kopilkaurokov.ru - сайт для учителей

Создайте Ваш сайт учителя Курсы ПК и ППК Видеоуроки Олимпиады Вебинары для учителей

Ғылыми жұмыс "Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін анықтау"

Нажмите, чтобы узнать подробности

Зерттеу мақсаты: Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін

                                 анықтау.

Ғылыми жоба үш бөлімнен тұрады.

Зерттеу міндеттері:

  1. Р.Елебаев туралы кітапханалардан,мұражайлардан,газет материалдарынан дерек іздеу
  2. Интернет желісі арқылы Р.Елебаев туралы мағлұматтар жинау
  3. Құдықағаш ауылындағы Р.Елебаев мұражайына барып,нақты ақпарат және тікелей сұхбат  алу.   

Зерттеу болжамы:  Егер нақты деректерге сүйенбесек,онда қай жылы туғаны

                                   белгісіз болар еді. 

Вы уже знаете о суперспособностях современного учителя?
Тратить минимум сил на подготовку и проведение уроков.
Быстро и объективно проверять знания учащихся.
Сделать изучение нового материала максимально понятным.
Избавить себя от подбора заданий и их проверки после уроков.
Наладить дисциплину на своих уроках.
Получить возможность работать творчески.

Просмотр содержимого документа
«Ғылыми жұмыс "Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін анықтау"»

Мазмұны:

Абстракт

Кіріспе

1. Негізгі бөлім

1.1. «Киелі жер – иелі жер» Өмірдерек

2.2. Ұлы Отан соғысының басталуы және әйгілі

сегізінші гвардиялық дивизиясына түсуі

1.3. «Жас қабір» әнінің шығу тарихы

1.4.Әннің «Жас қазақ» болып өзгерілуі

2.Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін анықтау

3. Қорытынды бөлім

Қосымша(деректер, үзінділер, фильм, ән)

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі





























Абстракт

Зерттеу мақсаты: Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін

анықтау.

Ғылыми жоба үш бөлімнен тұрады.

Зерттеу міндеттері:

  1. Р.Елебаев туралы кітапханалардан,мұражайлардан,газет материалдарынан дерек іздеу

  2. Интернет желісі арқылы Р.Елебаев туралы мағлұматтар жинау

  3. Құдықағаш ауылындағы Р.Елебаев мұражайына барып,нақты ақпарат және тікелей сұхбат алу.

Зерттеу болжамы: Егер нақты деректерге сүйенбесек,онда қай жылы туғаны

белгісіз болар еді.

Зерттеу пәні:тарих,әдебиет

Зерттеу обьектісі: Р.Елебаев

Зерттеу әдісі:ақпарат іздеу және жинау

Зерттеу жаңашылдығы:2010 жылыҚұдықағаш ауылында туғанын нақты деректермен дәлелдеу





























Кіріспе

Тәуелсіз Қазақстанның соңғы жиырма жылында қазақ халқының жәдігерлері қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бүгін біз жастар мен жасөспірімдердің отансүйгіштік пен азаматтық тәрбиесін қалыптастыру үшін әртүрлі кезеңде мемлекеттің дамуына едәуір үлес қосқан, оның егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз етіп, халықтың мәдениеті мен тілін сақтауға үлес қосқан, ұмыт қалдыруға болмайтын, кезінде әртүрлі себептермен жоққа шығарылған көптеген тарихи тұлғалардың есімдерін қайтарып,Қазақстан тарихының беттерін тарақтап, қайта бағалаудамыз.

Әрбір адамның, ауылдың тағдыры - елдің тарихы. Елдің саяси- экономикалық даму кезеңдері өмірге лайық өз тұлғаларын туғызады. Ондай тұлғалар қай заманда да болған және олар өскелең ұрпақтың жадында жаңғыруы керек. Өткенсіз болашақ жоқ. Кеңес үкіметі орнағаннан егемендік алғанға дейінгі 75 жылдың ішіндегі болған азамат соғысы, коллективтендіру, ашаршылық, саяси қуғын – сүргін жылдары елім деп еңіреп, халқының болашағы үшін күрескен алаштың ардақты азаматтары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Т. Рысқұлов, С.Сейфуллин, т.б. азаматтар репрессияға ұшырады. Ел тарихында бұрынғы Отанымыз Совет Одағы кеңістігінде болған екінші дүниежүзілік соғыс аға ұрпақтың, әр отбасының есінде. Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына да 67 жыл болды. Бүгінгі және келешек ұрпақ үшін Жеңіс күнінің танымдық маңызы өте зор.

Бұрынғы Көкшетау облысынан 41 мыңнан астам азамат қолына қару алып майданға аттанды... Отанды қорғауға қаршадай баладан, еңкейген қарияға дейін ұмтылса , тылда аналар мен жас балалар «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен күні – түні тынбай еңбек етті. Колхоздар мен совхоздар, өнеркәсіп орындары майданға азық –түлік жөнелтсе, әрбір ауданда жауынгерлерге жылы киім –кешек дайындайтын қабылдау пунктері жұмыс істеді. Соғыста Көкшетау облысы бойынша 23 мыңнан астам адам майдан даласында қалды. 18 мың адам мүгедек болып оралды. Еңбекшілдер ауданы бойынша 1371 адам соғыста қаза болды .

