Просмотр содержимого документа
«Тәрбие сағаты "Театр және кино майталмандары"»
Шәкен Кенжетайұлы Айманов (1914 ж. 15 ақпан — 1970 ж. 23 желтоқсан) — қазақтың әйгілі актері, режиссер.1964ж КСРО-ның халық артісі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Айманов Шәкен (Шаһкерім) — актер, режиссер, КСРО халық артисі (1964). Болашақ актер 1914 ж. 15 ақпанда қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Ол кішкентай кезінен жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап өскен. Ауыл мектебін бітіріп, (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Семей мұғалімдер техникумында оқып жүргенде 1932 ж. Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. Айманов 1932 – 33 жылғы маусымнан театрға жұмысқа қабылданды. Ол алғашында бірқатар рөлдерді ойнады. Көп ұзамай классикалық пьесалар бойынша қойылған спектакльдерде басты рөлдерді шебер орындауымен көпшілік көзіне түседі. Әсіресе оның орындауындағы Ақан сері, Қобыланды, Сатин, Петруччо, Отелло рөлдері ұлттық театр тарихында өшпес із қалдырды. Айманов актерлік өнерімен қатар режиссерлік шығармашылықпен де айналысып, спектакльдер қояды. 1947 – 51 ж. қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. «Абай әндері» (1945), «Жамбыл» (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953 – 70 ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968). Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған «Атаманның ақыры» (1970) фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 – 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты.1970 ж. 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады; Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған. Театр Театр өнерімен әуестеніп, 1933 ж. Қазақ драма театрының құрамына алынады. Осы театр сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, актерлік шығармашылығын шыңдады. Театрдың бас режиссері болды (1951). Ол М. Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім («Абай»), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, «Исатай — Махамбет») бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, «Асауға тұсау»), Уәлиханұлы және Тихон (Островский, «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Сатин (Горький, «Шыңырауда»), Шадрин (Погодин, «Мылтықты адам»), Кидд (Лавренёв, «Америка дауысы»), Бетт (Дж. Гоу мен А. Дюссо, «Терең тамырлар»), Хлестаков (Гоголь, «Ревизор»), Кривенко (Чирсков, «Жеңімпаздар»), Гельпак (Ф. Вольф, «Профессор Мамлок») бейнелерін сомдады. Ш. Айманов қойған «Абай» спектакліне 1952 ж. КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1968ж Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы алған Ш. Айманов актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер. Шәкен аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі.[1] Кино 1953 ж. бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті.КСРО және ҚазССР-інің халық артисі. Қазақ кино өнерінің негізін салушылардың бірі. Айманов режиссер ретінде «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры» және басқа фильмдерді түсіріп, Н. Ф. Погодиннің «Мылтықты адам», «Таланттар мен табынушылар», М. Әуезовтың «Абай» спектакльдерін театр сахнасына шығарды. Актер ретінде «Абай әні», «Жамбыл» т. б. фильмдерде ойнаған. «Абай әні» фильмінде Абайдың шәкірті, жас ақын Айдардың бақталасы Шәріп бейнесін сомдады. Ол КСРО және ҚазССР-інің Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.[2] Шәкен кино саласында да осы ұстанымдарын шебер пайдалана білді. Оның «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Дала қызы» (1954), «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Алдар Көсе» (1965), «Туған жер» (1967), «Атаманның ақыры» (1970) фильмдері қазақ кино өнеріне көркемдік төлтумалық дарытқан өміршең туындылар.
