kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Қазақ тіл білімінде эвфемизмдердің зерттелуі (ғылыми мақала)

Нажмите, чтобы узнать подробности

Қазақ тіл біліміндегі эвфемизимдердің жасалуы, зерттелуі туралы жоғарғы сынып оқушылары оқып біле алады.

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Қазақ тіл білімінде эвфемизмдердің зерттелуі (ғылыми мақала)»

Қазақ тіл білімінде эвфемизмдердің зерттелуі


Қазақ тіліндегі эвфемизмдер мәселесі – әлі де толық айқындалмаған құбылыс. Эвфемизмдер кез келген халықтың тілінінен орын алады. Түркі тілдес қазақ тілінде де эвфемизмдер молынан, сан түрлі болып қолданылады және кейбір сөздердің эвфемистік мағынада қолдануына байланысты айырмашылықтар да жоқ емес. Түркі тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде эвфемия құбылысын ғалым Ә. Ахметов алғаш ғылыми зерттеудің нысанына алып, табу мен эвфемизмді этнографиялық лексикаға жатқызады: «Кез келген этнографиялық лексиканың сыртында белгілі бір этнографиялық ұғымдардың тұратыны сияқты табу мен эвфемизмнің сыртында да олармен ұштасып, астарласып жататын этнографиялық ұғымдар, атап айтқанда, дәстүрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, қоғамда қалыптасқан тіл мәдениетімен байланысты этикалық нормалар тұрады» [2, 176 б.]. Ғалым бұл сөздердің қыр-сырын ашуда этнография мен лингвистика ғылымдарының біртұтас нысаны ретінде зерттелінуінің тиімділігін айтып, эвфемизмдердің этнолингвистикалық бағытта айқындалуына жол ашады. Олардың пайда болуын этнолингвистикалық жүйе және этномәдени негіздер арқылы айқындап түсіндіреді, дәстүрлі моральдық-этикалық қатынастарға байланысты қалыптасқан табу мен эвфемизмдерді топтастырып көрсетеді, яғни өлімге, анатомия мен физиологиялық процестерге, саяси эвфемизмдерге, сондай-ақ эвфемизмдердің жасалу жолдары: эвфемистік метафора, эвфемистік метонимия, эвфемистік синекдоха, эвфемистік символ, эвфемистік ирония түрлері мен өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Эвфемизмдердің мұншама түрлерінің өзі академик В.В.Виноградов пікірінше: «Рухани мәдениеттің көтерілуі тілдегі өзгерістерде көріне отырып, сонымен бірге сөзге, көркем шығармашылық туындыларына айрықша талап пен мүдделілік те тудырады. Өмірдің түбегейлі жаңаруы дәуірінде филологияның – тіл мен әдебиет, халықтың сөз мәдениеті, сондай-ақ әдеби шығармаларды талдау әдістемесі жөніндегі ғылымның қоғамдық рөлі ерекше маңызды да ықпалды бола түспек» [3, 230 б.] – деген тұжырымда терең болжам жатыр. Қазіргі таңда тіл, тіл мәдениеті, ғылымға деген талап, жауап-жауапкершілік, ықылас-қызығушылық, мүдделілік шынында да күн сайын артуда. Осы тілдік, қазақ ділдігінің бір мәселесі эвфемизмдік қолданыстарда жатқанын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Жалпы тіл білімінде эвфемизмнің пайда болу жолы табу сөздердің қолданысымен байланысты деген пікір орныққан. Табу дегеніміз – тыйым сөз ретінде қолданылады, тек ұғымға салынатын тыйым емес, сол ұғымның тілдегі атауына, яғни сөзге салынатын тыйым екені мәлім. Бұл орайда Ә. Ахметов өз еңбегінде «... табу мен эвфемизмдердің арасындағы байланысты себеп пен салдар деп қараған жөн. Өйткені эвфемизмдерді тудыратын – табу. Сондықтан да олар бірінсіз бірі жүре алмайды. Сосын табу эвфемизмдерді тудырып қана қоймай, оларға үнемі өз орнын беріп, өзі солардың тасасына бой жасырады» [2, 176 б.] деп, эвфемизм құбылысының тілдік табиғаты мен әлеуметтік сипатын айқындауға мүмкіндік беретін іргелі тұжырым жасайды.

Сондай-ақ табу мен эвфемизмдердің тілмен бірге туып, бірге жасайтын бір-бірімен ажырамас құбылыс екенін көрсетеді [2, 10 б.].