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 67 жылдығы - сол сұрапыл соғыста қаза болғандарды еске алып, олардың рухына тағзым ету ғана емес, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, жаны - тәні жаралы баһадурлардың Алла нәсіп етіп, туған топырағын басып, ата- аналарымен, сүйген жарларымен қауышып, ертеңі үшін еңбек еткендерді де мақтан тұту, қадірлеу, қасиеттеу.

Егемен ел болғалы соңғы жылдары, ұрпақ ауысуға байланысты болар 9- шы Мамыр - мейрам күндері де жай күндегідей жауына жолбарыстай атылып, кеудесін оққа тосып қаза болған Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арнап шығарылған «Жас қазақ» әні айтылмай жүр. «Ауылда болса қарттарын, жазып қойған хатпен тең» дейтін қарттарымыз келместің кемесіне мініп күннен күнге азайып бара жатыр. Сол сұрапыл соғыс кезінде «ат ауыздықпен су ішіп, азамат етігімен су кешкен» ауыр күндерді аңыз қылып айтып, бүгінгі қырау шалған ардагер аталарымыз бен ақ шашты әжелеріміз жас кездерінде осы әнді көздеріне жас алып, жылап отырып тыңдайтын.

Әннің :

Қар жамылған кең дала , қанға бөгіп,

Гүрілдейді сұр аспан өлім төгіп.

Жас қазақ,

Мұрттай ұшты уралап,- деген жолдарды сол соғыста уралап жауға ұмтылған ұл - қыздарына қойылған мәңгілік ескерткіштей терең сезіммен қабылдайтын. Бұл ән ел есімін шығарып , бүкіл Кеңес Одағына паш еткен ерлері, қазақтың жұлдызы, ұлттың атын әлем аспанына шығарған батыр ұл- қыздары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова Мәншүк Маметова сияқты қырандарының аттары алтын әріппен жазылған ескерткіш. Бұл ескерткішті тарих шаңының астында қалдырмай, жарқыратып ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп тапсыру- бүгінгі аға ұрпақтың міндеті.

Ал осы Отан соғысының боздақтарының бейнесін музыка өрнегімен мүсіндеген әнші –сазгер Рамазан Елебаевтың атын бүкіл Қазақстандағы аға буын білсе, бүгінгі жас ұрпақтың бәрі біле бермейді. Осы әнмен Рамазан Елебаевтың аты қазақ Кеңес Энцоклопедиясына енді. Елге танымал композитор Ахмет Жұбановтың пен Латиф Хамидидің «Жас қазақ операсына», Сыдық Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні » ораториясына

Р. Елебаевтың «Жас қазақ» әнінің музыкасы арқау болды. М. Төлебаевтың «Біржан Сара» операсына негіз болған да Рамазан Елебаевтың осы атты пьесалары болатын. Бұл жерлесіміздің қысқа өмірінде қалдырған еңбектері қазақ - театр өнерінің алтын қорында мәңгі өшпес естелік болып қалды делінген онда.

Біздің жобамыз Рамазан Елебаев туралы болмақ. Өйткені бұл тақырып әлі тарихта нақты зерттелмеген. Бұл жобада Рамазан Елебаевтың өмірі мен шығармашылығы бар ақпарат салыстырыла нақты беріледі.

1.1. «Киелі жер – иелі жер» Өмірдерек



Хабарсыз кетті дей көрме,

Жатыр ол Пушкин тауында.

Атақсыз кетті дей көрме,

Кеткен жоқ кегі жауында!


Рамазан Елебаев 1910 жылы қазіргі Ақмола облысы,Еңбекшілдер ауданы, Құдықағаш ауылында дүниеге келген.

Рамазанның әкесі Елебайдың Ержаны осы ауылдан, Руы – Керей. Ержан ерте есейген, іскер, пысық, шаруасын диірменнің тасындай дөңгелеткен жігіт еді. Бірде башқұрт еліне кірешілерге еріп сапар шегеді. Сол елде қалып, біраз уақыт аялап тұрып қалады. Башқұрт қызы (бір деректе татар) Сәбираға үйленіп, содан Рамазан туған ғой. Ержан ұлы мен әйелін елге ертіп келеді. Әйтсе де жат-жұрттық келіншек жерсінбей кері қайтып кетеді. Сонда Ержан тұрып “балам, анаңмен қайтасың бар, қаласың ба?” дейді. Сонда Рамазан: “Ол жақта атымды атамай “әй, қазақ!” дейтін апа бар, мен осында қаламын” депті. Ержан көп ұзамай Зейнепке үйленген, одан Шамшия, Қанипа деген қыздарды көрген.

Рамазан бала кезінен сызылтып ән салады, түрлі аспаптарда ойнайды, әсіресе сырнай, гармонь ойнауға ықыласты болады. Есейе келе Алматыға білім іздеп кетеді. Алматыға кетерде Рамазан қарындасы Қанипаны өзімен бірге ала кетеді. Оқу, білімнен кенже қалмасын дегені ғой аяулы ағасының. Содан оны музыка мектебіне түсіреді. Қанипа ұзақ жылдар шәкірттерге музыка пәнінен дәріс береді.Шәмшия дүние салғанда анасы жиені Амантайды жүдетпеймін деп Кәмелдің үйіне барып тұрған. Сол кездегі бауырмалдық осылай еді ғой.