Әнуарбек Молдабекұлы (20.5.1938, Алматы облысы Іле ауданы – 9.8.1985, Алматы) - қазақ өнерінің аса ірі тұлғасы, көрнекті театр және кино актері, Қазақстанның халық артисі (1976), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1967). Алматы облысының, Іле ауданына қарасты Комсомол совхозында 1938 жылы туған. Әке-шешесі Андрей деп ат қойған. Бірақ кейіннен жұрт Әнуарбек, одан кейін Әнуар деп атап кетті. Жастайынан өнерге бейім болған ол әнші болуды армандады. Дегенмен кейіннен өмір ағысы оны актерлікке алып келді. 1956 ж. консерваторияның драма бөліміне түскен. Алайда ол жерде бір оқытушының көңілге қонбайтын бір әрекетін бетіне басқаны үшін оқудан шығып қалған. Оған жасымаған Әнуар Әзірбайжан Мәмбетов «Жаңа студия ашып жатыр екен» дегенді естіп, сонда барған. 1958 ж. түсіп, екі жылда бітіріп шығады. Әнуардың сахнадағы алғашқы өмірі Қарағандыда басталды. Сонда жүріп өзімен бірге оқыған дарынды актриса Баян Имашеваға үйленді. Екі қыз, бір ұл сүйді. Сол Қарағандыда жүріп-ақ көптеген рөлдерді сомдады.
1964 ж. Алматыға оралып, М. Әуезов театрына жары Баян екеуі орналасты. Ірі талант иесінің қалған өмірі осы Алматыда жалғасты. Сахнада Әзірбайжан Мәмбетов, кинода Шәкен Айманов секілді ірі тұлғалар Әнуарды өздеріне жақын тұтты. Табиғи талант екенін тани білді. Оның есімі халық арасында 1965 ж. «Ән қанатында» фильмінен кейін таныла бастады. Жалпы, кинодағы ақын Мұсаның (Иса Байзақов) рөлінде ойнауға көптеген актерлер шақырылды. Алайда ол орынға С. Сейфуллин атындағы Қарағанды театрының әлі кеңінен таныла қоймаған актері Әнуар Молдабеков таңдап алынды. Алғашқы роль - алғашқы жеңіс. Мұсаның бейнесі ерекше сәтті шықты. Осы үшін Әнуар аға Молдабеков Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол осы Мұсаны алғаш ойнағанынан-ақ өзінің алысқа баратынын, талай шыңға шығатынын танытты.
1970 ж. Республиканың еңбек сіңірген артисі, артынан халық артисі деген атаққа да қол жеткізді. Бірақ бұл жерде Әнуардың сахна мен кинода жүріп алған атақтарына тіреліп тұрған ештеңе жоқ, халық оны «Ән қанатындағы» Мұса арқылы, «Қан мен Тердегі» - Еламан, «Қыз Жібектегі» - Шеге арқылы кеңінен білді. Тіпті «Қыз Жібек» фильмінен кейін оны біраз уақыт халық Әнуар деудің орнына Шеге деп атап жүргені де белгілі.
Одан басқа А. Чеховтың «Ваня ағайындағы» бас кейіпкер Иван Войницкий ролін ойнаған. Бұл спектакль Мәскеуде де үлкен жетістікке жетті, жылы лебіздер айтылды.
Фильмдері
«Қыз Жібек» «Қан мен Тер» «Ән қанатында» «Өтелмеген парыз» «Әпкем менің Люся» (1985)
Қызық жайттар
«Қыз Жібек» фильмінде Әнуарға алдымен Төлегеннің, сосын Бекежанның ролін берген. Кейін Шегеге лайық актер табылмаған соң, ақынжанды, жаны нәзік Әнуарды сол рольге бекіткен. Сол Шегенің роліне дайындалып жүріп, домбыра үйренемін деп төрт домбыраны шаққан көрінеді.
Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин (1875 жыл, бұрынғы Уфа губерниясыСтерлитамак уезі — 14.05.1926, сонда) — қоғам қайраткері, 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыс жетекшілерінің бірі.
Өмірбаяны
Орынбор гимназиясында орта білім алып, Мәскеу университетініңфизика-математика факультетін және Санкт-Петербург университетініңзаң факультетін (1889) бітірген.
1905 жылдан бастап патша өкіметіне оппозицияда болған саяси күштердің қызметіне араласқан.
“Автономияшылар одағын” құруға тікелей атсалысып, 1905 жылы 19 қарашада өткен автономияшылдар съезіне қатысты.
Кадеттер партиясына (“Халық бостандығы”) мүшелікке өтті.
