті.Анасының тапсырмасы үйге кіргенде есіне түсті.Ол анасына: «Дәріхана жабық тұр екен»,-деп айтты. - Қуаттың орнында сендер болсаңдар, не деп жауап берер едіңдер? | |
Топпен ән айту. МЕЙІРІМДІ БОЛАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН Сөзі:С.Қалидікі Әні:Қ.Мақандікі Көктем етіп көркейтсе де маңайын, Көріп жүрміз өкпешілдің талайын. Өшігуді қояйықшы өзгеге, Кешірімді болайықшы, ағайын! Көк нөсерін көл етсе де жауындар, Көк пен жерді сел етсе де дауылдар. Пейілдерді пенделікпен тарылтпай, Мейірімді болайықшы, бауырлар! Болашаққа қол ұстасып барайық, Ақиқаттың ауылын іздеп табайық. Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз, Кішіпейіл болайықшы, халайық! Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп, Сонда дағы бөлінумен шаршап ек. Өзімізге қалайтұғын нәрсені, Тілейікші өзгеге де, болса деп! | |
Үй тапсырмасы. №30 сабақтағы 131-132 беттегі Наурыз мейрамы әңгімесін оқып келу | |
Соңғы тыныштық сәтi. Баяу әуен қойылады. Оқушылар денесін, басын тік ұстап, көзін жұмып отырады. Мұғалім жәй дауыспен: Көздерімізді жұмамыз, бүгінгі өткен сабақты ой елегінен өткізіңдер, бұл сабақ сендердің өмірлеріңе сабақ болсын, тек жақсы, шындық нәрселер ойлауға тырысыңдар, сонда ғана айналамыз жақсылыққа, шындыққа толары сөзсіз. Енді көздеріңізді ашсаңдар да болады. | Оқушылар тыныштық сәтіне көздерін жұмып отырады.Сабақтан алған әсерлерін қорытындылайды.Сабақтан жақсы көңіл-күймен шығады. |