Осы арада музыкалық сауап алып, сазгерлік білім алады. Алматыда жүріп “Жолдастар” деген әнін шығарады.

Ержан қайтыс болып Зейнеп пен Қанипа қалып, Шәмшия Әлтайдың ұлы Кәмелге тұрмысқа шығады. Рамазанды білетіндер оның 1929 жылы елге келгендігін ауылдастарына өмірдің мәні оқу мен білімде екендігін айтушы еді деп еске алады. Рамазан тамаша музыкант, он саусағынан өнері саулаған суретші де еді. Рамазан Орынбордағы оқуын тәмамдап, Алматыға оралды. Атты әскер қатарына алынып, екі жылын өткізеді. Баукең-Бауыржан батыр ыңылдап айтатын, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің от жалынды сөзіне сайма-сай "Жолдастар" маршы осы әскери өмірдің қуатты әсерінен туған еді.

1931 жылы туған елге оралған Рамазан театр табалдырығын аттайды. Әміре Қашаубаев, Қалибек Куанышбаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров сынды қазақ театр өнерінің қара шаңырағын көтерген тарланбоздардың тәлімін алып, талай-талай рольдердің нәрін де, сәнін де келістіреді. 1936 жылы Қазақстан өнер саңлақтарының Мәскеуде өткен онкүндігіне де қатысты.

Әртіс боламын деген арманы орындалуын орындалды-ау, бірақ та бойдағы бұла талант буырқана бұлқынып театр шаңырағы астына сыйғызады деген не!.. Жоқ, оның өмірдегі орны, маңдайына жазылған сыбағасы әртістік емес, композиторлық!.. Иә, композиторлык!.. Әйтпесе ол несіне сал Біржанмен тектес туған екен!.. Әттең, музыкалық арнайы білімі жоқ, қинайтыны осы жағы. Рамазанның кең дүниеге сыймай жүргендей күйін ұққан Ахмет Жұбановтың ақыл айтып, жөн сілтеуімен Мәскеу тартты. Мақсаты-Луначарский атындағы театр-өнер институтының композиторлар даярлайтын бөліміне түсу. Ол үшін музыкалық шығарма жазуға тиіс. Жазды. "Біржан-Сара" атты екі актылы пьеса. Қабылдау комиссиясы жоғары бағалады.


1.2 Ұлы Отан соғысының басталуы және әйгілі 8 гвардиялық дивизиясына түсуі

Міне, Ұлы Отан соғысы басталды. Кезінде Ұлы Отан соғысы деп тарихқа енген екінші дүниежүзілік майдан өзінің бұрын-соңды болмаған тағылық қаталдығымен, жабайылық жауыздығымен, буып жіберер озбырлығымен, қанды қасап қырғын-сүргіндігімен, сұрапыл сұмдық алапат апатымен адамзат есінде.

Соғыстың қай-қайсысы да адамзат үшін орны толмас апат, ала қайғы-қасірет, жазылмас жара екендігі мәлім. Қасым Аманжолов жырлаған “қып-қызыл өртке” айналған майдан қазақ жұртына солақай соққы болып тиді.

Рамазан да көппен бірге майданға аттанды. Ол даңқты батырлар Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаровтармен бір сапта ұрыстарға қатысты.

Қолы қалт еткенде сырнайға қосылып халық әндерін шырқатып салатын, қаруластардың бойына қуат құйып, жігерге жетелейтін.

Музыка әліпбиіне қомағай құштарлықпен, қауырт құлшыныспен кіріскен өрен жүйріктің алдынан тағы да "әттең" шықты. Алапат соғыс дауылы соқты... басқа музыка аспаптарын алып жүруге мүмкіндігі жоқ Рамазан ең қолайлы он екі тілді сырнайын иығына іліп, майдан даласына аттанды. Қаратаудың мұзбалағы Бауыржан Момышұлының полкіне, Көкшетаудың тас түлегі Мәлік Ғабдуллиннің ротасына ол, мінекей, осылайша тап болған да, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровтың хатшысына айналған еді...

Өмір мен өлімнің бітіспес айқасы ортасында жан алып, жан беріп жүргенінде де өнер құдіретінің әсерлі өміріне бағынбай, бас имей қала алмайсың. Рамазанды қайда барса да жауынгерлер қоршап ала қойып отырғандары. Рамазан олардың жүрегін әсем әнмен де әлдилейді, қызықты әңгімемен де баурайды. Сондай бір көңілді жиында Рамазанның жанына автоматын арқалаған Төлеген Тоқтаров келіп отырады. Алтайдың ақ иығының атақ-даңқы дүрілдеп тұрған кезі еді. Ерлігі басқаларға үлгі ретінде әдемі жырдай әңгімеленетін. Рамазанмен етене танысып, достасып та алған. Бір бақыраштан ас ішіп, бір үзім нанды бөліп жейтін.