Бірінші орыс революциясы жылдары бүкілресейлік мұсылмандар съезін өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды.
Бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезінде “Ресей мұсылмандары одағы” (“Иттифақ ул-муслимин”) ұйымының ОК құрамына сайланды.
Бірінші Мемлекеттік думаның мүшесі болды. Онда мұсылман фракциясының құрамына кірді. Выборг үндеуіне қол қоюшылардың қатарында болды. Сол үшін патша өкіметі тарапынан айыпталып, 3 ай абақтыда отырды.
Жантөрин өз қаражаты есебінен “Ғалия” медресесіне жәрдем ретінде 20 мың сом қаржы бөлді. Түрлі оқу орындарында оқитын қазақ жастарына көмек көрсетіп тұрды. 1911 жылы түркі тілдеріне енген араб-парсы сөздері жайлы кітап шығарды. 1914 жылдан Санкт-Петербург қаласында татар тілінде “Миллят” газетін шығаруды қолға алды.
1916 жылы Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының жанындағы бюрода қызмет етті. Онда ана тілінде оқыту мәселесіне көп көңіл бөліп, ол жөнінде мұсылман фракциясына нақтылы ұсыныстар жасады. М.Шоқаев, С.Мақсұдов, А.Салихов секілді қайраткерлермен бірге майданның жұмысына Түркістан өлкесі мен Қазақстаннан алынған адамдардың хал-ахуалы жайлы мәліметтер жинастырып, оларды мұсылман фракциясына жеткеріп тұрды.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде патша өкіметі құлатылғаннан кейін қалыптасқан жағдайға сай империядағы түркі тілдес мұсылман халықтарының саяси іс-әрекеттерін бір ізге түсіріп, үйлестіріп отыру үшін Бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу керектігін жақтады. Осы жылы Уфа губернаторынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Еділ-Орал автономиясының өлттық жиналысына депутат болып сайланды. Алашорда үкіметіне қолдау танытып, оның жетекшілерімен тығыз қарым-қатынаста болды.[1][2]
Өмірзақова Әмина Ерғожақызы (8 наурыз1919 жылы, Шығыс Қазақстан облысыАбай ауданыҚарауыл ауылында туған - 26 қыркүйек2006 жылыАлматы қаласында дүниеден өтті) – театр және кино актрисасы, Қазақстанның Халық әртісі(1965).
Театр
1938 жылы Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік сахна өнері техникумының (кейін Ленинград театр, музыка және кинематография институты) қазақ студиясын бітірген.
1938 – 1940 жылдары Шымкент облыстық драма театрының, 1940 – 1942 жылдары қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театрының труппасында, ал 1942 – 1949 жылдары “Қазақфильм” студиясында қызмет атқарды.
1949 жылдан Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрының (қазіргі Қазақ мемлекетік академия жастар мен балалар театры) актрисасы болды. Оның театр сахнасында тұңғыш ойнаған рөлі – М.Әуезовтің “Түнгі сарын” спектакліндегі Мөржан. Бұдан басқа ойнаған басты рөлдері қатарында Баян (Ғ.Мүсірепов “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”), Луиза (Ф.Шиллер “Зұлымдық пен махаббат”), Смеральдина (К.Гольдони “Екі мырзаға бір қызметкер”), Шәуәли (М.Ақынжанов “Ыбырай Алтынсарин”; Бүкілодақтық балалар және жасөспірімдер театрлары фестивалінің дипломымен марапатталды, 1958), Рәбиға (Ш.Хұсайыновтың осы аттас драмасында), Кенжегүл (І.Мұхамеджанов “Өзіме де сол керек”), Алтынай (Ш.Айтматов “Алғашқы мұғалім”), Гүлжамал (Т.Ахтанов “Күшік күйеу”), Қалампыр шешей (Ш.Уәлиханов “Тағдыр”), Глумова (А.Н. Островский “Адам аласы ішінде”), т.