ОҚО Түлкібас ауданы “Алғабас” жалпы орта мектебінің
6-сынып оқушысы Сабырқұл Назым
Жетекшісі:Сейсембаева Гүлжазира Оспанбековна
Ғылыми жоба тақырыбы:“Қос сөздердің мағынасы”
Мақсаты:
*Қос сөздер туралы түсінік;
*Бір сыңары мағынасыз қос сөздердің мәні;
*Екі сыңары да мағынасыз қос сөздердің қолданылуы;
Нәтиже:
*Мағынасы жоқ сөздердің қосарланып келіп қолданғанда сөйлем мағынасын аша түсетінін білдім;
*Қазақ халқының сөздік қоры өте бай екенін аңғардым;
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ
I.Морфология-сөздің жасалуын қарастыратын тіл білімінің бір саласы.
1.1 Қос сөз –күрделі сөз
1.2 Қайталама және қосарлама қос сөз
ІІ.Қос сөздердің сөйлемде қолданылуы
2.1 Екі сыңары да мағынасыз қосарлама қос сөздер
2.2 Екі сыңары да мағынасыз қайталама қос сөздер
2.2 Сөйлем мағынасын ашудағы қос сөздердің әсері
ІІІ.ҚОРЫТЫНДЫ
3.1 Қазақ тілінің сөздік қоры өте бай.
Морфология сөз құрамын зерттейді.Сөздер құрамы жағынан дара және күрделі болып екіге бөлінеді. Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді күрделі сөз дейді.Күрделі сөздер жасалу жолына қарай төрт түрлі болады:біріккен сөз,қос сөз, қысқарған сөз,тіркескен сөз.Күрделі сөздер,бір жағынан, сөз тудырудың (сөзжасамның)белгілі жолдары(біріктіру,қосарлау, тіркестіру)арқылы жасалған жаңа сөздер болса, екінші жағынан, күрделі түбір, яғни түбірдің өзінше бір түрі болып табылады. Қос сөз – қосарлану немесе қайталану арқылы бір ұғым ретінде жасалған сөздер. Қос сөздер мағыналық, тұлғалық жағынан әр түрлі. Жасалу тәсіліне қарай қосарлама және қайталама қос сөз болып бөлінеді. Қосарлама қос сөз өзара мәндес немесе қайшы мәндес сөздердің қосарлануынан жасалады. Мысалы, ата-ана, салт-сана, құрт-құмырсқа, ер-тоқым (мәндес қос сөз); күні-түні, азды-көпті, үлкенді-кішілі, ертелі-кеш (қайшы мәндес қос сөз). Қайталама қос сөз бір сөздің қайталанып айтылуынан жасалады. Мысалы, сөйлей-сөйлей, төбе-төбе, қолма-қол, жекпе-жек. Бірқатар қос сөздердің екінші сыңары жеке қолданылмайтын, мағынасыз сөздер болып келеді. Мысалы, оқта-текте, анда-санда, ырың-жырың. Қос сөз дефис арқылы жазылады. Сөздердің қосарлануы, қайталануы нәтижесінде жалпылау, жинақтау, топшылау, болжалдау, мөлшерлеу секілді грамматикалық мағыналар үстеледі, жаңа мағыналы сөздер туады.
Қайталама қоссөздің жасалу жолдары:1)қосымшасыз бір түбірдің қайталануынан жасалады. Мысалы,үйір-үйір,су-су,жарқ-жарқ т.б. 2)Қосым- шалы бір түбірдің қайталануынан жасалады. Мысалы,бір-біріне,ауызба-ауыз, орынды-орынсыз. 3)Түбірдің бір сыңары дыбыстық өзгеріске ұшырап жасалады. Мысалы,тас-мас,ат-пат,қалт-құлт,қағаз-мағаз,шай-пай т.б. 4)Бір сыңары ықшамдалып немесе күшейткіш буыннан жасалады.Мысалы,теп-тегіс,жұп-жұмсақ,тәп-тәтті,қып-қызыл т.б.Қосарлама қос сөздердің жасалу жолдары: 1)Сыңарлары синонимдес болып келеді.Мысалы,ашу-ыза,тәлім-тәрбие,зәре-құт,уайым-қайғы т.б.2)Сыңарлары антонимдес болып келеді. Мысалы, үлкенді-кішілі,оңды-солды,ілгері-кейін т.б. 3)Сыңарлары әр түрлі сөздерден болып келеді. Мысалы, саяси-әлеуметтік,ғылыми-көпшілік т.б. 4) Бір сыңары мағынасыз болып келеді.Мысалы, киім-кешек,бала-шаға, кедей-кепшік, жүн-жұрқа, т.б.5)Екі сыңары да мағынасыз сөздерден болады. Мысалы,алба-жұлба,ығы-жығы,ұйпа-тұйпа,қым-қуыт т.б. Жалпы, қос сөздер – күрделі сөздің бір түрі. Ғалымдардың айтуы бойынша, қос сөздер түркі туыстас тілдердің бәрінде кездеседі.