Осы оқиға сәтін Мәлік Ғабдуллиннің "Менің майдандас достарым" деп атаған кітабында жазғанын сөзбе-сөз қайталамай өз тарапымыздан сипаттасақ, былайынша көз алдына елестетер едік.

-Менің бір сұрағым: әдемі ән ерліктен туа ма, әлде әдемі әннен ерлік туа ма?-деді Төлеген.

-Өзің қалай ойлайсың?- қарсы сауал салды Рамазан.

-Менің түсінуімше, әдемі әннің шығуына әйгілі ерлік себепкер болса керек. Ерлік болса ән туады, ал ән қанша әдемі болғанымен де айтулы ерлікті тудыра бермеуі мумкін.

-Төлегеннің бұл айтқаны дұрыстыққа келеді,-деді Рамазан ойлана сөйледі.-Асылында, әдемі ән үлкен оқиғадан туады. Сондай ән шығару міндетін мен алайын, бірақ оның тууына себеп болатын ерлікті сіздер алыңыздар.

-Болсын. Бұған біз де келістік,-деп күлді Төлеген.

1.3 «Жас қабір»әнінің шығу тарихы

Бірінің аңызға бергісіз ерлікпен қаза табатынын, енді бірі сол ерліктің ерен әсерінен өлмес-өшпес ән шығаратынын дәл осы сәтте екеуінің қайсысы білді екен?!

Жазмыш шіркінге дауа не? 1942 жылдың ақпан айында қиянкескі ұрыс даласында сұм ажал ерлігі аңызға айналған Төлеген Тоқтаровты іздеп тапты. Есіл ер өз елінен алыста, туған жерінің торқадай топырағы бұйырмастан, Бородино аталатын орыс жерінің кесек-кесек тоң топырағын жамылып жатты. Жас қабір. Тоқымдай ғана төмпешік...

Рамазан үнсіз қадалып тұрып қалған. Жүрегі елжіреп, жан дүниесі бордай езіліп, көз жасы шұбырып, тынысы тарыла:

-Бақыл бол. Батыр бауырым!.. Сені мәңгі есте қалдыратындай ән арнаймын өзіңе!-деді.

Рамазан сертін орындады. Ән туды!.. Сөзін өзі жазды. "Жас қабір" деп атады. Бірақ та бұл атау Мәлік Ғабдуллинге онша ұнаңқырай қоймады.

-"Жас қазақ" болсыншы!-деді.

1942 жылғы июль айы. Өткен қыста ұйымдастырылған концерт бригадасы қайта жұмысқа кірісті. Оның жетекшісі, дирижері, композиторы болып Рамазан тағайындалды. Бұл кезде бұрынғы “артистердің” біразы қатарымызда жоқ еді, олардың орнына басқалар келді. Олар батальоннан батальонға барып, алдыңғы шептегі жігіттерге концерт беріп жүрді. Сол концерттерде хормен айтылатын әннің бірі “Жас қазақ” болды. Бұл ән тек қазақтардың емес, басқа ұлт өкілдерінің де жан жүйесін босатты, көздерінен жас шығарғанын талай көргеніміз бар.

Рамазан бастаған өнерпаздар бригадасын полк жауынгерлері “филармония” деп атады. Оның жұмысына қатардағы жауынгерлермен қатар командирлер де қатысты. Миномет батальонының комиссары Тайыр Сафаев, лейтенант Ербатыр Ермеков, лейтенант Александр Сафонов, капитан Михаил Булатов, аға лейтенант Николай Трофименко тағы басқалар әрі әнші, әрі биші болып жүрді. Осы бригаданың мүшесі болмаса да, концерт қойылған жерде жігіттердің шақыруымен Балтабек те сахнаға шығатын. Ол қазақша, орысша, татарша ән салатын, әсіресе орыстың “Сергей поп, Сергей поп” дейтін әзіл өлеңін айтып тыңдаушыларды қыран күлкіге батыратын.

Полктағы өнерпаздар бригадасы күн санап нығая берді, программасы мен репертуары да жаңарып отырды. Олар дивизияның құрылғанынан бір жыл толу тойын полк көлемінде мейрамдауға белсене араласты, батальондарға барып, мерекелік концерттер беріп жүрді.

Сөйтіп жүрген кезде СССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1942 жылғы июль айының 21-күні арнаулы Указ қабылдап, Москваны қорғауда тамаша ерлік көрсеткен 28 гвардеецке Совет Одағының Батыры атағын берді. Бұл хабар көзді ашып жұмғанша барлық жауынгерлерге жетті. Дивизияның полктары мен батальондарында осы оқиғаға арналған салтанатты митингілер өткізіліп жатты.

Келесі күні осындай бір митингі дивизия көлемінде өткізілді. Митингінің ресми бөлімі аяқталған соң 1075-ші полктың Рамазан бастаған өнерпаздары әдемі концерт берді. Концертке жұрттың бәрі разы. Дивизия командирі полковник Серебряковтың өзі өнерпаздарға алғыс айтты.

Арада біраз күн өтті. Дивизия бойынша көркем өнершілер бригадасы құрылып, оған әрі дирижер, әрі жетекші болып Рамазан Елебаев тағайындалды. Бұл бригадаға дивизияның барлық бөлімдерінен талантты өнерпаздар алынды. Соның ішінде Қазақ ССР-ына еңбек сіңірген артист – Темірбек Көкебаев және басқа өнерпаздар бар еді.