Ә. Хасенов «Тіл білімі» деген еңбегінде «Эвфемизм – бір затты не құбылысты я болмаса бір оқиғаны сыпайылап айтып жеткізу амалы; адамның көңіліне келмейтіндей, жұқалап, жайдарылап, майдалап, іштей ренжіп тұрса да, рахаттана баяндағандай айта білу тәсілі», деп түсіндіреді [4, 154 б.]. Адамзат, табиғат т.б. болсын жалпы тіршілік иелері дейтін болсақ (жанды, жансыз) қарама-қарсы екі құбылыстан тұрады түн және күн бар дегендей.Тіл де осы заңдылыққа бағынады, әрі оның көрінісі. Ғалымдардың табу мен эвфемизмдер бірін-бірі толықтыратын тілдік амалдар дегенде, олардың сан не сапа жағынан өсуі бұларға қарсы мәндес дисфемизмдердің әсерін естен шығарму керек. Кез келген эвфемизмдердің дисфемистік қолданысы (тіпті контекстік мағынада болсын) болуы – осының айғағы. Айталық, «оттама» деген қарапайым дисфемизмнің «көп сөйлеу», «сөзіне ие болу» т.б. толып жатқан эвфемизмдік қолданыстары бар. Сонда диалектиканың қарама-қайшылық заңының нәтижесі дамуға әкеледі деген қағидасына сай сайып келгенде эвфемизм мен дисфемизмдер ғасырлар өткен сайын тілдік байлықты толықтыра түседі. Сондықтан бұл екі тілдік құбылыстың (эвфемистік, дисфемистік) қатар өмір сүруі қай тілде болмасын – тілдік заңдылық.

Кейбір еңбектерде табу, эвфемизм сөздер сөйлеу тілі лексикасына жатқызылып бір-біріне мағыналары жақын, мәндес терминдер тұрғысынан сипатталады: «Сөйлеу тілі лексикасына стильдік бояуы жағынан табу сөздер мен эвфемизмдер де жатады. Табу, эвфемизм – бір-біріне мағыналары жақын, мәндес терминдер. Әлдебір, діни нанымға, ескі әдет-ғұрыпқа байланысты айтуға болмайтын, сондай-ақ цензуралық ретпен де қолдануға тыйым салынған табу (эвфемизм) деп атайды. Бір жағдайда, хабарды тура айтпай, тұспалдап жеткізетін сөздер де табу (эвфемизм) делінеді. Өйткені стиль тұрғысынан алғанда, тура сөзден гөрі (яғни ашық түрде, тура айтуға қарағанда) оны ауыстырған тұспал сөздің өзі ұтымды. Табу мен эвфемизмнің көбіне-көп сөйлеу стилі мен көркем әдебиетте қолданылатын олардың осы ерекшелігімен тығыз байланысты» [4, 45-46 бб.].

Негізінен эвфемизмдер мен табу сөздердің бірлігі (ұқсастығы) мен айырым белгілері бар. Бұл екі термин түптеп келгенде бір тілдік құбылысқа жатады. Басқаша айтқанда, табу да, эвфемизмдер де кез келген нәрсені жұмсартып, ойды жеткізудегі сыпайы тілдік қолданымдар деген бағытта бірлікте болады. Ал нақты стильдік үрдістерде екі түрлі мақсатты көздейді, бірі (табу) наным-сенімге, салт-дәстүрді ұстанс, екіншісі (эвфемизмдер) тікелей тілдік мәдениетке қатысты болып келетінін ғалымдар атап көрсетеді. «Бір затты, құбылысты өз атымен тура атамай, басқаша атаумен атау тек табумен байланысты емес. Сөздің ұғымы дөрекілеу, қолайсыздау, көңілге тиетіндей болып келген жағдайда да тілде бір сөз бір сөзбен алмастырыла береді. Мұндай жағдайда мағынасы тұрпайы сөздің орнына сол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздер айтылады. Мұндай құбылыс тіл білімінде эвфемизм деп аталады. Эвфемизм табу сияқты үрейленуден туған сенімге негізделмейді, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді. Демек, қазіргі кездегі қолданылып жүрген эвфемизмдер бүгінгі таңдағы өскелең халқымыздың қалыптасқан этикалық және эстетикалық нормаларының күнделікті нақ көріністері деп есептеледі. Сондықтан табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан» [5, 125-126 бб.] деп, эвфемизмді құбылыс ретінде қарастырып, оның өзіндік еркшеліктерін көрсетеді.