Қазақ тілінен «Қос сөздер» тақырыбын өткен кезде мұғалім үйге көркем шығармалардан, баспасөз беттерінен қос сөздері бар сөйлемдерді жазып келуді тапсырды. Мені қызықтырғаны –соңғысы. Екі сыңары мағынасыз болса да сөйлем ішінде кездескенде қандай ұғымды білдіретінін білгім келді.
Бірде әжем: «Осы көршінің қызы арбаң-ұрбаң етеді де жүреді»,-деген болатын.Осындағы арбаң-ұрбаң сөзінің мағынасын білгім келіп, кітап ақтардым. Арбаң-ұрбаң-икемсіз,еш нәрсеге ыңғайы жоқ деген мағынада екен[Түсіндірмелі сөздік,1-том,318-бет].
Алай-бұлай болып кетсек,өкініші де жоқ сияқты.(Қ.Қайсенов, «Жау тылы») Осындағы алай-бұлай қосарлама қос сөзінің мағынасы жазатайым деген ұғымды білдіріп тұр.Топшылап алай-бұлай да, Шұнаңдап жүр кіл пысық (Ж.Молдағалиев «Жесір тағдыры») алай-бұлай – әрлі-берлі мағына- сында [Түсіндірмелі сөздік,1-том,84-бет].
Нұрлан апыл-құпыл асығыс киініп, көз ілеспес қимылмен терезеден секіріп түсті(З.Шашкин, «Сенім»)Апыл-құпыл-асығыс,тез деген мағынада.
Жолда тұрған ыдыс-аяқтарды теуіп,үйдің ішін әңкі-тәңкі қылды (Ә.Нүрпейісов, «Қан мен тер»).Әңкі-тәңкі – асты-үстіне келтіру,ретін бұзу [Түсіндірмелі сөздік, 1-том,630-бет].Мына жауын біздің әңкі-тәңкімізді шығарды(Ауызекі сөйлеу).Әңкі-тәңкімізді – бей-берекетін кетіру [Түсіндір- мелі сөздік, 1-том,630-бет].
Баж-бұж етіп бір қартаң әйел кіріп келді(М.Гумеров, «Хазірет»).Баж-бұж - қатты-қатты сөйлеу,айқай-шу шығару[Түсіндірмелі сөздік,2-том,22-бет].
Біз түні бойы айтысып,әңгіменің ұзын-ырғасын түсінгенше бақ-шақ болып отырдық(С.Жүнісов, «Жапанда»)Бақ-шақ -- азан-қазан,шаң-шұң [Түсіндірмелі сөздік,2-том,60-бет].
Неміс офицері әлденені айтып барқ-барқ етіп жатыр(Ә.Әбішев, «Замана»).Барқ-барқ етіп – жағымсыз жуан дауыс шығару[Түсіндірмелі сөздік,2-том,103-бет].
Сырт киімінің дал-далын шығарды(Ауызекі сөйлеу).Дал-дал – өрім-өрім,пәре-пәре[Түсіндірмелі сөздік,3-том,41-бет].
Әкесінің сөзінен соң оған жапақ-жапақ қарай берді(Ауызекі сөйлеу). Жапақ-жапақ – жасқана қарау [Түсіндірмелі сөздік,3-том,658-бет].