Дивизияның көркем әншілері жаз бойына полктан полкқа барып, концерт беріп жүрді. Және осы кезде Рамазан аса бір творчестволық шабытқа келіп, “28 батыр”, “Панфиловшылар маршы”, “23-полк маршы”, “Талғар полкының маршы” дейтін ән-марштарын шығарды. Оның “Жас қазағы” мен аталған марштары көркем өнершілердің хормен айтатын басты номерлеріне айналып кетті.

Уақыт өте берді. 1943 жылдың январь айында дивизияға Қазақстаннан бір топ, мәдениет қайраткерлері келді. Олардың ішінде белгілі жазушымыз Ғабиден Мұстафин, Қазақстанның халық артисі Жүсіпбек Елебеков бар екен.

Ғабиден мен Жүсіпбек Рамазанның майданға шығарған ән-марштарын тыңдайды, “Жас қазаққа” жоғары баға беріп Рамазанның өз орындауынан жазып алады. Оны майдандағы жігіттердің сәлемдемесі ретінде туған елге алып қайтады. Әннің жаңа текстісін Ғабиден жазып береді.

1943 жылдың февраль айында мен панфиловшылар дивизиясынан басқа бөлімге ауысып кеттім. Мұндайда майдан өмірін бірге өткізіскен жолдастармен қоштасу қандай қиын. Жолға шығар сағатта Рамазан маған сәт тілей отырып:

– Қош бол демеймін, кездесіп көрісер күн алда деймін, жеңіс күні қуанышпен құшақтасатын болайық. Сол күні бәріміз шалқыта салатын жаңа бір әнді ала келу менің міндетім болсын, – деген еді.

Содан кейінгі уақытта Рамазанмен хат алысып тұрдық. Ол өзінің және дивизиясындағы жолдастардың не істеп жүргенін жазып тұрды. Бір хатында; “жақында (бұл 1943 жылғы декабрь айының іші болса керек) дивизиялық өнерпаздар бригадасы таратылды, мен полкыма, бұрынғы санинструкторлық қызметіме қайтып келдім” депті.

1944 жылдың көктемінде панфиловшылар дивизиясы тағы да шабуылға аттанады. Ново-Сокольники деген қаланың тұсында қатты шайқастар болады, оған Рамазан да қатысады. Ұрыстың аса бір ауыр кезінде алдыңғы шепте, жауға қарсы атой салушылардың қатарында бара жатқан Рамазанның қасына жаудың минасы түсіп, жарылады. Сол жерде апрель айының 10-күні Рамазан ерлікпен қаза болады.

Бүгінде өнер шеберлерінің, ән құдіреттерінің репертуарынан түспейтін, радиодан жиі берілетін естіген сайын естігің келе беретін “Жас қазақ” әні Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровпен қатар советтік Отан үшін құрбан болған жастарға, соның ішінде әннің авторының өзіне орнатылған ескерткіш деп білеміз. Мұндай ескерткіш мәңгі сақталады, өмір бойына ұмытылмай еске түскен сайын жаңарып жарқырай бермек.

Сол сұрапыл майдан даласындағы жерлес жауынгерлерге арттағы елден мол-мол сәлем-сауқат алып классик жазушы Ғабиден Мұстафин, жезтаңдай Жүсіпбек Елебеков, сегіз қырлы Елубай Өмірзақов сынды біртуарлар бастаған бір топ өнер шеберлері барды. Әлбетте, Рамазан Елебаевқа кездесті. "Жас қазаққа" тәнті болысты. Жалғыз-ақ, ән мәтіні солғын жатыр. Жаңадан келісті мәтін жазылса... Жүсекең Ғабекеңе қолқа салды. Бұл жайды белгілі жазушы Ғабиден Мұстафин өз естелігінде былайша суреттейді: «Панфилов дивизиясына келгенімізде жауынгерлер бізге өнер көрсетті.

1.4 Әннің «Жас қазақ» болып өзгерілуі

Осы жолы Рамазан Елебаев гармоньға қосып, өзінің «Жас қабірдің басында» деген әнін айтты. Өлеңнің сөздері маған ұнамады, тым жылауықтау көрінді. Кейін Жүсіпбек маған «Елебаевтың әні жақсы екен. Әттең, сөзі бұзып тұр. Сен осыған жаңадан сөз жаз» деп қоймады. Сөйтіп, майданда жүріп әлгі әнге сөз жаздым. «Жас қазақ» деп ат қойдым. Жүсіпбек осы әнді үйреніп, елге алып қайтты». Кең тыныспен қайғылы да баяу басталып, ашу-ызамен шырқау биікке самғап, Төлегендей ерді жоқтағандай сарынмен барып аяқталады. Рамазан осылай майдан даласында, окопта туған әнін елге жібереді. Өзі майдан даласынан қайтпай қалады. Ерлікпен қаза табады. Рамазан Елебаевтың бұрындары шығарған «Жолдастар», «Аэроплан», «Қызыл әскерлер маршы» сияқты шығармалары бар. Сонымен, сөзі мен әні кереметтей қауышқан «Жас қазақ» әні Төлегендей батырға қойылған ескерткіш іспетті. 