Б. Сағындықұлы «...табу мен эвфемизмдерді бір-бірімен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі мақсаттан шыққан. Эвфемизм табу сияқты қорқыныштан, үрейленуден туған сенімге емес, сыпайыгершілік пен әдептілікке негізделеді» – деген пікірді негізге ала отырып, «...ауыстыра алатын қасиеті үшін ғана эвфемизмдерді табуға телудің реті жоқ. Әлеуметтік саладағы құбылыс – жаргондар мен арголар да бір сөзді екінші сөзбен алмастыра алады. Эвфемизмнің семантикалық табиғаты табумен үйлеспейді» [6, 87-88 бб.] деп, эвфемизм құбылысының семантикалық табиғатына баса назар аударады. Бұл айтылғандар эвфемизм мен табудың ара жігін ажыратудағы негізгі тұжырым екенін байқаймыз. Дегенмен ғалымның пікіріне қосыла отырып, мына секілді толықтыруларды айтуға болады. Әңгіме бір сөзді екінші сөзбен ауыстыруда емес, бір жағынан солай көріну де ықтимал. Біздің тақырыбымыз бойынша кез келген сөздерді екінші бір сөзбен (автор көрсетіп отырған жаргон не арголар т.б. секілді) ауыстыра салу емес, керісінше тілдің эволюциялық даму барысында белгілі бір бағытта сөз қолданылуларда іштей табиғи байланыста болады. Айталық үлкен тілдік құбылыс бағыттарына көмекші екінші бір бағыттар қосарлана жүреді де, келешекте олар диференциалданып өз алдына жеке тілдік заңдылық құрайды. Біз сөз етіп отырған эвфемизм бұл үлкен, ауқымды (сыпайылап, астарлап жеткізу амалын ұстанған) бағыт болып табылады да, ал табу сол екінші тілдік амалмен жеткізілетін, тұспалдап немесе тыйым салынған, киелі сөздерді жалпы халықтық қолданылудағы сөздермен ауыстыру мақсатындағы тілдік тұлғалар болып табылады. Осы тұста әрине эвфемизм мен табу арасында еш байланыс жоқ деу, асығыс пікір деген ойдамыз. Бұлардың табиғи байланыстары қалай болған күнде де екінші бір сөзбен жеткізу амалында жатыр. Сонда бұлар (эвфемизмдер мен табу) бір бағыттағы екі түрлі мақсатты көрсететін сөз ауыстыру амалдары болмақ. Айталық «қатын» деп айтудың орнына тіл мәдениетінен хабары бар, әдеби тілдік норманы сақтай білетін азаматтардың «жұбайым», «өмірлік жолдасым», «жарым» т.б. дегенмен салыстырыңыз. Қазіргі таңда тіл мәдениетінде әдептілікті, сыпайылықты ескерген адам «әйел», «әйелім» деп те қолданбайтыны бәрімізге белгілі. Заман өткен сайын бұл сөз де тұрпайлық мағынаға, қолданымға айналып отыр. Ал автор сөз етіп отырған жаргон сөздер мен арголар да сөз ауыстыру қабілетіне келсек, әрине бұл – ауыстыру бағытындағы құптарлық пікір. Дегенмен мұндай тілдік талдауларда әдеби тілдік норманы ескеру бірінші қажеттілік екенін ұмытуға болмайды. Бұл терминдер (жаргон, арго) табиғатына енетін сөздер біріншіден – әдеби нормаға жатпайды, екіншіден – өміршең сөздер емес. Олар жуық арада жоғалып немесе бұл құбылыстардан шығып, жалпыхалықтық сөздерге айналып отырады. Мысалы, кезінде студенттер арасындағы «құлап қалу» – емтихан не сынақ тапсыра алмау мағынасында елге танымал сөзге айналып кетті. Қазіргі «арақ» мағынасындағы «тентек су», «көк су», «көк мойын», «жынды сулар» да кезінде маскүнемдердің жаргондық сөзінен жалпыхалықтық қолданысқа айналған тілдік тұлғалар.

Сонда біз сөз етіп отырған эвфемизмдер мен табулар сөз алмастыру болғанда бірі – сыпайылықты, екіншісі – тыйым салынған сөздерді ауыстырса, ал жаргон мен арго құпиялықты сақтау мақсатында қолданылатын сөздер. Мысалы, ұрылар тіліндегі «жарым-попалам» – түскен олжаны қылдай бөлісу, «апсар-жапсар» – ұрланған дүние орны белгілі т.б. сол әлеуметтік шағын топтар ғана қолданатын түсінікті сөздер. Ал эвфемизмдер мен табулар мүлдем керісінше жалпыхалық қолданысындағы тұлғалар болып табылады.

Сондай-ақ эвфемизмдер мен табуды тең дәрежеде қарастыруға болмайтындығы ескерілуі қажет.