б. бар. 1942 жылдан киноға түскен: Ажар (“Абай әні”, 1945), Мұғалима (“Қанатты сыйлық”, 1956), Айша (“Бір ауданда”, 1960), Ана (“Ана туралы аңыз”, 1963, Қазақстан және Орта Азия республикаларының кино өнері бойынша өткен байқаудың 1-сыйлығы, 1964; Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы, 1966), Тана (“Тақиялы періште”, 1968; Алматы қаласында өткен Қазақстан және Орта Азия республикаларының 8-кино өнері байқауының сыйлығы, 1969), т.б. Отан, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған
КиноӘмина Өмірзақова киноға 1938 жылы Ленинград институтында студент болып жүрген кезден бастап түсе бастады. Оның алғашқы түскен фильмдері "Комсомольск", "Амангелді", "Алыптың әні", "Ақ раушан". Десе де оны танымал еткен алғашқы үлкен рөл - 1945 жылғы "Абай өлеңдері" фильміндегі Ажардың рөлі. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элитасы қатарына кірді. 1945-1963 жылдар аралығында "Жамбыл", "Қыз жігіт", "Қанатты сый", "Әрі қалжың әрі шын" фильмдеріне түсіп, атақ–даңқ жинады. 1964 жылы Анатолий Карповтың "Ана туралы жыр" фильмі экран бетіне шықты. Бұл фильмде Әмина Ерғожаевна ұлының майданда қаза тапқаны жайлы есірткен, бірақ бар қайғыға төтеп берген ананың рөлін сомдады. Кейіпкер оқу–жазу білмейді. Майданда болып жатқанның барлығынан хабардар болідың жалғыз тәсілі осы болғандықтан, өз бетімен оқуды үйреніп алады да почтальон болып жұмыс үстейді. Ол бірнеше рет басқа аналарға қайғылы хабар жеткізсе де, оларға сүйеу болып, көмек қолын созады. Фильм көпшіліктің көңілінен шығып, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды, ал Әмина Өмірзақова 1964 жылғы Жалпыкеңестік кинофестивальде "ең жақсы әйел рөлі" сыйлығын, К. Байсейітова атындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын жеңіп алды. "Ана туралы жырдан" соң 1968 жылға дейін "Ең тілалғыш", "Мың шақырым саяхат" картиналарында басты да, екінші реттік рөлдерді сомдап жүрді. Сондай–ақ, "Алдар–көсе" бейнефильмінде эпизодтық рөлде ойнады. 1968 жылы Шәкен Аймановтың "Тақиялы періште" комедиялық фильмі жарық көрді. Бұнда Әмина Ерғожаевна Тана атты ананың бейнесін сомдады. Бүкіл фильм бойы ол өзінің Тайлақ атты ұлына қалыңдық іздеумен болады. Бұл рөлдің қызығы, актрисса едәуір жас болса да, өзінен бірнеше есе үлкен кейіпкерді ойнады. Сондай–ақ, өзге рөлдерінен ерекшелігі—көңілді кейіпкерді сомдауы. Картина бүкіл Кеңес Одағындағы кинотеатрларында көрсетілді. Соның арқасында оны бүкіл ел таныды. "Тақиялы періштеден" соң оншақты фильмдерде түсті. Соның ішіндегі ең ерекшесі "Мама Роза" картинасы. Бұл фильмде ол қара нәсілді баланың өгей анасы бейнесін сомдады. Актриссаның кейіпкері—шейіттей баланың тәрбиесін қолына ойда жоқта алған, жасы келген адам. Ойнаған рөлі үшін "Шоқжұлдыз" кинофестивальінің лауреаты атанды. Бүкіл карьерасында Әмина Өмірзақова көп рөлде ойнады. Десе де, "Ана туралы жыр", "Тақиялы періште", "Жұлдызыңды сақта", "Мама Роза" картиналарында ойнаған ана рөлдері нағыз қазақ анасының бейнесін айқын көрсетті. 1996 жылы ұлының бастама фильмі "Аминада" өз–өзін сомдады.
Сердеш Қажымұратов (19 наурыз 1950 жылы туған, Казталов ауданы, Әжібай а.) — актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1986).
1971 ж. Алматы мемлекеттік өнер институтының актерлік факультетін бітірді.