1943 жыл. 6 ноябрь...

Жүсіпбек опера театрындағы тағы бір үлкен концертте “Жас қазақты” шырқаймын деп сахна түкпірінде өз кезегін күтіп отырды. Кенет Калинин майданына бірге барған әнші Кәмеш Баубекова жүгіріп кеп: “Аға, аға Рамазаннан айрылдық! – деп жылап қоя берді.

– Кәмеш, Кәмеш??? Не деп тұрсың, сен? Рамазан?..

Жүсіпбек не боп кеткенін біле алмады. Көкірегі қарс айырылды. Жер соғып отырып қалды. Концерт жүргізуші сахнаға шықты да:

– Рамазан Елебаев! “Жас қазақ”. Өлеңін жазған Ғабиден Мұстафин. Орындайтын Жүсіпбек Елебеков. Ән Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровқа арналған! – деді.

Жүсіпбек сахнаға шықты. Шертіп жіберді домбыраны. Өрт шалған орыс орманы елес берді. Жүзі жайнап Рамазан күлімсірегендей болды. Домбырашы құшырлана қысып, аруағын шақырып паң көкірекпен асқақтатып әкетті “Жас қазақты”.

Ән орындалып біткенде бүкіл зал дүбірлеп кетті.

– “Жас қазақ”!

– “Жас қазақ”! – деген дауыстар сахнаны жаңғыртты. Көз жасына булыққан Жүсіпбектің дәл осы сәтте Рамазаннан айырылып отырған азалы халін ешкім, ешкім сезген жоқ. Жүсіпбек “Жас қазақты” екінші рет айта алмады.


Әр кез Жүсіпбек “Жас қазақты”: – Бұл әннің әні, ән емес-ау өлмес ерліктің дастаны ғой! – дейді.

Бұл – әнге, ерлікке бас ию, әнге, ерлікке табыну!

Бүгінде өнер шеберлерінің, ән құдіреттерінің репертуарынан түспейтін, радиодан жиі берілетін естіген сайын естігің келе беретін “Жас қазақ” әні Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровпен қатар советтік Отан үшін құрбан болған жастарға, соның ішінде әннің авторының өзіне орнатылған ескерткіш деп білеміз. Мұндай ескерткіш мәңгі сақталады, өмір бойына ұмытылмай еске түскен сайын жаңарып жарқырай бермек.

















































2. Рамазан Елебаевтың туған жылы және туған жерін анықтау

Рамазан Елебаевтың туған жылы және туған жері жайлы төмендегідей деректер жиналды:


1) Рамазан Елебаев 1908 жылы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында туған. Ол 1941 жылы Москваның А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының композиторлық бөлімін бітірген.

Р.Елебаевтың сөзін Ғабиден Мұстафин жазған атақты "Жас қазақ" әнінен басқа "Амангелді туралы ән'\ "Ана сыры", "Қазақстан". " Қуаныш жолы", "Құттықтау",

" Жаз жыры", тағы басқа әндері бар.

Атақты композитор Ұлы Отан соғысында 1944 жылғы сәуірдің
10-жұлдызында ерлікпен қаза тапты... [14]


2) Мен 1908 жылы қазіргі Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданына қарасты Өтей ауылы деген жерде кедей шаруаның семьясында туыппын,- деді Рамазан. 1919 жылдың күзінде әкем мені Ахметжан дейтін молдаға берді. Одан еш нәрсе жарыта алмай жүргенімізде, 1920 жылдың сентябрінде ауылда мектеп ашылды. Арамызда он беске келген балалар да болатын... [6]


3) Көрікті Көкше көгінен түлеп ұшқан талантты ұландардың, өзінің өлмес, өшпес әндерімен қазақ музыка тарихынан үлкен орын алатындардың бірі- Рамазан Елебаев. Ол еңбекшілдер ауданындағы «Құдықағаш» ауылында (бұрынғы Өтей елді мекені) 1908жылы туған. Оның әке – шешесі кедей шаруа еді. Атақты Біржан салдың жерлесі, ән-күй қонған өлкеңін түлегі, тума талантының арқасында халық ілтипатына ерте бөлінді.

Рамазанның атасы Ержан да әнші , домбырашы еді. Ол Біржан салмен бірге жүріп, ән салуды ұлы әншінің өзінен үйренеді. Анасы Зейнеп те халық әндері мен күйлерін жанындай жақсы көріп, өнерлі ортада ер жетті. Ол үзілтіп ән салуды да ұнататын. Осындай өнерге құмар ортада өсу жас Рамазанның ұшқыр ойын онан әрі ұштап, өнер мен өлең жолын қууға себепті болды.. [1]

4) РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатының берген жауабында: «кр-ц Элебаев Рамазан Ержанович, уроженец Северо- Казахстанской области, Энбекшильдерского района, ауыла№1 Кудукагаш» екені көрсетілген... [20]

5) Рамазан Елебаевтің қай жерде жерленгені туралы құжатта қаза болған күні: 04.11.1943жыл деп жазылған [20]