Олардың өзіндік ерекшеліктеріне қарай аталуы да назарға алынып жүр. Бұл орайда ғалым Б.Сағындықұлы былайша тұжырымдайды: «Әр түрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер, т.б. негізінде қалыптасқан этнографиялық ұғымдарды этнографиялық табу деп, тыйым салынған атауларды алмастыратын сөздерді лингвистикалық табу деп – атау дәстүрі тіл білімінде бар. Алайда, этнографиялық табудың мағыналық ауқымы кең болса, лингвистикалық табудың өрісі тар, ол – этнографиялық табудың бір бөлігі ғана. Кеңістік тіл білімінде бұларға тиісінше табу және эвфемизмдер деген терминдер телінді» дей келе, «Этнографиялық табуды ділдік табу, лингвистикалық табуды тілдік табу деуге болады. Себебі, ділдік табу да, тілдік табу да ақшаның екі беті сияқты, бір түсініктің (яғни табудың) аясында қарастырылады, ал ділдік, тілдік дегендер – анықтауыштар. Этнографиялық ұғымдарды – адамдардың ішкі жан дүниесіне, дүние-танымына, ой-өрісіне, сана-сезіміне, іс-әрекетіне, мінез-құлқына қатысты болғандықтан – ділдік ұғымдар деп атаған жөн. Тыйым салынған ділдік ұғымдардың барлығы – ділдік табу.

Сөйтіп, табу іштей екіге бөлінеді: 1) ділдік табулар, 2) тілдік табулар. Тікелей айтуға, хабарлауға тыйым салынатын (затқа, құбылысқа, қимылға, іс-әрекетке, сөз бен тілге, т.б. байланысты) этнографиялық ұғымдар ділдік табуға жатады. Ділдік табулардың орнына жүретін, яки оларды алмастыратын қосалқы, жанама сөздер тілдік табулар болып есептеледі» [6, 87-88 бб.] – деп табу мен эвфемизмнің өзіндік ерекшеліктері мен қызметін саралай отыра оларға жаңа атау беруді ұсынады. Бұл құбылыстарды жаңа атаумен атау олардың ара жігін ажыратуға бірден-бір септігі болар еді.

Орыс тіл білімінде эвфемизмдердің теориялық негіздері пайда болуы, жасалу жолдары Б.А.Ларин, Л.А.Булаховская, А.А.Реформатский, Л. Крысин т.б. еңбектерінде көрсетіледі. Эвфемизмдер дөрекі сөздерді сыпайы сөздермен алмастыруда қызмет ететін сөздер мен қолданыстар ретінде қарастырылады: «Эвфемизмы – слова или выражения, служащие в определенных условях для замены таких обозначений, которые представляются говорящему нежелательными, не вполне вежливыми, слишком резкими. Например, задерживается вместо опаздывает, кто крайний? Вместо - кто последний? (в очереди) наряду с такими более или менее устойчивыми заменами, в речи отличаются смягчающие индивидуально-контекстные обозначения, которые так же обычно расцениваются как эвфемизмы» [7, 199 б.].

Бұған қоса Л. Крысин «Эвфемистическая замена используется в стремлении избегать коммуникативных конфликтов и неудач, не создавать у собеседника ощущения коммуникативного дискомфорта» [8, 384 б.] деп, адамдар арасындағы қарым-қатынаста қолайсыздық тудырмау үшін эвфемизмдермен ауыстырылатындығын айтады. – Партия қызыметіндегі орыс ағайындар да жақсы жейтін сияқты осы қазаны, - деді, екінші жапырақтыаузына салған Саржан, оңды-солды қарш-құрш шайнап. (22 бет Мағауин М.) Контексті «жұмсарту» мақсатында сөйлеу тіліне тән ағайын лексемасы тіркесіп берілген орыс ағайындар қолданысы эвфемистік формада жасалынған.

Бүгінгі күні эвфемизмдерді функционалдық стильдер ішінде зерттеу қолға алына бастады. Функционалдық стильдерді тереңдете зерттеу жалпы әдеби тілмен байланыс ерекшелігін анықтауды қажет етеді. Орыс тіл білімінің көрнекті өкілі В. Виноградов функционалды стиль түрлерінің тілдегі үш түрлі қызметін атап көрсетеді: бірінші – қарым-қатынас қызметі (ауызекі сөйлеу стилі), екіншісі – хабар беру қызметі (ресми және ғылыми), үшінші – ықпал ету қызметі (публицистикалық және көркем әдебиет стильдері [3, 84 б.].