25 жыл бойы Қарағанды облыстық драма театрының актері болып еңбек етті. Ол Әлібек, Жапал, (М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» мен «Еңлік-Кебегінде»), Шоқан (С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында»), Қодар, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сүлуы» мен «Ақан сері-Ақтоқтысында»), Бақыт, Алтынбек (С.Жүнісовтің «Тырау-тырау тырналары» мен «Қысылғаннан қыз болдығында»), Нияз (Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында»), Жангелдин (М.Д.Симашконың «Төтенше комиссарында»), т.б. рөлдерді ойнаған.
10-нан аса киноға түсті, әсіресе 1986 ж. «Күзет бастығы» фильмінде Құрымбайдың рөлін жұртшылық талғамынан шығарлықтай шынайылықпен шебер сомдай білді. Сол жылы С.Жүнісовтың «Өліара» спектаклінде Жақай Тайшиевтің рөлін орындағаны үшін оған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында бас режиссер болып істеген жылдарда (1997-2001) театр репертуарын байытуға үлес қосты
Сатыбалды Жәұлы Нарымбетов (7 наурыз1946 жылыОңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған) — қазақстандық кинорежиссер, жазушы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының және «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері.
Өмірбаяны
Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын (1969 жылы) бітірген.
1984 жылы жоғары режиссерлік курсты (Г.Н. Данелияның шеберханасы бойынша) бітірген.
1969 жылдан “Қазақфильм” студиясында сценарийші әрі кинорежиссер ретінде қызмет етті.
1970 жылдан - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері.
2005 жылдан бері - Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Дебют» бірлестігінің жетекшісі.
Қоғамдық қызметі
Жан Виго атындағы Халықаралық кпубтың мүшесі (Париж қаласы).
КСРО Жазушылар одағының мүшесі.
ҚР Жазушылар одағының мүшесі.
Сценарийлері
балаларға арналған “Шоқ пен Шер” фильмінің сценарийін (1971 жылы) жазды.
Режисерлігі
“Құрманғазы” атты деректі фильмін (1972 жылы)
“Зауал” (1981 жылы)
“Күзгі бұралаң жол” (1984 жылы) қысқа метражды фильмі
“Ұрын келген күйеу” (1987 жылы)
“Созақтан шыққан Гамлет” (1990 жылы)
“Көзімнің қарасы”
“Жас аккордеоншының өмірбаяны” (1994 жылы, Анапа қаласында өткен 3-Бүкілресейлік “Кино-Шок” кинофестивалінің жүлдесі, Халықаралық кинофестивалі жюриінің дипломы, Франция, Анже (1995 жылы); Француз кино өнері академиясының сыйлығын (1996 жылы), тағы басқа)
“Омпа” (1998 жылы)
тағы басқа көркем фильмдерді қойды.
Кітаптары
“Тентек” (1968 жылы)
“Ассалаумағалейкум, Атлантида!” (1981 жылы) атты повесть, әңгімелер жинақтары жарық көрген.
Марапаттары
Анапа қаласында өткен 3ші Бүкілресейлік «Кино-Шок» кинофистивальінің жүлдегері;
1995 жылы Францияның Анже қаласында өткен Халықаралық кинофистивальінің қазылар алақасының құрметті грамотасының иегері;
Фрацуз кино өнері академиясының «Жорж Сэдуль» атындағы құрметті сыйлығының иегері;
1996 жылы Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
1996 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат «Құрмет ордені» берілді.
2000 жылы Тәуелсіз «Платинды Тарлан» сыйлығының иегері.
2005 жылы президент жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен марапатталды.
2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі;
2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігініе 25 жыл» медалі;
Отбасы
Жұбайы - Ізмағанбетова Ізтөле, марқұм, драматург, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы анимациялық фильмдер бірлестігінің жетекшісі болған.
Ұлдары - Нарымбетов Асқар-Мұхит (1968 жылы туған), кинорежиссер; Нарымбетов Ескендір (1977 жылы туған), кинооператор.[1]