6) Рамазан Елебаев (1910, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Құдықағаш ауылы — 4.11. 1943, Ресей, Ново-Сокольники қаласының маңы) — композитор. 1928 — 29 жылдары Орынбор қаласында жұмысшылар факультетінде оқыған. 1930 жылы Алматыда құрылған Қазақ атты әскер полкінде әскери борышын өтеді. Осы полктің маршына айналған “Жолдастар” әнін шығарған. 1931 жылы Қазақ драма театрының актері болды. 1933 жылы қысқа мерзімді сақшылар курсын бітіріп, Лепсі шекара күзетіне қызметке жіберіледі. 1934 жылы Алматы медицина инистутытына оқуға түседі. 1935 жылы Қазақстанның 15 жылдық төл мерекесіне арнап “Қазақстан”, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне арнап “Қуанышты жолсапар” әндерін жазады. 1937 жылы жолдамамен Мәскеу консерваториясына оқуға түскен. 1942 жылы майданға аттанады. Ол Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде ұрысқа қатыса жүріп, әскер қатарындағы әнші-өнерпаздардан концерттік бригада ұйымдастырады. Елебаев әндері майдандағы сарбаздарды ерлікке жігерлендірді. Сол жылы Елебаевтың Бородино түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан майдандас досы Төлеген Тоқтаровқа арнаған әйгілі “Жас қазақ” әні дүниеге келді. Сондай-ақ, композитордың скрипка мен фортепианоға арналған сюитасы, “Талғар полкінің маршы”, “28 батыр”, “23-полк маршы”, т.б. көптеген әндері бар. Қызыл Ту орденімен және медальдермен марапатталға


7) Елебаев Рамазан (1910, қазіргі Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы Құдықағаш ауылы – 4.11.1943, Ресей, Ново-Сокольники қаласының маңы) – композитор. Орынбор қаласында жұмысшылар факультетінде оқыған (1928-1929). 1930 жылы Алматыда құрылған Қазақ атты әскери полкінде борышын өтеді. Осы полктің маршына айналған “Жолдастар” әнін шығарған. 1931 жылы Қазақ драма театрының актері болды. 1935 жылы Қазақстанның 15 жылдық мерекесіне арнап “Қазақстан”, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне арнап “Қуанышты жолсапар” әндерін жазды. 1937 жылы жолдамамен Мәскеу консерваториясына оқуға түскен. 1942 жылы майданға аттанады. Ол Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде ұрысқа қатыса жүріп, әскер қатарындағы әнші-өнерпаздардан концерттік бригада ұйымдастырады. Елебаев ерлікпен қаза тапқан майдандас досы Т.Тоқтаровқа арнап “Жас қазақ” әнін шығарады. Сондай-ақ композитордың скрипка мен фортепьяноға арналған сюитасы, “Талғар полкінің маршы”, “28 батыр”, “23-полктің маршы”, т.б. көптеген әндері бар. Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.


8)Сәуле ауылынан таяқ тастам тұста Қарағаш деп аталатын бір үйір шоқ ағаш бар. Сол ағаштың желке тұсындағы төбеде Өтей ауылының о дүниелік болған марқұмдарының зират қорымы бар. Бабалар мен аталардың батырлығы мен батылдығынан сабақ үзбеген қайратты қайсар мінезді ұлдар бұл ауылдан да табылды. Солардың бірі есімін “Жас қазақ” әнімен жалпақ ел, майдан даласы танып-білген Рамазан Ержанұлы Елебаев екендігі даусыз.












Қорытынды:

Рамазан Елебаевтың қысқа өмір жолын зерттей келе,1974 жылғы Қазақ Совет Энциклопедиясында 1908 жыл деп жазылса,2001 және 2005 жылғы энциклопедияда 1910 жылы деп жазылған.

Рамазанның қаза болған күні кейбір деректерде 1942 жылы сәуір айы деп көрсетіліп жүргені кездеседі.Ал «Сәуле-менің ауылым» деген кітабының 87-бетінде: «Сәуле ауылынан таяқ тастам тұрған Қарағаш деп аталатын бір үйір шоқ ағаш бар.Сол ағаштың желке тұсындағы төбеде Өтей ауылының о дүниелік болған марқұмдарының зират қорымы бар.Рамазанның әкесі Елебайдың Ержаны осы ауылдан»,-деп жазылған.

Осы жолдардағы таяқ тастам тұста Қарағаш деп аталатын бір үйір шоқ ағаштан Өтей ауылын іздеген адам адасады.Өйткені Өтей ауылы Құдықағаш ауылының іргесіндегі 1,5 шақырымдай жердегі Бұландының бір шоқ емес,қалың орманының түбінде.Ал Сәуле мен Құдықағаш ауылының арасы 7 шақырым.Құдықағаш ауылының аты Тәмті Ибрагимованың «Песни,рожденные в битвах» (из. «Өнер»,Алма-Ата,1985 г) кітабында Рамазанның қарындасы Қанипаны іздеп келгенде анасы Зейнеп (1960 ж): «.....Какое дело привело тебя в наш дом? Я сама не здесь живу,а приехала на несколько дней погостить.А живу на родине*- в ауле Кудукагаш», деп тұр,Қарағаш емес.