Сондай-ақ М.Жұмағұлова: «Әдеттегі эвфемизмдер жеке адамдар арасындағы коммуникативтік қолайсыздықты (коммуникативтік дискомфорт) болдырмауды көздейді де, жеке бастық қатынасқа тән сипатқа ие болады. Ал газет бағаналарындағы эвфемистік формалардың әлеуметтік сипаты басым болады [9, 19 б.] деп есептейді. Газети публицистика тіліндегі эвфемизмдердің әлеуметтік сипатымен ерекшеленетінін: «...сөздің эвфемистік мағынасын да тілдің «өз ішінде» ғана емес, тілдік ұжымның этикалық-моральдық, дүниетанымдық ерекшелігімен, экономикалық, қоғамдық-саяси өмірімен байланыстыра қарау құбылыстың мәнін айқындай түседі» [9, 119 б.] деп, эвфемистік мағынаның мәнін айқындайтын басқа себептеріне де тоқталады. Яғни, эвфемистік мағынаның басты қызметі – дөрекі, тұрпайы, айтуға қолайсыз сөздерді алмастырып, тыңдаушысына коммуникативтік қолайсыздық тудырмау. Мысалы: Басына пұшпақ бөрік киіп, қолына таяқ ұстаған шоқша сақалдысы - жетпісті мол аралап кеткен адам /133/.

Шоқша сақалдының құлағы ауыр ести ме, қалай үшеуі гүлзарды басына көтеріп, әлденеге келісе алмай дауласып отыр /133/.

О дүниеге аттану кезегі кімге келіп тұр? Дегенді жай бір күнделікті шаруадай-ақ сөз етіп отыр /133/.

Ендеше эвфемизмдерді дисфемизмдермен салыстыра қарастырудың қажеттігі сөзсіз. Өйткені «Дисфемизм – мағынасы жағынан эвфемизмге қарама-қарсы тілдік құбылыс. Эвфемизм сөзді сыпайылап әдемілесе, дисфемизм, керісінше, жағымды, жұмсақ мағынаны дөрекілейді» [10, 115 б.]. Сондықтан эвфемизмдер мен дисфемизмдерді қарама-қарсы құбылыс ретінде қарастырғанда ғана олардың негізгі мәні мен қызметі айқындалады. Сондай-ақ бұл тіл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін көтеруге септігін тигізері, тілді тиімді жұмсай білуге үйрететіні даусыз. Мысалы: Сенің мұндай қоян жүрек, қорқақ, екі жүзді екеніңді бұрын білген болсам... [2, 16 б.]. (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары). Біреуі аңқау, ақ көңіл, екіншісі момақан, момын келген де, енді үшінші біреуінің тұрлаусыз, екі жақтылау мінезі бар-ды [2, 20 б.] (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары) деп, қолданудағы адамның мінез-құлқын ашу мақсатында контрастық құбылыстарға дисфемизмдер мен эвфемизмдердің қызметі айрықша екендігі көрініп тұр. Контекстік мағынада «қоян жүрек» пен «екі жүзді», «ақ көңіл», «момақан» мен «тұрлаусыз», «екі жақтыларды», яғни дисфемизмдер мен эвфемизмдерді қаламгер жалпы адам болмысын ашуда өте ұтымды қолданған. Дисфемизмдер мен эвфемизмдердің бұл сықылды қатар келуі стильдік алуан түрлі қызмет атқарып, ойды жеткізуде өзіндік бояуымен оқшау танылатын сөздер тобы болып табылады. Мен орасан тентек едім де, ол жуас еді [2, 20 б.] (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары). Ұлтшылдар ғой жұрт қан жылап отырғанда, бұлардың рахаттанып жүргендерін қарашы, – деп Барис оларға кектене қарады [2, 349 б.] (Қайсенов Қ. Партизан соқпақтары) деген тұстары қаламгердің дисфемизм мен эвфемизмдер секілді контрастық құбылыс қолданымдарына енгізіп, жекелеген сөйлемдер құрамында өзара салыстыра шендестіріп, айқын қарсы қойылған мән сипаттарын ұштай түсуде бұл тілдік құбылыстар ерекше стильдік қызметте жұмсалғаны көрініп тұр.



Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Внеурочная работа

Категория: Прочее

Целевая аудитория: 10 класс

Скачать
Қазақ тіл білімінде эвфемизмдердің зерттелуі (ғылыми мақала)

Автор: Агатаева Кенжегүль Жумабековна

Дата: 16.01.2017

Номер свидетельства: 380122


Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Ваш личный кабинет
Проверка свидетельства