Рамазанның қарындасы ,82 жастағы қазір Алматыда тұратын Қанипа да (2009 жылғы 15.09.09) түсірілген бейнефильмде Құдықағашты айтып отыр.

Осы деректерге (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, «Қазақ мәдениеті» анықтамалық энциклопедиясы,фильм) сүйене отырып,Р.Елебаевтың Сәуле ауылында туғандығы туралы деректі теріске шығарамыз.

Қазақтың классикалық әні мен сал-серілік мектебін шырқау биік шыңға шығарған сал Біржанның ұрпағы егер де ғұмыры өкінішпен үзілмесе,талай-талай ұлы туындылар туғызатыны талассыз.Ал осынау көрнекті жерлесіміздің Төлеген Тоқтаровқа «Жас қазақ» сынды мәңгі ескерткіш сомдап соққан биік тұлғаның өзіне біз қандай ескерткіш орнатқан екенбіз?!

Тіпті оның атына лайық құрмет көрсете алдық па өзі?!

Ауыз толтырып айтарымыз кәні?!

Әйтеуір,туған ауылда Құдықағашта мектепке аты берілген.Бары сол ғана.











Жауынгер композитор Рамазан Елебаев туралы әдебиеттер тізімі:


  1. Ақтаев С.Көкшелік композитор: Белгілі жауынгер, композитор Рамазан Елебаевтың туғанына 80 жыл //Көкшетау правдасы. - 1988. - 7 қыркүйек. - 2, 4 б.


  1. Асқар О. «Жас қазақ» әні және Рамазан Елебаев туралы баллада //Жалын.- 1982. - ?3. - 65-66 б.


  1. Әбутәліпұлы А. Жүректі ұланы еді елімнің!: (Толғау) //Көкшетау. - 20010. - 8 сәуір


  1. Бақбергенов С. Алтын күрек: повесть //Бақбергенов С. Қанға тамған қан: Романдар мен повестер. - Алматы: Жазушы, 1980. - 154 - 318 б.


  1. Бейсекеев А. Рамазан ескерткіші жанындағы ой-толғау; Туған жерді аялайық; Ауылым - аңсарым; Қазақстан - ғажапстан; Атамекен: Өлеңдер


  1. Ғабдуллин М. Жас қазақ: Очерк //Ғабдуллин М. Менің майдандас достарым: Әңгімелер мен очерктер. - Алматы: Жазушы, 1985. - 119 - 150 б.


  1. Елебаев Рамазан //«Қазақстан» Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ә.Нысанбаев. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. - 362-363 б.


  1. Елебаев Рамазан //Қазақ мәдениеті: Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: Аруна, 2005. - 217 б.


  1. Жақанов И. Жас қазақ: ғұмырнамалық элегия //Алтын Орда. - 2005. - 11 - 17 наурыз; 18 - 25 наурыз; 25 - 31 наурыз; 1 - 7 сәуір. - 22 - 23 б.


  1. Жексенбайқызы Ж. Бар қазақтың Рамазаны еді //Арқа ажары. - 2008. - 6 наурыз. - 6 б.


  1. Ибрагимова Т. Жас қазақ. Әдеби нұсқасын жазған А.Барлыбаев. - Алматы: Жалын, 1979. - 120 б.


  1. Ибрагимова Т. Песня, рожденная в битвах: Очерки /Пер. с каз.А. Сулеева. - Алма-Ата: Өнер, 1985. - 152 с.


  1. Ильяшев И. Жас қазақ: Кіріспе; Командирдің әңгімесі; Ерлік; Елге хат; Өлеңдер //Оқжетпес. - 1995. - мамыр [№8]. - 6 б.


  1. Мырзахметұлы Е. Хасенеев С. Елебаев есімін елеусіздікке еншілетпейік //Бұқпа. - 2003. - 13 қараша. - 7 б.


  1. Мырзахметов Е., Хасенеев С. Забвению не подлежит //Казахстанская правда. - 2004. - 8 января. - С.6.


  1. Мырзахметов Е.Бессмертье песни и певца //Акмолинская правдв. - 2003. - 30 декабря. - С.6.

17 Нұралыұлы Ж. Жас қазақ: поэма //Көкшетау. - 2005. - 15 желтоқсан. - 7-8 б.


18.Нұралин Ж. Тарих - шындықты қалайды //Бұқпа. - 2003. - 18 желтоқсан.







Получите в подарок сайт учителя

Предмет: Внеурочная работа

Категория: Прочее

Целевая аудитория: 8 класс.
Урок соответствует ФГОС

Скачать
Ғылыми жұмыс "Рамазан Елебаевтың нақты туған жылын және туған жерін анықтау"

Автор: Рахимжанова Маржангуль Бекетаевна

Дата: 09.11.2016

Номер свидетельства: 356908

Получите в подарок сайт учителя

Видеоуроки для учителей

Курсы для учителей

ПОЛУЧИТЕ СВИДЕТЕЛЬСТВО МГНОВЕННО

Добавить свою работу

* Свидетельство о публикации выдается БЕСПЛАТНО, СРАЗУ же после добавления Вами Вашей работы на сайт

Удобный поиск материалов для учителей

Ваш личный кабинет
Проверка свидетельства